Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жел өтіндегі жұрт: тағдыры мен тарихы

1471
Жел өтіндегі жұрт: тағдыры мен тарихы - e-history.kz
Жарияланған деректер арқылы Қазақстанның Зайсан, Тарбағатай, Жоғары Ертіс өңірлерінің көбіне ХХ ғасырдың басындағы қарама-қайшылықты тарихының жекелеген бағыттары айқындалады

...1917-1920 жылдардағы халқымызға келесі қырғын мен алапатты әкелген азаматтық қарулы қарама-қарсылық, кезеңдерінде Зайсан уезі Тарбағатай аймағының елді мекендері саяси және қарулы қақтығыстың орталығына айналды. Ақтар мен қызылдар арасындағы алма-кезек қарулы қырғын әсіресе осы өңірдің Тұғыл, Маңырақ, Жетіарал өңірлерінде өрбіді, халық күйзеліске ұшырады. Бұл туралы мұрағат құжаты: «1919 жылдың 28 желтоқсан күні кешкі сағат сегізде Глухенко бастаған партизан отряды Тұғылға шабуылды бастады. Үш жақтан болған шабуылдың нәтижесінде 29 желтоқсан күні түнгі сағат екіден жиырма минут өткенде ақтардың тірек пункті Тұғыл қонысы құлады.... Келесі күні мұнда төңкерістік үкімет орнатылып, кедейлер мен батрактардан әскери жасақ ұйымдастырылды» [42] деген анықтама береді. 

Шығыс Қазақстан аймағындағы жергілікті халықтың 1920 жылдардағы ең алғашқы Кеңес үкіметінің өктемдігіне қарсы ұйымдасқан қарулы бас көтеруі де осы Маңырақ, Бозша, Жетіарал өңірлерінде болғандығын екінің бірі біле бермейді. Бұл оқиғаға қатысушыларды жергілікті Кеңес өкіметі орталықтан қарулы күш алдыру арқылы ғана баса алды. Мысалы 1920 жылдың 20 мамырында Зайсаннан Омбыға төмендегідей мазмұндағы жеделхат жіберілді: «Қандысу, Бозша... аймақтарында қарулы қақтығыстар болғандығы туралы хабар алынды. Екі жақтан да жараланғандар бар. Совет үкіметі бұл Марсеков (Алаш жетекшісі) бастаған топтың Совет үкіметіне бағынбау туралы үгітінің нәтижесі деп есептейді. Зайсанға әскер бөлімшесін жіберуді сұраймыз» [43]. Нәтижесінде Зайсанға қосымша қару жіберілді. Осыдан кейін Совет үкіметіне қарсы бұл наразылықтың күшпен басылғандығы өзінен-өзі айқындала түседі. 

4b0928cfbed6c41436002875da2798a4.jpg

Райымжан Мәрсеков

Тарбағатай өлкесі одан кейінгі, әсіресе Совет заманында да еліміздің тарихында өзіндік дамуымен ерекшеленді. Атап айтқанда ол ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы оңтайландыру, ықшамдау, колхоздастырудың зардаптарын да жеткілікті дәрежеде көрді. Советтік ауылшаруашылығы саясатының сынағына ұшыраған қарапайым халық осы кезеңде екінші рет «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны» бастарынан өткізді. Аталған мерзімде жергілікті қазақтардың күнкөрісінің көзі – малы тартылып алынып, өздері күшпен колхоздарға кіргізілді. 

Тарихи мәліметтер бойынша бұл өңірде ғана ХХ жылдардың аяғында он мыңдаған қазақ жанұясы қайыршылыққа ұшырады. Бас ауғалап, еріксізден туған жерлерін тастап, Қытай және Моңғолияға қоныс аударуға мәжбүр болды. Алайда олардың басым көпшілігі жолда Кеңес шекарашыларының оғына ұшты. Қалғандарын Қытай жеріндегі аштық пен жоқшылық жалмады. Мысалы 1928 жылғы 30 мамырдағы № 50 шекара округінің бастығы Комаровтың мәліметі бойынша, аталған уақытта «...Зайсан уезінің Тарбағатай, Сталин болыстықтарынан Қытайға көшуге әрекет жасағандығы үшін малдары, дүние-мүлкі тәркіленген 40 қазақтың тізімі берілген. Олардан жалпы құны 11708 рубль тұратын 2440 қой, 5400 рубльге бағаланған басқа мүліктері тартып алынды» [44, 16-17]. 

