Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысы майдандары мен тылындағы ерлігі

3803
Қазақстандықтардың  Ұлы Отан соғысы  майдандары мен тылындағы ерлігі - e-history.kz

Қазақстан халқы үстіміздегі жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің                 77 жылдығын атап өтуге дайындалуда. Бұл біздің ортақ тарихымыздағы маңызды дата. Осы күнгі бейбіт өмірге қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекет жағдайында өмір сүріп жатқанымызға сол соғысқа қатысып, қасықтай қаны қалғанша отаны үшін «жан алып – жан берген», аталарымыз бен әкелеріміздің, аналарымыз бен әпкелеріміздің қосқан үлесі орасн зор және олар ешқашан ұмыт қалмауға тиіс [1].

Ұлы Отан соғысы 1941 жылдың 22 маусымында басталды. «Барбарос» жоспарына сәйкес, Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасап, Кеңестік Қарулы күштерін қысқа мерзімде талқандап, 1941 жылдың күзінде соғысты аяқтау көзделді. Гитлерлік басшылық «басқаруға ыңғайлы» болу үшін Кеңес Одағын мүшелемекші болды. Қазақстан территориясы «Шығыс Түркістанның» құрамына енбекші еді. Бірақ бұл жоспар іске аспады. Кеңес халқы соғыстың бірінші күнінен-ақ жауға қарсы табандылықпен қарсы тұрды.

  Соғыстың алғашқы кезеңі өте ауыр соқты. Осындай жағдайда Қазақстанның  рөлі біршама өсті. Соғыс қара, сирек кездесетін және түсті металлургия, көмір және мұнай өнеркәсібінің өнімдерін көптеп шығаруды талап етті. Қазақстан эвакуацияланған мекемелерді қабылдады. 1941-1942 жылдары республикаға 220-дан астам зауыттар мен фабрикалар, цехтар мен артельдер көшірілді. Бұған қоса, Қазақстанда 1941-1945 жылдары  240 өнеркәсіп орындары салынды. Қазақстан 85% қорғасын, 35% қалайы, 75% полиметалл рудаларын беріп отырды. Соғыс жылдары Қарағанды шахтерлары 34 миллион тонна көмір өндірді. Мұнай өндіру 39 %-ға өсті [2].

Ауыл шаруашылығы да соғыс қажетіне бейімделді. Соғысқа шақырылғандардың үштен екісі ауыл шарушылығы еңбекшілері екендігіне қарамастан, көптеген колхоздарда еңбекшілердің 80%-ын әйелдер құрады. Қолхозшылар еңбекте ерлік көрсетті. Осылайша, Ақтөбе облысындағы «Құрман» колхозының звено жетекшісі Ш. Берсиев тары өсіруден әлемдік рекорд жасап, әр гектардан – 202 центнер, Қызылорда облысындағы «Қызыл ту» колхозының звено жетекшісі Ы. Жақаев күріш өсіруден әлемдік рекорд жасап, әр гектардан – 172 центнер, осы облыстағы көрші «Авангард» колхозының звено жетекшісі Ким Ман Сам әр гектардан 150 центнер күріш алды. Қазақстанның ауыл шаруашылық еңбекшілері майданға нан, ет, шикізат өнімдерін беріп қана қоймай, 370 мыңға жуық эвакуацияланған мал басын сақтап қалды. Осылайша майданға ет, сүт, жүн, тері өнімдерін көптеп жіберді.

Қазақстан тұрғындары танкілер, самолеттер, сонымен қатар тұтас эскадрилья құрастыру үшін қаражат жинады. Қазақстандықтардың майдан мұқтажы үшін өз еріктерімен өткізген қаражаты 4700 миллион сомды кұрады. Бұдан басқа, майданға 2,5 миллионға жуық жылы киімдер, 1600 вагон сыйлықтар жөнелтілді.

Сонымен қатар, Қазақстанға ғылыми және шығармашылық қоллективтері эвакуацияландырылды. Алматыға Москва және Ленинград киностудиялары, 20-ға жуық ғылыми мекемелер және аттары әлемге әйгілі  И.П.Вернадский, В.А.Обручев, А.М.Панкратова, А.А.Скочинский, т.б. сияқты академик-ғалымдар көшірілді.

