Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ термесін шетелге танытқан «Қыз Жібек» ансамблі

3082
Қазақ термесін шетелге танытқан «Қыз Жібек» ансамблі - e-history.kz

Музыканың бала тәрбиесіндегі алар орны ерекше екенін адамзат баяғыдан білген. Мысалы, ежелгі Грецияда музыканы қоғамды тәрбиелеуші құрал ретінде бағалап, елдің білім жүйесіне сәйкес ұлдарды жеті жасынан бастап музыкаға баулыған. Оның бір себебі - сол замандарда гректердің ұғымында хорға қосылып ән айту қасиетті іс саналған. Хорда ән айта алмаған адамдарды білімсіз деп есептеген. Осы себепті мемлекеттің азаматтары отыз жасына дейін вокалдық шеберлік пен әртүрлі музыкалық аспапты меңгеруге тиіс болған. Платонның музыка өнерін мемлекеттік тәрбиелеу жүйесінің бір түріне жатқызғаны содан болу керек.

Біздің халықтың да музыкаға құштарлығы бөлек десең де, осыгүні ән салып елді таңғалдыру мүмкін емес, өйткені ақшасы барлар ән жаздырып, тик-ток түсіріп, екі күнде танымал болып жатыр. Дегенмен, дәстүрлі ән өнерінің, терменің бәсі мен бағасы о бастан биік. Біздің бүгінгі әңгімеміз – 2012 жылы Чехия мен Германияда, 2013 жылы Болгарияда, 2015 жылы Венгрияда қазақтың әнін шырқап, термесін орындап, гран-при жүлделерін иеленген, ал биыл Түркияда өткен «International Foça Forgotten Children Games and Dance Festival» атты халықаралық фестиваль-конкурсында Болгария, Грузия, Румыния, Македония, Косова, Босния және Герцеговина, Греция, Сербия, Молдова, Украина, Әзірбайжан мемлекеттерінің өнерпаздарымен бірге байқауға қатысып, көрерменді қазақтың домбырасымен, термесімен тамсандырған «Қыз Жібек» ансамблі жайында болмақ. 

Қазақтың әнін шетелге апарып...

Қазақтың домбырасын үйретіп, қазақтың әнін айтқызатын өнер мектебі бізде көп емес. Ал «Қыз Жібек» – республика бойынша алғашқылардың бірі болып бірыңғай термешілерден құралған ансамбль. Ол Алматыда не Астанада емес, тіпті облыс орталығында да емес, шалғайдағы ауылда жұмыс істеп келеді. Ең кереметі – ансамбль құрылғаннан бергі оншақты жыл ішінде бірнеше рет шетелдерге барып қайтты. «Егер бала ерте бастан музыкалық шығарманың сұлулығын түсініп, саз арқылы адами сезімдердің сан қырлы реңктерін сезінетін болса, ол басқа ешбір өнер түрі бере алмайтындай эстетикалық ләззат алып өсетін болады. Музыка сазының сұлулығын сезіну кішкентай адамға өз жан-дүниесінің әдемілігін танып, өзін бағалауға көмектеспек» деген екен атақты педагог А. Сухомлинский. Осы «Қыз Жібек» ансамблінен шыққан Әмина Ғайнетдинова республикалық, халықаралық байқауының жеңімпазы және Чехия, Германия мемлекеттерінде болып, «Звездный дождик в Праге», «Звездный дождик в Берлине» халықаралық байқауында 1 орын алған, бүгінде Алматыда консерваторияда білім алып жүр. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқитын Венера Асқарова да Болгария, Венгрия мемлекеттерінде өткен халықаралық байқауларының жеңімпазы. Гилымов Бақытжан есімді шәкірті де «Лято в обзоре» өнер фестивалінде жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Репертуарды дамыту ізденістен

