Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Халық жадында мәңгі сақтау. 3-бөлім

778
Халық жадында мәңгі сақтау. 3-бөлім - e-history.kz

2022 жылғы 3 ақпанда Qazaqstan Tarihy порталында Мемкомиссия мүшесі, Жобалық кеңсенің басшысы және әдіснама жөніндегі Кіші комиссияның басшысы С.А. Қасымовпен болған Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы Мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығымен құрылған Мемкомиссия қызметі туралы сұхбат жарық көрді. Біз Мемлекеттік комиссия мен оның өңірлік жұмыс топтары қызметінің кейбір нақты мәселелеріне «ҚаҺармандар» республикалық қоғамдық қорының басшысы Сабыр Ахметжанұлы кеңінен тоқталған сұхбатты жариялауды жалғастырамыз.

- Сіз жұмыс істеп жатқан тергеу-сот істері мен құжаттарды бұрмалаудың жасырын фактілері бар ма?

- Иә, әрине. Мен бұрыннан, 30 жылдан астам уақыт, саяси қуғын-сүргінмен айналысып келемін. Айтайын дегенім, қазанда билікті күшпен басып алғаннан кейін (1917 жылғы мемлекеттік төңкеріс) большевиктер өздерінің қарсыластары мен оппоненттеріне қарсы мемлекеттік (қызыл) террор мен саяси қуғын-сүргінді мемлекеттік саясат дәрежесіне көтерген. Олар әдемі ұрандармен айла-шарғы жасап, қарапайым халықтың саяси сауатсыздығын пайдаланып, әр жолы өздерінің іс-әрекеттері мен жаппай қуғын-сүргіндерін идеялық-насихаттық тұрғыдан негіздеп, еңбекші халықтың мүддесі мен жарқын болашақ үшін жасалып жатыр деп, жеке тұлғаларды ғана емес, соған қоса халықтың тұтас таптарын да жойып, қуғын-сүргінге ұшыратқан. 

Саяси қуғын-сүргін большевиктік-коммунистік тоталитарлық режимнің жаратылысына тән болды.

Сондықтан, жалпы алғанда, большевиктік-сталиндік кезеңде олардың қарсыластарына қарсы қозғалған тергеу және сот істерінде әділеттілікті, заңдылықты сақтау және қалыпты сот төрелігін жүзеге асыру туралы айту асылында мүмкін емес. Сол кезеңдегі құқық қолдану тәжірибесі бұл ұғымдардан тыс болды. Ол кезде беталды айыптаулар мен қуғын-сүргіндерге «революциялық мақсатқа сай», «революциялық заңдылық», «таптық жау», «әлеуметтік қауіпті элемент» және т.б. ұғымдар басшылыққа алынып, идеологиялық-саяси негіз болды.

Бұл істер бойынша кінәні әділ анықтау, яғни күдіктінің, айыпталушының, сотталушының кінәсі бар ма деген сұрақты анықтай отырып, қылмыс құрамын объективті анықтауды тергеушілер мен судьяларөздеріне мақсат еткен жоқ. Олардың алдында осы адамды қандай жолмен болса да ату немесе әртүрлі жазаға кесу, яғни көзі жойылмаса, ең болмағанда қоғамнан оқшаулау сынды саяси мақсат қойылып, жүзеге асырылды. Сондықтан осы істермен айналысқан жедел уәкілдерге, тергеушілерге, прокурорлар мен судьяларға істерді бұрмалауға, қолдан жасауға, азаптауға рұқсат етілді.

Материалдарды жинаудан бастап, қылмыстық және әкімшілік істерді қозғау, жедел іс жүргізу, фактілер мен материалдарды бұрмалау жазалаушы органдардың басты ұстанымы болды. Сондықтан тергеу және сот істерінің көпшілігінде материалдар, бағалар мен қорытындылар бұрмаланған және жарамсыз болып табылады.

