Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сақтардың Қазақстан жеріндегі алғашқы мемлекеті

6836
Сақтардың Қазақстан жеріндегі алғашқы мемлекеті - e-history.kz

Тарихи зерттеулерде «сақ» деп аталатын тайпалар Үндістанның солтүстігі, Ауғанстан жері, біздің еліміздің оңтүстік аймақтары мен Орта Азияны алатын ұлан-байтақ аумақта қоныстанған. Енді дәл осы сақ тайпалары – Солтүстік Қара теңіз өңірі мен сонау Днепр бойын мекендеген скифтердің, сондай-ақ төменгі Еділ бойы мен Оңтүстік Орал өңіріндегі савроматтардың, парсы патшалары І Дарий мен Кирдің, бұдан бөлек Александр Македонскийдің дәуіріндегі гректердің замандастары. Демек олар ежелгі парсылармен жақсы қарым-қатынаста болған, тіпті б.з.б. VІ-V ғасырларда Ахеменидтер империясының құрамына да кірген. Парсылардың деректерінде сақтардың үш тобы: хаумаварга-сақтар(хаома сусынын дайындаған сақтар), тиграхауда-сақтар(шошақ бөрік киген сақтар), парадарайа-сақтар(теңіздің арғы жағалауындағы сақтар) деп қаралады.

 

Сонымен ғалымдар сақтардың бұлай бөлінген топтары Орта Азия мен Қазақстан аумағында шоғырланғаны туралы көптеген болжамдар келтіреді. Олардың бірінде Шаш(Ташкент маңайы), Солтүстік Қырғызстан аумағында және Қазақстанның оңтүстігінде тиграхауда-сақтар мекендегені[1], дәл осы сақ тайпаларының этникалық аумағы кеңірек болғаны, оған оңтүстік Орал өңірі мен Алтай таулары да енген.

 

Аталған аймақтарда ондаған діни құрылыстар: орасан зор тас және топырақ үйінділері, сақ «пирамидалары» зерттелді. Пазырық(яғни таулы Алтай), Шілікті(Шығыс Қазақстан), Бесшатыр және Есік(Оңтүстік-Шығыс Қазақстан) обаларынан ашылған тамаша жаңалықтар бізге тарихтан мәлім. Олар ғылым мен өнерді металлдан, ағаш пен матадан жасалған көркемдігі жоғары бейнелеу өнерінің бұйымдарымен, ағаштан салынған ежелгі сәулет өнерінің ескерткіштерімен байытты. Бұл қорғандардан табылған ғажайып олжалар – сақ тайпаларының жоғары және көп жағынан өзіндік төл мәдениеті. Олардың патшаларының ұлылығын және қоғамның әлеуметтік құрылымының дамығанын бірінші рет айқын көрсетті. Сақтардың қонысы жайлы В.В. Григорьев өз пікірлерін келтіреді. Оның деректеріне қарағанда, «парадарайа-сақтар» деп Оңтүстік Ресей және онымен шектес аймақтар аумағын мекендеген еуропалық скифтерді түсіну керек. Бехустин жазбасын жаңадан зерттеу және аудару бехустин жазбасының V бағанасын басқаша қарап, түсіну қажеттілігін туғызды. Осыған орай парадарайа-сақтарды Қара теңіздің солтүстік төңірегіне орналасты деу дұрысырақ деп саналады[2].

 

Ал Геродот болса массагеттер жерін Каспий теңізінен шығысқа қарай, «Аракс өзенінің арғы жағындағы күннің шығу бағыты бойынша орналастырады. ІІ Кир мен Дарийдің жорықтарының жолдары талас тудырады. Бір авторлар Дарий өзінің ізашарының жүрген жолын қайталлай отырып, массагеттермен Әмудария өзенінің арғы жағында, нақтырақ Арал теңізі маңында кездесті деп санайды. Ал авторлардың екінші тобы ІІ Кир массагеттермен Үзбой өзені арғы жағында (Әмудария өзенінің қазіргі таңда тартылып қалған саласы) шайқасты. Дарийді сақ жерін Әмударияның орта жағынан келді деп санайды. Бірақ бір нәрсе түсінікті: пікірлер қайшылығына қарамастан, екі жорық та массагеттерге қарсы бағытталған; бұлардың жері Геродоттың ортокарибантийлерінің немесе Бехустин жазбасындағы тиграхауда-сақтарының жерімен толық немесе сәл сәйкес келеді деп болжау керек. Ал тіпті географиялық жағынан алсақ, бұл – Каспийдің шығыс төңірегі мен Үзбойдан Сырдария өзеніне дейін қоса алғандағы Арал теңізінің аймағы[3].

