Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Далалық Еуразия төсіндегі Сарыарқа мұрасы» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел аясында «Далалық Еуразия төсіндегі Сарыарқа мұрасы» атты жас ғалымдардың ұжымдық монографиялық еңбектің таныстырылымы жасалды.
Кітапта Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтындағы ғалымдардың 2018-2020 жылдардағы геоақпараттық картографиялау, археологиялық, этнографиялық зерттеулері, Сарыарқаның тарихи-мәдени мұра нысандарын цифрлық 3D модельдеу және Ақмола облысының топонимикасы бойынша жүргізген жұмыстарының нәтижелері ұсынылған.
Кітап археология, гегография, фальклор және этнография қатарлы әр саладағы жас ғалымдардың атсалысуымен өмірге келген. Бес мазмұннан тұрады. Алғашқы бөлімде Сарыарқаның батыс бөлігінде орналасқан Саба қорымындағы археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде алынған қола дәуірінен халықтардың ұлы қоныс аударуына дейінгі тұрғындардың сәулеті, дүниетанымы, жерлеу салты, қару-жарағы, мәдениеті мен шаруашылығы туралы жаңа мәліметтер берілген. Екінші бөлім осындағы жүргізілген жұмыс барысында векторлық карталардың дайындалуы және Сарыарқаның бірегей тарихи және мәдени ескерткіштерінің ЗD-үлгілерін ұсынады. Жоба заманауи техникалық мүмкіндіктерді ғылымның осы саласында тиімді пайдалана білудің мүмкіндіктерін көрсетеді.
Үшінші бөлігінде Сарыарқа аумағындағы көнеден келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлер, тағам түрлеріне және тұрмыстық дағдыларды екшеген ғылыми материал берілген. Бұл мақалада ұлтымыздың ұзақ жылдардан бері қалыптасқан дастархан өнімдерінің мол түрлері келтірілген. 55 ұлттық тағам түрі жинақталған. Сондай-ақ, төртінші еңбекте Сарыарқа аумағында жүргізілген далалық этнографиялық және музыкалық-фольклорлық экспедициялар барысында алынған материалдық емес мәдени мұралар бойынша жаңа нәтижелер берілген. Осы өңірдегі қазақтардың музыкалық-фольклорлық мұрасын зерттеу барысында 310 халық шығармасы (ән, күй, эпос, қара өлең, жоқтау, жарапазан, сыңсу ,бәдік өлең) жазылып алынды. Материалдық емес мәдени мұраның 40 мұрагері туралы мәліметтер жинақталғпн.
Кітапқа енгізілген тағы бір өзекті зерттеу бағыты Ақмола облысының елді-мекендерінің тарихи атауларын іздеу және қалпына келтіру. Кітапта далалық және архив материалдарына негізделген топонимикалық зерттеудің қорытындылары ұсынылған. «Ақмола облысының тарихи топонимиясы» еңбегінің авторы, жас зерттеуші Ирина Бекзатқызы осы өңірдегі жер атауларының қалыптасуына байланысты: «Қоныстанушылар өздері келіп орналасқан өңірлерге өздері қалаған аттарды қоя берген, соның себебінен ескі ат ұмытылып кеткен. Оларды табу аса ертедегі архив материалдары мен жергілікті жердің табиғатын, ландшаптысын салыстыра отырып қана мүмкін болды» деді. Тарихи топонимияны зерттеу нәтижесінде Ақмола облыстық ономастикалық комиссиясына 45 елді-мекеннің тарихи атауларын қалпына келтіру бойынша ұсыныстар берілді.
Кітап таныстырылымына археология, этнография саласындағы көрнекті ғалымдар, сондай-ақ музей саласының мамандары қатысты. Ғалым-зерттеушілер аталған жинаққа баға беріп, пікірлерін бөлісті. Ғалымдар пікірінше, қазақ жерін, соның ішінде Сарыарқаны қола дәуірінен бері мекен еткен тұрғындардың әлемдік мәдени-тарихи үрдістерге тең дәрежеде, сауда және мәдени қатынастары арқылы етене араласқандығы бүгінде мойындалған құбылыс. Екі жақты айырбас пен мобильділікке негізделген дала сауда жолдары арқылы жаңашылдықтар, идеялар мен технологиялар енді, етене араласты. Бұл үрдістердің тұрақты дамуы мен табиғи кеңістікті мәдени игеруде әр өлкенің табиғи-географиялық орналасуы, шикізат қорының молдығы мен оны технологиялық жаңашылдыққа сай игеруі үлкен рөл атқарды. Осы жағынан алғанда Еуразия далалық белдеуінің қақ ортасында орналасқан, металл қорына бай Сарыарқаның орны әр заманда ерекше болды.
