Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Светлана Смағұлова: Зерттелінбей жатқан Алаш қайраткерлері жетерлік

2583
Светлана Смағұлова: Зерттелінбей жатқан Алаш қайраткерлері жетерлік - e-history.kz

– Светлана Әдепқызы, биыл Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы. Жалпы қарапайым оқырман Ақаңның ұлтқа еткен еңбегін жан-тәнімен – сезініп, түсіне алды ма?

– Ахмет зиялы қауым өкілдерінің топ бастаушысы, ұлттың ұлттығын сақтауда бар күшін салған қайраткер. Империялық биліктің қысаң саясатына қарамастан «Қазақ» газетін шығарып, қазақ ұлт интеллигенциясымен бірге өткір мәселелерді осы басылым арқылы көтере білген ірі тұлға. Қоғамдық-саяси қызметімен қоса ағартушылықты қоса алып жүрген қайраткердің өмір жолдары мен оның шығармашылығын таныту барысы тәуелсіздігімізді алғаннан кейін кең тұрғыда қолға алынып, оқырмандарға Сталиндік қуғын кезінде оқуға тыйым салынған шығармалармен танысуға толықтай мүмкіншілік туды. Ғалымдар Ахметті осы отыз жыл ішінде әр қырынан танытуға бар күш салынды. Оның ағартушылық қызметі, Алаш қозғалысындағы батыл ойлары мен идеялары, оқулық жазып шығарудағы еңбегі, әліпби мәселесіне қатысты ой-пікірлері, бір сөзбен айтқанда оның өмір жолдарымен таныстыру жолында ерең жұмыстар жүргізілді. Ахметтің қолданған жәдігерлерімен дүйім жұртқа танытып отырған Алматыдағы жалғыз музей үйінің өзі қыруар іс-шараларды жүзеге асырып, оның қазақ қоғамына сіңірген еңбегін насихаттау үстінде. Былтырғы жылы Ахметтің осы үйі мемлекет қамқорлығына өтуі қайраткерге деген ықылас деп түсінуге болады. Қайраткердің шығармаларының орта мектептерде оқытылуы, жоғары оқу орындарында арнайы курстардың өткізілуі оған деген құрмет.

Қазір ұлт зиялыларын атаңызшы десеңіз, бірден барлығының аузына Әлихан, Ахмет, Міржақып түседі. Олардың қоғамға сіңірген еңбектерін, шығармаларын мүдірмей айтады. Сондықтан Ахметті танымау мүмкін емес.

– Осы мерейтой аясында Ахаң шығарған «Қазақ» газетінің тігінділерін толық кітап етіп шығара аламыз ба? Жалпы ұлт баспасөзінің 1913-1914 және 1915 жылғы тігінділері кітап болып басылғанын білеміз. Қалған жылдарын осы мерейтойдың аясында шығару керек еді деп ойлайтын шығарсыз?

– Қазақ халқы, шетке кеткен қандастарымыз кезінде Ахметті «Қазақ» газеті арқылы таныды. Қаншама қиыншылық көрсе де «Қазақтай» басылымды шашауын шығармай шығарып отыру ерлік іспеттес.

Ахмет бес жылдай өмірін осы «Қазаққа» қыйды. Газеттің мазмұнды болуына ерекше мән берді. Қазақтың жан жарасына айналған жер, тіл, дін, оқу және тағы басқа мәселелерді көтеретін басылымға айналдырып, ұлт азаматтарын ой-пікірге шақырды, олардың тұжырым, пайымдарын сол қалпында беруге тырысты.  

«Қазақ» газетінің 1913, 1914, 1915 жылдардағы шыққан барлық сандары толықтай жинақ болып басылып шықты. Осы жылдардағы газетті шығаруда Білім және ғылым министрлігіне жоба ретінде гранттық конкурсқа беріп, жетекшілік жасап, Толқын Замзаева, Гүлшат Әбіковамен бірге төтеден қазіргі жазуға түсіріп, барлық жарияланған материалдар, тіпті ұсақ жарнамаға дейін бірін қалдырмай енгізіп, сол гранттың қаражатымен бастапқы екі жылын «Арыс» баспасынан, соңғы жылын «Елтаным» баспасынан шығарған едік. Ал газеттің қалған 1916-1918 жылдарын шығаруға қаражат іздеп, бір-екі есікті тоздырған жайымыз болды. Өкінішке орай, құрғақ уәдемен шығарып салатындар көбейді. Қазіргі кезде басылымның 1916-1918 жылдарын аудару жұмыстарын жүргізу үстіндеміз. Газеттің материалдарын толық кітап ретінде шығарғаннан кейін, оның библиографиялық көрсеткішін жасау да ойда бар.