Рухани қару ретінде әдебиет үлкен қызмет атқарды. Майданның және тылдың батырлары жайында Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Дмитрий Снегин сияқты поэзия мен проза шеберлері, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Сағынғали Сейітов, Жұмағали Саин сияқты жас жазушылар өз еңбектерін жазды. Қазақстанның 90 ақын-жазушысы соғыс майдандарында шайқасты [3].


        Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысы майдандарында

Соғыстың бірінші күндерінен-ақ Қазақстан территориясында әскери құрамалар мен бөлімдер жасақталды. Қазақстанда алғашқылардың бірі болып 316-шы атқыштар дивизиясы құрылды. Жеке құрамының негізін  Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының еңбекшілері құрады. Дивизияның командирі болып, Азамат соғысына қатысқан, даңқты 25-ші Чапаев дивизиясының қатарында соғысқан генерал-майор И.В. Панфилов тағайындалды. Барлығы 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық жеке полктар мен батальондар, әртүрлі әскери жасақтар құрылды. Соғыс жылдары 1 196 164 қазақстандық әскер қатарына шақырылды. Жасақталған әскери құрамалар мен бөлімдер құрамы жағынан көп ұлтты болды. Өнеркәсіп орындарында жұмыс істеу үшін 670 мың адам мобилизацияланды.

Москва түбіндегі шайқаста генерал-майор И.В. Панфилов басқарған даңқты 316-атқыштар дивизиясы шешуші рөл атқарды. Ол жаудың танкілеріне қарсы табандылықпен қарсы тұра білді. 1941 жылдың 16 қарашасында Дубосеково разъезінде фашистердің 18 танкісін жойып, жауды Москваға өткізбеген 1075-атқыштар полкінің 28 жауынгерінің өшпес ерлігі бүкіл әлемге белгілі. Осы топтың құрамында болған политрук В.Г. Клочковтың: «Россия кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ! Артымызда, Москва!» деген қанатты сөздері бүкіл майданға тарады. Барлық жиырма сегіз панфиловшыларға Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Генерал И.В. Панфилов 1941 жылғы 18 қарашада ерлікпен қаза тапты. Москва үшін шайқаста, Батыр атағын 1990 жылы ғана алған, аға-лейтенант Бауыржан Момышұлы басқарған батальон табандылық көрсетті. Сол шайқаста Кеңес Одағының батырлары Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллин, т.б. ерлік көрсетті. П.Б. Вихревке Кеңес Одағының батыры атағы ерлікпен қаза тапқаннан кейін берілді. Сонымен қатар, Кеңес Одағының батырлары – қарағандылық ұшқыш Н. Әбдіров,  минометші  Қ. Сатпаев, лейтенант Г. Рамаев Отан үшін ерлікпен қаза тапты.

Қазақстанда құралған басқа дивизиялар, бригадалар мен полктер Ұлы Отан соғысы майдандарына 1942 жылы кіргізілді. Бұл кезде Ақтөбеде жасақталған 312-ші дивизия Малоярославль түбінде жаудың үш-төрт дивизиясына қарсы бір жеті бойы қасарысқан қорғаныс ұрысын жүргізді. Шымкент қаласында құрылған 102-ші дивизия Украинаның солтүстік-шығысында қорғаныс шебін ұстап тұрды.

Ұлы Отан соғысы барысында Сталинград шайқасы бетбұрыс кезең болды. Бұл сұрапыл шайқасқа қатысқан құрамалардың арасында Қазақстанда жасақталған 38-атқыштар дивизиясы бар еді. Ол әр кезде 62-армия /қолбасшысы В.И. Чуйков/, 57-армия /колбасшысы Ф.И. Толбухин/, сондай-ақ Сталинград үшін болған шайқастың негізгі ауыртпалығын көтерген 64-армияның /қолбасшысы М.С. Шумилов/ құрамында соғысты. Сталинград түбіндегі ұрыстарда Жамбыл қаласында жасақталған 81-атқыштар дивизиясы жауды талқандауда салмақты үлес қосты. 1942 жылғы қарашаның аяғы – желтоксанның басында бұл дивизия Котельниково қаласын алуға, сөйтіп Сталинград қаласында қоршауда қалған Паулюстің армиясын босату үшін әрекет жасаған неміс-фашист әскерлеріне қарсы шайқастарға қатысты. Сондай-ақ Орал қаласында жасақталған 152-ші атқыштар бригадасының батальондары Элиста-Астрахань жолы арқылы Еділ өзенінің төменгі сағасына өтуге тырысқан неміс, румын әскер бөлімдерінің жолын бөгеді. Қызыл әскер бөлімдерімен шайқастарда көптеген шығындарға ұшыраған неміс-фашист әскерлері Астраханьға шабуыл жасауға тырысқан әрекеттерінен бас тартты.

