Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастың бір бөлшегі, құрамдас бөлігі болған соң дүние жүзінде болып жатқан оқиғалардан тыс қала алмайды. Ал жаңа XXI ғасыр әлемге жаңа қауіп қатерлер ала келді. Өткен XX ғасыр әлем халықтарына ядролық апат қаупін туғызса енді жаңа қатерлер пайда болды.
Ғалымдар олардың қатарына қайыршылық, жұқпалы аурулар, экологиялық апат, есірткі саудасы, халықаралық терроризм, экстремизм, ұйымдасқан трансұлттық қылмыс, әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс сияқты құбылыстарды жатқызады. Бұлар жекелеген адамдар топтарынан, ұйымдардан, мемлекеттер тарапынан туындап, бүкіл әлем елдеріне қатер төндірулері мүмкін. Осындай құбылмалы әлемде жаңа Қазақстанды сыртқы және ішкі түрлі қатерлерге ұрындырмай тұрақты дамыту өте күрделі мәселе болып табылады.
2012 жылғы Жолдауында Н.Ә. Назарбаев еліміздің алдында тұрған негізгі 10 сын-қатерді атап көрсеткен еді. Оларды қысқаша санамалап көрсек: 1) тарихи уақыттың жеделдеуі, 2) жаһандық демографиялық теңгерімсіздік, 3) жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер, 4) судың тапшылығы, 5) жаһандық энергетикалық қауіпсіздік, 6) табиғи ресурстардың сарқылуы, 7) үшінші индустриялық революция, 8) әлеуметтік теңсіздіктің үдеуі, 9) өркениеттік құндылықтардың дағдарысы, 10) әлемдік жаңа тұрақсыздық қаупі [1].
Қазақстан Республикасы да әлемге төнген осындай сындар мен қауіп қатерлердің алдын алу, елгетигізетін зиянды әсерлерін мүмкіндігінше азайту үшін кешенді әлеуметтік-экономикалық және мәдени-ақпараттық шаралар қолданады.
Қазақстан басшысы өзінің жылдағы дәстүрлі Жолдауларында әлемде қалыптасқан жағдайларды сараптап, олардың Қазақстанға тигізуі мүмкін әсерлерін, қиындықтарын халыққа айтып отырады. Тек айтып қана қоймай осындай күрделі жағдайларға қарай қалай әрекет етуіміздің жолдарын да ұсынады. Елбасы тапсырмасымен ел бюджетіне түзетулер енгізіп теріс үдерістердің алдын алу үшін ықтимал шаралар қабылдап отырады.
Мәселен, ғаламдық ахуалды дұрыс болжап, оған дайын болып Ұлттық қордан 10 млрд доллар жұмсау нәтижесінде еліміз 2007-2009 жылдардағы жаһандық экономикалық дағдарысты еңсере білді. Еліміз экономикалық өсімін сақтап, республика халқының өмір сүру деңгейін төмендеткен жоқ.
Мемлекет басшысы 2014 жылғы халыққа Жолдауында: «Мен өзімнің тәжірибемнен алдын ала сезіп отырғанымдай, таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады. Қазақстан, әлемдік экономиканың бір бөлшегі және геосаяси қысымның эпицентріне тікелей жақын орналасқан ел ретінде, барлық осы үдерістердің теріс ықпалына тап келеді. Нәтижесінде не болып жатқанын біз көріп отырмыз: әлемдік нарықтарда баға құлдырауда және тұтастай алғанда, экономикалық өсім баяулауда» деп болжаған еді [2].
Елбасының осыдан 1,5 жыл бұрын ескертулерінің бірқатары қазір шындыққа айналып отыр. Осындай қатерлерді ескеріп Елбасы 2014-2015 жылдарда да экономикалық өсім мен халықты жұмыспен қамтуды қолдау үшін Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлгізді.
Қазіргі уақытта әлемде бір қатерлер шешімін тауып бәсеңдесе, екіншілері туындап жатады. Кейбір аймақтарда ұлттық, діни қайшылықтар, әлеуметтік-экономикалық себептер негізінде сепаратистік пиғылдар өршіп аймақтық шиеленістер пайда болып, мыңдаған бейбіт тұрғындар жазықсыз жапа шегіп жатады.
Осындай қауіп-қатерлер кез келген уақытта, кез келген жерде туындауы, пайда болуы мүмкін. Бұл қауіптердің алдын алу, оларды болдырмау қанша қуатты болса да бір мемлекеттің қолынан келмейді. Тарихи тәжірибе көрсеткендей оған әлем елдерінің күш біріктірулері қажет.