Баланың ішкі әлемі үлкен кісінің жан-дүниесінен әлдеқайда басқа. Демек, балалар шырқайтын ән де, балалар үшін жазылған әуен де құрылымы жағынан айқын, орындауға күрделі болмауы керек, керісінше бала жанына жақын, бала жанын тербейтіндей болуы тиіс. Сонымен бірге ертегідегі сияқты ізгілікке, мейірімге тәрбиелеуі тиіс. Алайда, бізде балалар әні өте аз, оған кәдімгідей зәрулік бар. Осыны түсінгендіктен де, Баян Құбайқызы көбіне халық әндерін таңдайды. Халық мұрасында тағылым да, философия да, арман мен үміт те, бір сөзбен айтқанда таза өнердің бастау-бұлағы бар. «Қыз Жібектің» жетекшісі Баян Құбайқызының айтуынша, мысалы, терме болса, оны ансамбльге лайықтап, дауысқа бөледі. Оның естілуі домбырада бөлек, сонымен бірге басқа нұсқалары да болады. Бұл тұрғыда балалардың жас ерекшелігін ескеріп, анық, түсінікті келетіндерін таңдап, жеңіл желдірмелі әуендерді таңдауға мән беріледі. Бұл күнде термеші қыздар ғибраттық мәні бар термелерді орындауға әбден машықтанған, ауылда өскен балалар болғандықтан сөз мағынасын әуелі өздері түсініп, оның тыңдаушыға әсерлі жеткізуге күш салады. Мысалы, Махамбеттің, Естайдың термелерін ансамбльге лайықтап, кей жері екі дауысқа бөлінеді, бірақ негізгі әуеннен алшақтамайды. «Қыз Жібектің» қыздары қазақ әндерінен бөлек өзге ұлт өкілдерінің де әнін үйренеді. Репертуарында татардың, қырғыздың, орыстың, түріктің халық әні бар. Түркияға барғанда түріктің «бесік жырын» тыңдаған түріктер таңғалғаннан гуілдеп кеткен.

photo1659437609.jpeg

Жалпы әннің ажарын ашу да көп ізденісті керек етеді. Баян апай ұлы Асылхан екеуі өздері таңдаған әнді бірнеше рет тыңдап, санаға сіңіріп, қай жеріне қандай аспап қосу керек, домбыраға қалай бағыттауға болатыны жайында ақылдасып ой бөліседі. Асылхан Болтанов өнерді дамытып-насихаттауда анасының талмас қанаты болып жүрген сазгер, ақын жігіт, Жалпақтал балалар өнер мектебінің жоғарғы санатты ұстазы. Оның «Қазақ елі жасасын» әні «Қыз Жібек» ансамблінің орындауында елдің зор ықыласына бөленген. Бүгінгі таңда «Қыз Жібектің» репертуарында 25-30 шақты ән бар. «Қыз Жібекті» көтеріп тұратын ерекшелігі – халық әндері мен термелерін орындап, әннің әуенін бұзбай әрлендіріп жеткізетіні. Көріп жүрміз, өнерпаз балалардан құралған ансамбльдер құрылуын құрылып, ұзамай тарап кетіп жатады. Осының себебін сұраған едік. Бұған Баян апайдан: «Көбі репертуарды дамыта алмай жатады. Ең алдымен өз мамандығыңды сүю керек. Ол үшін өнерді, баланы сүю керек» деген жауап алдық. 