Қазақстандық жауынгерлер тек Сталинград түбінде ғана емес, сонымен қатар Курск иінінде,  Днепр, Ленинград үшін шайқастарда жанқиярлықпен соғысты. Ленинград қоршауындағы әскери бөлімдерде қызмет еткен жауынгерлердің арасында Д. Шыныбековтың, алысқа ататын зеңбірекке бекітілген аэростат командирі С. Жылқышиевтің есімдері мақтанышпен аталды. 1942 жылғы шайқастардың бірінде Батыс Қазақстан облысындағы Жаңақала ауданының түлегі Арыстан Ахметов өз есімін өшпес даңққа бөледі. Ол 19 жауынгермен әскери маңызы бар бір төбені жаудан қорғап, соңғы адамы қалғанша соғысты. Жаралы болып ес-түссіз жау қолына түскен одан жау солдаттары әскери мағлұмат алмақ болып азапқа салды. Тістерін сындырып, құлағын кесті. Осындай азапта жау офицерінің бетіне түкіріп, қайсарлық пен қаһармандық үлгісін көрсеткен  А.Ахметовты қанішерлер үстіне жанармай құйып өртеп жіберді. Батыр жігіт жау алдында сес бермей, өмірден өтті. Елге оның ерлігі туралы хабар майдангер жазушы Павел Кузнецовтың очерктері арқылы жетті.

Қуатты жарылғыш минамен жау танкісінің астына түскен Қарсыбай Сыпатаев, жаудың пулеметтен оқ шашып түрған дзотының аузын өз кеудесімен жапқан Ленинград қорғаушысы Сұлтан Баймағамбетов қазақ жауынгерлерін ерлікке рухтандырды.

Соңғы жылдарға дейін тарихи оқулықтарда қазақ ұшқышы Кеңес Одағының батыры Нүркен Әбдіровтің ерлігі жөнінде, атақты ұшқыш капитан Н. Гастеллоның отқа оранған ұшағын жаудың танк колоннасының үстіне шүйілдіре құлатып, тас-талқан еткен көзсіз ерлігін қайталаушы адам ретінде жазылып келді. Нүркен де 1942 жылы 19 желтоқсанда Ростов облысы Боков-Понамаревка ауданында жау оғы тиіп, жана бастаған өзінің «Ил-12» ұшағын неміс танктерінің шоғырланған калың ортасына бағыттап, оларды көп шығынға ұшыратып, қаза тапқан. Бұл ерен ерлікті соғыстың алғашқы 5-ші күні капитан Масловтың экипажының құрамында (капитан Гастеллоның экипажынан сәл бұрын) қазақ ұшқышы, Алматы облысы Балқаш ауданының түлегі Бақтыораз Бейсекбаев та жасаған еді. Бұл тарихи әділеттік арада 56 жыл өткенде орнап, Б. Бейсекбаевқа Ресейдің батыры және Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы берілді. Сталинград түбіндегі жеңістен кейін 1943 жылдың жазында қызыл әскер бөлімдері бірнеше жүздеген шақырым ілгері жылжып, Белгород-Орел шебіне шықты. Мұнда сол жылдың шілде айында Курск иінінде орасан зор шайқас жүрді. Курск шайқасына қатысқан әскери бөлімдердің қатарында қазақстандық 72-ші және 8-ші атқыштар дивизиялары да болды. 72-ші дивизияның жауынгерлері Белгородтың онтүстік-шығысына қарай өңірдегі неміс әскерлерінің шабуылына қарсы қорғаныс шебінде қимыл жасады.

