Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Балқаш жайлы баян

2679
Балқаш жайлы баян - e-history.kz

Балқаш жайлы айтқан кезде ойға бірден жайдары әрі шуақты жаз, адам еңсесін көтеретін және жанына серпін беретін, толқыны самал желмен жарысқан, пішіні жарты ай іспеттес көл, көздің жауын алатын таза мөлдір су елестейді.

Балқаш – көне тарихтың куәсі. Балқаш – Қазақстанның байлығы әрі мақтанышы. Балқаш – еліміздің демалыс аймағы. Балқаш – жеріміздегі экологиялық аймақ. Бір ғана айдынды көлді айналасынан көп дүниені шығаруға болады.

Мұндай ұлы көлдің біздің қазақ даласында бұйырғанына, болғанына мақтаныш сезімі ұялайды.

Балқаш көлі

Балқаш – Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тұйық көл. Аумағы жөнінен Каспий, Арал теңіздерінен кейінгі үшінші орында. Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарының шегінде, Балқаш-Алакөл ойысында, теңіз деңгейінен 340 м биіктікте жатыр.

«Балқаш» топониміне тоқталатын болсақ, ресми дәлелденген нұсқалардың біріне сәйкес бұл атау қазақ, татар және алтайдың balkas деген сөзінен шыққан екен. Оның мағынасы «төмпешікке толы батпақты жер» немесе «батпақтағы төмпешіктер» дегенді білдіреді. Қазақ тілінде сонымен қатар басқа нұсқа бар. «Балқыту, металды балқыту» деген сөзден шығуы мүмкін. «Балқу» сөзінің этимологиясын академик Әлкей Марғұлан бастаған экпедиция деректері де растайды. Балқаш энеолит және ерте қола дәуірінің ежелгі металлургиясының ошағы ретінде «балқу», яғни «жарқылдау», «жану», «жағу», «еру», «еріту» деген мағынаны білдіруі мүмкін.

Көл жайлы жағрапиялық сипаттама

Балқаш көлінің құпиясы осы күнге дейін дүйім жұртты таңқалдырып отыр: климаты құрғақ, жауын-шашынға тапшы аймақта, ұшы-қиыры жоқ далада суы жартылай тұщы су қоймасының пайда болуы географиялық қарама-қайшылық бола тұра, ғалымдар әлі де байыбына жетпеген құпия боп есептеледі.

Балқаш көлін айтқан кезде көлемі бойынша дүние жүзінде 14-ші орынға орныққан бірегей көл екендігі, әрі бір бөлігі тұщы (1 литр суында 1 грамм да тұз жоқ) және екінші бөлігі ащы (1 литр суында 3,5 грамнан 6 грамға дейін тұзы бар) дүние жүзіндегі жалғыз көл екені де анықталған.

Гидрографиялық тұрғыдан бөліп тұратын ені тар бұғаздың және Сарыесік түбегінің арқасында көлдің құрамы жағынан екі түрлі бөлігі мүлде араласпайды. Жалпы есеп бойынша, көлдегі ерітілген тұздың қоры 312 млн. тоннаға тең. Сонымен қатар Балқаштың ауқымдылығы бойынша елімізде Каспийден кейінгі құрғамайтын екінші көл болып саналатыны мәлім. 

Екінің бірі біле бермейтін қызғылықты жайттың бірі – Балқашқа бес ірі өзен құяды, бірақ олардың біреуі де қайта шықпайды. Бұдан туындайтын сұрақ: көлге құйылатын барлық су қайда кетіп жатыр?

Балқаш көлі бірден үш облыстың: Алматы, Қарағанды және Жамбыл облыстарының шекарасында орналасқан. Бір жағынан Шу-Іле таулары көмкеріп тұрса, екінші жағынан – ұсақшоқыға алмасатын ұшы-қиыры жоқ Бетпақ дала, ал үшінші жағынан Орта Азия құмды алқабына тікесінен тіреледі.

Көлдің ауданы – 16,4 мың шаршы шақырым. Шынымен де Балқаш – ұзындығы 600 шақырым, ал ені шығыс бөлігінде 9-20 шақырым және батыс бөлігінде 74 шақырымға дейін жететін еліміздегі ең ірі ішкі құрлық көл. Осыған қарамастан Балқаштың орташа тереңдігі 6 метр, неғұрлым терең жері небәрі 27 метрге дейін жетеді. 

