Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Домбыраның пайда болуы туралы аңыз

4306
Домбыраның пайда болуы туралы аңыз - e-history.kz

Еліміздегі «Ұлттық домбыра күніне» байланысыты домбыраның пайда болуы аңызы мен жасалу жолдарына, сондай-ақ  ұлы күйші  Құрманғазы Сағырбайұлының ғұмыр дерегіне қатысты төмендегі деректерді оқырман қауымға арнайы  ұсынып отырмыз.

Жалпы домбыраның пайда болуына байланысты ел ішінде  неше алуан әпсана аңыздар бар. Соның бірі мынадай болып келеді.

«Ертеде бір құралайды көзге атқан ерекше бір аңшы жігіт болыпты дейді. Сол аңшы жігіт биік таудағы қалың қарағай арасындағы аңдарды аулап өмір сүріпті. Бірде сәті түсіп, бір маралды атып алыпты да, ішек қарынын түгелдей дерлік алып тастапты. Содан арада айлар өткенде аңшы жігіт аң атуға ең ұрымтал жер осы еді ғой деп баяғы теңбіл маралды атқан жерге келсе, құлағына ызыңдаған бір дауыс шалынады. Барлап қараса баяғыда өзі атқан маралдың ішегін қарға құзғын іліп алып ұшқан болса керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалған ішекті көреді. Ызыңдаған дыбыс сол ішектен шығып тұрғандығын аңғарады. Ол өзі бірде уілдеп бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылаған болып, аңшы жігітті алуан түрлі күйге түсіріпті. Сол жерде аңшы жігіт «қой, мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амалын жасайын» деп ішекті үйге алып келіпті де, бір ағашты ойып соған қос ішекті тағады. Содан тартып көрсе, шынында да қос ішекке тіл біткендей сұңқылдап қоя беріпті. Бұл үн жалғыз аңшы жігіттің ғана жанын жадыратып қоймай, тыңдаған жанның түгелін елітіпті. Осылайша домбыра  аспабы дүниеген келген екен...» дейді қария дерек.  

Енді осы орайда домбыраның жасалу жолдарымен ол таңдалып алынатын ағашы жайында аз кем мәлімет бере кетсек. Кезінде шын домбыраның бағасы екі үйір жылқыға пар еді деген де ескі мәліметтер бар. Мұндай домбыраның шын шешендігі сол қос ішегіне ешбір қол тигізбей-ақ  адам қолымен жай желпіп жібергенің өзінде-ақ сұңқылдап тұрады екен.

Кәнігі шеберлер «Домбыра көбіне жеміс ағаштарынан сондай-ақ жай (найзағай) түскен ағаш пен ұрғашы қарағайдан жасалады. Ұрғашы қарағай дегеніміз таудың теріскей қапталына қарап өскен беті. Онда бұтақ болмайды, шайыры аз болғандықтан, дыбыс шығаруы керемет болады» дейді.

Құрманғазы күйлерінің қысқаша тарихы

Ел ауызындағы ескі деректерге үңілсек ұлы күйшінің жан жары Әуес болса ұстазы Ұзақ күйші болған деседі.

Әуес - өз дәуірінде игі жақсының бірі атанған дән-дәулетті Игіліктің қызы.

Күйшінің  екі перзенті болған деседі. Бірі Қазижан болса, енді бірі туған бауыры Байғазыдан алып бауырына басқан Құбаш есімді ұлы.

Бірде Қазижан қатты ауырып төсек тартып жатып қалыпты.

Сонда күйші:

«Сұрасаң менің атым Құрманғазы,

Құтқармас қашса қоян құмнан тазы.

Үйіңе досың келіп құры аттанар,

Қайтейін кедейшілік малдың азы.

Күреңнің тобығынан тарттым таңба,

Бай менен бас имедім биге, ханға.

Арықтап сары аурудан тұрғанында,

Ас тауып бере алмадым Қазижанға...», – деп  өлең де шығарған екен.

Құрманғазының басындағы  осы бір қамырық хәл домбыра шанағынан күй болып төгіліп, кейін  ол ел ішінде  «Қазижан» күйі атанып кеткен екен.

