Кінәз Игорь болашақта Киевтің ұлы кінәзі болмақ
Жыр – Ресей империясын билеушілерінің негізін қалаған Рюриктердің шежіресі. Көркем жыр-шежіре. Жырда аты аталған кінәздердің бәрі – бір атаның баласы. Ағайындылар, туыстар, бауырлар.
Белгісіз жыраудың жырды қалай бастағанынан-ақ аңғаруға болады.
Не лепо ли ны бяшетъ, братие,
начяти старыми словесы
трудныхъ повестий о пълку Игореве,
Игоря Святъславлича?
«Ескі сөзді тәрк етіп, түзу сөзді бастадым, бауырларым!» дейді. Бауырлары – Рюриктің кіндігінен тарағандар. Билік басында кілең Рюрик тұқымы, бір бөтен адам жоқ. Бөрінің бөлтіріктері бас билік үшін таласқа баяғыда-ақ бала кезден дайындалып, пісіп-жеткен. Бірақ, бәрінің ішінен біреуі ғана басшы болуға лайық. Кім ол? Тек қана – Игорь.
Игорь үшін жырау бар дәстүрден бас тартып тұр. Әрине, Игорь мүддесінен шығу керек. Жырға тапсырыс берген де кінәз Игорь болатын. Игорьден бастамағанда кімнен бастасын?! Сол үшін де тіпті ұлы, киелі аталған қарт Владимр Святослав пен екінші Владимир атанған Мономах жайлы поэмада жыр жолдары түсіп қалған деседі.
Жыр авторы өр, отты, оқшау сөзбен елді селт еткізіп жұрт назарын бірден Игорьге аударып тұр. Жалғыз жырлайтыны, жоқтайтыны – Игорь болмақ. Қабырғасы қайысып, Игорь үшін күйіп-қайғырады:
«Не лепеспен бағзы бір,
Бастауға болмас, бауырлар!
Қанды жырды, қолы жайлы,
Игорьдің, (Игорь Святславұлының)».
Бауырларға бас болар Игорь дейді. Ендігі басшың – Игорь. «Онсыз Русь жеріне қиын болары хақ» деп бітіреді жырды. Игорьді басшы қылып сайлап қойды жырау. Халық атынан.
Кінәз Игорь неліктен тап осы 1185 жылы мадақ жырға тапсырыс берген? Өзінен жасы да, жолы да үлкен аға кінәздер тұрғанда өзінің жеке басын дәріптеуіне жол болсын!
Қатыгез қажеттілік мәжбүр етті. Игорьді Отан үшін отқа да, суға түсуге дайын, ата жаумен жалғыз өзі шайқасудан тайынбайтын, шейіт болудан бас тартпайтын ер қылып көрсету керек болды. Игорь қалауы. Басқа амал жоқ. Тез арада лақап сөз тарап кетпес бұрын, болашаққа арнап әдебиетте де із қалдыру жөн көрінді. Кім біледі, сәті түсіп, орайы келсе Ресей тағына орнығып, тәж кисе артынан жаман сөз ерсе дұрыс болмас. Қаңқу сөздің алдын ала мақтау-мадақ жырын қалдыруды ойластырған. Кінәз Игорь кейін Чернигов кінәзі болып тұрған кезінде де Киевтің ұлы кінәзі атану үшін өмірінің ақырына шейін арпалысып, алысып өткен. Ұлы тақ жолындағы тайталаста қылыш пен көркем сөзді қоса жұмсаған саяси қайраткер. Игорь тапсырыс бермесе жыр жазылмас та еді. Қажырлы, қайратты саяси қайраткер қаржылы да болатын. Қаржылы кінәз қаламы қанатты шеберді де тапты. Сөз құдіретін, қадірін түсінген, ата-ана тәрбиесін көрген кінәз.
Әкесі Святослав Ольгович 1136 жылы Новгород қаласына жалдамалы әскер басшысы ретінде шақырылған. 1147 жылы Юрий Долгорукийге – Мономахтың ұлына ілбіс сыйлайды.
Орыс кінәздерінің тарихына қатысты жылнамаларда айтылған пікір бойынша 1185 жылы жазда Киев кінәзі Святослав далалықтарға қарсы жалпыорыстық жорық ұйымдастырмақшы болған. Белгіленген уақытты күтпей Новгород-Северский кінәзі Игорь түркі жеріне көктем туа өзі жеке жасырын ұйымдастырған жорығы сәтсіз аяқталып, тұтқынға түсіп, ақыры қашып құтылады.