 

Сонымен қатар тиграхауда-сақтар Шаш аймағын, Тянь-Шаньді және де Жетісуды мекендеген[4]. Зерттеліп отырған cақ тайпалары малдарын суы мол, шөбі шүйгін, жайылымы жақсы жерлерге көшіп-қонып жүріп өсірген. Жайылымы жақсы жайлауға жазда жайласа, ал қыс айларында қыстауға қыстап, мал басын қыстың суық күндерінен сақтап, жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан. Темір дәуірінде егін егу шаруашылығы жылдам қарқынмен өсіп, мал шаруашылығымен қатар дамып келген. Және осы кезеңнің шаруашылық құрылысында балық пен аң аулау сияқты қосымша салалар да болған.

 

Хронологиясы б.з.д. 2-мыңжылдықтың соңы мен 1-мыңжылдықтың басында қазақ даласында қуаңшылық күшейіп, табиғи су көздері тартылып, өзен суы тартылды. Мұндай жағдай егіншіліктің дамуына да, мал басының өсуіне де кері әсерін тигізген. Ежелгі тайпалар бұл тығырықтан шығудың басты жолы жайылымды жер көлемін ұлғайту деп түсінеді. Соның салдарынан мал шаруашылығы сулы алқаптарға көшіп, жартылай көшпелі мал шаруашылығы мен суармалы егін шаруашылығының қатар дамуына мүмкіндік туғызды.

 

Шаруашылықтың жандануы темір дәуіріндегі қоғамның өндіргіш күштерінің дамуына қосылған үлкен үлес болды. Еңбек өнімділігі артып, мал басының көбеюі ет, сүт, тері, жүн, астық өнімдерінің молаюына мүмкіндік берді. Басы артық өнімдер пайда болады. Малшылар мен егіншілер арасында айырбас сауда дами бастады.

image02.jpg

 

Темір дәуірінің тұрғындары мал өсіруде суыққа төзімді тебіндеп жайылатын жылқы мен қойды көп өсірген. Қойдан алынған шикізат сақтардың жесе – тамағы, кисе – киімі, ішсе – сусыны, баспанасы мен үйі, мүлкі болған. Ал сақтар жылқы өсіруде дүние жүзіндегі халықтардан алдыңғы қатарда тұрған. Малдың бұл түрінің көбеюі қоғамның дамуына зор әсер еткен. Жылқы жай мініс көлігінен бастап, шаруашылықта, соғыста және шалғайдағы елдермен экономикалық және мәдени қарым-қатынас жасауда маңызды рөл атқарған.

 

Ежелгі көшпелі сақ тайпалары асыл тұқымды жылқының екі түрін өсіргені зерттелген. Алғашқысы – етті жылқы, ол тез ет жинап, күй көтеруі жылдам. Екіншісі – қыста көшіп-қонуға ыңғайлы, суыққа төзімді жылқы. Енді осы екеуінің ішіндегі кең таралғаны – екіншісі. Аталған жылқы түрі қазақ жылқысының жабы(мықты) тұқымына ұқсайды. Тасмола обасынан бұлардан басқа, археологиялық қазба жұмыстары кезінде шоқтығы биік асыл тұқымды арғымақтар кездеседі. Олардың үстіне сақ жауынгерлері мінген. Бабасы Қамбар ата болып табылатын малдың бұл түрі Пазыпық, Берел обаларынан аршылған.