Жалпы өнер атаулы Құрманғазыға өз аталары мен қоса нағашы жағынан да дарыса керек. Күйшінің бесінші атасы Балтабай домбыраға тіл бітірген өнерпаз болса, жетінші атасы Ерші от тілді, орақ ауызды жан баласына сөз бермеген шешен адам болған деседі. Ел ішіндегі «Ершінің еркегін қойып, әуелі әйелімен айтысып ал» деген сөз осыдан қаласа керек. Ал Ахмет Жұбанов болса «Құрманғазының анасы Алқаның да ағалары төкпе ақын, аңыраған әнші, бармағынан бал тамған күйші, топтан жүлде алған палуан болған» деген дерек келтіреді.    

«Кішкентай» мен «Түрмеден қашқан» күйі

XIX ғасырда еліміздің батыс өңірінде  бірінен-бірі асып түскен екі көтеріліс болғаны баршамызға мәлім. Бірі, байбақты руынан шыққан Сырым Датұлы бастаған халық көтерілісі болса, екіншісі, беріш руынан шыққан Исатай мен Махамет көтерлісі. Бұл екеуі де ақ патшаның зорлықшыл саясатынан туындаған ерекше қозғалыс еді. Осы сәттегі халықтың аяққа тапталған асыл арманы бозбала Құрманғазының көкірегінен «Кішкентай» күйі болып лықсып сыртқа шықты.

Ал «Түрмеден қашқан» күйінің тарихы былай болған екен деседі.

Бірде орал-казак әскерінің бір топ жылқысы жоғалды деген желеумен қаруланған топ Қызылқұрт руының малын тәркілейді. Бұған күйінген ауыл азаматтыры түгелдей дерлік атқа қонады. Осыны ұйымдастырды деген жаламен Құрманғазы Сағырбайұлы түрмеге қамалады. Ол осы түрмеде әлгі ақ патша саясатына қарсы болып қамауға алынған Алексей Лавочкин деген орыс азаматымен танысады.  Сөйтіп күндер өтіп айлар ауынайды.

Бірде Құрманғазының артынан іздеп анасы Алқа келеді.

Қолы мен аяғына кісен салынған Құрманғазыны түрме күзетшісі анасына шиті мылтықпен айдап барады. Осы сәтте қос көзі шөпілдеп жасқа толып кеткен, қом иіні түскен ұлын көрген анасы:

- Ее.., мен ер тудым ба десем жаман, жасық ез туған екенмін ғой. Кімнің алдында көз жасыңды көрсетіп тұрсың! - деп ұлын шапалақпен тартып жібереді. Құрманғазы күйлерін зертеуші мамандар  «Қайран шешем» күйінің тарихын осы оқиғамен байланыстырып жатады. Сөйтіп анасы Алқа әкелген нан ішінде жасырылған  егеумен Алексей Лавочкин екеуі қолдарындағы кісен мен терезенің тор темірін түні бойы егеп, қидалап  түрмеден қашып шығады. Мінекей, «Түрмеден қашқан» күйінің тарихы осылай екен. Түрме дегеннен шығады ғой. Жалпы ұлы күйшінің кейінгі өмірінде түрмеден босап бостандықта өмір сүруіне әйгілі Мақаш правительдің тигізген көмегі көп. Бұл тікелей сол кісінің араласуымен болған іс-әрекет десек те болады.

«Бұлбұлдың құрғыры»

Күйші өміріндегі ең елеулі оқиғаның бірі оның Дәулеткереймен жолығуы. Бұл шамамен 1860 жылдардың басында болған деседі жылнама. Құрманғазы жер дауына байланысты сол кездегі Бөкей Ордасының билеушісі Дәулеткерей Шығайұлының алдына келіпті.

Хан ордасы биік дуалмен қоршалған екен деседі. Жер дауына қатысты қос тарапта бір мәмілеге келе алмай көп ырғасыпты.

Осы кезде Дәулеткерей бүй деп үн қатыпты.

- Қарап отырсам екі жағыңдыкі де жөн секілді. Енді шын төрелікке көшейік. Осы жерде айтпақ бір-ақ ғана шартым бар. Бұл даудың түйінін тек күймен ғана шессек қайтеді? -деп  Құрманғазыға қарай бұрылады. Құрманғазы бірқауым уақыт үнсіз отырып келіскендей сыңай танытады. Билер дабырласып кетеді.

