Совет заманында, большевиктер қолдан жасап қазақты қырғынға ұшыратқан қос ашаршылық жайлы айтылып, жазылып келеді. Бірақ осы зұлмат пен нәубаттар жайлы жалпылап қана айтамыз да, ал олардың нақты орындаушылары мен ұйымдастырушылары, рухани көсемдері мен жетекшілеріне келгенде ауыз ашпаймыз. Мәскеуді ғана қарғаймыз, Мәскеу жіберген Голощекин, Мирзоян сияқтылардан асып кете алмай жүрміз. Қазақ даласында жасанды жүргізілген Ұлы жұтпен қатар, соған лайық рухани ашаршылық та қатар ұйымдастырылды. Рухани ашаршылығымыздың бастауында болғандар жайлы, айталық Елтай Ерназаров, Құрамысов сияқтыларға келгенде неге кібіржіктейміз? «Ол кісілерді жамандауға қалай аузымыз барады, біріміздің ауылымыздан, екіншіміздің руымыздан, үшіншіміздің жерлесіміз емес пе» дейтіндердің көңілдеріне осы кезге дейін қарап келсек те, «ақиқат бәрінен де жоғары» тұр емес пе? Осы тұрғыдан алғанда қазақтың қос ашаршылығының бастауында болған кейіпкерлері мен геройлары кешегі және бүгінгі тарихымызда жетіп жатыр. Олар жайлы халық аузында қалған әңгімелер де жетерлік, мұрағаттарда құжаттар да баршылық. Қазақтың басына түскен нәубаттарына мұрындық болған басшылары мен атқа мінерлері жайлы да ашық айтатын мезгіл жетсе керек. Мәселе – оларды жамандауда немесе қаралауда емес болса керек...
Солардың бірі, ҚазЦИК-тің (Қазақстан Орталық Атқару Комитеті) басшысы болған Елтай Ерназаров сауаты төмен, қазақтың рухани құндылықтары мен байлығы, тарихы түгіл өзі өскен ауылының арғы -бергісін жетік білмейтін қарадүрсіндеу адам болса керек. Осындай адам қалайша ҚазЦИК-тің төрағасы болған дейсіз ғой. Ол жайлы ел аузында мынадай әңгіме қалған.
Қазақстанның астанасы Орынбор болып тұрған кезде жалпыреспубликалық құрылтай өтіп ҚазЦИК-тің төрағасын сайламақшы болады. Бірақ құрылтай барысында екі мықты топ билікке өз адамын сайламақшы болып бірін бірі жеңе алмайды, екі жақ ымыраға келмей әбден титықтап шаршайды. Сонда бейтарап бір кісі тұрып:
– Жолдастар, біз болсақ дені кедейден тұратын Кеңес үкіметін құрдық. Мына Елтай – кедейдің ішіндегі сіңірі шыққан кедей, басы таз десеңдер – таз, сауатсыз десеңдер – сауатсыз, өзі төренің тұқымы. Меніңше, төрағаға осыдан қолайлы адам жоқ, – деп елдің ортасында қалғып-мүлгіп отырған Ерназаровты саусағымен көрсетеді. Бір-бірін билік басына жібермеуді мақсат етіп, бір-бірімен тіресіп, қасарысып отырғандар, мейлі, қарсы жақтың адамы өтпесе болды деген пиғылмен тегістей Елтайға дауыс беріп сайлапты. Сүйтіп бүкіл қазақ халқының тағдырын шешетін шешуші кезеңде елді басқаруды Ерназаровқа тапсырыпты.
...Бір жолы Елтай Ерназаров Алматыдан шыққан пойызбен Қызылордаға жол тартса керек. Елтайды жарты патша санайтын Шымкенттің аш-жалаңаш, әбден тарыққан ел-жұрты, ішінде ағайын-туыстары, бұрынғы көрші-қолаңдары да болыпты. Осы хабарды естісімен жағдайымызды айтайық, жәрдем сұрайық деген оймен жаяу-жалпылап вокзал басына жеткен. Елтай алғашқыда өзін тосқан халықпен дидарласуға ниеті болып, бірақ анталаған елді көріп, ол ойынан қайтыпты. Тек вагонның тамбурына ғана шығады. Осыны күтіп тұрған халық:
– Елтай төре, ашпыз!
– Босып кетуге айналдық!
– Қырылып жатырмыз. Бір шапағатыңызды тигізіңіз, – десіп шулап қоя береді. Сонда басына сусар бөрік киген етжеңді Елтай қолын жоғары көтеріп:
– Жолдастар, – дейді. Қайтсе де туған жері емес пе, төренің ықыласы түсіп, жарылқар деген оймен халық сілтідей тынады. – Жолдастар, – дейді ол тағы да. – Жолдастар! План, план, план! – деп үш қайтара дауыстайды да, есікті тарс жабады.