Салыстырмалы түрде айтсақ, Ыстық көлдің барынша терең жері 700 метрден астам, ал Байкалдың тереңдігі 1,5 километрден асатынын атап өтейін. Геологтар мен геоморфологтардың деректеріне сүйенетін болсақ, көлдің пайда болғанына 35000 жылдан асқан. 

Балқашта ауқымы әртүрлі барлығы 43 арал бар. Олардың жалпы ауданы 66 шаршы шақырым. Біраз аралға желдетіп қайық жеткізсе, кейбіреуіне жүзіп те жетуге болады екен.

Айтпақшы, мұндағы желдің орташа жылдық жылдамдығы 4,5 - 4,8 м/с дейін жетеді. Егер жел екпіні қатты болса, көлдегі толқын биіктігі лезде 2-3,5 метрге дейін барады екен. Бұған қоса, Балқаштың батыс бөлігінде сағат тілінің бойымен бағытталған айналымдық ағыс үнемі байқалады.

Балқаш көлінің тұзды суы мен минералданған күкіртсутекті балшығы адам ағзасы үшін өте пайдалы әрі оның денсаулығына оң әсер етеді. Қасиеті бойынша Алакөл суынан артық болмаса, кем емес. Көл тұзының қасиеті ерекше, оны су қоймасының маңындағы қайнар көздерден алуға болады. Балқаштың минералға бай   күкіртсутекті балшығы құрамы жағынан шипалы. Сондықтан ала жазда құрамы жағынан теңіз суынан кем емес пайдалы Балқаштың мөлдір суында шомылу ересектердің де, балалардың да иммунитетін нығайтуға жәрдемдеседі. 

Қазақстан тұрғындары соңғы кездері Балқаш жағалауына демалыс турларын жиі ұйымдастырып келеді. Соған қарағанда бұл өңір бәрінің көңілінен шыққан жағажайлардың бірі болып табылатыны сөзсіз.

Балқаштың байлығы  

Балқаш көлінде қысы-жазы, күні-түні балық аулаушылар саны толастамайды. Мұндағы балықтар түрі сан алуан: сазан, сом, ақтабан, торта шабақ, мөңке, көксерке, жыланбас балықтар кездеседі. Тұтастай алғанда, 20-дан астам балық түрі мекендейді. Кейбір сомдардың салмағы 70 килограмға дейін жетеді.

Жергілікті тұрғындар мен әуесқой балық аулаушылардың айтуы бойынша, XX ғасырдың ортасына дейін көлдегі жануарлары әлемі өте бай болған. Бірақ өнеркәсіптік шаруашылықты жоғары қарқынмен дамыта бастаған уақыттан бері акватория да елеулі өзгерістерге ұшыраған, бұл ақыр соңында біртіндеп экологиялық апатқа әкеп соғуда.

Балқаш көліндегі қалың қамыс арасында жабайы шошқа, қасқыр, түлкі сияқты жануарлар мекендейді. Оларға аңшылық жасауға рұқсат берілген.

Құстар әлеміне келер болсақ, Балқаш – суқұзғын, шүрегей, қырғауыл, бүркіт және ақ тырна сияқты құстардың сүйікті мекені. Құстардың 120 түрінің 12-сі Қызыл кітапқа енгізілген, соның ішінде бұйра және қызғылт бірқазан, қалбағай, сұңқылдақ аққу, ақ сұңқар да бар.

Бір кездері көл жағалауында жолбарыс та мекендеген екен. Бұдан бірнеше жыл бұрын ғалымдар Іле өзені және Балқаш көлі бойындағы аумақты жолбарыстың сирек түрі – тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру үшін жарамды аумақ деп таныды. Ендеше жақын арада-ақ Балқаш маңында осы сирек жолбарыстардың пайда болуы әбден мүмкін. Кейбір деректерге сүйенетін болсақ, бұл өңірде сонау 1948 жылы жолбарысқа аңшылық жасаған екен. 

