Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Хан Кененің қазасы

1930
Хан Кененің қазасы - e-history.kz
Порталымызда өткен аптада жазушы, зерттеуші Думан Рамазанның Жоралғылы жорық еңбегінен үзінді жариялаған болатынбыз. Ендігі әңгіме де сол жолсапардың жалғасы

24 көкек, дүйсенбi күнi болатын. Жұмысқа келiп отырғаным сол едi, телефон шылдыр ете түстi. Көтерсем Астана қаласы әкiмiнiң баспасөз хатшысы, ескi дос Сәдiбек Түгел екен. 

– Сенi Қайрекең iздеп жатыр, – дедi ол аз-кем аман-саулықтан кейiн. 

Iле-шала Астана қаласы әкiмiнiң орынбасары, Қазақстан Ұлттық ат спорты федерациясының президентi Қайрат Сатыбалдыұлы Назарбаевқа телефон соқтым. 

– Думан, – дедi, – Қырғызстанға барып қайтсаң. Күн жылып, жер аяғы кеңiдi ғой. Сен бұл жолы Кенесары ханның сүйегi жатқан жердi сұрастырып, анықтап келсең. Содан кейiн экспедиция шығарып, тағы да iздестiру жұмыстарын жүргiзермiз. Егер табылмаса, қасиеттi адам ғой, аруағы риза болар. Ал Құдай қолдап, iсiмiз оңғарылып, табыла қалған жағдайда сүйегiн кiндiк қаны тамған туған жерiне тапсыра алсақ, бәрiмiз де пейiшке барамыз, – дедi сөзiнiң соңын қалжыңға айналдырып. – Айтпақшы, Ресейден де рұқсат қағаз келдi. Қырғызстаннан келген соң, бабамыздың бас сүйегiн iздестiру үшiн Ресейге жол тартасың. Ал жолың болсын, бауырым! Хабарласып тұр! 

Осымен әңгiме үзiлдi де, мен жолға шығуға дайындалдым. Газетiмiздiң бас редакторы Жүсiпбек Қорғасбек Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы төтенше және өкiлеттi елшiсi, атақты ақын ағамыз Мұхтар Шахановқа телефон шалып, мән-жайды толық түсiндiрiп, маған қолдау-көмек көрсетуiн өтiндi. 

Ырымшыл халық емеспiз бе, жолға сәрсенбi күнi шықтық. Үш-төрт сағат жол жүрiп, Қырғызстанның астанасы Бiшкек қаласына келiп жеттiк. Аттың басын бiрден елiмiздiң елшiлiгi орналасқан Томалақ Молда көшесiндегi еңселi ақ ордаға бұрдық. Мұхтар ағамыз өзiнiң қызмет бөлмесiнде күтiп отыр екен. Жылы жүзбен қарсы алып, бiзден жұмыс жоспарымызды тағы бiр тиянақтап сұрап алды да: 

– Кенесарыны қырғыздар онша жақсы көрмейдi. Неге олай екенiн өзiң де бiлетiн шығарсың. Сондықтан қырғыздармен хан Кене турасында сөйлескенде абай болғаның жөн, – деп ағалық ақыл-кеңестерiн айтты. – Әрине, Кенесары – қазақ тарихында өзiндiк орны бар күрделi тұлға. Сол себептi оның сүйегiн iздестiру мәселесiн өз басым толық қуаттап, қостаймын. Қолдаймын. Қолымнан не келедi, соның бәрiн жасаймын. Қазiр осында iстейтiн Ғалымжан деген жiгiтке тапсырамын, қонақ үйге апарып жайғастырады. Жақсылап демал. Ертеңнен бастап тiзе қосып жұмыс iстейміз. 

b70843e23e93e41b351976d6aa92e76f.jpg

 * * * 

26 көкек. Бiшкек қаласы. Мен iздестiру жұмыстарын ең алдымен мұрағаттан бастағанды жөн көрдiм. Қырғыз Республикасы Мәдениет министрлiгi Архив iсi жөнiндегi департаментiнiң директоры Сейтбек Жұмалиев мырза жылы жүзбен қарсы алып: 

– Бағана маған Мұхтар Шаханұлы телефон соғып, сiз жөнiнде бiраз мағлұматтар берiп, көмек көрсетуiмiздi сұраған едi. Мен жалпы бауырлас қазақ халқын, оның iшiнде сiздiң елдiң бiздегi елшiсi Мұхтар Шахановты қатты құрметтеймiн. Ол кiсiнiң ақындығы мен азаматтығын да жоғары бағалаймын. Сондықтан Мұхаңның бiр ауыз сөзi үшiн қолымнан келгеннiң бәрiн iстеймiн, – дедi де, Мемлекеттiк мұрағаттың директорын өзiне шақырып алып, ерекше пейiлмен тапсырып, жазба құжаттармен танысуыма жағдай жасап, кең мүмкiндiк туғызды. Бiрақ, өкiнiштiсi сол, Кенесары мен Наурызбайға қатысты жарытымды құжаттар болмай шықты... 

Мұражайда 

Мемлекеттiк Тарих мұражайының директоры Жұмалы Момынқұлов та Мұхтар ағамыздың телефон шалып, қатты тапсырғанын айтып, құрақ ұша қарсы алды. 

– Кенесары мен Наурызбайға қатысты қандай тарихи құжаттар мен заттар бар? – деп сұрадым Жұмалы Момынқұлұлынан сөз арасында. 

– Ол жағынан мүлде ұяттымыз, – дедi директор сәл қысылыңқырап. 