Жоқшылықтың қыспағына түсіп, тарыққан жерлестерімен, тіпті өзінің ағайын-туғандарымен жөнді тілдесуге жарамаған басшының барша қазаққа жүрек жылуы қайдан жетсін. Мүмкін егер басқа сауаттылау, қайырымдылау адам оның орнына төраға болғанда қазақтың басына түскен сол кездегі нәубаттың зардабы аздау, жеңілдеу болар ма еді?!
Елтай Ерназаровқа байланысты тағы бір әңгімені аралдық Нұрбай Жүсіп былай әңгімелейді: «Бірде Ташкенттен қайтып келе жатып Жаңабай Сәлімбаев деген менің жақынымның туыс қарындасы Шекерден шай ішіп аттанған едім. Сол жігіттің әкесі – Тасбау. Тасбаудың әкесі Сәлімбай деген қария 96 жасында қайтыс болды. Елтай Ерназаров жоқ-жітіктеу кезінде сол Сәлімбай ақсақалдың жақсылығын өте көп көріпті.
Ерназаров ҚазЦИК-тің төрағасы болып сайланған соң аудан басшысы Тасбауды шақырып алып:
– Елтай ағамызға дұғай-дұғай сәлем айтыңыз, көрші ауданда бір трактор бар, ал бізде жоқ. Жер жырта алмай, қор болып отырмыз. Туған ауданы ғой, бізге де бір трактор бергізсін, – деп оны Елтай Ерназаровқа жұмсайды. Тасбау бірден төрағаның үйіне барып түседі. Әйелі қуанып қарсы алады. Шүйіркелесіп біраз отырған соң, Елтай да қызметінен оралыпты. Тасбауды жақтырмай, қол ұшын әзер ғана ұсыныпты. Әйелі қатты ыңғайсызданып:
– Елтай-ау, келіп отырған атамның баласы ғой, қалайша танымай қалдың? Осылардан көрген жақсылықты ұмытсақ, Құдайды да ұмытармыз. Ең болмаса, жөндеп аман-саулық сұраспайсың ба? – дейді күйеуіне. Елтай сонда:
– Иә, шал аман ба? Ертең жұмыс өте қауырт болғалы тұр, демалуым керек, – деп ішкі бөлмеге өте шығыпты. Әрине, мұндай ел басқарған қарадүрсін, қайырсыз адамның сол кездері қазақты басына түскен зұлмат пен нәубеттен құтқармақ түгіл, сол зұлматтарды еселендіріп жіберері анық еді.
...Елтай Ерназаровтың қызметтен түсетіндігін естіген кезде қойған бірінші сұрағы:
– Машинам өзімде қала ма? – бопты...
Елтай Ерназаров кім болған? 1887 жылы туған Елтай Ерназаров 1919 жылы компартияға мүше болады, 1925 жылдан кәсіподаққа мүше. Қазақ тіліндегі жазу сауаты тәуір, бірақ орыс тіліндегі сөйлеу және жазу сауаты өте төмен болған. Бұл сөздерімізге дәлел ретінде жауапты 1929 жылдың 16 сәуірінде бүкілқазақстандық кеңестердің ХІІ сиезінің мүшесі ретінде толтырған жеке кәртішкесінен табуға болады. Кәртішкедегі орыс тіліндегі сұрақтарға жауапты екі адам толтырыпты. Бірі – өзі яғни Е. Ерназаров және белгісіз екінші адам. Енді оның сол кәртішкедегі өзі толтырған жауаптарды көрелік.
Білімі – низши
Партияға кірген уақыты – 1919 ж.
Әлеуметтік қызметі – жер егуші диқан – (араб харпімен)
Қызыл армияда болды ма, қашан? – ны были
Кәсіподағына қай жылдан мүше? – 1925 ж.
Қосшы одағына мүше ме? – 1921 ж.
Жұмыс орны – кревой кцик
Атқару комитетіне мүше ме? – велла 1925 ж.
Мекен-жайы – кзела арда
(ҚРОММ 5 қор, 10 тізімдеме, 4-іс, 135).
