Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлы даланың ұлы тұлғалары (2 бөлім)

3124
Ұлы даланың ұлы тұлғалары (2 бөлім) - e-history.kz

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Ұлы даланың есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуды ұсынды. «...біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек»,- деді Елбасы.

Ұлы тұлғалар – өздерінің саяси немесе рухани еңбегі арқылы қоғам қажеттіліктерін анағұрлым толық қанағаттандыра алып, оның дамуына айтарлықтай әсер еткен, атқарған қызметі өз мемлекетінің аясынан шығып, бүкіл әлемге пайдасын тигізіп, баршаға әйгілі болған адамдар. Сондықтан кез келген мемлекет тарихы ұлы тұлғалар ісінің призмасы арқылы анағұрлым айқын, әрі әсерлі көрінетіні тегін емес. Оның үстіне, тарихтың өзі де кейде осы тұлғалармен сәйкестендіріледі [2].

Осы орайда «Қазақстан тарихы» интернет-жобасы тарихта ізі қалған, елдің тарихында есімі алтын әріппен жазылған ұлы тұлғаларымыз туралы «Ұлы даланың ұлы тұлғаларын» оқырман назарына ұсынып келеді. Алғашқы бөлімде ежелгі дүние және ғұн дәуіріне дейінгі  (VI ғасырдың ортасына дейін) тұстағы ұлы тұлғаларымыз туралы сөз етпек болатынбыз. Екінші бөліміміз түрік қағанаты кезеңіндегі ұлы тұлғаларымызға тоқталып өтпекпіз.

Бумын қаған

Бумын қаған (туған жылы белгісіз – 552 ж) – тұңғыш түрік қағаны, Түрік қағанатының негізін қалаушы.

Түркі өркениетінің қалыптасуында және әсіресе түркі мемлекет түсінігінің Ұлы Ғұн дәуірінен кейін қайта қалпына келіп әрі қарай дамуында ерекше атап өтілуі тиіс ұлы тұлға Бумын қаған екендігінде дау жоқ. Қандай да бір өркениеттің пайда болуында алып мемлекет болуы керектігін қабылдасақ, Түркі өркениетіне қатысты бүгін айтып жүрген құндылықтарымыздың көпшілігі Көктүрік қағанаты кезінде орныққан. Ал міне сол мемлекеттің негізін қалаған Бумын қаған еді.

Кейбір дереккөздерде Бумын қағанды Елхан деп те атайды. Бұл тұңғыш түрік ханы Бумынның 552 жылдың аяғында Елхан титулын алуымен байланысты.

Қытай дереккөздерінде оны Тумын деп атайды. С.Г. Кляшторныйдың бағалауынша, Бумын қаған – түрік мемлекеттілігінің негізін қалаушы. 551 жылы қаған титулын алғаннан кейін ол түрік халықтарын бір мемлекетке – Түрік қағанатына біріктіре алды. «Биікте Көк Тәңірі, төменде Қара Жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Төрт бұрыштағы халықтарды көп алған, бейбіт еткен, бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген, ілгеріде (шығыста) Қадырқан (Хинган) қойнауына дейін, керіде (батыста) Темір қақпаға дейін жайлаған, (осы) екі аралықта жүрген иесіз көк түріктерді осылай қоныстандырған білге (дана) қағандар, алып қағандар болған екен» (М. Жолдасбеков. Асыл арналар. – Алматы, 1986. – 46-б.). Түрік елі мен оның алғашқы қағандары туралы олардың ұрпағы Йоллығ тегін осылайша әңгімелейді.

Егер түркілердің алғашқы билеушілері «шад» (наместник) деп аталса, VI ғасырдың басында ежелгі түркілерді билеген Туу «ұлы яғбу» («жабғу») деп аталған. 534 жылы ежелгі түркілердің билеушісі болған, болашақ империяның негізін қалаушы Бумын өз мемлекеттілігін құруға бағытталған әкесінің ісін жалғастырды. 542 жылы Бумын қаған Ашина тайпасының көсемі атанды. Осы уақытқа дейін түріктер жужандарға үлкен алым-салық төлеп келген, олар үшін темір балқытқан.

