Биыл еліміздің біршама өңірінде ауыл әкімдерін тікелей дауыс беру арқылы сайламақшы. Бұл тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихындағы алғашқы көлемді деңгейдегі жергілікті халықтың әкім сайлауы болмақ.
Мемлекет басшысы өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізудің қажеттігін айтқан болатын. Енді аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдық округтердің және ауыл әкімдерін халық сайлайтын болады.
Сенат сайлау туралы конституциялық заң жобасын қабылдады. Осылайша тұрғындар ауыл әкімдерін өздері сайлап, жергілікті басқару құрылымын нығайту ісіне араласа алады. Қазіргі таңда елімізде 2 345 ауыл әкімі жұмыс істейді. Заң күшіне енгеннен кейін, осы жылдың екінші жартысында 836 әкім тікелей дауыс беру арқылы сайланбақ.
Ауыл әкімдерін сайлау тарихынан
Ауыл әкімдерін тікелей сайлау алғаш рет 1999 жылы Шамалғанда болған екен. Осы тәжірибе жалғасын тауып, 2017 жылы бірқатар елді мекенде сайлау өткен болатын. Сол жылы Ақмола облысы бойынша 136 ауылда, Алматы облысындағы 129 ауылда, Ақтөбе облысындағы 77 ауылда, Шығыс Қазақстан облысындағы 131 ауылда, Қарағанды облысындағы 129 ауылда, Батыс Қазақстан облысындағы 95 ауылда, Қызылорда облысындағы 72 ауылда, Маңғыстау облысындағы 26 ауылда және Солтүстік Қазақстан облысындағы 138 ауылда ауыл әкімдері сайланған екен. Соның нәтижесінде аймақтар бойынша 1 413 адам ауылдық, кенттік округ әкімі атанған.
Алайда бұл сайлаудың айырмашылығы – әкімді аудандық әкімдіктер ұсынып, халықтың өзі дауыс бермей, жергілікті маслихат депутаттары дауыс беріп сайлаған екен. Бұл сайлауда жергілікті тұрғындар өз қалауларын білдіре алмаған. Депутаттар таңдауымен әкім болған көптеген азамат көп ұзамай басқа лауазымды қызметке ауысып немесе өкілеттігін тапсырды. Бұндай әрекеттер үшін ешқандай жауапкершілік талап етілмейтін, ауылдағы шынайы белсенді азаматтардың өзін ұсыну мүмкіндігі де жоқ еді.
Осыған дейін өткен сайлауларда халық арасынан шыққан сайлаушылар да, маслихат депутаттары да жергілікті халық қалауындағыдай әкім сайлай алған жоқ. Ел үміті – биылғы сайлауда болып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Енді ауыл әкімін таңдауда әр тұрғын тікелей дауыс беру құқын қолдана алады. Сондай-ақ ауыл әкімі лауазымына азаматтардың өзін өзі ұсынуына жол ашылды. Мұнан бөлек, заңға енгізілген өзгеріске сәйкес енді сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жеке бағана енгізіледі.
Заңгерлер мен саясаттанушылар ендігі сайлауда ауыл тұрғындарының өзін өзі ұсына алу мүмкіндігін басым артықшылық ретінде қарайды. Бұл жеке адамның елді сендіре алу, ұйыта алу қабылетін анық көрсетеді. Сондай-ақ саяси партиялар өз ішінен кандидат ұсына алады. Үшіншіден жергілікті жердегі аудан әкімі де бір кандидат ұсынады.
Ауыл әкімдері сайлауына кімдер қатыса алады?
Алдағы уақытта осы айтылған тәртіп бойынша тұтас елдің түрлі деңгейдегі 2 345 әкімі сайлануы тиіс. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 18 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Алғашқы лекте, яғни осы күзде 836 ауылдың тұрғындары өз әкімдерін сайлайтын болады. Бұған 5 млрд теңге шамасында қаржы жұмсалатын көрінеді.
Бұл тәсілдерге қатысты да әр түрлі пікірлер айтылуда. Соның бірі өзін өзі ұсынушылардың сайлану мүмкіндігі төмен екендігі туралы пікір. Екінші пікір, саяси партиялардың ықпалы мен ресурсының сәйкес еместігі туралы пікір. Үшінші жағынан, жергілікті жердегі рушылдық дертінің басымдығы – сайлаудың әділ өтуіне кедергі келтіруі мүмкін дейді мамандар.
Ауылды басқаруға лайықты тұлға, әрине, заңда белгіленген 25 жастан жоғары болуы, жоғары білімді және сотталмағанын және жүйке ауруы мен наркологиялық ауру бойынша есепте тұрмайтыны жөнінде анықтама өткізуден тыс, ел алдындағы беделі мен тұлғалық қабылеті де маңызды болатыны анық. Жоғарыда атап өткен пікірлерден тыс, халықтың тұлға тани білуі мен ақпараттың шынайылығын анықтай білу, өсек-аяңға бой ұрып кетпейтін көзі ашық болуы да ең маңызды шарттардың бірі болмақ.