Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сұрмерген

2185
Сұрмерген  - e-history.kz
Төлеуғали Әбдібековтің асқан атқыштығы аңызға айналып, немістер оған қарсы ең үздік мергендерін салатын

Елдің атын ер шығарады. 

Бала кезімнен есімде, Ұлы Отан соғысының сұрапыл ауыртпалығын бастан өткерген біздің елдің ұраны «Ешкім ұмыт қалмайды, ештеңе ұмытылмайды» деу болатын. Алайда соғыс тарихының ақтаңдақ парақтары мұның да жел сөз екенін ауық-ауық жаңғыртып жадымызға салады. «1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы» атты 1985 жылы Мәскеуден жарық көрген соғыс энциклопедиясында бұл кісінің есімі мүлдем жоқ. Нағыз қаһарманның әлі күнге өз еліне елеусіз, белгісіз солдат болып қала бермегі қалай? 

bab8f2ebb4bfe477951f02d18a910faf.jpg

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әділеттің ақ жолы» атты кітабында совет халқының фашистік басқыншыларға қарсы соғысын қасиетті соғыс деп атап: «Жеңістің біз үшін қаншалықты қымбатқа түскенін бәріміз де жақсы білеміз», – деп жазады. 

Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арналған «Панфиловшылар» атты кітапта Т. Әбдібековтің есімі жинақтың ең соңындағы – «Құраманың ескерткіш күнтізбесі» атты соғыс хроникасында екі жерде жай ғана аталынып өткен: Т. Әбдібеков 400-ге жуық фашисті жойды және қаза тапқаны туралы дерек. Панфиловшылардан 34 жауынгер Совет Одағының Батыры атанған. 

Ұлы Отан соғысында ерен ерлігімен аты шыққан бұл адамның туысымыз екенін бұрыннан білетінмін. Бірақ етжақын туыс екенін «Страна и Мир» газетінде (№ 7. 18.02.2000.) орыс тілінде жарық көрген «Снайпер Тулеугали» атты деректі мақаладан өз ата-бабамның нақты есімдерін оқып білгенде қайран қалғаным рас. Авторы – тарих ғылымдарының докторы Тілеу Көлбаев: «О Тулеугали Абдыбекове на всех фронтах ходили легенды, фашисты боялись его и называли «черной смертью». За свои ратные подвиги он должен был стать трижды Героем Советского Союза». Т. Әбдібеков батыр мәртебесін қатарынан үш мәрте алуға лайық ерлік көрсетсе де, белгісіз солдат тағдырын құшып, есімі әлі жабулы күйінде жатыр. Сол алапат соғыс біткеніне 65 жыл таянса да марқұмның рухы қапаста жатыр. Т. Әбдібековтің асқан атқыштығы аңызға айналып, немістер оған қарсы ең үздік мергендерін салатын. Соңына мықтап түскен қарсылас жақтың атқыштарын жасырын жекпе-жекте Төлеуғали бір-бірлеп құртып отырған. Аңдысқан жау алмай тынбайды, ол 1944 жылдың 23 ақпан күні 26 жасында қаза болған, сүйегі Калинин облысының Новосокольнический ауданының Насва станциясының түбінде жерленген. 