Сталиндік жазалау органдары қиянатының салдары әлі күнге парасатты жандардың – біздің әкелеріміз бен аталарымыздың адал есімін қорлауда. Біз ОГПУ-МҚМ-ІІМ-МҚК-ның, полиция органдарының абақтысында болған белгілі және аса танымал емес саяси, қоғам қайраткерлерінің «хабарламаларын» (өзін-өзі айыптау, басқаларды айыптау), фактілерді зерттейміз, олардың көпшілігі жүйелі түрде ұрып-соғу және қорқыту, психикалық бопсалау, күрделі азаптау, ес-түссіз күйге келтіру нәтижесінде бұрмаланған құжаттарға қол қоюға мәжбүр болған, ал осы «мәлімдемелер мен «сөз тасулардың» (донос) нақты авторлары осы арнайы қызметтердің орындаушылары болған. Сондықтан мен, Мемлекеттік комиссияның мүшесі ретінде, сталиндік репрессиялық машинаның құрбанына айналған осы бақытсыз жандардың адал есімдерін қалпына келтіру туралы ұсыныстар енгізуді ойлаймын. Сол кезде бұл адамдардың ұрпақтары әкелері мен аталары үшін ұялмайтын болады.  

- Енді Сіздің жұмысыңыздағы мәселелер туралы, Мемкомиссия мен Жобалық кеңсенің өткен кезеңде атқарған жұмысы туралы айтып өтсеңіз? Алға қойған мақсатқа жеттіңіздер ме?

- Біздің жұмысымыздың бірінші кезеңінде қойылған мақсаттарға қол жеткіздік. Мемлекеттік хатшы – Мемкомиссияның төрағасы Қ.Е. Көшербаевтың басшылығымен Жобалық кеңсе және ішкі саясат бөлімі (В. В. Порубаймех, М. А. Нұрғалиева) Мемкомиссияның бірінші отырысына шығарылған мәселелерді дайындады, олар көп жағдайда шешуші болып, жұмыстың негізгі бағыттарын айқындап, болашаққа серпін берді.

Бізде Үкіметте қандай да бір мәселенің оң шешімі, тіпті олардың басшылығы о бастан-ақ бұл мәселеге қарсы бола тұрса да, барлық мүдделі министрліктер мен ведомстволармен келісу керек, осындай келеңсіз тәжірибе бар. Қоғамда талап етілетін, күтілетін өзекті мәселелерді қабылдау үшін қандай бюрократиялық кедергілерді еңсеруге тура келетінін көрсету үшін, осы туралы айтқым келеді. Мұнымен айналыспаған адам оған қанша уақыт, күш пен жүйке кететінін білмейді. Президент Қ.К. Тоқаев пен оның жаңа командасы межеленіп отырған дұрыс реформалар барысында мемлекеттік аппарат жұмысында көп нәрсені, соның ішінде пісіп-жетілген және қоғамда сұранысқа ие мәселелер бойынша да шешімдер қабылдау рәсімін өзгертеді деп үміттенемін.

Мемлекеттік комиссияның ұйымдастырушылық мәселелерін шешудің ерекшелігі мен күрделілігі - біздің мемлекеттік органдар оларға дайын болмады, ал кейбір басшылар, жоғарыда айтқанымдай, тіпті қарсы да болды. 2020 жылғы 3 желтоқсанда Мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы өтті, онда мемлекеттік комиссияның қызметін қамтамасыз ету үшін Үкіметке Жобалық кеңсе құру тапсырылды, өйткені Білім және ғылым министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл күрделі және саяси қауіпті мәселемен айналысқысы келмеді. Сондықтан, барлық қара жұмысты жүктеп, ал жұмыс жүзеге аспай қалған жағдайда, өздері жауапкершіліктен кетіп қалатындай, құрылым құрылды.