Аңызға сай жырау бір Игорьдің жауға жалғыз шапқан, ата қаласы – Тұматарханды қайтарып алмақ ойы да бар, көпке үлгі болар көзсіз ерлігін көріңіз деп көкке көтеріп, аспандатып, алаулатып-жалаулатып, жарқыратады.
Қанды жорық емес, құдалық жолы
Игорь қанды жорық, арзан ата-даңқ іздемеген, дос-одақтас ниет, туыстық тілекпен шыққан сайын далаға.
Жырда Рюриктер тұқымынан төрт адам аты аталады: кінәз Игорь, туған інісі Всеволод, туған ұлы Владимир. Карамзиннің жазуы бойынша бауыры Всеволод пен баласы Владимир еліне – Новгород-Северскийге екі жылдан соң оралады.
Төртіншісі Святослав Ольгович – кінәз Игордің ағасы, Олегтің ұлы, шешесі Агафья Ростиславна – ұлы кінәз Рюрик Ростиславичтің қарындасы.
Всеволод – Курск кінәзі. Святослав – Рылск кінәзі. Игорь – Новгород-Северский кінәзі. Бұл үшеуі де Чернигов кінәзі Ярослав Всеволодовичқа қараған. Чернигов кінәзі Игорьге «көпүй» аталған түркілер қосынын берген. Жасырын жорық, астыртын аттаныс па бұл? Черниговтік қосынды бояр Ольстин Олексич бастап шығып, соғысқа енген делінеді. Игорьдің өз жасағы бар, ағайынды екі кінәзде салт атты жауынгерлерін ерте шықпай ма? Соғыс болған соң азық-түліктік мал, қосымша көлік қажет. Қыруар халық, ауыр қол, төрт кінәздің әрқайсысы әр қаладан. Бәрінің басы бір жерде қосылып, жау қайдасың деп артынып-тартынып жүргенде қарсы жақ бос қарап, қол қусырып қала ма?
Бұл соғыс жорығы емес, құдалық жолы болатын. Игорь кінәз ұлы Владимирге қыпшақ ханы Қоншақтың қызын айттырып қойған басында. Екі жасты қосып, құдалықты бекітіп, құйрық-бауыр асауға құдалар құдайдың кең даласында кездесуді ұйғарған.
Ол заманның тәртібіне сай күйеу бала қайын атасының қолында екі жылдай тұруға міндетті. Сондықтан да Игорь баласының қасына інісі Всеволодты қосып берген, екеуінің екі жылдан соң, Игорьдің немересі Изяславті де ала келеді. Кейін Изяслав ержеткенде өмірін толықтай нағашы жұртында өткереді.
Ағайынды төртеу. Игорьді жырда қаншама жамандап, қаралағанмен, ол ақымақ, есер, даңғой болмаған. Ата, әке тәрбиесін көп көрген. 1198 жылы Чернигов кінәздігіне қолы жетеді. 1202-1203 жылдары тағы да Киевті шабудың саяси ұйымдастырушы.
1185 жылы Игорь кінәз Чернигов кінәзінің рұқсатымен құдалықққа аттанған. Дала да, қалада да қауіп көп, жол алыс. Черниговтік Всеволод түркілік тайпаларынан атты жауынгерлер ертіп жіберген. Бұл кінәз Дешті-Қыпшақпен соғыспақ түгілі, жүз шайысып, сөзге келуді қаламаған.
Игорьдің қанды жорық емес, құдалық жолымен шыққанын шынға шығарар тағы бір мәнбі-деректі тарих ұсынады.
Жырдағы мадақталатын кінәздердің бірі Ярослав Осмомысльдің ұлы Владимир жездесі, әлде күйеу баласы осы жолы Игорьге еріп шығады. Бұл Владимирдің апа-қарындасы Евфросиня Ярославна – Игорьдің жұбайы, шамасы тақау арада түсірген. Қайын жұртынан да құдалыққа бір беделді, белді адамды қатыстыруы заңды да.