– Жалпы «Қазақ» газетінің тігінділері толық кітап болып басылып шықса, онда алаштану ғылымына айырықша жаңалық болар еді. Әлі жарық көрмеген кітаптың ішінде жұрт білуге тиіс қандай қызықты деректер бар?

– «Қазақ» газеті – бұл қазақ халқыныз тұңғыш, төл энциклопедиясы. Оның беттерінен бірінші жиһандық соғыс кезінен бастап, Ресей империясы мен шет мемлекеттер арасында болып жатқан саяси оқиғалары жайында, Балқан соғысы, бірінші империалистік соғыстың басталуы мен оның барысы, Ресей мен Түркия арасындағы қарым қатынастар, соғыс техникасы мен қару-жарақтар, Қытай елінің өз тәуелсіздігін қорғау үшін күрес барысы және дүниежүзілік империалистік соғыстың Қазақстанға тигізген әсері жөнінде мәлімет ала аласыз. Өкінішке орай, осы материалдарды әлі күнге дейін сыртқы саясат мәселесімен айналысып отырған ғалымдар өз зерттеулерінде араб графикасын оқи алмағандықтан қолдана алмай отыр десек те болады.

«Қазақ» 1916 жылғы дүрбелең, бұратана атанған халықтарды тылға қара жұмысқа алу турасындағы патша Жарлығына қатысты туындаған жағдайды, ұлт зиялыларының осы мәселе төңірегіндегі ой-пікірлерді талдауға алған бірден-бір басылым. Тыл жұмысындағы қазақтардың ауыр жағдайын көтеріп, дабыл қаққан да осы «Қазақ» болатын.

Ақпан төңкерісі барысындағы Ресейдің ішкі саяси жағдайына сараптама берген де, қазаққа жол, жөн сілтеген де, патша үкіметі құлағаннан кейін ұлт зиялыларының органына айналып, елдегі саяси жағдай, демократиялық өзгерістердің жүргізілу барысы жайында мағлұматтар жариялап, Ақпан революциясының нәтижесінде құрылған Уақытша үкіметті қолдауға, Құрылтай жиналысына әзірлік жұмыстарын жүргізуге шақырған да осы басылым.

«Қазақ» газеті «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің үні болды. Алаш қозғалысының әрбір қадамын айнаға басқандай тізіп, аласапыран тұста адаса бастаған қазаққа бағыт берді. «Алаш» партиясының бағдарламасы, оның саяси қызмет барысы туралы, ұлт зиялыларының идеологиялық-демократиялық ой-пікірлері басылды. Бұл басылымдарда жарияланған материалдардың деректік құндылығын соңғы жылдарда жазылған ғылыми жұмыстар дәлелдеп отыр. «Қазақ» арқылы Алаш тарихына байланысты кем-кетігіміз толықтырылды. Газеттен 1917 жылғы қос төңкеріс тұсындағы қазақ халқының әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін, саяси жағдайларды, Алаш қозғалысының мүшелерінің қоғамдық-саяси қызметі туралы тың мәліметтер таба аласыз. Қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық дамуын, оның ішінде ауылшаруашылығы, өнеркәсіп пен сауда мәселесі, ел мәдениеті, әдебиеті, тарих мен этнографиясын да басылымға арқау болған.

Басылым жарық көрен кезде философ, ақын Шәһкәрім Құдайбердіұлы:

«Дүниеге келді бізден бір талапты ұл,

Ер жетсе, бар қазақтың басшысы бұл.

Бөгеттен, ауру-сырқау аман сақтап,

А, Құдай, Құтты өмірлі, бақытты қыл!» –

деп тебірене жырлап, газеттің қараңғыда жүрген халықты жарық сәулеге қарай сүйрейтініне, оған барлық қырғыз-қазақтар қолдау көрсететіндігіне сенім артуын Ахмет толықтай орындады. Ондағы мәліметтер қаншама еңбектерге арқау болды.

«Қазақтың» толықтай қазіргі әріпке түсірілсе, оқырмандардың, ғалымдардың қолына тисе, біріншіден, одан құнды материалдарды алар, екіншіден, әлі де ашылмай жатқан бүркеншік есімдер, Әлихандай, Ахметтей ұлт зиялыларына қолдау көрсетіп, зерттелінбей беймәлім болып қалып қойған, Алаш жолында күрескен талай қазақ азаматтарының тағдырына қатысты мәліметтер алынар еді.

– Ахмет Байтұрсынұлы дегенде «Қазақ» газеті мен оның ағартушылығы еске түсетіні жасырын емес. Алайда біз ұлт ұстазының саяси қайраткерлігін назардан тыс қалдырып жүрген секілдіміз. Ақаңның саясаткерлігін ағартушылығы басып кеткен тәрізді...

