Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

16 Қараша – ЮНЕСКО-ның құрылған күні

11606
16 Қараша – ЮНЕСКО-ның құрылған күні - e-history.kz

1939 жылы 1 қыркүйекте басталған Екінші дүниежүзілік соғыс 1945 жылы 2 қыркүйекте ресми аяқталды. Жеті жылға созылған жаһандық соғыс кезінде адамзат өркениетінің сан мыңдаған материалдық және материалдық емес мұралары жойылды, ұрланып талан-таражға түсті. Көптеген елдерде кітапханалар, музейлер соғыс өртіне шарпылды. Әлемді сауатсыздық, жайлады. Сондықтан да мәдениетті қалпына келтіру, жас ұрпаққа тым болмағанда бастауыш білім беру, мәдени мұраларды тізімдеп, сақтау жолында әлем елдері бірлесе жұмыс істеудің қажеттілігі туындады. Осылардың барлығын үйлестіретін ауқымды ұйым қажет болды.

ЮНЕСКО (United Nations Educational, Scientific and Cultural Organization — UNESCO) – Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы осылайша, 1945 жылы 16 қараша күні құрылды. Ұйымның штаб-пәтері Франция астанасы Париж қаласында орналасқан. Сондықтан да Париж қаласы – әлемнің мәдени астанасы деп аталады. ЮНЕСКО құрамында әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан 67 бюро мен бөлімшелер бар.

Ұйымның мақсаты –мемлекеттер мен халықтар арасында білім, ғылым, мәдениет салаларындағы өзара ынтымақтастықты нығайту арқылы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысында жарияланған, нәсіліне, жынысына, тіліне, ұстанымы мен дініне қарамастан, әділеттілік пен заңға бағынушылықты қамтамасыз ету, жалпыға бірдей құқықтар мен адамның негізгі құқықтарын құрметтеуге ықпалдастық жасау болып табылады.

Қазіргі күні ЮНЕСКО ұйымына 193 мемлекет мүше. 2 мемлекет бақылаушы және сыртқы саясатта жауапкершілік жүктемейтін 10 серіктес мүше-аумақтар бар. Парижде 182 мүше мемлекеттің тұрақты өкілі отырады.

Ұйым өз іс-қызметін жалпы алғанда мына мәселелерге орай үйлестіреді: білім беру мен сауатсыздық ауқымындағы теңсіздік, ұлттық мәдениеттерді зерттеу және ұлттық кадрлар дайындау, әлеуметтік ғылымдар, геология, мұхиттану және биосфера мәселелері, Африкадағы кедейлікті жою және гендерлік теңдік.

1948 жылдан «ЮНЕСКО курьері» журналы шығып келеді.

Қазақстан ЮНЕСКО ұйымына 1992 жылдың 22 мамырында мүше болып қабылданды. Осы кезеңде Қазақстан Республикасы мәдени мұраларды сақтау, насихаттау, жалпыадамзаттық мәселелер бойынша ЮНЕСКО ауқымында көптеген жұмыстарды бірлесе атқарды. ЮНЕСКОның мәдени және табиғи талаптары бойынша заттаық және бейзаттық Әлемдік мұралар тізімі бар. Біздің елімізде Әлемдік мұралар тізіміне отандық нысандарды енгізу, үміткерлікке қою жұмыстары үнемі жүргізіліп келе жатыр. Осы күнге дейін Әлемдік мұралардың заттық тізіміне Қазақстаннан Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Тамғалы тас археологиялық ландшафының тас жазулары, Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері, Ұлы Жібек жолының Қазақстан жерімен өтетін тармағы енген.

 

Әлемдік мұралардың бейзаттық тізіміне мыналар енген: Қазақстан 2011 жылы ЮНЕСКОның бейзаттық (рухани) мәдени мұраларды қорғау конвенциясына қосылған болатын. Осы кезеңнен бері Қазақстанның 10 рухани мұрасы жалпыадамзаттық құндылық ретінде ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. Бұл жерде ескерерлігі: кейбір құндылықтар осы мұраны сақтаушы өзге мемлекетпен тең құқықта тіркелген.

2014 жылы «Қазақтың дәстүрлі күй өнері» және «Қазақ пен қырғыздың киіз үй дайындаудағы дәстүрлі білімдері мен дағдылары» тіркелді.

2015 жылы «Айтыс өнері» Қазақстан мен Қырғыз Республикасының мәдени мұрасы ретінде тіркелді.

 

2016 жылы «Қатырма нан (лаваш) жасау өнері» Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия бірлесе отырып жалпыадамзаттық мәдени мұра ретінде тіркеткен. Сондай-ақ «Қазақ күресі» қазақ халқының мәдени мұрасы ретінде дара тіркелсе, «Наурыз мерекесі» Қазақстан, Әзербайжан, Ауғанстан, Үндістан, Иран, Ирак, Қырғыз Республикасы, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия, Түркіменстан, Өзбекстан мемлекеттеріне ортақ бейзаттық мұра ретінде тіркелген.

 

Ал «Құсбегілік өнерді» Біріккен Араб Әмірліктері, Аустрия, Белгия, Чехия, Франция, Германия, Венгрия, Италия, Қазақстан, Корей Республикасы, Монғолия, Марокко, Пәкістан, Португалия, Катар, Сауд Арабиясы, Испания, Сирия қатарлы барлығы 18 мемлекет қоса тіркеткен.

 

2017 жылы қазақтың «Асық ату» ойыны ЮНЕСКО тізіміне енгізілді.

2018 жылы «Қазақ жылқы өсірушілерінің көктемгі мерекелік салт-дәстүрлері» ЮНЕСКО тізіміне енгізілді. Сонымен бірге «Қорқыт Ата: эпикалық мәдениет, халық аңыз әңгімелері және әуендері» Әзербайжан, Қазақстан және Түркия ортақтасып ЮНЕСКО тізіміне енгізілді.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?