Сонымен бірге қазақстандық 8-ші атқыштар дивизиясы да Орел-Курск иінінде жау әскерлерімен жойқын ұрыстар жүргізді. Сөйтіп, гитлершілдердің бұл майдан шебінде шабуыл жасау әрекетінен ештеме шықпады. 1943 жылы 5 тамызда 72-ші және 8-ші дивизия жауынгерлері қатысқан Батыс және Брянск майдандарының әскерлері Орел және Белгородты немістерден азат етті. Сол жылғы күзде 100-ші Қазақ ұлттық атқыштар бригадасы Калинин майданындағы 3-ші екпінді армия құрамында Невель қаласын азат ету операциясына қатысты. 1943 жылы 17-ші қыркүйек – 10-қазан аралығында 101-ші қазақ ұлттық атқыштар бригадасы 4-ші екпінді армия құрамында Демидово қаласы маңындағы жаудың бекінісін бұзып өтіп, Смоленск және Витевск облыстарының 158 селосы мен деревнясын жаудан тазартты. Батыс майдан әскерлерінің құрамында сондай-ақ қазақстандық 30-ші гвардиялық және 8-ші атқыштар дивизиялары да болды.

Курск иініндегі жеңістен кейін Қызыл армия бөлімдерінің кеңінен етек алған шабуылы барысында Днепр өзенінен өтіп, туысқан Украин жерін азат ету айрықша орын алды. Укрананың ұлы өзенін кесіп өтудегі жанқиярлық ерлігі үшін 123 қазақстандық жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1944 жылдың басында Ресей Федерациясының солтүстік-батыс аудандарын азат етуге Ленинград майданы әскерлерінің құрамында қазақстандық 314-ші атқыштар дивизиясы, 219-шы атқыштар полкі белсенділік көрсетті. Волхов майданындағы басқа да құрамалармен бірлесе қимыл жасай отырып, қазақстандық 31-ші атқыштар дивизиясы Новгородты жаудан босатты, сол үшін оған «Новгородтық дивизия» деген кұрметті атақ берілді. 2-Прибалтика майданы құрамында жауға қарсы шабуылға сондай-ақ 319-ші атқыштар, 8-ші және 30-шы гвардиялық атқыштар дивизиялары мен 756-шы атқыштар полкі қатысты.

1944 жылдың күзі - 1945 жылдың көктемінде қазақстандықтар Еуропа халықтарын немістік езгіден азат ету ісіне де үлкен үлес қосты. Орталық және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдерін азат ету жорығында ерекше көзге түскен Қызыл Армия бөлімшелері мен құрамдары арасында қазақстандық 72-ші және 73-ші гвардиялық атқыштар дивизиялары ерлікпен шайқасты. Варшава-Берлин бағытында І-ші Белорус майданының құрамында 27-ші Қызыл Тулы Новгородтық гвардиялық атқыштар дивизиясы шабуылға шығып, 1945 жылғы 23 ақпанда Познань қаласын азат етті. Фашисттік Германияның мызғымас қамалы Померанияда қазақстандық 456-шы және 209-шы атқыштар, 173-ші артиллерия полктері шайқасты. Мұндағы әскери операцияның табысты болуына Қазақстанда жасақталған 310-шы Новгородтық аткыштар дивизиясы елеулі үлес қосты. 1945 жылдың 16 сәуірінен бастап – 2 мамырға дейін қазақстандық жауынгерлер Германияның астанасы Берлинді алуға қатысты. Лейтенант Рақымжан Қошқарбаев қатардағы жауынгер Булатовпен бірге алғашқылардың бірі болып, Рейхстаг қабырғасына қызыл жалау тікті.

Қорытып айтқанда, ақиқат-шындыққа жүгінсек, Ұлы соғысында біздің қазақ жауынгерлеріміз нағыз ерліктің үлгілерін көрсетіп отырған. Белгілі орыс жазушысы Илья Эренбург Мәскеуді ерлікпен қорғап жатқан қазақстандық 316-шы дивизия жауынгерлерге қатысты 1941 жылғы қазан айында «Правда» газетінде «Қазақтар» деген мақаласында мынадай  факті келтірген. Тұтқынға түскен бір фриц өз жауабында: «Бізге қарай дауылдай дүркіреп, өлген-тірілгендеріне,  біздің қарша боратқан оғымызға қарамай бір азиаттар жүгіріп келе жатты. Олардың қазақ деген ұлт екенін енді білдім» - дейді. Ал жазушы бұл жауапты  өз ойымен ары қарай былай жалғастырады: «Қазақтар далада жел жетпес жүйрік аттарын мініп дағдыланған халық, олар қажет болса, батпақты жерлерде саз балшықты белуардан кешіп жүре   береді» [3].