Әскері күш жинап, әскери істі үйренгенге дейін Бумын қаған халықты күреске көтермеген, ол теле (түрік тайпасы) тайпасынан қолдау күткен. Теле тайпасы да жужандарға алым-салық төлеп келген. 546 жылы әскерін жинап Бумын қаған телелерге қарай жылжиды. Ең бастысы Бумын қаған туыстас тайпаларды біріктіруді шешеді. Алайда теле тайпасының көсемі Бумынға бағынғысы келмейді. Ол жужандардың езгісінен құтылу үшін оларға қарсы өзі күреске шықпақшы болады, алайда оның ойын біліп қойған Бумын өз әскерімен Алтай тауларының шатқалына барып орналасады. Келіп жеткен телелер Бумынға бағынуды шешеді. Осылайша, 546 жылы теле тайпасы (қытай деректері бойынша 50 000 түтін) болашақ түрік мемлекетінің құрамына енеді. Осы жеңістен кейін Бумын жужандарға қарсы жорыққа дайындала бастайды.

Бумын қағанның әскербасыларының әскери өнерінен қорыққан қытайлықтар олармен достық байланыс орнатпақшы болады. Қытай елшісі өз билеушілерінің түріктерді өздеріне тең деп санайтындығын хабарлайды.

Тарихшылар Бумын қағанды Спартакпен салыстырады. Құл боп туған ол 552 жылы ол Елхан болып өмірден өтеді. Халқына тәуелсіздік алып берген Бумын қаған осы жеңістен кейін көп өмір сүрмейді. Сол жылы Бумынды түрік ақсүйектері ақ киізге көтеріп, Ел қаған атайды, ал оның әйелі Қатын титулына ие болады. Жаңа мемлекет бой көтереді. Таққа отырғаннан кейін бірнеше айдан кейін Бумын қайтыс болады. Оның орнына таққа мұрагері болып ұлы Қара отырады.

Бумын қаған – шын мәнінде ұлы тұлға. Бізге белгілі көп нәрсені біз қытай дереккөздерінен білеміз.

Бумын қаған ғұндар мемлекетінің бүкіл құрылымын қалпына келтірді деп санаймыз. Оның немесе оның ұлы Мұқан қағанның билігі кезінде қағанатта орта ғасыр кезіңде кеңінен танымал болған «Жабғу қаған» - қарулы күштердің бас қолбасшысы, бүкіл елдің қамқоршысы сияқты жоғары лауазымдар тағайындалғанын айта кеткен жөн. Бұдан басқа да атақтар болған, бұл дамыған мемлекеттік аппараттың болғанын көрсетеді.

С.Г. Кляшторныйдың бағалауынша, Бумын қаған – түрік мемлекеттілігінің негізін қалаушы. Басқа тайпалардың бірігуіне алғашқы қадам жасаған жан. 551 жылы қаған титулын алғаннан кейін ол түрік халықтарын бір мемлекетке – Түрік қағанатына біріктіре алды. Ұлы Түрік қағанатының негізін қалаушы Бумын көрші елдермен сауда ынтымақтастығына, дипломатиялық қатынастарды орнатуға бас болған.

Мұқан қаған (туған жылы белгісіз – 572 ж)

Мұқан қаған – Түрік елінің негізін қалаушы Бумын қағанның екінші ұлы. Мұқан қаған 553-572 жылдары билік еткен. Ол Түрік қағанатын қуатты империяға айналдырған ең көрнекті билеушілердің бірі болған.

Қытай дереккөздерінде ол келесідей сипатталған: «Ол қатал, қатты, батыл әрі өте ақылды болды; көбінесе соғыспен айналысты. Шығыста Корей шығанағынан бастап батыстағы теңізге дейін 10000 ли, оңтүстікте Құмды даладан бастап солтүстікте Солтүстік теңізге дейін 5000-на 6000 лиге дейін – бүкіл жер соның державасының иелігінде болды. Орталық патшалығына бәсекелес болды».