- Сонда қалай?

- Қос ішекеті қара домбыраға билік бермек пе?

- Мейлі, өнермен сынасам десе сынассын.

- Жөн сөз!

- Қызықтың көкесі енді болады десеңші дейді жұр дабырласып.

- Сіз алыстан келген қонақсыз ғой, ең әуелі күйді өзім бастайын,- деп төрде ілінген домбырасын қолға алып, «Бұлбұл» күйін сұңқылдата жөнеледі. Отырғандар қайран қалып:

- Япырай, мынауың адамша сөйлейді ғой дейді.

- Күйдің аты «Бұлбұл» , еді дейді Дәулеткерей маңдайының терін сүртіп.

- Әп, бәрекелді!

- Күй деп осыны айт!

Енді Құрманғазы не дер екен?-деп жиналған жұр демін ішіне тартады.

Екінші кезек Құрманғазыға келеді. Жұрт тына қалып күйге құлақ түреді. Бірде өрттей қаулаған, кейде  қорғасындай ауыр, бірде қауырсындай жеңіл жүрдек қағысқа Дәулеткерей дән риза болып.

– Бұл күйдің аты  не болды дейді. Мұның да аты «Бұлбұл»,- дейді Құрманғазы бал-бұл жанып.

- Жоқ, мынауыңыз «Бұлбұл» емес, нағыз «Бұлбұлдың құрғыры» екен, – дейді Дәулеткерей шат-шадыман болып.

Осылайша Дәулеткерей мен Құрманғазы екі рулы елдің арасындағы өршіген жер дауына қатысты дүниені  күймен шешіп, екі жақты да риза еткен екен деседі көне дерек.

Құрманғазының төл шәкірті

Құрманғазының соңынан еріп тәлім алған шәкірттерінің саны қырыққа жақын, алайда  солардың ішінде ең таңдаулысы Дина Нұрпейісова болған екен деседі. Ол небары сегіз жасында-ақ Дәулеткерей мен Түркештің, Байжұма мен Баламайсаңның күйін нақышына келтіріп тартатын болғандықтан, ел ішінде «домбырашы қыз» атанады. Динаның осы даңқын естіп, Құрманғазы арнайы іздеп келеді. Дина тоғыз жасынан он тоғыз жасқа келіп ұзатылғанша Құрманғазының қарамағында болған. Сөйтіп осыбір қаршадай қыздың болашағынан зор үміт етеді. Құрманғазы өзінің күй мұрасын соңынан жеткізе білетін Динадай шәкіртті дөп басып тануының өзі әулиелікке пара-пар жағдай десек те болады.  Себебі, Құрманғазы күйлерінің денін осы кісі жеткізді. Оның домбыра тартысына дән риза болған ұстазы: «Егер менің сол қолым мен Динаның оң қолын бір адамға берсе, онда одан асқан домбырашы болмас еді», – деп те айтқан көрінеді.

 Ендігі сөзді әйгілі қаламгер  Әбіш Кекілбевқа берсек. «Құрманғазы, әлбетте, тастақ жерге өнсе де, тақыр жерден өскен жоқ. Бір ғана Әбілқайыр әулетінен Дәулеткерей, Сейтек, Мұхит, Дина, Науша, Лұқпан, Жантөре, Түркештер шықты. Осындай алапаты артақан күй күркірінің ортасынан андағайлап, оқшау тұруы – Тәңірдің мұғжизасы еді. Тау жығардай таусыла шайқалар, теңізді төңкерердей теңселе күйзелер, нөсерлете себелейтін нөпір үн мен қырда ойнаған киіктің қырық құйқылжыған дүсіріндей құбылмалы ырғақ тек Құрманғазға ғана тән», – деп жазады кемеңгер-жазушы. Бір ғұмырында замананың қысымына түсіп түрмеден көз ашпаған ұлы күйші 1880 жылдары Астрахан түбіндегі Сахма елді мекеніне қоныс аударады. Өмірінің соңғы мезетіне дейін осы мекенде өмір сүрген әйгілі күйші жетпіс бір жасқа қараған шағында жарығы таусылып  дүниеден озады. Есесіне артында туған елі барда еш өлмейтін алапат туындылары қалды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?