Көрнекті әскери қолбасшы  генерал-полковник П.И. Ромашко өз естелігінде: «Қазақтар ақжарқын, ақкөңіл, ержүрек, батыр халық екенін осы соғыста көрсете білді. Егер әскери құрамам тек қана қазақтардан құралса, мен өз тағдырыма разы болар едім» дейді.

Алайда қазақтардың кейбір ерліктері дер кезінде әділ бағасын ала алмады. 1941 жылы Панфиловтың тірі кезінде Бауыржан Момышұлы Ленин орденімен марапатталуға ұсынылған, ал генерал И. Серебряков 1942 жылы оған «Кеңес Одағының батыры» атағын беруді ұсынған. Өкінішке орай, белгісіз себептерге байланысты бұл екі награда да Баукеңе  бұйырмаған  Жазушы Александр Бек соғыс тақырыбына алғаш жазған «Волокалам тас жолы» романының бас кейіпкері етіп осы Бауыржан ағамызды алған болатын.  

Жоғарыда айтқанымыздай, соғыс аяқталар қарсаңында Рейхстагқа жеңіс туын алғаш тіккендердің ішінде Рахымжан Қошқарбаев та болды. Кеңес Одағының батырлары, рейхстагтың орталық күмбезіне Жеңіс туын желбіреткен жауынгерлер Михаил Егоров пен Мелитон Кантарияның ерлігіне өз бағасын бере отырып, шындығында бұл қаһармандық ерлікті алғашқы рет 1945 жылғы 30 сәуірдің 1 мамырына қараған түні өзге де жауынгер барлаушылар жасағанын, солардың ішінде біздің Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Болатов боғанын қалай ұмытамыз.

 Олар Рейхстагқа дейінгі 300 метр қашықтықты 7,5 сағат бойы еңбектеп жеткен. Өйткені  фашистер олардың басын көтертпей оқты қарша боратқан. Рақымжан аман-есен Жеңіс туын тігіп қайтіп келгенде дивизия командирі оны құшағына алып құттықтаған. Бұл туралы ол дереу майдан қолбасшысы Г.К. Жуковке хабарлайды, олардың кімдер екенін естіген қолбасшы ашу шақырып, бүкіл майданда ту тігетін орыс табылмаған ба, неге азиаттарды жібердің деп бұлқан-талқан болыпты. Қайтадан жеңіс туын тіктіріңдер    біреуі –  орыс, екіншісі – ұлы көсеміміз Сталиннің жерлесі болсын деп бұйырады. Мұны осы  дивизияның байланыс бөлімінің командирі аға  лейтенант Ә. Тәшкенбаев  естіп, тұрған. Ертеңінде орыс Егоров пен грузин Кантария екінші рет «Жеңіс» туын тіккен. Ал қазақтардың ерлігі сөйтіп атаусыз қалған [4].

Соғыс аяқталар кезінде сақталған барлық қазақстандық 12 дивизия құрметті әскери атаққа ие болды. Олардын бесеуі Кеңестер Одағының орденімен бір рет, төртеуі екі рет, екеуі үш рет марапатталды. Бес дивизияға Кеңестер Одағының ең жоғарғы құрметті әскери белгісі – гвардиялық дивизия атағы берілді.

Қазақстандықтар партизандық қозғалысқа белсене қатысты. Толық емес мәліметтерге қарағанда, Украинаның партизандық құрамалары мен отрядтарында - 1500, Ленинград облысында - 220, Смоленск жерінде 270-тен астам қазақ жігіттері соғысқан. Белоруссияның әртүрлі аудандарында әрекет еткен 65 партизандық бригадалар мен отрядтарда 1500-ден аса қазақстандықтар болған. Партизан қозғалысына қатыскан даңқты қазақ жігіттері Г. Ахмедьяров, К. Омаров, А. Жұмағалиев, 3. Хұсайынов, Б. Оразбаев, Қ. Қайсенов, Ә. Шөріпов, Т. Жанкелдин, Ж. Саин, т.б. есімдері бүгінде зор құрметке ие болып отыр.