Көрнекті билеуші, оның билігі кезінде Түрік елі өз дамуының ең биік нүктесіне жетті. Әскербасы, әкімші, саясатшы әрі жауынгер Мұқан қаған мемлекетті көтеру үшін көп күш-жігер жұмсаған. Кейіннен барлық басқа мемлекеттер үшін классикалық үлгіге айналған реформалардың бастамашысы осы Мұқан қаған болған. Әскери-саяси қызметінен басқа Мұқан қаған қағидаттары барлық ертеортағасырлық мемлекеттердің болашақ сұлбасын сызып берген негізгі реформаларды жүргізген. Реформалар жүргізілген негізгі салалар:

-         Мемлекет құрылысы;

-         Әскери іс;

-         Шаруашылық жүргізу түрі.

552 жылы Ұлы Түрік қағанатының негізі қаланады. Көп уақыт өтпей Бумын қаған қайтыс болады. Бумын қағанның мұрагері – ұлы Қара Ысық қағанатты бір жыл ғана билейді. Ашина дәтүрі бойынша тақ ағадан ініге мұра болып қалатындықтан, таққа Мұқан қаған келеді.

Таққа отырған Мұқан қаған қалған жужандармен соғысты жалғастырып, қытай патшалықтарының бірі Вэйге қашқан олардың қағаны Дэн Шуцзыдың тас-талқанын шығарады. Жеңілгеніне қарамастан, Жужандар қағанаты түркілерге қарсы бірнеше жорық ұйымдастырады. Алайда олардың бәрі жеңіліспен аяқталады.

Алауыздықтың нәтижесінде Солтүстік Қытай екі мемлекетке – Ци және Чжоу мемлекеттеріне бөлінеді де, Мұқан қағанның ықыласы мен рақымына ие болу үшін оған алым-салық төлейді.

572 жылы Мұқан қаған қайтыс болады. Мұқан қаған билік құрған жылдары Түрік қағанаты Орталық Азиядағы саяси үстемдікке қол жеткізіп, Жужандар территориясынан бастап Орталық Азиямен Оңтүстік Сібірді, Оңтүстік-Батыс Маньчжурияны, Енисей мен Сары теңізге дейін қамтыған кең территорияда мекен еткен қырғыздарды, чиктерді, шығыста қидан, отыз-оғыз тайпаларын бағындырды. 

Елтеріс қаған (Құтлығ)

Елтеріс Білге қаған, Білге Құтлығ (туған жылы белгісіз – 691 ж.) – Шығыс-Түрік қағанатының негізін қалаушы. Туғанда берілген есімі – Құтлығ. Елтеріс Білге қаған – қаған ретіндегі есімі. Алғашқы Түрік қағанатының соңғы қағаны Іл қағанның жақын туыстарының ұрпағы.

630 жылы, Шығыс Түрік қағанаты құлағаннан кейін түркілер қытай шекарасына қарай ойысып, сол жерде қоныстанады. Тан әулеті түркі ақсүйектерін әкімшілік және әскери лауазымдарға тағайындап, оларды 50 жыл билейді. Осы кезеңде түркілер қытай боданынан көп зардап шегіп, ақсүйектер өз елінің тәуелсіздігін қалпына келтіруді ойластырады. 679 жылы Ашидэ Ұран бек және Ашидэ Фэнчжы мен оларға тең басқа да бектер өздеріне бағынышты аумақтарда көтеріліс бастап, хан тұқымы Ашина Низюк бекті өз қағандары етіп жариялайды. 680 жылы Тан әулеті үш жүз мың әскермен түркілерге қарсы жорыққа шығып, Ашидэ Фэнчжыды тұтқынға алады, ал Ашина Низюк бек қаза табады. Ашидэ Ұран бек қарлұқтарға қашады. Осыдан кейін Бірінші Түрік қағанатының соңғы қағаныІл қағанның ұрпағы Ашина Баянды жаңа қаған етіп жариялайды. Алайда ол Таң империясымен шайқаста (680ж.) тұтқынға түседі. Таң империясы билеушісінің бұйрығы бойынша Ашина Баянның, Ашидэ Ұран бектің және тағы да 54 адамның басы алынып, астана көшелеріне көпшілік назарына қойылады.