Мәртебеге, құрамға және өкілеттіктерге қатысты министрліктер мен ведомстволар арасындағы ұзаққа созылған даулар мен бюрократиялық кедергілерден кейін 2021 жылдың 24 ақпанында ҚР БҒМ және АҚДМ бірлескен бұйрығымен 24 адамнан, мемлекеттік орган өкілдері мен бірнеше ғалымнан тұратын Жобалық кеңсе құрылды. Мәселенің бастамашысы ретінде мені басшы қылып тағайындады. Жобалық кеңсенің заңды тұлға мәртебесі жоқ екені белгілі болды, барлық уақытша іссапарға жіберілген мемлекеттік қызметшілер мен ғалымдар өз орындарында жұмыс істеуді жалғастырды, Жобалық кеңсенің еңбек тәртібіне бағынбады. Олар Мемлекеттік хатшы және Премьер-Министрдің орынбасары Е.М. Тоғжанов Жоба кеңсеге келгенде ғана толық құраммен жиналды. Уақытша іссапарға жіберілген мемлекеттік қызметшілер өз ведомстволарының төменгі құрылымдарының өкілдері болды, жалпы алғанда, олар тіпті өз бөлімдерін де көрсете алмады. Біліктілігі мен білім деңгейі жағынан олар Мемлекеттік комиссияның алдында тұрған міндеттерді түсінбеді. Бұл туралы басшылыққа бірнеше рет жазбаша және ауызша хабардар еттім.

Осы және басқа да проблемаларға қарамастан, Жобалық кеңсе комиссия төрағасы Қ.Е. Көшербаевтың басшылығымен және В. В. Порубаймехтің жәрдемімен бүкіл ел бойынша жұмысты өрістету және ұйымдастыру үшін маңызды және қажетті шешімдер қабылданған Мемлекеттік комиссияның бес отырысының шешімдерінің жобаларын дайындады. Тәулік бойғы ғылыми-талдау, ұйымдастыру жұмыстары, келісу, түрлі кедергілер мен бюрократияны еңсеру нәтижесінде, қабылдаған шешімдерді мемлекеттік органдардың, әсіресе әкімдіктердің орындауына қол жеткізілді. Мемлекеттік хатшы соңғы қорытынды отырыста атап өткендей, «үлкен жұмыс атқарылды».

Олардың кейбіреуін ғана атап өтейін. Қазақстандағы ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандарының бүкіл массасынан, оларды ақтау туралы мәселе қою үшін жан-жақты және объективті зерделеуге жататын қуғын-сүргін құрбандарының 10 негізгі санаты бөліп алынды. Большевиктік-сталиндік қуғын – сүргін құрбаны болған кез-келген адам, кез-келген отбасы, тақырыптық бағытқа - осы топтардың біріне зерделенуге түседі. Мемлекеттік комиссияда осы 10 жұмыс тобының құрамы таңдалды және бекітілді. Бұл оңай жұмыс емес.

Ғылыми негізделген өз қазақстандық әдіснаманы – құрбандарды зерттеу мен ақтаудың өз қағидаттары мен критерийлерін әзірледік. 

Қаншалықты қайғылы болғанымен, біз мәселені де, жеке фактілерді де саясаттандырмаймыз. Біз басқа халықтар мен басқа мемлекеттерді айыптамаймыз. Біздің басты мақсатымыз – қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандарын ақтау.

Біз ғалымдарға, сарапшыларға құпия мұрағаттарға қолжетімділікті қамтамасыз еттік. Біз әлі де ЖОО оқытушыларын – біздің жұмыс тобымыздың мүшелерін оқу жүктемелерінен босатуға ұмтылудамыз. Жаңа фактілер мен материалдарды іздеу және талдау үшін барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда өңірлік комиссиялар құрылды. Олардың жұмысы мен тақырыптық бағыттар бойынша жұмыс топтарын ұйымдастыру, жергілікті жерлерде ізденіс пен зерттеулерді ұйымдастыру үшін біз нақты жадынамалар мен әдістемелерді әзірледік.

Сондықтан, жалпы алғанда, біріншіден, біз ғалымдарды, сарапшыларды, мемлекеттік қызметкерлерді, өлкетанушыларды, энтузиасттарды Президенттің қуғын-сүргін құрбандарын толық құқықтық және саяси ақтау туралы Жарлығын толыққанды жүзеге асыру төңірегінде біріктіре алдық. Екіншіден, барлық деңгейде біртұтас әдіс пен біртұтас Мемлекеттік әдіснаманы қалыптастыру. Үшіншіден, орталықтағы да, жергілікті жерлердегі де шенеуніктердің қарсылығын, түсінбеушілігін және скептицизмін біртіндеп еңсеру.

