Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сәнбейлер қытайларды оңтүстікке ығыстырды

1364

Көне тарихқа бойлағанда ұлы Ғұн империясынан кейін тарих сахнасына келген сәнбейлер туралы төл тарихымызда көп айтыла бермейді. Ұзақ ғасырларға созылған ұлы даладағы тайпалық одақтар мен ұлыстар тарихында өзінің орынын ойып тұрып алатын ұлы мемлекеттердің бірін құрған да осы сәнбейлер болатын. «Сәнбейлер – тұтас көшпенді-әскери халықтар тарихынан ойып орын алған байырғы халық, олар ғұндардан кейінгі көшпенділер империясын құрды. Империя территориясы 5 млн шаршы километрден асатын, батысы Балқаш көлі мен Ыстықкөлден тартып, шығыста Жапон теңізіне тірелетін. Нәсілдік тұрғыдан моңғолоид болған, олар қазақ халқының арғы бабаларының ең мол шоғыры! Қазақтың ең негізгі ата-бабалары саналады», – дейді әуесқой тарихшы Ерзат Меллат. Бұл сұхбатымызда сәнбейлердің күшейген тұсы мен әлсіреуі және соңғы көші турасында әңгімелейміз.

– Ерзат, өткен сұхбатымызда сәнбейлер Таңшықайдың тұсында іргесін жайып кеңейе бастады дедің. Әңгімені осы жерден бастайық. Бұл қай кезең?

– «Ханнамада»: «Ғұндар және олардың солтүстік тәңірқұты қашқаннан кейін қалып қойған 100 мың түтіні Лияудүңда аралас қонып өздерін сәнбей жасағы санады. Тұлұқұ Ғұн жасағы болған үшінші жылы оның әйелі үйде отырып балалы болып қалыпты. Тұлұқұ қайтып келіп ашуланып өлтірмек болғанда әйелі айтты: «Түнде келе жатып нажағайдың дауысын сездім, көкке қарап едім нажағай аузымнан кіріп жұтылып кетті де, жүкті болып қалып он айда тудым, бұл балада керемет кие бар, үлкейсін» деді. Тұлұқұ бұған әсте сенбеді, әйелі сол сөзде тұрып баланы баға берді, Таңшықай деп ат қойды, өсе келе батыр әрі денелі, ақылы елден ерек болды. Жасы 14-15 ке келгенде өзге тайпа ақсақалы Бұбие басқа елдердің қой, сиырын тонады, Таңшықай атпен қуалап, еш бөгелмей малын қайтарып алды және оларды түгел қырды. Осылайша сол тайпа оған бағынды, ол түзім орнатып, кербақпаны жөнге салып, бірте-бірте тайпа көсеміне айналды. Таңшықай тақта отырған кезде ордасы Гау Лияудан терістікте 300 шақырым Танқан тауында болды (қазіргі ішкі Монғол Дачин тауы), шығысы мен батысындағының бәрін өзіне қаратып, атты әскері молайып, оңтүстігінде Ханьмен шектесіп, солтүстігі Деңлеңмен, шығыста Фуүймен (қазіргі Ляониң провинциясының шығысында) шектесті, батыста Асуанды (усүн) талқандап Ғұнның байырғы жеріне толықтай ие болды, шығысы мен батысы он екі мың шақырым, оңтүстігі мен солтүстігі жеті мың шақырым таулы, өзені мен саздығы бар байтақ жерге ие болды. Ханьның құлдыраған кезінде Ғұнның ортаңғы сардары Жаң Хуанды жорыққа аттандырса да жеңе алмады. Онан соң елші арқылы таңба жіберіп Таңшықайға «хан» атағын беріп татуласпақшы болды. Таңшықай мүлде бас тартты. Онан кейін елді орта, шығыс, батыс деп үш бөлікке бөлді. Оң солында негізі шығысы Лияудұңмен шектесіп, шығыс қанат делінген жиырма тайпа болды, сондағы ақсақалдарынан га (көне заманда көшпенділерді тайпа бастығы қа, онан жоғарғысы хан, тұтас ұлыс басы қаған атанған), куе ги, сори ( түрікше чор?), ғұй ту деп аталды. Оң-солының батысында Шаңгуды орталық еткен он тайпа болды, олардың тайпа ақсақалдары хы зүй, куе гу, баян (моңғолша бай деген сөзбен ұқсас) қатарлы мәнсаптар болды. Шаңгудан батысқа қарай Дұн хуаң, батыста асуандарды қамтыған он тайпа болды, олардың көсемдері Жыған Лоры, Негритейін, Янлыиу қатарлылар болды, барлығы Таңшықайға бағынды. Лиң Ди (168-189 жылдары) шегарадағы аймақтар салғырттана бастады. 189 жылы Ахуан шияуүйі Шия үй, сәнбейден ортаншы қол тиан үй, Ғұннан ортаңғы қолға саң үй болып, оңтүстік Ғұнмен бірігіп Ян Міннан шығып, үш жолға бөлініп аттанып екі мың шақырымдық жорыққа бағыттанды. Таңшықай тайпаларын бастап соққылап оларды жеңіліске ұшыратты, ат пен жасақтың оннан бірі ғана оралды. Сәнбейлер күннен-күнге көбейіп мал бағып аң аулады, сонда да азық жетіспеді. Кейін Таңшықай Ұғусын өзенін (қазіргі Ішкі моңғолдың Лияу Хы өзені) тосып, арнасын неше жүз шақырымға кеңітіп, балық ауламақ болса да оған ие бола алмады. Ханьдықтар балық аулауға шебер келеді дегенді естіп, Таңшықай Ханьға шабуыл жасап, неше мың отбасына Ұғусын өзені жағасына көшіріп әкеліп, оларға балық аулау арқылы азықпен қамдауға бұйырды. Қазірге дейін Ұғусында неше жүз Хань отбасылары тұрады», – дейді.