Қазіргі уақытта жер шарының кейбір аймақтарында орын алып отырған шиеленістерге жекелеген ірі мемлекеттермен қоса, одақтардың да белсенді араласуы әлемдік геосаяси аренада өзара текетірестерге соқтыруда.
Мәселен, 2015 жылдың аяғында «лаңкестікке қатысы бар» деп сотталып өлім жазасына кесілген 47 адамға қатысты үкімнің Сауд Арабиясында орындалуы, Иранның оларды қолдап осы елмен дипломатиялық қатынасты үзуі салдарынан екі елдің арасындағы текетірес Таяу Шығыс пен Африка елдерінің арасын қақ жарып, қауіпті жағдай туғызды.
2014-2015 жылдары Батыс елдерінің Ресейге қарсы қолданып жатқан экономикалық санкциялары жәнеосы жылдардағы Ресей мен Украинаның, Ресей мен Түркияның арасындағы кикілжіңдер Қазақстан экономикасына да зардабын тигізуде. Біздің экономикалық әріптестеріміз болып табылатын Таяу Шығыстағы елдерде жағдайдың ушығуы да Қазақстанға да әсерін тигізуде.
2012 жылғы Жолдауында Елбасымыз Қазақстанның 2050 жылға дейін ұзақ мерзімді дамуын айқындап берсе, кейінгі Жолдауларында осы мақсатқа жетудің жолдарын әр жылдың ерекшелігіне сай нақтылап көрсетуде.
Еліміздің дамуына сыртқы факторлардың әсері мол. Ал әлемдегі ахуал соңғы жылдары тез құбылып тұр. Саясаткерлердің пікірінше әлем соңғы жылдары экономикалық және әскери-саяси жағдай тұрғысынан қауіпті белгісіздік кезеңіне аяқ басуда.
Қазіргі уақытта жаһандық жүйелі дағдарыс әлемнің барлық елдерін, тіпті дамыған жетекші мемлекеттерді де қамтуда. Әлемдегі күрделі геоэкономикалық және геосаяси ахуал халықаралық шиеленістің артуымен, жаңа қақтығыс ошақтарының пайда болуымен, лаңкестік қауіп-қатердің күшеюімен қатар өрбуде. Қазақстан басшысы елдің дамуын әлемдік дамудан бөліп қарамай, осы қатерлердің себептерін көрсетіп, оны шешудің жолдарын да ұсынып отырады.
Бірқатар саясаткерлер халықаралық лаңкестік белсенділігінің күшеюінің бір себебін, тәуелсіз мемлекеттердің ішкі істеріне сыртқы күштердің араласуы жолымен мемлекеттіліктің күйреуінің нәтижесі деп көрсетеді. Қазіргі лаңкестік Ауғанстанның, Ирактың, Ливияның, Сирияның, Йеменнің, Сомалидің қирандыларының арасынан өсіп шыққандығын айтуда.
Н.Ә. Назарбаев кезекті Президенттік лауазымына кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде Қазақстанның әрі қарайғы дамуына 5 жаңа сын-қатерлер қауіп төндіруін жалғастыруда екеніне назар аударды.
Елбасы 2015 жылғы 30 қарашадағыЖолдауында: «Біз әлемдік қоғамдастықпен ядросыз әлем үшін, терроризм мен экстремизмге қарсы күресте біргеміз. Біз кез келген жанжалдардың бейбіт жолмен шешілгенін қалаймыз және осы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз» деп көрсеткен болатын.
Қазастан басшысы 2015 жылдың аяғында басталған Ресей мен Түркия арасындағы кикілжіңді реттеу үшін оларға екіжақты комиссия құру жолын ұсынды. Ал Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы жағдайды, конфессияаралық шиеленістің өршіп кетпеуі үшін бір ғана дұрыс жолы саяси шешім мен үнқатысу деп мәлімдеді [3].
Мемлекет басшысының лаңкестік қаупіне жиі алаңдауы негізсіз емес еді. Саясаттанушы Ерлан Кариннің деректеріне қарағанда соңғы 10-12 жылда әлемде лаңкестік әрекеттер 10 есе көбейген. Олардың Қазақстанға да әсері болуы әбден мүмкін. Өйткені біздің елімізде де лаңкестік ұйымдар құрудың кейір көріністері белгі беруде. Ондай әрекетке қатысқандардың 55 пайызы жастар, яғни 17-29 жастағы азаматтар және негізгі бөлігі жұмыссыздар [4].