 

Енді сақтардың қоғамдық құрылысына кеңірек тоқталсақ... Қола дәуірінің соңғы кезінде алғашқы қауымдық қатынастар ыдырай бастаса, темір дәуірінің басында керісінше бұл үрдіс аяқталады. Мұның басты себебі – мыс пен қола өндірудің дамуы, қоғамдық еңбек бөлісінің күшеюі. Алғашқы үлкен аталық отбасылар қалыптасып, олар біртіндеп оқшауланып моногамиялық отбасыларға айналады. Мұндай отбасылардың өзіндік меншік түрлері пайда болады.

 

Осы кездердегі сақ қоғамында мал шаруашылығының көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығының үстем алуы, темір өндірісінің өрістеп өркендеуі қоғамның дамуына ықпал етіп, бұларға қосымша продукцияның өсуіне, сауданың айырбас түрінің кеңеюіне, жеке меншіктің барлауына зор мүмкіндік әкелді.

 

Бірақ осындай жағдайдың қалыптасуы қауым мүшелерінің бағынышты болып қалуына жағдай туғызды. Осындай кезде бай және кедей таптары пайда болды(мүлік теңсіздігі). Массагеттерде мал өсіру үстем болғандықтан, жерге қауымдық иелік сақталып, малға отбасылық жеке меншік күшейе түсті.

 

Ал зерттеуімізде темір дәуірінде өмір сүрген ру-тайпалардың қоғамдық құрылысы шағын қандас-туыс отбасылар тобынан немесе көшпелі қауым, тайпалар одағынан құрылғанын аңғарамыз. Содан біртіндеп үлкен аталық әулетке айналып отырған. Бұлардың өсіп-өнуіне байланысты бөлінген отбасылар әулет басшысының есімімен аталған. Енді бұл көшпелі және жартылай көшпелі қауымдардан ру-тайпа және тайпалық одақтар, ал бұлардан мемлекеттік ұйымдар құрыла бастаған. Бұдан тайпаның қоғамдық құрылыстың басты сатысына айналғанын байқаймыз. Бұл жағдай темір дәуірінде әскери-демократиялық құрылыстың басқару жүйесін қалыптастырды. Сонымен алғашқы тайпалық одақтар ыдырап, қоғамның жаңа үлгісін құрады.

 

Тарихи зерттеулерде б.з.д. І мыңжылдықтың ортасында тайпалық одақтардан қазақ жерінде алғашқы мемлекеттік құрылымдар пайда болады. Мысалы, оңтүстік, шығыс және орталық аудандардағы тайпалардың көбі сақтардың тайпалық одағына біріксе, солтүстік және батыс аймақтарды мекендеген тайпалар алғаш Савромат, кейіннен Сармат тайпасының одағына біріккен. Олардың сайланып қоятын көсемдерінің(патша) қолында азаматтық әрі әскери билік, әскери жасақтары болған. Жетісудан табылған алтын киімді адам(Есік, Бесшатыр), Алтайдан табылған Берел тағы басқа обаларына жерленген патшалар сақ дәуіріндегі мемлекеттік басқару жүйесін көрсететін басты дәлелдер.

file8.jpg
 

 

Қазақ жеріндегі таптық қоғам мен мемлекеттік құрылымның басқару жүйесінің даму үдерісі бірнеше жүздеген жылдарға созылған. Ол шаруашылықта мал өсірудің басым болуына, таптық құрылымның нақты айқындалмауына, қосымша өнімнің баяу қорлануына байланысты болды.

 