Дәуірлердің үнсіз куәгерлері – тарих пен мәдениет ескерткіштерін төлқұжаттау, сақтау және бүгінде сол жерде автохтонды түрде өмір сүріп жатқан ұрпақтарында сарқыншақ түрінде сақталған, ғасырларды байланыстырушы жіңішке жіптей болған материалдық емес мәдени мұраларымен қоса кешенді түрде зерттеу, сабақтастыру, қазақтың өз қалпы мен болмысын, қажет болса рухын қайта жандандыру қазақ тарихын зерттеушілер алдындағы өзекті мәселелердің бірі болса керек.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері 2018–2020 жылдарға арналған ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің №BR05236868 «Сарыарқаның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттау» атты бағдарламалы-нысаналы жобасы аясында Сарыарқаның археологиялық және рухани мәдени мұраларын кешенді түрде зерттеді. «Қазына» сериясының алтыншы шығарылымы ретінде ұсынылып отырған бұл ұжымдық монографияда археология, этнография, музыкалық фольклор, топонимика, сондай-ақ геоақпараттық картографиялау және цифрлы 3Д модельдеу бойынша жүргізілген зерттеулердің жаңа нәтижелері ұсынылған.
Жоба аясында Сарыарқаның батысында орналасқан Саба қорымындағы алты обада археологиялық зерттеулер жүргізіліп, қола дәуірінен бастап халықтардың ұлы қоныс аудару дәуіріне дейінгі түрлі кезеңдердегі тұрғындардың сәулет өнері, жерлеу ғұрпы, дүниетанымы, қару-жарағы, мәдениеті мен шаруашылығы жайлы жаңа материалдар алынды. Зерттеудің алғашқы қорытындысымен кітаптың 1-тарауында таныса аласыздар. Сарыарқаның мәдени мұра нысандарын геоақпараттық картографиялау және цифрлы 3D моделдеу бойынша жасалған жұмыстар нәтижесінде 59 векторлық карта және өңірдегі бірегей 11 тарих және мәдениет ескерткіштерінің 3Д модельдері жасалды. Бұл жаңа зерттеу бағыты бойынша атқарылған жұмыстар мен алынған нәтижелер еңбектің 2-тарауында баяндалған.
Сарыарқаның мәдени мұрасын сақтау және қорғау мақсатында Ақмола облысының Ерейментау, Целиноград және Бурабай аудандарындағы тарих пен мәдениет ескерткіштерін қайта тіркеу, мониторинг жасау, аса дәлдікке негізделген мәліметтер базасын жасақтау, жіті далалық барлау-іздестіру жұмыстарын жүргізу сынды жұмыстар жасалынды. Үш жылдың ішінде аталған аудандар жерінен 183 ескерткіш жаңадан ашылып, 400 нысанның координаталары қайта нақтыланды, ескерткіштердің орналасуының хронологиялық және әкімшілік (аудандық, ауылдық округтер) карталары жасалынды. Нәтижесінде жоғарыда аталған үш аудан ескерткіштерінің жинақтары жеке жарық көрді. Барлық жұмыстар Ақмола облысы Мәдениет басқармасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығымен бірлесе атқарылды. Біздің тарапымыздан толық құжатталған ескерткіштер облыстық орталық пен әр аудан мен ауылдағы әкімшілік тарапынан қорғалады деген сенімдеміз.
2018–2020 жылдар аралығында Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында этнографиялық және Қарағанды облысы аумағында музыкалық-фольклорлық экспедициялар зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Қарағанды облысы қазақтарының музыкалық-фольклорлық мұрасы бойынша 310 шығарма (ән, күй, жыр, жарапазан, жоқтау, сыңсу, қара өлең, бәдік өлең) жазылып алынды. Сонымен қатар 40 мұрагер жайлы ақпарат жинақталып, 55 ұлттық тағам түрі анықталды. Бұл зерттеулердің нәтижелері кітаптың 3 және 4-тарауларда баяндалған. Жоба аясында тағы бір өзекті зерттеу бағыты ретінде Ақмола облысы жер-суларының тарихи атауларын қайтару алынды. Тарихи топонимияны зерттеу нәтижесінде 45 елді-мекеннің тарихи атауын қалпына келтіру бойынша Ақмола облыстық ономастикалық комиссиясына ұсыныс берілді. Кітаптың соңғы бесінші тарауында далалық және архив материалдарына негізделген топонимикалық зерттеу нәтижелері ұсынылған» дейді ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ҒЗИ басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты А. Оңғарұлы.