– Қазақ пен қырғыз көшiп жүрiп ондай құндылықтарға онша көңiл бөле қоймапты ғой... 

– Кенесарының өмiрде тұтынған заттарының көпшiлiгi осы қырғыз жерiнде қалған деседi жұрт, – дедiм өкiнiш бiлдiрiп. 

– Тек мылтығы мен қылышы Омбы облыстық мұражайында сақтаулы тұрған көрiнедi. 

– Орыстар бiзге қарағанда мәдениеттiлеу халық қой! 

2726c196e71fa618d79f6bf7ec3990ab.jpg

Ғылым академиясында 

Үшiншi күнi Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының Тарих институтына жолымыз түстi. Басшылықтан ешкiм жоқ екен. Сұрастыра келе осы кезеңдi iндете зерттеп жүрген Рысқұл Жолдасов деген тарихшыны тауып алдым. Аузын ашса көмейi көрiнетiн ашық жігіт екен. Ескi таныстардай тез тiл табысып кеттiк. ХIХ ғасырдағы қазақ-қырғыз қатынасын зерттеп жүргендiктен болар, Кенесары мен Наурызбайға қатысты бiрсыдырғы әңгiмелер айтты. Бiрақ барлығы бiзге таныс жайттар. Сондықтан мен одан: 

– Тың нәрселер бар ма? – деп сұрадым. 

– Сiз Белек Солтанаев деген кiсiнiң «Қызыл қырғыз тарихы» атты екi томдық кiтабын тауып алыңыз. Сонда көптеген нақты деректер бар. Ол кiсi Кенесарыға қатысты мәлiметтердi ханның басын генерал-губернаторға апарып берген Қалығұл Әлiбекұлының өз аузынан жазып алған. Сондықтан ол кiтаптағы дерек-дәйектемелер шындыққа бiр табан жақын. Басқа тың деректер айта алмаймын. Егер уақытыңыз болса, академияның қолжазба қорын қарап шығыңыз. Мысалы, менiң қолымда сол қолжазба қорынан алынған «Қазақ-қырғыз оқиғасы» деп аталатын көлемдi жыр бар. Алғы сөздерi мен ғылыми түсiнiктерiн жазып, баспаға дайындап қойдым. Бiрақ қаржы тапшылығына байланысты жарыққа шығуы кешеуiлдеп жатыр. Бұл көлемдi дастан бастан-аяқ Кенесарының қырғыздарға қарсы шабуылын баяндайды. Әрине, ол қазақтардың ойымен емес, ханнан жәбiр көрiп, жапа шеккен қырғыздардың көзiмен жазылған. Сондықтан артық-кем айтылған жерлерi болуы мүмкiн. Бiрақ тарихи дерек көзi ретiнде өте құнды жыр. Былай басталады. – Ол дауыстап оқи жөнелдi: 

Шудың сары жыланы 

Арбасқанын айтайын. 

Кенесары, Орманның 

Қармасқанын айтайын. 

Қазақ пенен қырғыздың 

Шеттескенiн айтайын. 

Орыс пенен қытайдың 

Беттескенiн айтайын. 

Сарыарқадан Кене хан 

Жол жүргенiн айтайын. 

Қырғызды жөнге салам деп, 

Мол жүргенiн айтайын. 

Шуды бойлап жол жүрiп, 

Текеліктің сеңгiрiне 

Келген жерiн айтайын. 

Майтөбенi май қылып 

Өлген жерiн айтайын. 

Ақмола келген орысты 

Тоқтатқанын айтайын. 

Салтанатын сан қаптап 

Ұқсатқанын айтайын... 

– Мiне, бұл – сiздерге де өте қажеттi жыр. Тарихи мәнi де зор. 

– Мен бұл дастанды қалай ала аламын? 

– Бiзде көшiрмехана бар. Сондағы қыздар көшiрiп бередi. 

Мен Рысқұлдың бастауымен көшiрмеханаға барып, машинкалық жетпiс бiр беттен тұратын тарихи жырды көшiртiп алдым да, қонақ үйге алып келiп, қызыға оқып шықтым. 

f5cdf0c20c2a0ba218293d0b4330cdda.jpg

Кене ханның қырғыз елiне жасаған қиянаттарын тiзбелей келiп, соңғы шабуылына кеңiрек тоқталады. Кейбiр тұстарында қарасөзбен түсiндiрме берiп отырады. Кенесарының қалай қолға түскенiн айта келiп, ханның өлiмi туралы мынандай жай-жапсарларды көлденең тартады: «Ақырында Кенесарыны солто, Наурызбайды тынай ұрықтары алып, Ержанды сарбағыш руы алады. Үшеуiн бiрдей өлтiредi. Кенесарының жүрегiнiң жарымы май екен, жалы бар екен. Наурызбайдың жүрегi бiр қарасы жоқ шылғи май болып, ортасында шидей қара қылы бар екен. Қырғыздар Кенесарыны өлтiрiп тұрып, Наурызбайға өлтiрдiк деп ұққызады да, бұл жас екен қоя берелiк дейдi. Наурызбай бiр де тiлiн тартпай, қырғыздарды ашуландырып тұрады. Наурызбай айтады: «Өлтiрсең мен барамын Құдайға, өлтiрмесең мен қуамын Кенекемнiң кегiн» деп. Бұл сөздi қырғыздар ұғып, оны да өлтiредi. Наурызбай бұл кезде жиырма бес жаста екен».

Думан Рамазан, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

(Жалғасы бар...)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?