Қазақтың қызы деген атқа лайық

Бояуы мен нақышы бөлек халық әнін сүйемелдеген домбыраның қоңыр үні, жарасымды ұлттық киіммен ән салып тұрған қыздардың қазақ қызына тән ұяңдығы көңілге жылы әсер етеді. «Қыз Жібек» ансамблінің атын қойған Баян апайдың тұңғышы, айтыскер ақын Жібек Болтанова екен. Аты «Қыз Жібек» болғаннан кейін Жібек бейнесіне, қазақ қызының тәрбиелі де ұяң мінезді болмысына сай болуы шарт деп ұғатындықтан мұндағы әнші қыздардың өнерінен бөлек, киім киісі, әдебіне зор мән беріледі. «Қыз Жібектің» қыздарының шашы ұзын, шашбау тағады. Қазақы тәрбие – ансамбльдің басты ұстанымдарының бірі. Кішкентай қыздарды адаммен амандасуға, өзін әдепті ұстап, бір-біріне көмекке келуге тәрбиелегеніне қарап, Баян апайдың шәкірттерін музыкаға үйретіп қана қоймай, сахна мәдениеті, өнерпаздың эстетикалық жағына да мән беріп, оны тәрбие тетігі ретінде қарастырғанын көреміз. Мінезі жайлы адамға баламен жұмыс істеу ләззат сыйлайды. «Қыз Жібектің» жетекшісі үшін баланың ынтасы мен сенімінен артық ештеңе жоқ. «1-2 сыныптан бастап баланың ынтасына қарай және қағыстарын қарап ала береміз. Даусы бар ма, домбыра тарта ма деп қарамаймыз. Кейде күтпеген нәтижеге куә боламыз, мысалы, кейде жоқ дауыстар шығып кетеді, тіпті болмағанда ансамбль құрамында жүреді, болмаса екінші дауыста болады» дейді ол. 

Өнерге ғашық ұстаз

Шалғайдағы ауылда отырып, ауыл балаларын ән өнеріне үйретіп қана қоймай, Кененнің, Ғарифолланың әнін алысқа, шетелге апарып көрсетіп, өзге жұртты тамсандырып, жүлделі орын алуына жанын салып жүрген «Қыз Жібек» ансамблі жетекшісі Баян Құбайқызының қажыры мен қайратына таңғаласың. ҚР xалық ағарту ісінің озық қызметкері, «Ерен еңбегі», І дәрежелі «Еңбек даңқы» медалінің иегері Баян Қабиева ғажайып ән өнерінің саңлағы, әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті. «Қыз Жібек» ансамблін құрғанға дейін де өнер мектебін ашып, қызмет еткен Баян апайдың бұл салада тәжірибесі мол. Жас деген ауылда тұрған кезінде аудан басшылары «Ғарекеңнің шәкірті ауылда неғып жүр, балаларға дәріс берсін» деп Қараөзен ауылына көшіріп алады, осылай 1990 жылы 15 қазанда Батыс Қазақстан облысында қазіргі Жалпақтал балалар өнер мектебінде алғаш рет терме класы ашылып, Баян Құбайқызының жаңа еңбек жолы басталған. Музыкант-ұстаз өзінің жолын қуған Ернар Өмірәлі, Назгүл Хабиева сияқты шәкірттерін мақтан етеді. Мектепте мұғалім болып жүрген шәкірттері Гүлмира Рысмағамбетова, Әдемі Әділгереева, Айдар Досқалиев, Жәнібек Қайнеденов. Айгүл Дүйсенбаевалар бар. Облыстық қазақ драма театрының актрисасы «Парасат» орденінің иегері Нұргүл Жұбатова ұстазынан үйренген әндерді әлі ұмытпағанын айтады екен. Сонымен бірге ұлы Асылханның орны бір төбе.