– Расымен де, көпшілік Ахметті ағартушы, әдебиетші, қазақ баспасөзінің негізін қалаушы ретінде қабылдайды. Себебі оның қазақ әліппесі мен басқа да оқулықтары саналы да, қазақи рухы жоғары азаматтарды қалыптастыруда, ұлттың әдет-ғұрпы мен нышанын сақтай отырып жеткіншек жастарға тәлім-тәрбие берде үлкен рөл атқарды деуге болады. Қайраткердің жазып шығарған оқулығы кеңестік жүйе тұсында да мектептерде оқытылып, осы әліппе негізінде бүтін қазақ балалары әріп танып, сауаттанды. Осы әліппеден кейіннен қазаққа танымал болған талай азаматтар сусындап шықты.

Латын графикасына көшуге орай 1925 жылы қайраткердің әліппесі оқыту жүйесінен алынып тасталса да, кейінгі жасалған әліппелер оның оқулығы үлгісінде жасалынды. Кейінгі авторлар оның бала оқытуда ұстанған тұжырымдамасын үлгі ете білді.

Ахметтің саясаткерлігін қалай танимыз? Біз, оны патшаның отарлау, қоныстандыру жүйесіне қарсы шыққан, 1905 жылғы патша манифесіне орай бостандық үшін күресу жолын қаламымен таңдаған, Қарқаралыда болған демонстрацияға қатысып, Қарқаралы петициясын ұйымдастырушы, Алаш қозғалысының белді қайраткері, Алаш партиясын, қазақ съездерін құрушы ретінде оның қоғамдық қызметін бағалаймыз. Дегенмен, шынында да сөз еткенде оның қазақ қоғамын тәуелсіз етуге ұмтылған саяси жолын емес, ағартушылыққа көп мән беріледі. Саяси жүйедегі күресі тыс қалып жатады.

Ахметтің қазақ тәуелсіздігі жолындағы күрес барысы, 20-30 жылдардағы кеңестік жүйе тұсындағы қуғынға ұшырауы жайында жазылып жатыр. Бірақ өте аз, әрі қайталаулар. Қазірде қуғын-сүргінге байланысты бұрындары құпия ретінде берілмей келген құжаттар қолжетімді болды. Ахметке байланысты қолға алып зерттеуді қажет ететін келелі тақырыптардың бірі, осы кеңестік билік тұсындағы оның қуғынға ұшырауы болса, екіншісі «Қазақ» газетіне байланысты. Міне, осы мәселелерді жете зерттеген жөн. 

– Биыл ұл көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары құрған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің 105 жылдығы. Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде көпшілік қауым Алаш идеясын қаншалықты түсінді?

– Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін жабулы жатқан Алаш қозғалысы, қуғын-сүргін мәселелерін зерттеуге мүмкіншілік туды. Әсіресе Алаш қозғалысы мәселесі жеткілікті тұрғыда зерттелінді. Ең алғаш болып зерттеген Кеңес Нұрпейіс, Мәмбет Қойгелдиев, Дина Аманжолова сынды алаштанушы ғалымдардың қатары жылдар сайын толығып, Алашты әр қырынан зерттеуге талпыныстар жасалынып жатыр. Алаш мәселесіне қатысты қаншама еңбектер жазылды, диссертациялар қорғалды. Алаш қайраткерлерін әр қырынан зерттеген, мәселен, тарихшылар қоғамдық-саяси қызметін, филолог ғалымдар шығармашылық саласынан қаншама еңбектер, кітаптар шығарды. Тәуелсіздік жолында күресіп, ұлттық рухымызды көтеруге, сақтауға талпынған азаматтарымыздың танып қана қоймадық, сонымен бірге олардың идеяларын өмірімізде қолдануға талпынып жатырмыз.

Дегенмен Алаш мәселесінде бізде қайталаулар, кеткен қателіктер де бар. Алаштың бір қайраткерін тұлға ретінде зерттеп, оның еңбектерін шығарғанда, сол тұлғаны асыра мақтап немесе оған қатысы жоқ мақалаларды жинағына қосып жіберіп, өздерінше тұжырым айтатындар бар. Сонынмен бірге Алаш қайраткерілерінің шығып кеткен еңбектерін қайталап басу әдетке айналған. Қазірде зерттелінбей жатқан Алаш қайраткерлері жетерлік. Алысқа бармай ақ, осы Жетісу өңірінен шыққан алашшыл Садық Аманжолов, Нүсіпбек Жақыпбаев, Жұмахан Күдерин, Базарбай Мәметов, Сатылған Сабатаев, Иса Тергеусізов, Мырзахан Төлебаев және т.б. ұлттың теңдігі мен қазақ халқының жарқын болашағы үшін, тәуелсіз ел болу жолында бірі қаламымен, бірі идеясымен күрескен түскен жандарды неге зертемеске. Алашқа қатысты болатын ғылыми конференцияларда осы мәселерді айтып та жатырмыз.