Сонымен аз ғана сөз шығындап, сақтардың қолөнері мен бейнелеу өнеріне тоқталайық. Сақтардың обаларына жүргізілген археологиялық зерттеу кезінде табылған тұрмысқа қажетті темірден жасалған бұйымдар олардың әскери іске қажетті қару-жарақтар жасап пайдаланғанын көрсетеді. Бұл Кеңес дәуіріндегі тарихнамадағы Қазақстан жеріндегі ертедегі халықтар өздерінің өмірінде темірден бұйым жасауды кейін бастады деп топшылауының дұрыс емесін дәлелдеді. Мұндай пікірді атақты Герадот та айтқан болатын. Ол: «Массагет тайпалары өздерінің тұрмысында темір мен күмісті мол пайдаланбаған. Олар алтын мен мысты мол пайдаланған» деп жазады. Алайда Орталық Қазақстан жеріндегі зерттеу кезінде, Қарқаралы қаласына жақын жерден Суықбұлақ елді мекенін қазғанда, Тоғай-1 кенішін қазғанда темір рудасының табылғаны б.д.б. VII-VI ғғ. сақтардың темір қорытуды білгеніне көз жеткіздік. Жалпы сақтар қола дәуірінің кезіндегі тайпалардың Саяқ пен Жезқазғандағы, Қалба мен Нарым жеріндегі металл қорытудың тәжірибесін жалғастырып қоймай, қоланың орнына сапалы темір және болат өндіріп, олардан қажетті құрал-сайман жасауда елеулі табыстарға қол жеткізген.

 

Сақтардың қолөнер шеберлері қажетті бұйымдар жасау үшін қыштан, тастан, металдан қалыптар жасап пайдаланған. Садақтың жебесін не қанжар, не пышақ жасау үшін, не балауыздан, не тоң майдан жасап алып, оның сыртын балшықпен орап қалып жасап алады. Оны қыздырып, майды ерітіп жіберген соң, орнына металды құйып, керекті құралдарын жасап алатын болған. Осындай тәсілмен басқа үлкен қаруларын жасаған.

 

Сақтардың металдан жасаған бұйымдарының ішінде қола және мыс қазандар, шырағдандар ерекше орын алады. Әсіресе Жетісу сақтарының үш аяқты қола қазандары мен шырағдандары өздерінің көркем безендіруі жағынан өте тамаша жасалған.

 

Ертедегі қолөнер шеберлерінің аса көңіл бөлген бұйымдары ат- әбзелдерін жасауда ерекше орын алған. Олай болу себебі бұл кез сақтар өмірге жылқы өсіруде оны көлік ретінде пайдалануды маңызды санаған. Екінші, үшінші орында қару-жарақ пен күнделікті тұрмысқа қажетті құрал-саймандар жасауға ерекше көңіл бөлген. Мұндай бұйымдар кез келген сақтардың обаларын тексергенде табылып отырды. Тұрмыстық бұйымдардың ішінде ең көп табылатыны – пышақтар. Ал қару-жарақтың ішінде көп кездесетіні садақ жебелері мен қанжарлар(ақинак). Олар әр түрлі болды.

 

Сақ шебеpлері тұрмысқа қажетті ыдыс-аяқты жасауды да білді. Олар әсіресе қыштан тостаған, топашай(ұзын мойынды) тәрізді ыдыстар жасай білді. Мұндай ыдыстар қазақтардың ағаштан жасаған ыдыстарына ұқсас. Сонымен қатар сақтар сүйектен ою оюды, тері илеу, жіп иіру, тоқымашылық, киіз басу сияқты қолөнер бұйымдарын жасай білді. Мәселен, Бесарық обасын қазғанда қара киіз, тоқылған қамыс табылған. Мұның өзі сақтардың киіз үйлеріне ши тоқып пайдаланғанын көрсетеді. Жетісу жеріндегі сақтардың «Бес шатыр» обаларын қазғанда, олардың ағаш шеберлері болғанын да байқататын, ағаштан жасалған кесенелері ашылған. Ағаш өңдеуде олар балта, шот, темір жоңғыштар пайдаланған.

 

Келесі сақтардың бейнелеу өнеріне тоқталайық. Сақ, сармат тайпаларынан бізге жеткен рухани байлықтары – зергерлік бұйымдар. Бұл бүкіл Евроазия құрылымындағы «аң стилі»(аң бейнесі) деген стильмен жасалған. Бұл – мазмұны жағынан аң бейнесі сипатындағы қолданбалы сәндік өнер. Аң бейнесімен көп жағдайда атақты адамдардың қару-жарағы, тұтыну бұйымдары, әшекейлері, сән-салтанатты бағалы дүниелері безендірілген. Есік обасынан табылған алтын киімді адамның бас киіміндегі арқардың мүсіні, алдыңғы екі аяқтарын көтеріп тұрған екі айғырдың көрінісі, тау үстіндегі барыстың бейнесі қанатты және мүйізді пырақтар, камзолдың өңіржиегіндегі тісін ыржитып тұрған жыртқыш аңдар ерекше бейнелеу тәсілімен жасалған. Мұндай бейнелеу өнерінің озық жалғасы үйсін, қаңлы дәуірлерінде де жалғасқан.