2021 жылғы 30 қыркүйекте Қазақстан президенті Қ. Тоқаев пен Ресей басшысы В. Путиннің қатысуымен екі ел аарсындағы XVII өңіраралық ынтымақтастық форумы өтіп, онда Қазақстан басшысы бағзы Тұран жолбарысын қайта әкелу, жерсіндіру мәселесі талқыланды. Жолбарыстың бұл түрінің популяциясын қалпына келтіру жөніндегі халықаралық жобаны қолға алғаны сөз болды. Демек, Балқаш өңірінде жолбарыстың жақын арада қайта пайда болуы ғажап емес. 

Балқаш жайлы баяндар

Қыз Балқаш

...Баяғыда осы тұста мыңды айдаған бір байдың ай мен күндей, ақылы асқан, келбеті жарасқан сұлу қызы болыпты. Қыздың аты Балқия екен. Ата-анасы, ауыл-аймағы еркелетіп, оны «Балқаш» деп кетіпті.

Қыз Балқаш айдай толып, кемеліне келіп бой жеткен шақта жастайынан айттырып, қалың малын тегіс төлеп бітірген бай «құда қамдана берсін, келінімді биыл күз аламын» деп қыздың әкесіне сәлем айтыпты.

Қыз бесікте жатқанда құда болып қойған күйеуінің тілі сақау, жарым естеу жігіт екен. Ұзатылу хабары Балқашқа төбесінен тас түскендей болып тиеді. Ас ішпей, ұйқы көрмей, санадай сарғайып сола бастайды. Мұны сезген ата-ана, ағайын туған: «Жас өседі, жарлы байиды» деген, күйеу бала әлі жас, бір байдың еркесі, өсе келе есі кіріп, ел ағасы болып кетеді. Ақ батаны, шариғат жолын бұзуға болмайды» –деп қызды жұбатады, күнде ойын, күнде думан жасап, көңілін бөлмек болады. Қайғы қасірет жүрегін кернеген Балқаш мұның біріне де назар салмайды.

Жадыраған жаз өтіп, қоңыр салқын күз түседі. Күйеу-құдалар келетін мезгіл де таянады. Қыз деген безіп қаңғырып өлсе де, есуас сақауға бармауға бел байлайды. Өзімен көңілі жарасқан, осы ауылға ертеден сіңісіп кеткен, әкесінің нағашыларының баласы Ерден деген жігітке Балқаш жатып жалынады.

– Қайтсең де мені мына пәледен құтқар. Өле-өлгенше алдыңнан шығып, айтқаныңды екі етпейін, өлсең, көріңе бірге түсейін, – деп қиылып отырып алады. Паналар жер, бетке ұстар елі жоқ қайраңдаған жалғыз жігіт не істерін білмей қатты қысылады.

admin_2020_01_07_balkhash.jpg

Ақыры, өзі сүйген қызын жатқа қиғысы келмеген ер көңілді жігіт бір түнде атпен қызды алып қашады. Барар бағыты – бұдан бір жыл бұрын жау алған жылқыны іздеп жүріп кез болған қалың қамысты үлкен көл. Мұз қатқанша соның жағасында жасырынып жатып, қысқа қарай оның ар жағына Ұлы жүз еліне өтіп кетпек.

Екі жас түн малынып, тау бөктерлеп келіп, қамыстарының құрағы күректей, сабаулары білектей, толқыны жар соқтырған үлкен көлге де келіп жетеді. Аттарын арқандап тастап, қамыстан күрке жасап алып, мұздың қатуын күтіп жата береді. Бұлардың қайда кетіп, қайда қойғанын білмеген ауыл адамдары елден-елге кісі шаптырып, сұрау салып сабылысады. Ерден күндіз аң аулайды. Балқаш жартасқа шығып, ұшқан құсқа, асыр салып ойнаған шабақтарға қарап жалғыз отырып, ел думанын сағынады. Қатері мол болашағын ойлап зарлана ән салады.

Бұл көлдің біз жатырмыз жағасында

Өмірдің өлімменен арасында.

Шабақтай мынау жүрген сайрандаған,

Туған ел, қайран жұртым қаласың ба?

Уа, шіркін, құс боп ұшсам қанат бітіп,

Балық боп су астына кетсем зытып,

Қолында дұшпанымның пенде болмай,

Өлсем арман қылмас ем жайын жұтып.