Сәнбейлердің жаппай күшейюіне негіз болған түйін ғұндардан қалған 100 мың халықтың оларға бағынуы саналады, оның 20-30 мыңы жарақты жауынгер. Ғұнның 237 мыңы Ордоста қалғанын айттық, ал тағы мөлшермен неше жүз мыңы батысқа босып кетті. Демек, осы көшпей қалған ғұндар сәнбейлерге қосылып, оған кейін деңлеңдер қосылып, бүгінгі түрік халықтарын және қазақтарды қалыптастырғанын байқауға болады. Таңшықайдың дүниеге келуі нажағайдан болған делініп отыр, бұны аңыз-әпсана ретінде қараған күнде де нажағай – көктің нұры, ал Шыңғысханның арғы бабалары Бодоншар да нұрдан жаратылған болатын. Бұл барлық құдіретті императорлардың елден ерек болмысын дәріптеуден туындаған болуы мүмкін. Десе дегендей Таңшықай 5-6 млн шаршы километр аумақтағы көшпенділер империясын орнатады.  Батыс шекарасы Қазақстанның шығысы және Балқаш көліне дейін тірелген. Қытай патшасымен де есептеспей, оның берген мәртебесінен де бас тартады. Қытайдың қытай, ғұн аралас қалың қолын қанға бөктіріп, басым бөлігін жер жастандырады. Бұл атақты соғыс эрамыздың 177 жылы болған, бұдан басқа да ірілі-ұсақты көптеген соғыстардың болғаны анық. Эрамыздың 156, 158, 159, 163, 168 жылдары Сәнбейлер Хань империясына шабуыл жасап, шекарадағы қалаларын шабындыға ұшыратады. Модұн мен Леузаң тәңірқұттың тұсындағы айдарынан жел ескен құдіретті көшпенділер империясы қайта жаңғырады. Батыста асуанды, шығыста тұңғыстар мен корейлерді, солтүстікте деңлеңдерді бағындырады. Тұтас империяны үш әкімшілік бөлініс бойынша бөледі, бұл Шыңғысхан кезінде де болған, ол орталық «қол ( қолқа), оң қанат «барұн қар» (бұрынғы қанат, қар көне түрікшеде де қанат мағынасын береді), сол қанат «жоуын қар» (соңғы қанат дегенге келеді) деп бөлген. Қазақтың «үш жүз» әкімшілік бөлінісі де осының көрнісі. Айрықша айта кетерлігі, ол өзін «қаған» атайды, ғұн патшалары өздерін «тәңірқұт» (тәңірұлы) деп атаған, кейінгі ниооуан (жужан), түрік, ұйғыр, қидан, моңғол билеушілері өздерін қаған атағаны белгілі.