Бұл қазақтардың одан кейінгі тағдырларының қалай болғандығын, олардың Қытай жеріндегі жағдайын көрген адамның мына төмендегі естеліктерінен анық аңғаруға болады: «1932 және 1933 жылдары Синьцзянда, Шұғышақ көшелерінде аш адамдардың үлкен тобын көруші едік.... Бұлар Шығыс Қазақстанның шекаралы аудандарынан қашып келген қазақтар еді. Олар өте көп болатын. Ал таңертең ... екі ұйғыр өлгендерді жинап, арбамен мұсылман зиратына таситын... Шұғышақтан Ұласты аңғарына, одан ары Тарбағатай арқылы Хабарасуға дейінгі жол бойында жаппай қырылған қазақтардың өлігінен аяқ алып жүргісіз, олардың көпшілігінің қойнынан кеңес ақшалары шашылып жатты» [44, 4-5]. 

938fb239bcb844e96e6150eeab904ec6.jpg

Ал бұған керісінше осы мерзімде Совет үкіметі жергілікті қазақтардан күшпен босатылған Қытаймен шекаралас Қазақстаның оңтүстік-шығыс аймағын барынша орыстармен қоныстандыруды мақсат етіп қойды. Мысалы аталған тұрғыдағы «Зайсан уездік жерге орналастыру комиссиясының 1927 жылғы 8 ақпандағы шешімімен түгел қазақтар мекендеп келген шекаралық Тарбағатай болыстығының Бозша қонысына (қоныс аударушы Василий Абрамкиннің өтініші бойынша) 41 адамнан тұратын 8 орыс шаруашылығына шабындық, т. б. қолайлы жер алынып берілді» [45] деген тарихи дерек осыған нақты айғақ болып табылатындығы белгілі. 

1930 жылдары күшпен ұжымдастыру саясатын қазақ жерінде жылдам қарқынмен аяқтау мақсатындағы голощекиндік «Кіші Октябрь» саясаты біздің халқымыз үшін одан ары қырғынға ұласты. Совет үкіметі осы кездері Қытай жеріне өтуге тосқауыл жасау, көшпелі халықты күшпен отырықшылыққа айналдыру мақсатында еліміздің шекаралас аудандары қазақтарын жаппай ішкі аймақтарға зорлықпен қоныс аударуды бастады. 

Аталған мақсатта осы мерзімде қазіргі Зайсан, Тарбағатай аудандарының сенімсіз деп есептелген бірнеше мыңдаған жанұялары сол кездегі Өскемен, т. б. орталық аудандары колхоздарына күшпен көшірілді. Олар ешқандай мүліксіз, малсыз қоныстандырылды. Басым көпшілігінің арнайы мамандықтары, тәжірибелері, егін шаруашылығын ұйымдастырудан хабарлары да болмады. Негізінен сауатсыз да болды. Сонымен қатар осы Өскемен аумағының орыс тұрғындары жаңадан көшіп келушілерді жек көрумен қарсы алды. Оларға ешқандай жағдай жасалып, көмек көрсетілмеді. Бұл туралы мұрағат құжаттары мынандай мәліметтер береді: «Прапорщиково» селолық советіне қарасты «Трактор» коммунасының бригадирі өзеннен өтер кезде барлық орыс колхозшыларын қайыққа отырғызып, көшіп келген қазақ әйелдерін жағаға қалдырып кеткен, ... олар өзенді өздері кешіп өтпек болып, суға бата бастаған» [46]. 

1934 жылдың 1 желтоқсанындағы мәлімет бойынша «Красная Нива» колхозына қоныс аударылған 68 жанұядан 33 адам қайтыс болған. Бобровка селосына күшпен көшірілген 55 адам малсыз, мүліксіз келген, барлығы ауру, жүдеген» [29]. «Осы Бобровка селолық советіне қарасты Прожектор колхозына келгендердің 11-і қайтыс болған. Осы жылы Прапорщиково селолық советіне көшірілген 40 жанұядан 39 адам қайтыс болған» [47]. 

6fe70b90b6a54a78afd16ad06c5d2463.jpg

Осылай лажсыздан көшіп келген қазақтарға жергілікті орыс тұрғындарының көзқарасы қандай болғандығын мына төмендегі мысалдардан да көруге болады: «Жекелеген орыс тұрғындары тарапынан қорлау мысалдары кездеседі. ... Дмитриеваның бригадасында көшедегі (қазақ) балаларға тас лақтырып ауыр сөздермен балағаттаған. ... Беляев жаңа туған балаға сүт бермеген. Әсіресе әйелдер арасында арамтамақтар мен масылдар келді, ... деген сөздер басым. ... жүдегендерден гөрі қарттар мен балалар көптеп өлуде» [48]. 