Қабыл боп зарлағанда қылған тілек,

Ар жаққа аман өтсек ұстап білек.

Армансыз бұл жалғаннан болар едім,

Жүрсем де ел қыдырып қайыр тілеп.

Аққу қаз, бір ғаріпті көрдім деме,

Шетінде жатыр сонау көлдің деме,

Қор етіп, көрінгенге мазақтатып,

Құдай-ау, шыбын жанды бердің неге!?

Күндер өте су салқындап, көлдің қататын мезгілі де жақындай бастады. Екі жас мұны асыға күтіп, жүректері алып ұшты.

Бір күні іңірде арқандаулы аттар осқырып, аласұрады. Қосыннан көйлекшең жүгіре шыққан Ерден екі атты бір топ қабанның қамап тұрғанын көреді. Пілтелі мылтық мұндайда қару бола ма! Қос жанында тұрған сойылды ала жүгіреді. Қаруын әрлі-берлі сербеп, қабандарды қуып шығамын деп жүргенде, бір көкжалы Ерденді қарыстай азуымен іреп өтеді. Жігіт құлап қалады. Екі ат арқанын түбінен жұлып ойнақтап шыға бергенде, қабандар солардың соңынан кетеді.

Бағанадан бері безгек қағып, маңайларынеа бара алмай жүрген Балқаш, жүгіріп келіп қызыл қанға боялып жатқан Ерденді құшақтайды. Сүйемелеп қосқа әкеліп қараса, қабанның езуі Ерденнің шабын жарып кеткен екен. Киіз тоқымды отқа күйдіріп жарасына басады, күл себеді, қолынан келгеннің бәрін істеп, Ерденнің жаны үшін арпалысқа түседі.

Бұл екеуі осылай азап пен ажал арпалысында жатқанда, жер сағынып, шыбыннан булығып тұрған сәйгүліктер босаған бетте ел қайдасың деп тартып береді. Жылқыға қосылып, арқан сүйреткен аттарды жылқышылар ұстап алып ауылға әкеледі. Ел жиылып, ат сабылып, әбігер қайтадан басталады. Арқан сүйреткен аттардың ізімен қуғыншылар жолға шығады.

Жарасы денесіне жайылып, өн бойын қанды ірің кеулеп кеткен Ерден бұл күндері әлі азая бастаған еді. Қыршын жас көп ұзамай қайтыс болды. Жапан түзде жан жолдасынан айрылып, қыз Балқаш ботадай боздап жалғыз қалады. Еңіреген өксігін басып, егін жиғаннан кейін қостың жанындағы майда құмды қазып, астына қамыс төсейді. Ерденді ақ жауып, өз киімімен арулап қояды. Жас қабырды құшақтап ұзақ жылаған Балқаш енді өзіне қабір қазады. Оның да астына қамыс төсеп үлкен пышақты өткір қайрап, қабырдың басына қояды. Содан кейін дәрет алып, көлге түсіп шығады да, жартастың басына көтеріледі. Жан-жаққа шыр айнала қарап, өмірімен ақырғы рет қоштасады.

Айрылдым айдалада Ерденімнен,

Соңынан қолын ұстап ергеніммен.

Болған соң тағдыр солай шара бар ма?

Көп еді көрмегенім көргенімнен.

Басыма тумай жатып түскен тұзақ,

Қақ жарып жас жүрекке салған сызат.

Көрсетпей рахатын жастық шақтың,

Кетуге жібермейді-ау елден де ұзап.

Қош, сау бол елім-жұртым, ата-ана,

Айдын көл, туған өлке, жалпақ дала.

Мен кеттім жас жанымды құрбан етіп,

Таба алмай өз ортаңнан ешбір пана!

Аққу-қаз қабырыма келе кетші,

Ғаріптің не болғанын көре кетші.

Тәнімді қарға-құзғын шұқымасын,

Сабалап қанатыңмен көме кетші.

Күн батар алдында қыз Балқаш жартастың басында осылай зарлап отырған кезде иек артпадан бір топ атты сау ете түседі. Қыз олардың ішінен өз туыстарын, өзінің сақау күйеуін таниды. Қолға түсіп, пенде болмас үшін өзіне өзі өлтірерлік қару қабыр басында қалған. Оған жетіп үлгере алатын емес. Не істеу керек? Аналар болса аттарын матап, қосқа барды, одан шығып жартасқа келе жатыр.