Киевтік Игорь кінәз немере ағасы Святолславтан да құдалық жолына рұқсат алған. Себебі, дәп құдалыққа жүрер алдында Киевтік ұлы кінәз Святослав жазғы жорыққа қол жинауға шыққан вятичтарға Корачев қаласына барар жолында Игорьге – Ново-северский қаласына соққан. Қайтарда Игорьдің қаласында болған, айналып кете алмайды. Жол біреу – Игорь қаласының үстінен ғана өтеді. Святослав Всеволодович 18 жыл Киев тағында отырған,1176-1194 жылдары. Оған дейін 1146-1176 жылдар аралығында бұл тақта 30 жыл ішінде 28 кінәз ауысқан. Сауысқаннан сақ Святослав Игордің жасырын жорығын болдырмас та еді. Кіші кінәз ұлы Киев кінәзінің һәм Чернигов кінәзінің рұқсатымен құдалыққа жолға шыққан.
Карамзиннің «Тарихында» 1198 жылы Черниговтік кінәз Ярославл қайтыс болып, оның орнына Игорь Северский ұсынылғанда «менее других славился кознодействием» деп мінездеме берілген.
Тойдағы төбелес
Құдалар уағдаласқан уақытта, межелі жерде кездескен соң құдалық тойын өткізбей ме? Қай той қай заманда арақ-шарапсыз өткен. Арақ та ішілген, мас та болған. Мастыққа жастық желігі қосылып бозбала Святослав Ольгович таң ата ауылдың сыртынан көшіп бара жатқан бейбіт көшті тұра шаппай ма? Жас Святославтің олжа іздеп дала кезіп, қаңғыру салдарынан орыс кегейі қырылды деп академик Б.А. Рыбаков ашық айыптайды.
Жырдың осы тұсын асықпай, зер сала оқып шығалықшы:
С зарания въ пятокъ
потопташа поганыя плъкы половецкыя,
и рассушясь стрелами по полю,
помчаша красныя девкы половецкыя,
а съ ними злато,
и паволокы,
и драгыя оксамиты.
Орьтъмами,
и япончицами,
и кожухы,
начашя мосты мостити по болотомъ
и грязивымъ местомъ,
и всякыми узорочьи половецкыми.
Чьрленъ стягъ, бела хирюговь,
чрьлена чолка, сребрено стружие –
храброму Святъславличю!
Жұма. Таң. Түркілердің бір жасағын жайратқан, таптаған, жебе жаудырып, жазықта қуған. Ал, түркілердің қырмызы қыздары қайдан келген? Ұрыс-керіс шайқаста әскери қосында есі дұрыс әскер басы қыз-қырқынын ертіп, үлде мен бүлдеге оранып жүрмейді ғой. Жыр бойынша Игорьдің қанды қолы келе жатқанын естіген түркілер тұра қашқан, тоспаған, үдіре көшкен, аулақ безген. Жас кінәздің шапқаны кездейсоқ жолыққан, белгісіз көш.
Міне, қырсық қылық құдалықтың аяғын қиян-кескі ұрысқа айналдырып жібереді. Черниговтан еріп келген түркілер ат басын бұрып, жанжал-шатаққа араласпай кері қайтқан. Жырда Игорьмен еріп келген түркілер бірінші болып шепті тастап қашты деген сөз жоқ. Жалпы жауынгерлер бетін бұрмаққа жанталасты дейді. Көшті шапқандардың тағдыры белгілі, бассыздықтары бастарын алдырып тынған.
Телі-тентектер тыным тапқанмен, қаңқу сөз тарап кетпеуді құдалар терең ойластырған. Дала төсінде тауар тасыған көпеске көпе-көрнеу жалған ақпарат беріп, бізге жорыққа шыққан кінәздеріңді тұтқынға алдық, құн төлесін деп сәлем айтқан.
Кончак хан
Бар дерекке сай Игорь христиандық дінді ұстанған. Игорь өзінің ұлы мен ағасының баласы қайтыс болған соң өз тәртібімен жөнелту үшін арнайы елінен дін қызметкерін алдырған. Игорьді түркілерді 20 кісі қорғап жүрген, оның ішінде бесеуі — ақсүйек. Бас бос, аң аулаған, серуен құрған.
Игорь – әрі жиен, әрі күйеу, әрі құда. Хан Кончак Игорьдің жеке басын сақтап қалуға, жырау Игорьдің атына кір келтірмеуге мүдделі болған.
Сөз соңында айтарымыз, жыр – түркілік жыр. Сонау Олег вещийден бастап кінәздер қасында түркілер – мықты қазақтар тұрған. Соның бірі – Қотан жырау. Баян жырау бергі заман. Гзакъ хан жеке түркі бірлігін құруды ұсынған. Кончак болса құдасы Игорьмен бір одақта болуды қалаған, ақыры ұрпағы шоқынды болып тынды.
Марат Ақторғайұлы