Осы шайқаста әрең құтылып шыққан Білге Құтлығ жанындағы 17 жауынгерімен Шұғай тауына барып паналайды. Оны жақтаушылардың саны көп ұзамай 700 адамға жетеді. Көп ұзамай ол Қарақұм қаласын астанасы етіп жариялап, бытырап жүрген 5000 адамның басын қосып, жинайды. Таң әулетінің әскери отрядтары мен Баз қағанның тоғыз оғыздары әскерін талқандап, тоғыз оғыз тайпасын өзіне бағындырады. 682 жылы өзін Елтеріс қаған деп жария етеді.

683 жылы астанасын Орхон өзені бойындағы Өтукен қаласына көшіреді. Қарақұмды оңтүстік астана етіп, інісі Мочоны (Қапаған) сонда жіберіп, телес шада атағын береді. Сөйтіп ол жарты ғасыр бұрын жоқ болып кеткен елін қайтадан қалпына келтіреді.

Таң империясына қарсы сәтті жорықтар жасап, ел нығаюына септігін тигізген, ыдырап жүрген түркілердің басын қосып, халық санын арттырған Тоныкөкті Елтеріс қаған бас қолбасшы етіп сайлайды. Осыдан кейін ол шығысында қидандарды, солтүстігінде тоғыз оғыздарды жаулап алып, өз иелігінің шекарасын кеңейте түседі. 691 жылы Елтеріс қаған қаза тауып, оның орнына билікке інісі Мочо келеді.

Құтлығ қаған қираған елін қайтадан қалпына келтіріп, Бірінші Шығыс Түрік қағанаты дәрежесіне дейін көтереді. Оның еңбегі мен ерлігі «Күлтегін» ескерткішінде өте жақсы сипатталған.

Қапаған қаған

Қапаған қаған (Богшор, Мочур, Мочжо) (туған жылы белгісіз – 716 ж.) – Екінші Шығыс түрік қағанатының қағаны.

Елтеріс қағанның інісі Қапаған 682 жылы әкімшілік-әскери «шад» атағын алады. Ағасын барынша қолдап, Таң империясына қарсы соғыстарда батырлық көрсетеді. 691 жылы Елтеріс қаған қаза тапқаннан кейін, Қапаған Екінші Шығыс түрік қағанатының қағаны атанады. Оның басты мақсаты Қытай тарапынан қағанаттың егемендігін Қытайдың мойындауы болатын. 696-697 жылдары қидандар Қытай империясына қарсы бас көтерген кезде, Қапаған әскери көмек ұсынып, көтерілісті басады, соның арқасында қытай билігі тарапынан өзін Түрік қағанатының қағаны ретінде мойындауына қолжеткізеді.

697 жылы қаған Қытай императорына өз талаптарын ұсынады: Қытайға бағынышты Ордостағы алты окруктегі барлық түркілерді қағанның билігіне беру; Таң әулетімен бейбітшілік және туыстық қатынастар орнату; түркілерге ауылшаруашылығы құралдарын, тары, бидай мен темір беру. Қытай жағы қағанның талаптарын ішінара орындауға мәжбүр болады. Алайда империядағы ішкі алауыздық жаңа соғыстың басталуына түрткі болады. 704-ші және 709-шы жылдары Қапаған Түргештер қағанаты қарсы екі рет жорық жасайды. Осы кезде Қапаған қағаннан құтылу үшін Қытай императоры оны өлтірген адамға 1-ші дәрежелі князь атағын беремін деп мәлімдейді. Қағанның асқан қаталдығына төзгісі келмеген қол астындағы тайпалар бүлік шығара бастайды. Татаба, қидан және түркі оғыздар сияқты тайпалар көтеріліс жасап, ыдырап шығып, Таң әулетінен азаматтық сұрайды. 716 жылы түркі оғыздардың байырқы тайпасының көтерілісін басып келе жатқан бетінде тосқауылға түсіп, Қапаған қаған қаза табады.