Ғалел Ғаббасов, Имам Әлімбеков, Шынже Керейбаев, Мұстақым Малдыбаев, Биахмет Сәрсенов, Мәннан Тұрғанбаев, Айдархан Тұрлыбаев, Тел Жаманмұрыновтың өмірлері де толық зерттелінген жоқ. Бұл азаматтар жайлы бірлі-жарымды мақалалар бар, тіпті магистрлік жұмыстар да жазылған. Бірақ оларды халыққа танытатындай деңгейде көтеріп жүрміз бе? Жоқ. Демек, осындай азаматтардың қоғамдық-саясатын зерттеуге алуымыз абзал. Бұл аталған азаматтардың әрқайсысы тарихи тұлға. Алаш қозғалысына белсене араласып, өзге елдің жетегінде кетіп, ұлттың ұлттығынан айырылып қалмауы жолында өздігінше күрескен абзал азаматтар.

– Сондай-ақ биыл заңғар жаушымыз Мұхтар Әуезовтың 125 жылдық мерейтойы. Жазушының Алаш арыстарымен тығыз қарым-қатынаста болғанын жақсы білеміз. Мерейтойға байланысты қандай іс-шаралар ұйымдастырылп жатыр?

– Мұхтар Әуезов – Абайды әлемге танытқан адам. Абайдың өсиетті сөздерін, өлеңдерін, оның өмір жолдарын кино лентасына тізгендей бізге жеткізіп берген ғұлама жазушының 125 жылдық мерейтойын кең ауқымда өткізу маңызды. Жыл басы болғандықтан жазушы, ғалымға арналған іс-шаралар өткізіле жатар. Осы меретойға орай Мұхтар Омарханұлына арналып, «Ғылым ордасы» ғылыми кітапханасының «Ғылыми-библиографиялық бөлімінде» дайындалып, баспаға ұсынылуға әзір тұрған шығармалар жинағына менің де қосқан үлесім бар.

Мұхтардың өмір жолдары Әлихан бастаған Алаш қозғалысымен тығыз байланысты. Оның Алаш азаматтарымен ара-қатынасы 1914-1919 жылдар бастау алады. Жас Мұхтар мүше болған «Жанар», «Жәрдем», «Талап» сияқты ұйымдары Алаштың белгілі зиялыларының ақыл-кеңесімен қазақ жастарын ағартушылыққа, ғылымға, мәдениетке қарай жетеледі. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрысынұлы Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауыт, Мұқыш Боштаев сынды алашшыл қайраткерлердің сенімді серігі болған Мұхтар Алаш идеясын берік ұстанып, қазақтың тәуелсіздігі жолында қарымды қаламымен қызмет етті.

Қаламгердің «Алаш» партиясымен тығыз байланыстылығы партияның органы болған «Сарыарқа», «Алаш», «Абай» сынды басылымдарда жарық көрген мақалаларымен айқын. Себебі, Алаш идеясымен қаруланған жас Мұхтар мақалаларында қоғамдық-саяси, мәдени-әлеуметтік тақырыптарды көтерді, Алаш қайраткерлерінің қолға алған мәселелерін қуаттады. Алаш қозғалысының мүшелерін қолдайтындығын жиындарда сөйлеген сөздерінде айқын білдірді. Мұхтардың Алаш идеясын қолдауы Жүсіпбек Аймауытпен бірге «Абай» журналын шығарып, ұлттық бірлікті, ұлттық рухты тарихи тұлғаны насихаттаудан бастауынан көруге болады.

Кеңестік жүйе құрылғаннан кейін Мұхтар коммунистік партия қатарына өтіп, жаңа өкіметтің қызметіне белсене кіріссе де Алаш зиялылары ұстанған идеядан ауытқыған жоқ. Ол Алаш азаматтарымен бірге 20-шы жылдардағы ашаршылықты ауыздықтауға қатысты, Семей өңіріндегі қазақтарының әл-ауқатын жақсартуға, мәдени деңгейін көтеруге бар күшін салды.

Ал Ахметке келсек, Мұхтар оны «ұлттың рухани көсемі санаған». Ол Ахметті оқу құралын шығарып, қазақтың жалпақ тілін үйреткен ұлт ұстазы екендігін қайраткердің елужылдық мерейтойында сөйлеген сөзінде айтқан.

– Тұщымды сұхбат бергеніңізге көптен көп рахмет.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?