Мемлекеттік комиссияның бірегей ресурсы жиналды: 240 сарапшы ғалым, оның 150-і мемлекеттік және ведомстволық мұрағаттардың құпия қорларында жұмыс істеуге құқылы. Бұл еліміздің тарихында алғаш рет мүмкін болды және болашақта ғылыми еңбектерде, диссертацияларда, монографияларда және публицистикалық еңбектерде өз жемісін беретіні сөзсіз.

Ғалымдар мен зерттеушілер Мемлекеттік комиссияның табандылығының арқасында Қазақстанда мұрағаттық төңкеріс әйтеуір басталғанын айтады: Мемлекеттік деңгейде мұрағаттарымыздың жай-күйі, оларды халықаралық стандарттарға сай үй-жайлармен, кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Саяси қуғын-сүргін туралы материалдардан арнайы қорлар жасақталуда, жабық кеңестік мұрағаттарға түгендеу жүргізілді, цифрландыру басталды және саяси қуғын-сүргін туралы құжаттарды құпиясыздандыру жеделдетілді және т.б.

Мемлекеттік комиссия мүшелері мен жұмыс топтары құқық қорғау органдарына өздерінің жабық қорларын құпиясыздандыруға көмектеседі, атап айтқанда: большевиктік-сталиндік биліктің саяси қуғын-сүргіндері туралы оларда сақталған құпия материалдарда мемлекеттік құпиялар мен Қазақстан Республикасының құпияларының болмауына байланысты материалдардың құпиясын жою қажеттігін халықаралық критерийлер негізінде ғылыми, құқықтық тұрғыда негіздейді.

Жобалық кеңсе Мемкомиссияның жұмыс топтарымен, өңірлік комиссиялардың жұмыс топтарымен жүйелі түрде әдістемелік кеңестер, зум-семинарлар өткізеді, міндеттерді түсіндіру үшін ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырады және оларға қатысады, жұмыс барысында туындайтын өзекті мәселелер бойынша консультациялар өткізеді. Біз мұның бәрін аздаған білікті қызметкерлермен жасадық, егер Жобалық кеңседе біздің идеямызға берілген кәсіби мамандармен жасақталған болса, орындалатын жұмыс көлемі әлдеқайда көп болар еді.

Өкінішке орай, біздің барлық күш-жігерімізге, табандылығымызға қарамастан, шешімі Жобалық кеңсеге байланысты емес мәселелер бар. Мәселен, Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтарының жетекшілері мен мүшелерін жұмыс орнындағы оқу-тәрбие және қоғамдық жүктемелерден босата алмадық. Біз бұл мәселені Білім және ғылым министрлігінің, Мемлекеттік комиссияның, Президент Әкімшілігінің басшылығына жұмысымыздың басынан бастап-ақ көтердік. Бұл ретте біз олардың Мемлекеттік комиссияда жұмыс істеген уақытында, атқаратын қызметтері, жалақылары, барлық әлеуметтік төлемдері сақталуына кепілдік бердік. Бұл туралы Мемлекеттік комиссияның арнайы шешімі болды.

Әрине, біз Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтарына басты назар аударамыз, олардан тың деректер, қуғын-сүргін құрбандарының жаңа дәлелденген сандары, жаңа тұжырымдамалық бағалар, тұжырымдар мен ұсыныстар күтеміз. Мемлекеттік комиссияның төрағасы да, жобалық кеңсе де оларды үнемі соған бағыттап отырды. Сайып келгенде, олардан үлкен сұраныс болады. Менің ойымша, кейбір жұмыс топтарының жетекшілері әлі күнге дейін Президент Жарлығымен өздеріне жүктелген толық жауапкершілікті жете түсінбей келеді. Қателессем, қуанышты боламын. Бізге жұмыс топтарының жетекшілері мен мүшелерінің мұрағаттарды аралау жиілігі туралы ай сайын нақты деректер келіп түседі. Өткен жылы олардың төрттен бірі мұрағаттарға бармаған, бұрын қол жетімсіз болған құжаттармен жұмыс істемеген.