Қапаған қаған кезінде арғы бабалары Білге мен Істеми қағандар құрған Ұлы Түрік қағанатын қалпына келтіруге талпынды. Оның мақсаты ағасы Құтлығ негізін қалаған Екінші Шығыс Түрік қағанатын сақтау және нығайту болды. Оның көрші халықтар мен Таң империясына қарсы жасаған сәтті жорықтары туралы қытай жазбалары мен Онгин ескерткіші сыр шертеді. 

Тоныкөк

Тоныкөк (650 – 716жж) – ІІ Түрік қағанатының әскери және мемлекеттік қайраткері. 679 – 682 жылдардағы түркілер көтерілісін қолдаған. Қалпына келтірілген Түрік қағанатында Тоныкөк осы мемлекеттің алғашқы үш қағандарының (Құтлығ Елтеріс қаған (682-693). Қапаған қаған (683-716),Білге қаған (716-734)) кеңесшісі болған.

Тоныкөк шамамен 650 жылы өмірге келіп, 716 жылы қайтыс болған, «данышпан, білімдар» дегенді білдіретін «білге» атағына ие болған. Түркі қағанатының билеуші әулетінен шыққан ол мемлекет ісі туралы тамаша хабардар болған, әскери тапсырмаларды шешуге қатысқан, рухани дамыған жан болған. Тоныкөк өз заманының көрнекті тұлғаларының бірі болған.

Тоныкөк қағанның жақын кеңесшісі бола отырып барлық маңызды істерге, оның ішінде әскери іске де араласып отырған.

Тоныкөк мемориалы 1897 жылы қазіргі орталық және шығыс Моңғолия аумағындағы Байн-Цокто елді-мекенінен табылған. Тоныкөк құрметіне қойылған бұл ескерткіш мәтінін оқу, басқа тілqерге аударма жасау және оны ғылыми тұрғыqан зерттеу ісіне В. Томсен, В. В. Бартольд, С. Е. Малов, т. б. түркітанушы ғалымдар үлес қосты. Тоныкөк жазба ескерткішін қазақ әдебиеті тұрғысынан тұңғыш рет зерттеген М. Жолдасбеков болды. 

Тоныкөк жазба ескерткіші 313 өлең жолынан тұрады. Жырдағы жалпы оқиғалар желісін зерттеушілер оны он төрт циклға, яғни он төрт хикаяға бөліп қарастырады. Бұл жырда түркі елінің сан қырлы өмірінде Тоныкөктің тарихи рөл атқарғаны ерекше айтылады. Тоныкөк жазба ескерткішіне диqактикалық сарын беріп тұрған қанатты сөздер, афоризмдер, мақал-мәтелдер бертін келе қазақ ақын-жыраулары поэзиясында өзінің көркемдік qәстүр жалғастығын тапты.

Күлтегін

Күлтегін (684 – 731) – Қапаған қаған мен Білге қаған тұсындағы әскербасы, көрнекті мемлекет қайраткері. Елтеріс қағанның екінші баласы, Білге қағанның ағасы. Анасы – Елбілге қатын. Күлтегіннің ата-тегі Ашина әулетінің көк түрік руынан тарайды.

Екінші Шығыс Түрік қағанаты әскерінің бас қолбасшысы, «көк түріктің көк семсері» атанған атақты батыры. Әкесінен жастай жетім қалып, ағасы Қапаған қағанның тәрбиесінде өскен Күлтегін тым ерте есейіп, қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып, жау жарағын асынып, түрік еліне тұс тұстан төнген басқыншы жауға қарсы үлкендер қатарында тұрып, ерлікпен күреседі. Күлтегін тым ерте есейіп, қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып, жау жарағын асынып, тұс-тұстан төнген жауға үлкендермен бір қатарда тұрып ерлікпен айқасады. Міне, осыдан былай Күлтегіннің ерлік жолы басталады. Сол дәуірдегі қырғын соғыстардың бірде біреуі Күлтегінсіз өтпеген, дулығасы жарқырап, жауын жапырып, қан майданның ортасында жүрген, соның бәрінде ол жауына жасындай тиіп, түркі әскерін жеңіске жеткізіп отырған.