 

Ғалымдар «аң стиліндегі» жасалған зергерлік бұйымдардың жасалу мерзімінен үш кезеңге бөледі. Бірінші кезеңі – көне, екінші кезеңі – гүлденген, үшінші кезеңі – құлдырау.

 

Бірінші кезең – көне заман. Бұл кезеңдегі өнердің өзіне тән сипаты –бейнеленген жануарлардың бір орнында қаз қалпында жеке тік тұруы. Мысалы таутекенің, арқардың басын көтеріп тұрған мүсіндерінің жасалуы – жалпы жануарлардың қимыл қозғалысының болмауы.

 

Екінші кезең – аң стилінің немесе жалпы бейнелеу өнерінің гүлденген кезеңі. Бұл кезеңде жануарлар әр түрлі қимыл-әрекет жасауға дайындалып тұрғандай немесе әртүрлі күрделі әрекет жасауға ыңғайланып тұрған бейнелер көрсетіледі. Әсіресе жыртқыш аңдардың шайқасып жатқан не қарапайым жануарларға шабуыл жасап жатқан көріністері жиі кезедеседі.

 

Үшінші кезең – аң стилінің біртіндеп құлдырай бастаған мерзімін көрсетеді. Бұл кезеңде аң стилі ою-өрнекке айнала бастаған. Енді түрлі-түсті қымбат бағалы тастардан көз салынған әшекейлеу тәсілдері, қолданбалы полихромдық стилдегі өнер туындылары пайда болған. Өзгеріске ұшыраған жануарлар бейнесі сұлбаға айналып, полихромдық өрнекпен араласып кетеді. Б.з.б. V-IV ғасырлардағы полихромдық өнер туындыларының көптеген үлгілері Қазақстанда, Орталық Азия мен Сібір аймақтарынан табылған.

 

D25C0217.jpg
 

 

Сақтардың қолданбалы өнерлерінің басты түрлері – ою-өрнектер. Олар «аң стилі» өнерімен қатар өзара тығыз байланыста дамыды. Алайда олар тері, киіз, ағаш сияқты ұзақ сақталмайтын материалдарға салынуына байланысты бізге жетпей отыр. Тек кейбір ою-өрнектер обалардың астына су кетіп, мәңгі мұз болып қатып жатқандықтан сақталып, бізге жеткен. Ондай өрнектермен өрнектелген бұйымдар Алтайдың Пазырық, Берел обаларында кездеседі.

 

Сақ заманындағы ою-өрнектердің геометриялық, өсімдік тәріздес, зооморфтық, рәміздік түрлері сақталған. Геометриялық өрнектер алғашында қола дәуірінде пайда болған. Олар көзелердің сыртында жасалған. Зооморфтік ою-өрнектер аң стилінің сюжеттеріне негізделіп жасалған. Мұнда жануарлардың бейнесі бейнеленген. Қазақ жерінде бейнелеу өнерінің жаппай тараған бір түрі – жартастарға салынған суреттер(петроглифтер). Олар – сақ дәуірінен қалған құнды ескерткіштердің бірі. Алматы облысындағы «Таңбалы тас», Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Қойбағар» секілді ескерткіштер – соның айғағы. Сақ дәуіріндегі шеберлердің қолдарынан шыққан өнер туындыларының эстетикалық жағынан құндылығы өте жоғары. Олардың қалдырған бейнелеу туындылары қазіргі кездің өзінде баға жетпес мұра болып табылады.

