Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әлмерек абыз

4049
Әлмерек абыз - e-history.kz

Әлмерек абыз туралы тарихи деректердің негізіне сүйене отырып, сүбелі шығармалар жазған жазушы Ораз Қауғабай Әлмеректің әз Тәуке ханмен де араластығы болғанын айтады.

– Тәуке ханның жаздырған «Жеті жарғы» заңнамалық құжатын қабылдайтын жиын Түркістанда өктенде Төле би арқылы Албан руының ақылман биі, абызы Әлмерек Жаншықұлына да кісі шаптырып, сауын айтылады. Оған дейін де хан ордасында өтетін билер кеңесіне қатысып отырған, – деген пікір айтады.  

Әлмерек абыз жаугершіліктен қажыған елді көшпенділіктен гөрі отырықшылыққа, егін егіп те кәсіп жүргізуге баулиды. Мал қамайтын қора, халыққа тұрғылықты үй салу ісін де өзі бас болып, қолға алады. Әлмерек абыз бастап отырықшылдыққа үйреткен елдің салған қоражай орны мен сұлбасы Қапшағай қаласы салынғанға дейін ізі сайрап жататын дейді көзін көргендер. Кейін Іле өзенінің аңғарын бөгеп, су электр станциясы салынған соң, тарихи орындардың көпшілігі теңіздің табан астында қалды дейді.

Белгілі кәсіпкер, Әлмерек абыздың Баба атты ұлынан тарайтын құрылысшы Стахан Белғожаев мынадай пікір айтады:

– Кеңес одағы кезінде Қазақстанды Димекең, Димаш Ахметұлы Қонаев басқарған жылдары ол кісі Покровка деген жердегі Әлмерек абыздың мүрдесі жерленген кесенесіне үнемі зиярат етіп, құран бағыштап, дұға оқитынын білемін. Ол жайында жазылды да. Бабамыздың мазары 1940 жылдарға дейін бүлінбей тұрып, кейін қар суы мен жаңбырдан, жел мүжіп қабырғалары құлады. Кейінірек ұрпақтары әулие абыздың басына күмбезді кесене орнатып, айналасын абаттандырды. Дінмұхамед Қонаевтың әкесі Меңліахмет Димекеңді бала күнінде осы араға ертіп әкеліп, Әлмерек абызыдң басына құран оқып, тәу етіп, шипалы бұлағынан су ішеді екен. Жастық шағынан абыздың ерлікке толы өнегелі ғұмырынан құлағдар болып өскен Димекең атеистік қоғамда өмір сүрсе де, ата-баба салтын сақтап, ғұрпын ұстанып, өзінің «аруақ аттамайтын қазақ» екенін дәлелдеп өтті, – дейді.

Әлмерек абыздың бес баласынан тарайтын ұрпақтарының ішінде ақындар, жыраулар, қол бастаған батырлар көп шыққан.

Алматы облысы, Кеген ауданы, жылысай ауылында Әлмерек абызыдң Жәнібек, Баба, Қаракісі деген балаларынан тарайтын ұрпақ тұрады. Осы ауылда абыздың 350 жылдан астам тарихы бар, мыстан қалыптап құйған ошағы құнды жәдігер ретінде сақтаулы тұр. Көпшіліктің аузында қараошақ деп аталатын абыздың ошағы қаракісі ұрпағы Ысқақ қарияның қара шаңырағында, немересі Ауғанбайдың қолында сақтаулы тұр. Ақ дәкемен құндақтап оралған ошақты көруге Қазақстанннан ғана емес, шет елдерден де адамдар келіп, таңданысын жасырмайды.

Алжаннан шыққан батыр Райымбектің арғы атасы Сырымбет Әлмерек абызбен тұстас, замандас жолдас болған. Сырымбет батыр 93 жастан асып қайтыс болғанда қазалы ауылға көңіл айтуға келген Әлмерек абыз жоқтауы арқылы қара жамылған ағайынның еңсесін тіктеп, рухын қайрап, мұратын асыл етеді. Сырымбет батырдың ұлы Ханкелдіге елдің еңсесін тіктеп, есін жиғызып, туын көтеретін өзі екенін жоқтау өлең арқылы жеткізеді.

«Е, шырағым, өтпейтін өмір жоқ, сынбайтын темір жоқ. Ер өтеді, ел қалады. Қалған елді өксітпей, берекесін сақтайтын – ер. Қалың еліңнің ендігі қорғаны өзіңсің. Тас бас, асқар ас, маңдайың күнге күйсін, пайдаң елге тисін! Сонда елің Сырымбеттің сипатын сенің бойыңнан, ойыңнан тапсын. Әке жолын ту қып ұста!» деген жігерлендіру сөзі 2012 жылы елордадағы «Фолиант» баспасынан басылып шыққан «Бабалар сөзі» жүз томдығының Тарихи аңыздар деген бөлімінде жазылған.