– Бұл шамасы кейінгі көшпенділердің ел билеу дәстүрін сәнбейлерден алғанын аңғартады ғой? Ал осындай ірі империяның әрі қарайғы тағдыры не болды? Таңшықайдың арманы орындалды ма?

– Таңшықайдан кейінгі кезең туралы: «Таңшықай 45 жасында өлді де, ұрпақтары жалғасты билік жүргізді. Ұлы Хыленнің дарыны әкесіндей болмады, парақор болып заңды әділ атқармады, бұқараның жартысы тайқып қарсы шықты. Лиңдидің соңғы жылдары солтүстікке шабуыл жасап тонаушылық істеді, солтүстіктегі бұқара садақ атуға шебер еді, олар Хыленді атып өлтірді. Ұлы Шәнмен жас болғандықтан, інісі Ғұйту таққа отырды. Ғұйту таққа отырған кезде Шәнмен ержетті де Ғұйтумен ел билігіне таласты, бұқара тоза бастады, Ғұйту өлген соң інісі Бүдіген таққа отырды. Таңшықай өлген соң ел басылары таққа таласумен болды. Дібуген таққа отырған кезде бұқараға билігі әлсірей берді, ортаншы інісі Порохан түмендеген бұқарасы бар елдің ақсақалы еді. Жиян ән жылдары (196-220) Тайзу Южоуды (Уй патшасы Сау пи) тыныштандырды, Бүдіген мен Хыбінің қатарлылар ахуан шияу уүларын тыншытуда үлес қосты. Кейін Дәй Жүнде ахуан Чентек бүлік шығарды, ол Пороханға тәуелді болуды өтініп сұрады,  Порохан 10 мың атты жасақпен қарсы алды. Саң Ганға барғанда Дек қатарлылармен ақылдасып Пороханның бөлімдеріне көмектесуді шектеуді, ешнәрседен қаймықпай анағұрлым лайықты адам деп Хыбыныңды талдады. Хыбының түмен жасақпен келіп қалғандарымен одақтасып алды. Хыбының жиналыста Пороханды өлтіріп, оның ұлы Сегуін мен барлық бұқарасын өзіне қаратты. Хыбының өзін қанышер баба атап, мәміле жасауға шебер болды, Дібуген оған кектенді. Хань патшасы тағын ұсынып бергенде Тән үй ахуандардың шияу уйы болып тізе қоса сәнбейлерден қорғанып, оны Чаң Пиңге қойды. Дібуген елші жіберіп тұлпар тарту етіп «хан» деген лауазым алды. Кейін көп рет Хыбыныңмен өзара қырқысып, Дібугеннің күші әлсіреді, түмендеген бұқарасы Тайюан, Ян Мінге келіп қоныстанды. Дібуген әуелгідей адам жіберіп Хұшұғынға: «Қайын атамды неге өлтіреді? Кекті ұмытпаймын, өштігім тұнып тұр. Бүгін құдаласып қыз бере тұра не үшін қызға қастандық сайлайды, маған қайтарса болады ғой, мен қарындасыммен ет жақын туыспын, бұдан асар кек бар ма?», – деді. Ол кезде нигеннің кей тайпалары Бүдігенге қашып келген болатын, Хыбының қуалап жете алмады. 220-226 жылдары Дібүген ордамызға тарту жіберіп байланысын күшейтті, кейін секем ойлап қорғанып, пәлеге жолығудан қорқатын болды, ал Хыбыныңның бұқарасы көбейіп күшейді. Миңди таққа отырғанда (227 жылы) Нұм тиектерге шабуылды азайтып, кең саясат ұстанды. 233 жылы Хыбының тіпті де ордамен татуласты, ал Дібүген  Сегуін қатарлылардың тайпасын қорғаныш етіп, Бин Жоуды шауып, халықты қырды. Патша Чин Лаңды жіберіп оларға жорық жасатты, Гүни Хыбыныңға қарсы шықты да, бұқарасымен келіп ордаға бағынды, оған «мейірімді хан» деген атақ берілді, тарту тартылып, барабан соғылып, күй ойналды. Оны Бин Жоуға қоныстандырды. Бүдіген Хыбының жағынан өлтірілді.