Ашығын айтқанда, біздің жұмыс топтарымыздың басшылары мен мүшелері бір мезгілде өз жұмысынан да, біздің Мемлекеттік комиссиядан да жалақы алады, оған қоса оларда гранттар да бар. Сондықтан олар мұрағаттарда отыра алмайды, іссапарларға бара алмайды, Мемлекеттік комиссия үшін өте маңызды және қажетті құжаттар сақталатын облыстардың және басқа елдердің мұрағаттарын зерттей алмайды. Оларды Мемкомиссияға және жұмыс топтарына қосқан кезде, оларға құпия мұрағаттарға рұқсаттама бергенде, олар Мемкомиссиядағы жұмыс бойынша барлық талаптарды орындауға уәде берген-ді. Бүгін олар өздерін осындай күнкөріске әкелген билікті айыптайды. Тек Л.А. Гривенная мен Ж.У. Қыдыралина ғана оқу жүктемесінен бас тартты.

Заңгер ғалымдарды тартуда күрделі мәселе бар. Мемлекеттік комиссияның соңғы отырысында Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Е.Н. Жиенбаевқа құжаттарға құқықтық сараптама жүргізу, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін қажетті заңнамалық актілердің жобаларын әзірлеу үшін мемлекеттік жоғары оқу орындары мен құқық қорғау органдары академиясынан білікті сарапшы ғалымдарды тарту міндеті жүктелді. Бұл мәселені де бірлесіп шешеміз. Өкінішке орай, заңгер ғалымдар саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыс істеуде тарихшылар сияқты ықыласты емес, пайдакүнемшіл болып шықты. атап айтқанда, бұрынғы депутат ретінде және қол астында 350-ден астам, оның ішінде 70-80-нің ғылыми дәрежесі бар заңгер жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасы заңнама және құқықтық ақпарат институты» директоры Р.Сарпековты Мемкомиссия құрамына мүше қылып кіргіздік, менің Мемкомиссияға көмек көрсету туралы өтінішіме ол сөзбе-сөз былай деді: «Алдымен ақы төлеу мәселесін шешіп алайық, тек содан кейін ғана әңгіме жүргіземіз». Ол тіпті өз ғалымдарына жеке деректерді беруге де тыйым салды. Біздің талабымыз бойынша Мемкомиссияда жұмыс істеуге дайын емес екі ғалымды бөлді.

Мемкомиссия Президенттің Жарлығын ең киелі мәселе және олардың зерттеліп отырған ғылыми тақырыптары бойынша іске асырғанына қарамастан, ғалымдардың бәрі бірдей өздерін Мемкомиссияның мүмкіндіктерін пайдалануға және өзінің азаматтық, перзенттік борышын, ғалым мен интеллигенттің сталиндік қуғын-сүргіннің кінәсіз құрбандары алдындағы, миллиондаған қаза тапқандар алдындағы, Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күресте қаза тапқан және зардап шеккен біздің кахармандарымыздың рухы алдындағы моральдық борышын толық көлемде орындауға міндетті деп есептемейді. Мемкомиссияда жұмыс істеу олар үшін тек қосалқы кәсіп және қосымша табыс екені туралы олардың қайғылы уәһилері мені шок қылады! Президент Жарлығын және Мемкомиссияның міндеттерін толыққанды іске асыруға нұқсан келтіре отырып, БҒМ басшылығы мен мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорлары қандай да бір дәлелдермен және қорқытулармен (сіз лауазымыңыздан, тұрақты жұмысыңыздан айрылып қалуыңыз мүмкін, орныңызға адам табыңыз) жұмыс топтарының мүшелерін осындай шешімдер қабылдауға ішінара мәжбүрлейді.

Біздің ғалымдар ректорлар бұл мәселені шеше алады, бірақ олар ғалымдардың Президент Жарлығын іске асырудағы тиімді жұмысын өздерінің міндеті деп санамайтындығын құпия түрде хабарлады. Сондықтан да өз ғалымдарын оқу жүктемесінен босатқылары келмейді. Мен жұртшылық бұл туралы білуі керек деп санаймын. Мемлекеттік жоғары оқу орындары ректорлары мен директорларының Мемлекет басшысының Жарлығын сапалы орындауы жөніндегі жауапкершілігі туралы мәселе қоятын кез келді.