f8d493d9255fcf60c8750e3dc83735f6.jpg

Рас, әлсін-әлсін 9 мамыр күні қарсаңында қасиетті Ұлы Отан соғысының ең үздік мергені туралы мақалалар шоғыры жарық көре бастайды: В. Гущин. О снайпере Тулеугали Абдыбекове («Иртыш» газеті, 7.05.1994); Ж. Ашуұлы. Мергендердің мергені («Егемен Қазақстан» газеті, 21.03.2009); С. Әмірбекұлы. Атақты мерген неге атаусыз қалды? («Айқын», №56. 2.04.2009); А. Мұсаұлы. Сұрмерген. («Сарбаз» газеті, 7.05.2009); т. б. Ал Тілеу Көлбаев былай деп жазады: «Жауынгерлік ерліктері үшін Әбдібеков Қызыл Жұлдыз, Қызыл Ту ордендерімен, Отан соғысының 1-дәрежелі орденімен, Ленин орденімен марапатталды. Командование оны Совет Одағының Батыры атағына өмірбаяндық анкетада Төлеуғали өзінің немере ағасы Кемелбай Насырханов репрессияға айдалып кеткенін жасырмай жазғаны үшін ғана ұсынбаған». Сталиндік саясаттың қылышынан қан тамған кезеңі, халық жауының інісі саналған соң оны көпе-көрнеу бағалағысы келмеген. Мерген жас қыздарға 10 шақты дұшпанның көзін құртқаны үшін өлгеннен соң батыр атағын берген. Ал 1937 жылғы саяси қуғын-сүргіннің құрбандарының бірі, жаладан итжеккенге ұсталып кетіп, Магаданның су түрмесінде сүйегі қалған атам Кемелбай өзі үшін немере інісі күйетінін әсте білген жоқ. Саяси мүдделердің құрбаны, туған елі мен жерін фашистік басқыншылардан азат ету жолында ғұмырын қиған, соңында жоқтайтын ұрпағы қалмаған қыршын батырдың деректерін Подольскідегі әскери архивте сақтаулы тұпнұсқа құжаттар арқылы алудың амалын қарастырып, осы іске көмегі тиеді-ау деген адамдарға хабардар қылуды енді өзіме парыз санадым. Белгілі жазушы Медеу Сәрсеке полковник Төлеуғазы Жылтыровқа Т. Көлбаевтың «Снайпер Тулеугали» атты мақаласын берген екен, ол кісі шындық жарыққа шығып, жоқтаушы керегін іздеп табудың жолын қағазға ыждағаттап жазып беріпті. «Архив арқылы сөйлеу керек. Москва жасанды дүниеге, өтірікке әбден уланған, беталды сенбейді, шынның өзін дәлелдеу оңай емес. Нағыз қаһарманды шығара алмайсың. Сондықтан нақты құжаттар қажет. Жасым 80-де, менің бұл іске араласуға халім жоқ», – деп шынын айтқан ақсақал арада бір-екі жыл өткен соң дүние салды. 

a381eb0a6d4a2c014dc1456d9eb3bf4c.jpg

Әскери тәртіпті бес саусағындай білетін полковниктің нұсқауын қаз-қалпында беруді хош көрдім (ол кісі орысша жазған екен): «Факты об Абдибекове Тулеугали фантастические... Легендарный снайпер Зайцев уничтожил 255 фашистов, стал Героем Советского Союза, его ежегодно чествуют на Малаховом Кургане Сталинграда. 

1. Главное, найти в архивах представления к награждению этими орденами. Все документы искать в архивах Минобороны и Наградного Управления Верховного совета тех лет. 

2. Ехать в Москву в архивы Министерства обороны СССР и Государственный архив СССР и найти хотя бы наградные листы (снять копии). 

3. Поискать и найти публикации в газетах «Правда», «Известия», «Комсомольская правда», «Красная звезда» и сделать фотокопии. 

4. Общественное мнение нужно... 

5. Составить краткий хронологический список о подвигах героя со ссылкой на источники публикации и на авторов (если они есть). Кратко, всего на одной странице. Без официальных документов добиться ничего невозможно. Это аксиома. Нужны официальные документы и только документы» деп 18 ақпан 2006 жылы қол қойып, Медеу аға арқылы маған беріп жіберген екен. 