Әрине, мұндай деңгейдегі сауатсыз, қараңғы адамға Қазақстанның үкіметі түгіл, кішкентай ауылды басқаруға тапсыруды болмайтынын Мәскеу басшылығы, Қазақстан өлкелік партия комитетінің сол кездегі хатшысы Ф. И. Голощекин бастаған коммунистер жақсы білді. Қазақтарды өздерінің қолымен өздерін құртуға, малын, жерін тартып алып аштан қыруға Елтай Ерназаров сияқты надан сауатсыз басшы таптырмайтын адам еді. Оларға Мәскеуден жіберілген басшылардың айтқанынан шықпайтын, жоғарыдан түскен, дайындап берген қандай болмасын құжатқа қол қоятын, қайда жұмсаса да «Ләббай, тақсыр!» дейтін надан қазақ басқарушы керек болды.
Е. Ерназаровтың Голощекин қайда жұмсаса да баратындығына, айтқанын екі етпейтін басшы болғанына дәлел ретінде, оның 1931 жылы «Ақкөл» көтерілісін басуға қарулы отрядты басқарып барғанын, көтерілісшілерді пулеметпен қырғанын жазушы Бек Тоғысбаев өзінің «Алапаттан аман қалғандар» деген публицистикалық әңгімесінде жазған. Ақтөбелік журналист Шара Тұрмағанбетованың айтуынша Ақтөбе облысындағы Алға ауданының бір бөлімшесі Елтай ақсақалдың атымен аталады екен. – Осы жерде жұмыс істеген кезімде сол жердің халқынан естігенім: Бірде Ерназаров-Тышқанбаев Орынбор бара жатып па, әлде келе жатып па, сол жерге үй тіктіріп, қона жатыпты дейді. Үрзия деген апайдың өз аузынан естідім, сонда сол киіз үйді солдаттар қоршап, ауылда ит үргізбеңдер, қой маңырамасын, сиыр мөңіремесін деп қырып кете жаздапты.
Елтай Ерназаров жайлы бір естелікті «Жалын» журналында Молдабай Әбдіров деген кісі былай жазыпты: «Әлі есімде, Қазақ педагогика институтының құрылғанына 5 жыл толуына орай салтанатты мәжіліс өтті. Бұған Голощекин бастаған өлкелік комитеттің, Қазақстан үкіметі басшыларының бәрі келді. Жұрт көп жиналған, залдың іші қатты ысып кетті де, сыртқы есіктерді ашып тастауға тура келді. Іргедегі парктен бұзылған мүрделердің иісі мүңкіп қоя берді. Бұл – республиканың түкпір-түкпірінен жан сауғалап келген босқындардың сүйектері еді. Милиционерлер арбамен тасып әкетіп жатады, бірақ толық тазарта алмайды. Аштық тұралатқан адам өліктері үсті-үстіне үйіле береді. Бір кезде Қазақстан Орталық Атқару Комитеті Президиум председателі Елтай Ерназаровқа сөз берілді, ол жарықтықтың мұрны иіс білмейді екен. Біз мынандай-мынандай үлкен табыстарға жеттік деп сайрап тұр. Есік жақта отырған біздер – студенттер үн шығармай жылап отырмыз. Жылағанда аштан қырылып жатқан халқымыз үшін емес, енді Қазақстан өкіметінің басына сауатсыз, не айт десе соны айтатын мына сияқты кембағал адамның отырғанына қорландым».
Әулие Шәкәрім мен Елтай Ерназаровтың кездесуі жайлы Қ. Мұхамедханов өзінің «Шакарім» атты мақаласында жазған. Шәкәрім мен Елтайдың кездесуін өз көзімен көрген Аюбай Кенесарин (1906 жылы туган) деген кісі мынадай естелік айтады: «Осы ауданға (Шыңғыстауға С.Ж.) Қазақ үкіметінің басшысы Елтай Ерназаров келгенде (1931) Шәкәрім сол кісіге кіріп, ұзақ әңгімелесіп, шығып тұрғанда көрдім. Жаздыкүні болатын. Елтайға арналып Қарауыл өзенінің жағасына бірнеше қазақ үйі тігілгенді. Елтай отырған үйді милиция адамдары күзетіп тұрды. Арыз айта келгендер өте көп еді. Бірқатары кіруге рұқсат ала алмай күнұзақ тосумен болды. Сол күні атақты өнер иесі, әнші Ағашаяқ ретін тауып кіріп, сиырымды қайтарып беретін болды деп қуанып шықты. Басқалары арызымыз шешілмеді деп ренжіп шығып жатты. Бір кезде Елтай отырған үйден Шәкәрім де шығып келіп, тұрған халыққа: «Малдан айрылған елдің ашыға бастағанын айтып, тәуір-ақ сөйлестім. Көнбеді. Мәселе шешетін басшыға ұқсамайды. Босқа әуре боп кірмей-ақ қойыңдар», – деп атына мініп жүріп кетті». Осы кездесудін белгісі ретінде мынадай өлең жолдары бүгінге жетті:
…Қазақтың басшы баласын
Сөйлестім көріп шамасын.