«Тоқсаныншы жылы алғаш бастаған кез әлі есімде, сабақты қалай бастарымды білмеймін, елдің сенімінен шығу өте қиын, арнайы бағдарлама да жоқ еді. Тәжірибе жылдармен келеді екен. Тоқсаныншы жылдар еді, елдің жағдайы қиын болса да өнерге ықылас биік. Көктерек, Сарқұдық, Ақкөл, Қараөзен, Жастың балаларын мектеп директорлары машинамен тасып оқытты. Ансамбль құру туралы идея кейін келді. 2011 жылы алғаш рет «Қыз Жібек» ансамблінің құрамы бастапқыда үш оқушы, содан алты, сегіз оқушыға барып, облыстан бір шықтық. Сегіз қызбен республикалық Майра Ілиясованың «Самға, жұлдыз» деген байқауына қатысып, үш гранприді жеңіп алдық. Қыздардың саны көбейе берді, ойдан ой туады, ұлым Асылхан көмекке келді, ол сауатты музыкант, аспаптардың бәрінде ойнайды, гитараның кейбір элементтерін пайдаланып домбыраға қоса бастады. Бір дауысты үш жерден, төрт жерден ойнайтын деңгейге жеттік. Ол уақытта өзіміздің де, елдің де қызығушылығы өте күшті болды. Бірнеше рет республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы атандық. Біздің «Қыз Жібекті» үлкен-үлкен концерттерге алдырып, жаңалық деп қарады» дейді Баян Құбайқызы. Осылайша «қазақ әнін неге қосылып айтпасқа, неге бірнеше дауысқа бөлмеске, неге би шығармасқа?» деген ойдан ой туып, ансамбль жетекшісі қызу еңбекке кіріседі. Кенен Әзірбевтың «Ой жайлау» әнін үйретіп, оның әрбір әніне қимыл ойлап, бимен ұластырып дайындап шығарды. Кейін «Қыз Жібек» ансамблінің ізімен басқа да ансамбльдер пайда болды. Баян апайдың пікірінше, ансамбль бұдан ұтпаса ұтылмаған. «Үш баладан апарып жүргеннен тобымен апарған өте ыңғайлы екен. Бұл балаларды ынтымаққа, бірлікке тәрбиелейді. Жекелеген оқушыларыммен шетелде болдым. 2012 жылы Чехияда, Германияда, 2013 жылы Болгарияда, 2015 жылы Венгрияда болдық, 2022 жылы көп жыл армандаған арманымызға жетіп, демеушілер тауып, он төрт қыз, екі жетекшімен Түркияның Измир қаласындағы байқаудан 1-орын алып келдік. Онда бізге Болгарияға, Грузияға жолдама берген еді, бірақ қаражаттың жоқтығынан бара алмай қалдық» дейді ол.

photo1659437620.jpeg

Баян Құбайқызының өзінің 70-ке жуық әні бар. «Саршығанақ вальсі», «Ажарлы ауылым», «Апа», «Қайыңды қызғалдағы», «Баянның әні», «Сен бар жердiң бәрiн жақсы көремiн», тағы басқа әндерін халық арасында аудан, облыс жастары мен шәкірттері кеңінен насихаттап жүр. ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР халық ағарту ісінің үздігі, Ерен еңбек медалінің иегері, 1 дәрежелі Еңбек даңқынан бөлек те медальдардың иесі Баян Қабиева үшін атақтардың ішіндегі ең қадірлісі Казталов ауданының құрметті азаматы деген атағы, «бұл мен үшін бәрінен де ыстық» дейді өзі. Өмірдің мәні – қозғалыс деп ұғатын адамның бір күні еңбексіз өтпейді. Үнемі ізденісте жүретін Баян Құбайқызының мойнында бір ғана «Қыз Жібек» ансамблі емес, отбасылық ансамбль, сонымен бірге 2009 жылы құрылған «Әжелер ансамблінің» жұмысы бар. Үш ұжымды басқарып отыр. Дәстүрлі өнер орталығының ашылғанын елдің сеніміне балайды. «Бұрын дипломант, лауреат дегенге қуанып жүретін едік қой, бүгінгі күнге шүкір. Мен өзім өшіп бара жатып қайта тірілген адаммын, осы өнермен балапандарымды өсірдім, отбасылық ансамбль құрдық, ансамбльге биыл 35 жыл, халықтық атақты қорғадық, төрт әулеттен бірігіп құрып едік, менен кейінгі сіңлілерім барлығы дүниеден озып кетті, бірақ олардың ұрпақтары ансамбльге қатысып жатыр» дейді ағынан жарылып. 