Балқаш жартастың суға төнген бір биігіне шықты да, көлге бір-ақ секірді. Жар соғып, көбік шашып жатқан асау толқын абзал аруды құшағына қысып, тереңге қарай алды да кетті.

Міне, содан бері әлгі көл «Балқаш қыз түсіп өлген көл», «Балқаш қашып барған көл», ақырында «Балқаш көлі» болып аталып кетіпті.

Балқаш

Балқаш көлі ілгеріде Ақ теңіз деп аталған. Балқаштың астында тау жотасы жатыр. Ол Балқаштың бір жағасынан екінші жағасына дейін созылады. Білетін адам Балқаштың бір жағынан екінші бір жағына осы жотаның үстімен өтеді. Сонда Балқаштың суы сирақтан ғана келеді екен. Алдында көрініп отыратын көрсетушісі бар адам ғана су астындағы жотамен жүріп өткен. Соңғы рет бұл жотамен Жидебай батыр өткен.

Ертеде біреудің Балқаш атты өте көркем қызы болады. Ақылды, ажарлы қыз бойжеткенде, оған өзіне тең бір батыр жігіт ғашық болады. Әлдебір әулеттінің сақау баласы Балқашқа құда түседі. Оған туған-туыстары әлдеқандай болып қуанысады. Қыз сүйген жігітімен бір түнде қашып кетеді. Ат мініп қашқан екеуі үлкен көлдің жағасындағы қалың қамыс ішін паналайды. Жігіт аң аулап тіршілік жасай бастайды. Сөйтіп жүргенде, жігітті бір жыртқыш қапыда жарып кетеді. Қайғы үстіне қайғы жамаған қаралы Балқаш сүйген жігітін жалғыз өзі жерлейді. Қабірдің басында отырып жылап-жылап, күн батарда жартастың басына шықса, бір топ атты кісі суыт келе жатады. Жақындағанда бәрін де таниды: өзінің туыстары, сақау «күйеуі» екен. Ағаштан тіккен қостың қасына кеп аттарынан түседі. Ол арадан ешкімді таппаған соң, жартасқа қарай жүреді. Балқашты көрген қуғыншылар улап-шулап ұмтылысады. Сол кезде қыз жартастың басынан секіріп суға құлайды. Терең көл қызды тұңғиығына тартып кетеді. Содан бері қыз кеткен үлкен көлдің аты Балқаш аталып кетсе керек. 

Сиқыршы Балқаш, сұлу қыз немесе кедей қойшы Қаратал 

Сиқыршы Балқаш байдың Іле деген сұлу қызы болыпты. Қызын теңіне қосып, ұясынан ұшыру уақыты келгенде Балқаш бай оны тек ең бай, көрікті және батыл жігітке ғана беретіні жөнінде жар салады. Бағын сынауға келген ер азаматтар арасында қымбат тауарларын артқан керуені бар Қытай императорының екі ұлы, бағалы күмісі пен табын-табын жылқылары бар моңғол ханының ұлдары, сондай-ақ әсем кілемдері мен піл сүйегінен жасалған бұйымдарын тиеп келген жас бұхар көпестері де болған екен-мыс. Осы байлығы құлақ жарған жігіттердің арасында қалыңдықтың өзі ұнататын кедей қойшы Қаратал да болыпты.

Балқаш дайындаған сынақтардың бәрінен сүрінбей өтіп, жеңіске жеткен Қараталды бай қуып жібереді. Алайда, бағынан айрылмауға бел буған Іле Қараталмен бірге қалың түнде ызақор әкесінен қашып кетеді. Қызының бұл қылығы туралы естіген Балқаш бай екі жасқа дуа жасап, екі өзенге айналдырған дейді. Тау басынан бұрқырап ағатын екі өзен қосылмас үшін Балқаш олардың ортасына құлап, бұйра толқынды көлге айналыпты-мыс.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы. 2-том. Алматы: «Қазақ энциклопедиясы, 2001.

2. Есқалиев Р. Балқаш – әлемнің бірегей көлі әрі арыстандар мекені. https://el.kz/

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?