Сәнбей империясының даңқты көсемі Таңшықай (137-181) небары 45 жасында өмірден озады. Өкінерлігі, онан кейінгілері ондай құдыретті бола алмады

– Таңшықайдан кейінгі жағдай, шамасы ел қанша құдіретті болса да басқару оңбаса – бәрі бір хаус жүзеге асатынын аңғартса керек. Сәнбейлер одан кейінгі кезеңде қандай тағдырды бастан кешті?

– Иә, таңшықайдан кейінгі құлдырау сәнбейлердің өмірінде аса үлкен хауспен есте қалды. Олар қайта бөлшектенді, десе де күні батқан Хань империясының қайта соғар қауқары жоқ еді. Сәнбейлер бірнеше тәуелсіз тайпалар одағы ретінде жалғасты өмір сүре берді. Эрамыздың 220 жылы Хань патшалығы жоғалды да оның солтүстік териториясы мен басым көп халқы Уй патшалығына қарады, Уй, Шу, У үш патшалық болып жұлқысқандықтан, олар солтүстікке мардымды шабуылдар ұйымдастыра алмады. Сәнбейлер де Уй елімен соғыстық жағдайда болып, олардың Қытай жерін біріктіруіне кедергі жасады. Эрамыздың 220 жылдары Сәнбей билеушылері арасында ең көзге түскені Хыбының болғаны деректе айтылды, оның әскері 100 мыңнан асып құдыреті жағынан тек Таңшықайдан ғана кейін тұрған. Көршісі Уй елімен кейде тату, кейде араз болған. Ол қытайлармен соғыса жүріп бір шайқаста қаза болды. Айта кетерлігі, осы тұста Уй патшалығы бұрын Хань басып алып бір мезет иелік жүргізген Қашқарияға билік жүргізе алмады. 659 жылы осы сәнбейлердің Қытайланған ұрпақтары құрған Таң империясы ол жерді қайта басып алып бір ғасыр иелеп тұрды.

– Осы кезеңдегі Қытайдағы бөлшектенген хандықтардың соғысы да сәнбейлердің өмір сүруіне оң ықпал еткен секілді. Жалпы осы кезеңдегі тұтас халықаралық жағдай қандай еді?