Мемлекет басшысы өз Жолдауларында лаңкестікке қарсы іс-қимылдар мен қатар, оған әлеуметтік негіз болмауы үшін жастарды кәсіптік біліммен, жұмыспен қамтуды басты назарда ұстауда.
Н.Ә. Назарбаев ядролық қаруларды сынаудың, көбейтудің қауіптілігіне де алаңдаушылық білдіріп, Қазақстанның бұл мәселе жөніндегі позициясының айқын екенін көрсетіп әлем елдерінің назарын аударып отырады.
Корея Халық-Демократиялық Республикасының 2016 жылы 6 қаңтардағы сутегі бомбасын сынақтан өткізуі туралы мәлімдемесін әлем елдері мойындаған ядролық қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау және жахандық қауіпсіздікті нығайту бойынша халықаралық қоғамдастықтың күш-жігеріне елеулі залал келтіреді деп үзілді-кесілді айыптады [5].
Мемлекет басшысы Қазақстанның осындай сырттан болуы мүмкін сын-қатерлерге дайын тұруын әрқашан қамдап келеді, алда қиын күндер болуы мүмкіндігін ескертіп, халықты қамсыз отырмай оларға дайын болуға үндеп отырады. Азаматтарды ұсынықтылыққа, үнемшілдікке шақырып, алмемлекеттік қызметкерлерден мемлекеттік шығындардың деңгейін көкейге қонымды етіп жасауды талап етіп отырады.
Осы бағытта Елбасы әлемдік экономика мен геосаясаттағы қазіргі ахуалға орай еліміздің көрнекті ғалымдарымен пікірлесіп, ақылдасып отырады [6].
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев 2015 жылы 30 қарашадағы Жолдауында, 2016 жылғы 6 қаңтардағы «Ұлт Жоспары-Қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық-құжаттық мақаласында және таяуда өткен «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII съезінде сөйлеген сөзінде қазіргі жаңа қатерлер өрбіген ахуал кезінде Қазақстанды дамытудың басты бағыттарын айқындап берді.
«Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII съезінде Мемлекет басшысы партияның Төрағасы ретінде, сайлау алды бағдарламасының бірінші бағытын Дағарысқа қарсы тұрақтандыру депе көрсетті. «Халықтың іскерлік белсенділігін және жұмыспен қамтылуын қолдауға бағытталған шараларды қарастырған бағдарлама қабылданды. Тек биылдың өзінде осы мақсатқа республикалық бюджеттен 225 миллиард теңге көлемінде арнайы резерв қарастырылған» деп мәлімдеді [7].
Мемлекет басшысының Жолдаулары Қазақстанның бәсеке мен сын-қатерлерден бойын аулақ салмай төтеп беруге, аман-есен өтуіне, халықаралық қатынастардың танымал да белсенді субъектісіне айналуына қызмет етеді деп бағалайды тарихшы ғалым Х. Әбжанов [8, 6].
Қорыта айтқанда еліміздің 25 жылдағы тұрақты дамуы көрсеткендей мемлекет басшысының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдаулары және онда көрсетілген міндеттердің нақты жүзеге асырылуы елдің ішкі және сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.
Сейітқали Дүйсен, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты
Пайдаланылған әдебиеттер
1.Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан 2050»-Стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты». // Егемен Қазақстан. 2012 жыл 15 желтоқсан.
2. Назарбаев Н.Ә. Нұрлы Жол-болашаққа бастар жол. // Егемен Қазақстан. 2014 жыл 11 қараша.
3. ҚР СІМ Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты түсіндірмесі. // Егемен Қазақстан. 2016 жыл 7 қаңтар, №3 (28731).
4. Дерек көзі: www.comment–respublika.Info/comment/sowtofic/29790./ Есть ли в Казахстане терроризм и какой? Интервью Е.Карина.
5. ҚР СІМ КХДР-да жасалуы мәлім етілген ядролық сынаққа қатысты мәлімдемесі. // Егемен Қазақстан. 7 қаңтар 2016 жыл №3 (28731)ә
6. Әлемдік сын-қатерлерге қатысты негізді пікір қажет. // Егемен Қазақстан. 2016 жыл, 23 қаңтар.
7. Бақыт та, байлық та өмір де өз елімізде. // Егемен Қазақстан. 2016 жыл 30 қаңтар.
8. Әбжанов Х.М. «Мәңгілік Ел»-кемел келешек идеясы. // Отан тарихы. 2014, №1.