Мерек Жаншықұлы 1658 жылы өмірге келген. Ұлы жүз Бәйдібект бидің жетінші ұрпағы. 96 жасында өмірден өткен. Албан рунынан тек екі ғана тұлғаға абыз дәрежесі берілген. Алдымен Шоған абызға, одан кейін Әлмерек Жаншықұлының дәрежесіне абыз мәртебесі қосылып айтылған. Өйткені абыз дәрежесін алған адамдар руаралық мәселелерді, дау-шарды шешуде билердің шығарған үкімінің үстінен байлам сөзін айтып, тоқтам салып отырған.

Жәңгір ханның ұлы Тәуке билікке келіп, ел басқару тізгінін қолға ұстағанда Әлмерек батыр сарбаздарға қолбасшылық етіп, жоңғарға қарсы шайқасады.

1723 жылы өткен «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» шайқасында қазақты қынадай қырып, жерін жаулап алған жоңғар басқыншылығына қарсы Жетісу жерінде Әлмерек абыз Сырымбеттің шөбересі Райымбек батырды қол бастатып, қарсы айқасқа шығады. Райымбек батыр қол бастап, жауға қарсы аттанардың алдында абыз Әлмерек биден келіп бата алып, жолымыз оңғарылсын деп ықылас жасап отырған. Бұл жайында Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек» поэмасында да айтылады.

Алматы облысының қазіргі Панфилов, ұйғыр аудандарына ұйғырлар Қытайдан 1858 жылы «Құлжа шарты» бойынша алғаш қоныс тепкен. Бүгінгі таңда ұйғыр ауданында халықтың басым пайызы ұйғыр ұлты. Аудан орталығы Шонжы ауылына абыз Әлмерек бидің атын беру туралы арнайы конференция ұйымдастырылды.

Шонжы – қалмақ батырының есімі. Жекпе-жекте қазақтың қайсар ұлы Әлмерек Шонжының басын алған. Әлмерек абыздың ғибратты ғұмырына арналған конференцияда осы мәселе де тереңнен қозғалып, Шонжы атын өзгертіп, Әлмерек абыздың есімін беру мәселесі талқыланды. Тарих зерттеушісі ақын Нұрмұқан Жанұзақұлы Шонжы ауылының атауын Әлмерек абыздың есімімен атау мәселесі орынды қозғалған, уақыт күттірмей жүзеге асыратын шаруа деген пікір айтады. «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары, академик Өмірзақ Озғанбайұлы да Әлмеректің 22 жасында Шонжының басын алғаны жайлы тарихи деректерде айтылғанын, әулие абыз, көріпкел дәрежесіне жеткен тұлғаның есімін ұлықтау рухани жаңғырудың айқыны көрініс болатынын жеткізді.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев Әлмерек абыздың қайраткерлік қыры, одан тараған ұрпақтарының талайлы тағдыры әлі де толық ашылмай жатқанын, тарихи деректердің ғылыми айналымға толық енбей, архивтерде құнды құжаттарыдң сақтаулы жатқанын тілге тиек етеді. Келешекте рухани жаңғыру аясында мәдени мұрамызды толықтыру, жоғымызды түгендеуде, батырлар мен билердің ерлік пен өр рухқа толы ғұмырын насихаттап, дәріптеуде, әлі де шабандық аңғарылатынын айтты.

Алматы облысы, Іле ауданы, Покровка аулының іргесіндегі Әлмерек абыз кесенесінде мүрдесі жерленген қабірдің үстіне жабылған шапанды белгілі бір мерзімде құран оқып, дұға жасап алып, жаңартып отырады. «Әлмерек баба мәдени-тарихи» қорының атқарушы директоры Ысқақ Молдәлімұлы жуырда осындай игілікті істі абыздың Жәнібек баласынан тарайтын Нөкербан әулеті іске асырғанын жеткізді. Әулие, абыздың ақ туы мен қабірінің үстінен жабылған жамылғы шапанды ауыстырып, жаңасын ауыстыру шарасы арнайы жоралғы бойынша іске асырылыпты.

Әлмерек Жаншықұлының сүйегі жерленген жерге келіп құран оқушылар, бабаның бұлағынан су алып ішушілердің қатары көп және күн сайын адам аяғы сиремейді. Мәдени-тарихи қордың атқарушы директоры абыздың бес баласынан тараған ұрпақтары келешекте кесенені үлкен кешенге айналдырып, көпшілік тағзым етер орта болады дейді.

 

 

 

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?