– Сәнбейлер империя құрған кездегі халықаралық жағдай Ғұндардың тұсындағыдан басқаша болды, Гүнзен, Ежиза тәңірқұт кезінде Хань патшалығы күшейіп Ғұндармен тіресті, салық төлеуден бас тартты, Ғұндардың экономикалық көзінің бірі болған Тарым ойпаты мен Ферғанаға таласты, соңында осы жерлерді басып алды. Ал Сәнбей заманында Хань империясы қатты әлсіреді. Хань патшалығының соңғы бір ғасырындағы патшалар таққа тым жас отырды, сондықтан оған оның шешесі көмектесетін, онан ханымның туыстары, яғни нағашылары араласып билік жүргізетін. Патша есейгеннен кейін шенді әтектер арқылы олардан билік тартып алатын. Осылайша «Патшаның нағашылары мен шенді әтектер билеген заман» орнайды. эрамыздың 184 жылы сары орамал таққан көтерілісшілер мен Ханьның соғысы болып Хань елі қатты әлсіреді, онан кейінгі кезеңде жер-жердегі әскери шонжарлар бас-бастарына қожа болды, патшаның оларға билігі жүрмей құр аты ғана қалды. Хань елінде ондаған әскери шонжар елді бөліп басқарды, олар үнемі бір-бірімен қырқысып соңында үш үлкен саяси күш қалыптасты. 220 жылы Сау әулеті басқарған солтүстіктегі элита Хань патшасын тақтан түсіріп Хань патшалығы жойылды. Онан кейін елде үш патшалық пайда болып, 280 жылға дейін бір-бірімен қырқысты, осы кезде Қытай қоғамы аласапыран күйге түсті де, өз ішімен былығып Шығыс Түркістан мен көшпенділерге қарайтын шамасы болмады. Сәнбейлер болса Сау әулетінің Уей патшалығымен соғысып тұрды, Уей патшалығы үш патшалықтың ең күштісі болып қалған У мен Шуды біріктірмек болса да, солтүстіктегі Сәнбей империясымен де соғыс жағдайында болғандықтан, оны орындай алмады. Осы кездерде халық саны да үш есе кеміп қатты әлсіреп кетті. Сәнбейлер заманында Ханьнан басқа Парсы империясы, Күшан империясы, Рим империясы болып төрт империя қатар өмір сүрді. Күшан империясы 130 жылы нүкүздердің оңтүстікке жорық жасап, Бактрия, Тәжікстан, Кашмир, Пәкістан, Солтүстік Үндістанда құрған мемлекеті болатын. Олардың шығыс шекарасы Сәнбейлермен шектесіп жатты.

Жоғарыда деректе көрсетілгендей сәнбейлер ғұндардың атақонысын тартып алады. Ғұндардың 100 мың адамы тізе бүгіп қалғаны Орта Азияға ауа көшеді. Осы ғұндар Алтай-Саянға, Қазақ даласына екі ғасырдай аялдайды. Сәнбей заманында Байқалдың шығысындағы деңлеңдер кейін Байқалдың батысына ауып барады, батысқа үздіксіз жылжыған олар Алтайдан Ғұндарды ығыстырады, Ғұндар бір тобы оңтүстікке беттеп Ферғана мен Мәуераннахрды, онан Күшан империясын жеңіп 567 жылға дейін жалғасқан «Ақ ғұн» (Ефталиттер) мемлекетін құрады. Ал батысқа босқан ғұндар батыс Қазақстаннан аландарды жеңіп қуалап шығарады, олар Украина жерінен герман тайпалары мен аландарды қуғындаған беті Риым империясының іргесіне келіп тіреледі де, Еуропадағы Ғұн империясын құрады. Ал деңлеңдердің батыс шекарасы Каспийге тіреледі. Орта Азия мен Қазақстан даласы жаппай түріктене бастайды, Угүр және иран тілдес тайпалар дерлік ығыстырылады. Сәнбейлер Қытайды шауып тыным бермейді, 312 жылы ғұндар Қытай астанасын басып алып, оны тозған жұртқа айналдырады. 355 жылғы дейін сәнбей, ғұн, қият қатарлы көшпенділер Қытайдың терістігін басып алып, ұдайы қырғыншылық жүргізгеннен кейін қытайлар жаппай оңтүстікке босады. Қазіргі Қытайдың оңтүстік провинцияларын бұрын вьетнамдықтардың арғы аталары мекендеген, халық саны көп болмаған, бар болғаны 2.5 млн халық бар еді, ал 20-30 млн Қытайдың дені Чаңжияң дариясының терістігінде болатын, ендігі жерде олар жаппай оңтүстікке көшіп сол жерлерге тұрақтайды.

– Қызықты деректерге толы мағыналы сұхбатың үшін рахмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?