Біздің бірқатар ғалымдарымыз, жаңа деректердің, фактілер мен цифрлардың ашылуына қарамастан, өкінішке орай, Кеңестік ғылыми доктриналар мен көзқарастардан, өздерінің бұрынғы тұжырымдары мен жазылған монографияларынан толықтай арыла алмады, Қазақстандағы қуғын-сүргіннің ерекшелігін, басқа елдер зерттеушілерінің ғылыми-теориялық көзқарастарын ескере отырып, ұстануды және қабылдауды жалғастыруда. Ғалымдардың тағы бір бөлігінің амбициялары шамадан тыс шығып жатыр, олар өз тобының мәселелеріне тереңірек үңілудің орнына, басқа топтардың қызметін алдын ала бағалай бастайды. Бірақ біз тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз және олардың ұстанымдары Мемлекеттік комиссияның түпкілікті қорытындысына әсер етпейді деп сенеміз. Біз сондай-ақ елімізде болып жатқан өзгерістер мен межеленіп отырған нақты реформалар тұрғысында, оған қатысқандардың бәрі, соның ішінде біздің ғалымдар да, соңғы кезеңде, Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыруға зор жауапкершілікпен қарайды және біз бәріміз бірге Мемкомиссия алдында тұрған міндеттерді толық іске асыруға қол жеткіземіз деп сенеміз.

Сіздің сұрағыңызға жауаптың соңында, 2021 жылғы 23 желтоқсанда өткен кезеңдегі біздің жұмысымыздың қорытындылары шығарылған мемлекеттік комиссияның отырысында Қ. Е. Көшербаевтың айтқан сөздерін келтіргім келеді:

«Тоталитаризмнің тарихи дәуірін бағалаудың жаңа форматын біз мемлекеттік деңгейде бірге қалыптастырдық. Біз тарихымыздағы ең өзекті мәселелердің бірі бойынша қоғаммен және шетелдік әріптестермен диалогты сындарлы арнаға аудардық. Ең бастысы, біз өз көзқарастарымыздың тиімділігін дәлелдей алдық және Мемлекеттік комиссияның мақсаттарына қол жеткізуге барлық сындарлы қоғамдық күштерді тарта алдық». 

- Сіздің және Жобалық кеңсенің басқа да қызметкерлерінің алдында 2022 жылға қандай жоспарлар тұр?

- Біз Мемлекеттік комиссияның, оның құрылымдық бөлімшелерінің қызметін қамтамасыз ететіндіктен, біздің жоспарларымыз олардың алдында тұрған міндеттермен айқындалады. Бұл орасан зор сан-салалы, көп деңгейлі жұмыс, оның табысты және нәтижелі жүзеге асуы Мемлекеттік және өңірлік комиссиялардың төрағаларынан бастап жұмыс топтарының жетекшілері мен мүшелеріне дейін барлығына байланысты. Олардың әрқайсысы неғұрлым жауапты, саналы, белсенді болса, күтілетін нәтиже де соғұрлым жақсы болады. Өкінішке орай, бұл талаптарға бәрі бірдей сәйкес келе бермейді. Кейбіреулер толық жұмыс істемеу, мұрағатқа бармау үшін әртүрлі себептерді табады. Өздерінің жалқаулығы мен жауапсыздықтарына салып, не іздеу керектігін, қалай жұмыс істеу керектігін түсінбейтіндіктерін алға тартып, түрлі сылтаулар ойлап табады. Біз біртіндеп бұл мәселелерді де шешіп жатырмыз. Біздің тақырыптарымыз бойынша жаңа ғалымдар мен зерттеушілерді іздеп жатырмыз.

Жобалық кеңсе өз жауапкершілігін біледі, өз әлеуеті мен кадрлық мүмкіндіктеріне қарай, бүгінде басшы және 2-3 қызметкер жұмыс істейді.  

Өткен кезең ұйымдастырушылық-әкімшілік кезең болса, алдағы жыл жұмысымыздың талдау және қорыту кезеңі болмақ. 

Біздің басымдықтарымыз бен жоспарларымыз туралы әзірге мынаны айта аламын:

Бірінші. Біз Мемлекеттік комиссияның 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын дайындап жатырмыз және Мемлекеттік комиссияның жаңа төрағасымен келіскеннен кейін оны келесі отырысқа шығарамыз.