«Әсіресе өлген қазақтарға деген қатынас жан түршігерлік. «Тракторная» коммунасында өлген қазақ Мұстафин үш күн жатқан. Коммуна төрағасы өлген қазақтар үшін мақта жоқ деп жауап берген. Ертіс коммунасында қайтыс болған Ахметов 6 күн жатқан, сонан кейін ғана коммуна төрағасы Филимонов оны орманға алып кеткен. 

...Ауруларға төсек-орын берілмейді. Ағаш нарда төсенішсіз жатады» [49].

Мазмұндары сараланған жоғарыдағы нақты мысалдардан ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы советтік сталиндік жеке басқа табыну мен күштеуге негізделген «казармалық социализм» саясатының алғашқы кезеңінің құрбандықтарына айналып, өз жерінде пана таба алмай, бөтен жұртқа қашып, қырғынға ұшыраған қазақтардың ауыр да қайғылы тағдырлары айқын көрінеді. Қорыта айтқанда, жоғарыдағы жарияланған деректер арқылы Қазақстанның Зайсан, Тарбағатай, Жоғары Ертіс өңірлерінің көне заманнан ХХ ғасырдың басына дейінгі қарама-қайшылықты тарихының жекелеген бағыттары айқындалады. Бұдан белгілі болатынындай: 

– аталған аймақта қазақ халқының ата-бабалары қола дәуірі тұрғындарынан бастау алатын сақ, үйсін, ғұндардың шаруашылықтық, мәдени өркендеп, дамуының, осының негізіндегі аталған өңірлерде өз заманындағы қуатты мемлекеттердің негізі қаланды; 

– бұл өңірде одан кейінгі кезеңдерде қазақтардың Орта жүзінің негізін қалаған рулардың тарихи қоныстары айқындалып, өзіндік шаруашылықтарының түрлері одан ары жетілдіріліп, кейінге жеткен өзіндік дала дәстүрі, қағидалары өмірге келіп, өркендей түсті; 

– ХVІІ-ХVІІІ ғасырдың алғашқы мерзімінен бастау алған мерзімдегі барша қазақ қоғамын қамтыған терең ішкі және сыртқы қарама-қайшылықтардың нәтижесінде өлке қазақтарының бірлігі бұзылып, шаруашылықтары күйзеліске ұшырады, бұл аймақ Ресей, Қытай және Жоңғарияның ықпалына түсіп, қорытындысында бірнеше ғасырға созылған Ресейдің бодандығына өткен қазақ халқы еркіндіктері, барша құқықтарынан айырылды, жерлері тартып алынды. Тарихи мекендерінде барынша күйзеліске ұшыраған жергілікті тұрғындардың бір бөлегі туған жерлерін тастап көрші елдерге лажсыздан қоныс аударуға мәжбүр болды; 

– өлке қазақтарының басына түскен осы бодандық ХХ ғасырдың басынан советтік сынақ, үстемдік, күштеу, теңсіздік, қолдан жасалған жаппай алапатпен одан ары жалғастырылды. 

Міне осының барлығы егемендігін алған қазіргі күнгі халқымыздың, соның ішінде жас ұрпақтың кең байтақ туған елінің барша өңірлерінің өткен тарихын ұғынып, оның сабақтарынан қорытынды жасай білуіне жағдай жасайтындығы белгілі. Тарбағатай ауданы қазақтарының басынан кешірген осы алапаты коммунистік ілім мен лениндік өсиетке құдайдай сенген сол кездегі барша қазақ қоғамының ауыр тағдырының мысалы болып табылатындығы айқын. Осыларды оқып, біле отыра қазіргі өз жеріне өзі қожа болып, теңдік алған күнімізге қалай ғана риза болмасқа. Елімізді мекендеп отырған жүзден астам ұлттар өкілдерімен тең қатынасты бір сәтке де ұмытпай, оған қаяу түсірмей халқымыздың басынан кешкен осы ауыр кезеңі тарихын жастарымызға ұғындырып, түсіндіре білу үлкен міндет екендігі белгілі. Сонда ғана олар егемендіктің маңызын түсінер еді демекпіз. 

Ғани Қарасаев, тарих ғылымдарының докторы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?