 

Егер сақтардың материалдық мәдениеті жайлы қарайтын болсақ, темірден жасалған құрал-сайман, қару-жарақтың болғанын аңғарамыз. Сақтардың материалдық жағының өсіп-дамуы үлкен өзгерістер алып келді. Мал шаруашылығының дамуы көшіп-қонуды талап етті. Ал бұл жағдайға байланысты баспана қажет болды. Ондай баспананы сақтар ойлап тапты да, ол көші-қонға лайықты киіз үй еді. Тігуге де, жығуға да қолайлы мұндай баспананы ойлап табу өз кезінде адам айтып жеткісіз орасан үлкен жаңалық еді. Геродот былай дейді: «Олардың әрқайсысы ағаштың астында өмір сүреді. Қыста ағаш кез келген сәтте тығыз ақ киізбен жабылады, ал жазда жабусыз қалдырылады». Киіз үйге қажетті нәрселерді сақтардың өздері жасап алып отырған. Мәселен киіз үйге қажетті, яғни оған жабатын киіз, байлайтын арқан, басқұр, ағаш-сүйектері(шаңырақ, уық, кереге, бақан) шиі т.б. болған. Ал ағаштан жасалатын бұйымдарды жасау үшін темір балта, шот, сүргі т.б. құралдарды өздері жасай білген. Археологиялық зерттеулерден жерленген патшаларының бастарына ағаштан тұрғызылған(қарағай) үй тәрізді төртбұрышты күмбездерге қарағанда(Бесшатыр) сақтар ағаштан да үй жасай білген. Бұдан олардың жартылай отырықшылық өмір сүргенін көреміз. Геродот пен Гипократтың деректеріне қарағанда, төрт дөңгелекті арба үстіне қондырған киіз үйлерде де көшіп-қонып жүргендерін жазған. Ал археологиялық қазба жұмыстарының кезінде оңтүстік, шығыс және солтүстік аудандарында тұрақты тұрғын үйлер ашылып, ал оңтүстікте шикі кірпіштен салынған үйлер, солтүстікте және шығыста бөренелерден салынған үйлер белгілі болған.

 

Сақтардың бас киім, киім және аяқ киімдері өздерінің баққан малдарынан алынған шикізаттардан(жүн, тері) жасалған. Геродот сақтардың тығыз киізден жасалған шошақ қалпақтар киетінін жазады. Ал парсы патшалары сарайларының қас бетіндегі суреттерде алым-салық алып барған сақтардың бас киімдерінің шошақ қалпақ екені Геродоттың жазғанын және анықтала түседі. Мұндай шошақ қалпақтар археологиялық зерттеулерде де табылған. Мәселен, алтын киімді Есік обасынан табылған адамның сәукелесі. Суреттегі сақтардың үстіндегі киімдерінің көріністерінде тізеге дейін жететін бешпент, буынған белбеу, тар шалбар, өкшесіз аяқ киім, белбеудің оң жағында қанжар, сол жағында садақ ілінген. Тек киімнің барлығы алтынмен әшекейленген.

 

Археологиялық зерттеулер кезінде сақтардың ыдыс-аяқтары әрбір обадан табылып отырады. Олар: көзелер, ағанаастаулар, ағаш ожаулар, күмістен жасалған шөміштер, мыстан, қоладан жасалған үш аяқты қазандар. Темірден жасалған ат-әбзелдері, жүген, үзеңгі, әр түрлі темір тоғалар тағы басқа да тқұрал саймандар. Жалпы сақтар өздеріне қажетті материалды өздері жасап, өз-өзін қанағаттандырып отырған.

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер: 

 

1.     Акишев К.А., Государство тюркоязычных народов. Эволюция государственности Казахстана Алматы, 1996. – 20 с.

 

2.     Су Бихай., Қазақ мәдениетінің тарихы. Алматы – 2001, 112 с.

 

3.     Григорьев В.В. О скифском народе саках. СПб., 1871, 13-15, 50-59 с.

 

4.     Дандамаев М.А, Поход Дария против скифского племени тиграхауда. КСИНА, 1963, вып. 61,179 с.

 

Суреттер: Ғаламтор бетінен алынды

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?