Екінші. Өңірлік комиссиялар мен олардың жұмыс топтарында ұйымдастыру-әдістемелік жұмысты күшейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл біздің жұмысымыздың өте маңызды және басым бағыты. Өңірлердің әкімдері бұл елеулі мемлекеттік жұмысқа тиісті көңіл бөлмей отыр.

Осы мақсатта біз ғалымдардың – Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтары мүшелерінің өңірлік комиссиялар мүшелерімен және олардың жұмыс топтарымен ғылыми-сараптамалық өзара іс-қимылының алгоритмі мен тиімді тетіктерін әзірлеуді ойластырып жатырмыз.

Үшінші. Әрине, біз министрліктермен және ведомстволармен жабық мұрағаттарды құпиясыздандыруды жеделдету бойынша жұмысты жалғастырамыз, өйткені бұл біздің зерттеушілеріміздің жұмысын жеңілдетіп, олардың талдаулары мен қорытындыларының сапасына әсер етеді.

Төртінші. Біз толық құқықтық және саяси ақтау мәселелері бойынша қорытындылар, зерттеулер мен алдын ала, тұжырымдамалық және жаңа теориялық қорытындылар, ұсынылған заң жобаларына ұсыныстар мен негіздемелер бойынша Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтарының басшыларын тыңдағалы отырмыз. 

Бесінші. Біз мемлекеттік комиссия басшылығының, Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің көмегімен Жобалық кеңсенің кадрлық құрамын күшейтуді жоспарлап отырмыз. Біз Үкіметтің ел Президенті қойған міндеттерді шешуге іс жүзінде көмектесе алатын мемлекеттік органдардың білікті өкілдері мен ғалымдардың дербес тізімін бекітуіне қол жеткізбекшіміз. Қолжазбалар мен сирек кітаптар институты мен Жобалық кеңсе негізінде Тарихи жады институтын құруды ұсынамыз.

Алтыншы. Президент Әкімшілігімен бірлесіп, Президенттің 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» Жарлығының іске асырылуын тексеру үшін Қазақстанның барлық өңірлеріне көшпелі инспекциялар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

Жетінші. Біз Глоссарий – ұғымдық аппарат бойынша, қажетті заңнамалық актілердің жобаларын әзірлеу, халыққа қарсы науқандар мен қуғын-сүргіндерден болған адам шығынын есептеу бойынша жұмыс топтарын құруды зерделеп, ойластырып жатырмыз. Сондай-ақ біз Мемлекеттік комиссияның және өңірлік комиссиялардың әрбір жұмыс тобының зерттеліп жатқан тақырыптар бойынша құпиясыздандырылған құжаттар жинақтарын, жаңа фактілер мен материалдарды жариялап, ғылыми айналымға енгізуді жалғастырамыз. Жұмыс топтарының жетекшілерімен және мүшелерімен, сарапшылармен бірлесіп жұмыс топтарының тақырыптық бағыттары бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарының нақты санаттарын ақтау әдістемесін әзірлеу керек.

Біз Мемлекет басшысының Қазақстанда қуғын-сүргін құрбандарын толық құқықтық және саяси ақтау туралы Жарлығын толық іске асыру үшін басқа да көптеген ұйымдастырушылық, ғылыми-тәжірибелік, талдау және тексеру шараларын жоспарлап отырмыз және дәйекті түрде жүзеге асыратын боламыз. Осы жоспарларды ұйымдастыру және іс жүзінде жүзеге асыру үшін біз Жобалық кеңсеге білікті де жауапты ғалымдар мен мамандарды тартамыз деп үміттенеміз.

Мен әдеттегідей: «алдымызда қиын, ойлы-қырлы, кейде еңсерілмейтін жол күтіп тұр. Бірақ біздің Мемлекеттік комиссия қызметінің негізіне қойылған моральдық және адамгершілік ресурстар, сондай-ақ ата-бабаларымыздың қасиетті үндеуі мен қазақстандықтардың бүгінгі ұрпағына деген үміттері бізге осы қиындықтарды жеңуге көмектеседі»,- деймін.  

- Сұрақтарымызға жан-жақты және ашық жауап бергеніңізге рахмет. Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруда табыс тілейміз. Сіз көтерген биік, асыл миссияңыз үшін ерекше рахмет!

 

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?