Әдетте мергендер екеу болып қимылдаған, нысананы көздеудің дәлдігін арттыратын оптикалық көздеуіші бар винтовкалармен қаруланған. Қорғану шебінің алдыңғы шебінде, қолайлы орында мұқият жасырынып, біреуі жоюшы, екіншісі бақылаушы болған. Мергендердің жұптасып отыратын бір себебі, дұшпан жағына шығып кетіп, ту сырттан атуы мүмкін екенін де ойлаған. Мергендік қозғалыс 1941-1942 жылдары Совет әскері жаппай шегініп, қорғаныс ұрыстарын жүргізуге мәжбүр болған Ленинград үшін шайқастарда туған. Тек қыздардан жасақталған мергендер бөлімі 12 000-нан аса дұшпан солдатын жер жастандырған. Соның бірі – өзіміздің Әлия Молдағұлова. Мергендерден В.Г. Зайцев, Н.В. Ковшова, М.С. Поливанова, Л.М. Павличенко және т.б. Совет Одағы Батыры атағын өлгеннен соң алған. Солардың ішінде Ф.А. Смолячков 125, В.Г. Зайцев 255 жауды жойған. Т. Әбдібеков 395, яғни бір батальон жауды құртқан. Бірақ оған саяси қитұрқы себептермен ресми атақ еш бұйырмаған. 

eae9aa50dbabd014070b2b1afada2761.jpg

Қазақстандағы саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы 2007 ж. қазан айында Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери мұрағатына сұрау салып, 12.03.2008 жылы жауап алды. Подольск әскери мұрағаты екі мұрағаттық анықтама салған, гвардия аға сержанты, мерген Т. Әбдібековтің соғыс деректерін растаған. Ж. Ашуұлы мақаласында былай деп жазады: «Мұрағат деректері қолмен көшіріліп, наградалардың қандай ерлігі үшін берілгенін тізіп шығып, соңында: «Прославленный и непревзойденный снайпер. Хитрый, осторожный, выдержанный, хорошо знающий повадки врага довел свой снайперский счет до 395 уничтоженных гитлеровцев. Подготовил 32 снайпера... Умер от ран в медсанбате 23.2.44 г.» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Қол қойылған, мөр басылған, бәрі заңды түрде рәсімделген. Даңқты жерлесіміздің соғыстағы асқан ерлігін дәлелдейтін бұдан асқан қандай құжат керек? Ал біздің қандасымыз Төлеуғали Әбдібековтен асқан бірде-бір мерген жайында дерек кездестірмедім». Жастар отансүйгіштік қасиетті туған елі өз ерлерін ардақтай алмаса қайдан тапсын? Рух сөнбесін. 

Мен белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтан дерек көздерін сұрағанда 16.02.2006 ж. жазған мына жауапты алдым: «...Тілеу Көлбаевтың «Снайпер Тулеугали» атты мақаласында 1944 ж. шілдеде Қазақстанға жіберілген делегациядан мергеннің №2916 винтовкасы елге жіберілгені, оның қазір Орталық мұражайда тұрғаны баяндалған. Бұған қарағанда дивизияның 3 жылдығы қарсаңында Төлеуғали Совет Одағының Батыры атағына ұсынылған болуы тиіс. Дивизия елге делегация жібергенде қолдарына Қазақстан үкіметіне арналған хат ұстатады. Батырлыққа дивизия ұсынады. Содан кейін ол құжат Мәскеуге кетеді. Дивизияның Қазақстанға жазған хаты Алматы архивтерінің бірінен табылуға тиіс. (1944 жылы майданнан дивизия делегациясын басқарып келгенімде біз дивизияның хатын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне тапсырғанбыз). 

Жұмабек Ашуұлы Саяси қуғын-сүргін қауымдастығы атынан Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев пен Ресей Федерациясының экс-президенті В. В. Путиннің атына Т. Әбдібековке батыр атағын сұрап ресми өтініш жолдаған болатын. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қазақтың іздеуі жетпеген ер ұлының таудай атын жарыққа шығарып, ұлттық мәртебемізді асқақтатады деген үкілі үміт сөнбейді. Сонда ғана өлген тіріліп, өшкен жанады. 

Табыл Құлыяс, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?