Өнерді қолдау керек

Бірнеше рет шетелге шығып, сахнада домбыра тартып, терме айтып тамсандырған «Қыз Жібек» ансамблі осы кезге дейін демеушілердің қаржылық қолдауын көрген. Өнер ұжымының аяғын нық басып, ел алдына шыққанға дейінгі еңбегі мен дайындығы да, қолдау білдірген адамдар да ансамбль жетекшісінің есінде. Айталық, Баян Құбайқызы «Қыз Жібекке» арнайы киімдер тіктіріп берген Абат Абайұлының еңбегін үнемі айта жүреді. Дегенмен, ансамбльдің өнері жетіп тұрғанмен, қаражаты жетпей, кейде арнайы шақырған жерлерге бара алмай қалатыны да рас. «Бұрын Мағазұлы деген әкімнің кезінде көмек жасайтын. Бірақ негізгі демеушілерім ата-аналар. Баласын өнерге беру үшін әдейілеп басқа ауылдан көшіп келген ата-аналар бар. Демеушілер әруақытта әртүрлі. Кезекті өнер сапарымызға баратын кезде қаржы мәселесінің қиындығынан кешігіп әрең кеттік, балаларды осы байқауға қалайда апарамын деп бекіндім, обалы не керек, аудандық әкімшілік, облыстық халық шығармашылығы орталығы демеушілік етті. Аудан әкімі Альберт Темірболатұлының, аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызының қолдауын көрдік. Біз сияқты ұжымдарға бюджеттен әлде қордан ақша бөліну керек. Алақан жайып тірнектеп жинау, қол жаю да қиын шаруа. Ауылдық жерде ауқаттылар аз. Мысалы, Қарақат деген қыздың әкесінің «қызым қатарынан қалмасын» деп Сібірге жұмысқа кетіп, ақша тауып жібергенін ойласаң көңілің бұзылады. Өнерге адалдығына, ықыласына риза болып елжіреп кетесің ғой. Оралда мәдениет басшылары қаладан өнер класын ашып, осындай өнерпаздарды тәрбиелеу туралы ұсыныс айтты. Одан бас тарттық. Елден кету қиын. Бәріміз қалаға кетсек, ауылдың балаларын кім тәрбиелейді?» – деген Баян Құбайқызы өзі мүмкіндігіне қарай қарапайым ата-аналардың балаларына демеушілік жасайтынын да жасырмайды. Мойнына осындай міндет алған жетекшілердің, мұғалімдердің бәрі осылай ойласа жақсы ғой... біздіңше, бұның бәрі өз ісіне, өз кәсібіне адалдықтан шығып жатыр.

Жуырда «Қыз Жібек» облыстық «Рухани қазына-2022» байқауынан 1-орын алды. Республикаға жолдама алып, Түркістанда өткен үлкен додада өнер көрсетті. Осындай өнерімен ат оздырған, қазақ әнін шетелге таныстырып қайтқан ансамбльге қаржылай көмек болса бұл өнерге өріс ашар еді. Мысалы, биылғы жыл Балалар жылы деп аталды. Балалар жылы деп дабырайтып, бұрыннан да атқарылып жүрген іс-шараның бәрін осы жылдың атына теліп, ауыз толтырып айтуға әуестігіміз қызық біздің. Ал шынына келгенде, дақпырты күшті болған Балалар жылының өнерлі баланы дамытуға, талапты баланы қанаттандыруға, денсаулығында ақауы бар баланы емдеуге бір көмегі, ықпал-әсері болды ма, ол бөлек сұрақ. Шынына келгенде құр дабыра болып кетіп жатыр. Әйтпесе, «Қыз Жібек» ансамблі сияқты өнер ұжымында өнерімен жарқырап көрініп жүрген балалардың мерейін көтеріп, тым болмаса Бурабайға демалысқа жолдама беруге болар еді. Болмаса жаңа аспап не жаңа концерттік киіммен қамтамасыз етілсе де... дейміз ғой баяғы. Қазақша бір ауыз сөйлемейтін, ағылшын тілі курстарынан ақша аямайтын, бірақ, қазақтың тіліне құрметі жоқ, қазақ тілін бірауыз білмегесін оның өнеріне де самарқау қарайтын жастарды да өзекке теуіп жатқан ешкім жоқ, бірақ, қазақтың әні мен жырын насихаттау зор еңбек, салмағы бөлек іс. Біздің ұлттық иммунитетімізді көтеруге үлес қосатын осындай өнерпаз өрендер! Қалай десек те, қазақтың әнін насихаттап жүрген жас өрендерге қолдау көрсету арқылы ұлттық өнерді биікке көтерер едік.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?