Қалайша қалап қойған ел
Сезімсіз, ойсыз шаласын,
Түк келмейтін қолынан?!
Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының қызметкері З. Ижановтың «Ана тілі» басылымында (№ 15-16, 2004) жарияланған «Кәмпеске» деген мақаласында аты-жөні белгісіз қазақтың Е. Ерназаровтың атына жазылған хаты ерекше назар аудартады. Бірақ, әттеген-ай, мақаланың қазақша түпнұсқасы жоқ, орысшаға аударылғаны ғана сақталыпты. Хат сөзбе сөз аударылған ба, әлде қазақша мазмұны бойынша берілді ме, ол жағы белгісіз. Сөз жоқ, түпнұсқада оны жазған адам Елтай Ерназаровты бетін шыжғырып, мақтамен бауыздағаны айқын. Орысша аударманың өзін оқып та оны аңғаруға болады.
Елтай!
Теперешний казахский аул переживает тяжелые бедствия, у них отобрали джайляу (летовки), хлеб, который принадлежал детям аула. У них нет одежды, питания, они кормятся самообманным, безрезультатным и бесконечным разговором и этим самым начинают пропадать.
Этот позор, этот голод, этот холод, этот самообман завтра же должен занимать место в истории на белой бумаге красной кровью. Кто же тогда даст на это ответ? Завтра молодое поколение и образованная интеллигенция казахского народа, будут выводить казахский народ из темноты, невежества, болезней и очищать от неприятного запаха, будут стремиться к тому, чтобы он стоял на высоте. У кого же тогда будет краснеть лицо?
Если наступит день, что плачущий народ, голодающие дети, нуждающиеся женщины, сжатая степь – будут радоваться и придут в себя. То чье лицо должно быть намазано черной сажей? Конечно, я не буду давать ответа и не буду краснеть и не будет на моем лице черной сажи, ибо я буду изгонять имеющиеся болезни и сажу помощь в строительстве кирпичей будущего хорошего. Кто же будет отвечать? Отвечать будешь ты как дураки бывших предков – ты продал интересы народа за желтый билет и за красный стол и не думая о будущем народа, ты продал их интересы русским пришельцам – колонизаторам. Тебя не избрал голос народа и дух предков, а ты посажен колонизаторами России. Ты за это готов даже пожертвовать своего собственного сына, ибо ты палка в руках колонизаторов. 70 проц. пролетариата запада боролись и борятся с 30 проц. индивидуальниками капиталистами уже 200 лет, но они строительства социализма не добились. Социализм Елтая – 99 проц. имущему индивидуальнику казахского народа навязал ярмо и тянет его на веревке, на автомобиле вперед.
Елтай! Подумай, не заставляй народ плакать, богатыря найти можно, но найти народ трудно. Если найдется народ, то не найдется земли. Если будет народ и будет богатырь, если будет земля и будет народ.
Перевел п/п Ахметов Заверено зав. статью КЦИК (Глухов)
З. Ижанов сонымен бірге Ф. Голощекин мен Е. Ерназаровтың арасындағы мынадай параллельді аңғарыпты. Екеуі де әкесінің аттарын өзгертіп жазған. Голощекин аты-жөні – Шая Ицковичті Филипп Исаевич деп өзгертсе, Елтай әкесінің азан шақырып қойған Тышқанбай атын Ерназарға ауыстырған. Бұл деректі белгілі жазушы Ғалым Ахметов «Алаш, Алаш болғанда» (Алматы, «Жалын» баспасы, 1996.) кітабының 176 бетінде оны өзгертіп беруге Голощекиннің көмектескенін жазған.
Жалпы алғанда, қазақтың сол кездегі үкімет басшылығында болған жайсаңдары мен белсенділері жайлы әлі күнге дейін ғылыми зерттеулер мен монографиялық еңбектер жазылмай келеді. Осы олқылықтарды толтыратын уақыт жетсе керек. Әрине, рухани ашаршылығымыздың бастауында Елтай сияқты сауаты төмен кісілер ғана тұрды, ол заман кеше болып, енді келмеске кетті десек қатты қателесеміз. Оның бастауында тұрғандардың арасында сауаттылары да, сауатсыздары да жетеді.
Сағат Жүсіп, өлкетанушы
Кейінгі түсірілген суреттердің авторы Өмір Шыныбекұлы.