Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлттық музейге археологиялық олжалар топтамасы тапсырылды

1573
Ұлттық музейге археологиялық олжалар топтамасы тапсырылды - e-history.kz
Археологиялық құнды олжалар Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің коллекциясын толықтырып, болашақта көрмелерде көрсетілетін болды.

Бүгін Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне 2015 жылы табылған археологиялық олжалар топтамасын тапсырды. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Ұлттық музей директоры Д. Мыңбай, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры А. Хазбулатов және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері К. Байпақов және-де қала қонақтары мен БАҚ өкілдері қатысты.

dac0dc892e9260a5c1db58da9e7a7ac3.jpg

Шара барысында Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай музейге қосылып отырған құнды жәдігерлердің ұлт тарихында алатын орны мен оның ғылыми зерттеу арнасына түсетінін мәлімдеді. 

«Біз қазіргі таңда ұлттық музейдің қорын толықтыру үстіндеміз. Бұл бір күнгі әрекет емес, жылдарға созылатын, тоқтамайтын шаралардың бірі. Өйткені Ұлттық музей ұлттық құндылықтардың барлығын жинайтын жер. Сондай-ақ сол жиналған экспонаттарды ғылыми зерттеу арнасына түсіретін жер. Оларды халыққа көрсететін орталық»,-деді Д.Мыңбай. 

2caacd8f24c46505a74b8f7a7fa73611.jpg

Музей қорына тапсырылатын жәдігерлер Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бастамасымен Құлан және Отырар қалашықтарында табылған. Құлан нысанында археологтар С.Ш. Ақылбектің жетекшілігімен алғаш рет ортағасырлық қалашық цитаделінің орталық бөлмесін тапты. Құлан нысаны Жамбыл облысындағы Құлан деп аталатын ауылға жақын жерде орналасқан. Ол туралы ең алғаш VIII ғасырда қытай және араб тарихшыларының деректерінде айтылады. Ал ғылыми тұрғыда қалашық өткен ғасырдың 60-жылдары археолог К. М. Байпақовтың жетекшілігімен зерттелген еді. 

45f196b5ef401cbb8c956a677b6e60db.jpg

«Бүгінгі музей қорына берілетін экспонаттардың құны өте жоғары деп ойлаймын. Өйткені бұл жәдігерлер әлі-де ғылыми зерттеу арнасында айналымға түсетін болады. Яғни елімізде болып жатқан археологиялық экспедициялардың барлығында тапқандарын осы ұлттық музейдің сақталуына алып келіп өткізсе, біз ары қарай толықтай ғылыми зерттеу тұрғысынан зерттейтін боламыз. Жердің астынан қазылып алынған жәдігерлік құндылықтардың барлығы да мемлекеттік меншігі»,-деді Музей басшысы. 

bc57cab3e35ebd49614e1abb42d6a1f2.jpg

2000 жылдары қаланың маңында зерттеу жұмыстарын академик К. Байпақов пен А. Нұржанов жүргізді. Өткен жылдың тамыз айында билеушінің сарайындағы орталық ғимарат зерттелді. Бірегей қабырғадағы жапсырылған өрнектің сақталуы мамандардың тарапынан жоғары бағаға ие болды. Өрнектелген композиция С.Ш. Ақылбектің сөзі бойынша сол уақытта әртүрлі дін мен мәдениеттің болғандығын дәлелдейді. Ескерткіш шамамен алғанда, VII–VIII ғасырларға жатады. 

Сондай-ақ К. М. Байпақовтың жетекшілігімен Отырар қалашығында жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ерте орта ғасырға жататын елуден астам мәдени және тұрмыстық жәдігерлер табылған. Археологиялық құнды олжалар Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің коллекциясын толықтырып, болашақта көрмелерде көрсетілетін болды. 

 Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?