Қазақстан жауынгерлері соғыстың Қиыр Шығыстағы соңғы ошағын жоюға да белсене қатысты. 1945 жылғы 9 тамызда 52-ші шекаралық отрядтың капитан Г.А. Голубев баскарған тобы Аргунь өзенінің жағасында болған шайқаста 20 жапон солдатын құртып, 4 солдатын тұтқынға алып, әскер бөлімдеріне жол ашты. Келесі күні 150-ші пулемет батальонының жауынгері Л.Г. Кравченко «Лесной» деген жерде жау дзотының аузын денесімен жауып, жолдастарының өмірін сақтап қалуды қамтамасыз етті. 165-ші аткыштар полкінің командирі Н.Д. Құрманов Оңтүстік Сахалинде жапондардың корғаныс шебін талқандауды ұйымдастырып, Харамитог бекініс ауданының 7 дзоты мен 198 атыс ұяларын басып алуға жағдай жасады. Сөйтіп, кеңес әскерлерінің құрамындағы Қазақстан жауынгерлерінің ерлігі Жапонияның Квантун армиясын 15-20 күн ішінде талқандауын және тізе бүктіруін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарды [5].

Жапонияның 1945 жылғы қыркүйектің басында тізе бүгуімен Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы және екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды. Адамзат соғысқұмар фашистік диктатураның дүние жүзіне үстемдік жүргізу кауіпінен сақталып қалды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңес Одағының Батыры атағына барлығы 11 мың 649 адам ие болған, соның іщінде 500 жауынгер қазақстандықтар деп есептелген болатын. Алайда соңғы жылдары анықталған түпкілікті деректер бойынша  615 қазақстандық сарбаздар мен офицерлер Кеңес Одағының Батыры аталған, солардың қатарында 109 жауынгер («Халық Қаһарманы» атағын алғандарды қосқанда) қазақтар болған [2].

Осы ержүрек қаһармандардың қатарында Кеңестік Шығыстың  қарлығаштары, қаһарман кыздары - Әлия Молдағүлова, Мәншүк Мәметова және Хиуаз Доспанова бар. Кеңес Одағының Батыры атағы ұшқыштар Т.Бегелдинов, Л.И.Беда, И.Ф.Павлов, С.Д.Луганскийге екі реттен берілді. Соңғы зерттеулердің нәтижесінде осы атаққа екі мәрте ие болғандардың қатарына тағы үш бірдей қазақстандық азаматтар қосылды. Олар - Павлодар облысының тұрғындары Кравченко Григорий Пантелеевич пен Воробьев Иван Алексеевич, үшіншісі – Қазақстанда құрылған 38-ші атқыштар дивизиясының командирі полковник Козак Семен Антонович.  142 қазақстандық Даңқ орденінің үш дәрежесіне ие болды. Соғыс Қазақстан үшін өте қымбатқа түсті. Ұлы Отан соғысында 603 мыңдай Қазақстан азаматтары ерлікпен қаза тапты. Қазақстандықтар Қиыр Шығыстағы Жапонияға қарсы соғыс қимылдарында да белсенділік көрсетті.

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы халықтарына ең ауыр сын болды. Бұл соғыста 27 миллион адам құрбан болды, жарты миллионға жуық адам әскери трибунал сотына тартылды. Олар Отанын сатқаны және қорғаудан бас тартқаны үшін айыпталды. Республиканың әрбір 4-ші тұрғыны майданға және өнеркәсіптік жұмысқа тартылды. Олардың көпшілігі туған жеріне қайтпады. Сонымен қатар, соғыс кезіндегі Н.А.Скворцов Ж.Шаяхметов, Н.Оңдасынов, А.Қазақбаев, т.б. сияқты Қазақстан басшылары, осынау күрделі кезеңде, әскери-мобилизациялық жұмыстарда, республиканың экономикалық және басқа да салаларын басқаруда жоғары ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсете білді .

Ұлы Отан соғысы ұрпақтар есінде мәңгілік қалады.


Т. М. Әминов, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор

        

        Әдебиеттер:

1. Н.Ә.Назарбаев, «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты 2010 жылғы Қазақстан халқына Жолдауы

 2.  Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы, «Аруна» баспасы, 2006

3. Е. Қуандық, Қазақстан тарихы. Алматы, 2009

4. Қ. Жылқышыбаева,  Қазақстандықтардың каһармандык ерліктері.  «Қазақ тарихы». 2005, №5

5. Б. Сайлан, Қазақстандық жастар Кеңес - Герман соғысында. «Қазақ тарихы». 2005, №2

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?