Күлтегін ескерткіші Моңғолияның Архангай облысының Хашат сомында, Орхон өзенінің оң жағасында Қошо-Цайдам елді-мекенінде орналасқан. 2001 жылғы 18 мамырда Еуразия ұлттық университетіне Күлтегін ескерткішінің көшірмесі берілді. Қазіргі уақытта бұл ескерткіш ҚР Ұлттық музейінде тұр.  

Білге қаған

Білге қаған (өз аты қытай дереккөздері бойынша Могилән) (684-734) – Шығыс (Екінші) Түрік қағанатының үшінші қағаны. Елтеріс қағанның баласы. Білге қаған Күлтегінмен және кеңесшісі Тоныкөкпен бірлесіп қағанаттың қуаттылығын қалпына келтірген.

Екінші Түрік қағанатының негізін қалаушы Елтеріс қағанның ұлы Білге 716 жылы, ағасы Қапаған қаған қаза тапқаннан кейін, таққа отырады.

Бiлге қаған 13 жасында шад атағын алады.17 жасында Таңғұтқа, 18 жасында алты чұб, табғач, он тұтыққа жорық жасап жеңiске жеткен. Одан қырғызтүргешқарлықтоғыз оғыз және т.б. елдерге жорық шабуыл жасаған. Күлтегіннің ағасы. Күлтегін Қапаған қаған ушықтырған тайпа ішілік соғысты тоқтату үшін 716 ж. әскери төңкеріс жасап, қағандыққа ағасы Білгені қойды. Ал Білге Күлтегінді әскербасы, ал қайын атасы Тоңыкөкті мемлекеттік кеңесші етіп тағайындайды. Осылайша билік басында Тан империясының саяси үстемдігіне қарсы үштік отырды.

"Олар Ақылдың, Адалдықтың, Қайраттың өзара тіл табысып, елін-жерін көгерткен ұлы үштік ретінде тарихта қалды. Ал, Білге қағанның тұсында тек қана бейбіт дәурен орнады" (Т.Жұртбай. "Дулыға", 131 б.). Күлтегін үлкен жазуында былай баяндалған: «Әкеміз, ағамыз құраған халықтың атақ-даңқы жоқ болмасын деп, түркі халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Інім Күлтегінмен, екі уәзіріммен өліп-тіріліп құрадым... Мен өзім қаған болғанда жер-жерге тарап кеткен халық өліп жітіп, жаяу жалаңаш қайта келді. Ең бірінші болып телес тайпасы оралды. Түргештер, қырғыздар бөрілі байрақ астына жинала бастады. Бұлардың бірқатарын ақыл-айламен, бірқатарын әскери күшпен қаратуға тура келді. Терістікте оғыз халқына қарсы, ілгері қатаң, татабы халықтарына қарсы, бергері табғашқа қарсы үлкен әскермен он екі рет соғыстым», - дейді Білге қаған (Күлтегін үлкен жазуы).

Білге қаған Қытаймен бейбіт қaрым-қатынас oрнатты. Oны Қытайлықтаp қаншалықты құптамаса да, мәмілеге келуге мәжбүp болды. Oсылайша Білге қaған халқын 722-741 жылдар арасында 20 жыл бейбіт өмірмен қамтамасыз етті. Екі ел арaсындағы бұл тыныштық Білгенің aлғыp сaясатының аpқасында орнықты.

722 ж. кездеcуде Қытайдың бұpынғы елшісі, түpкіден шыққан cатқын 734 ж. Қытай жағының өтінішімен Білге қағанға у беріп өлтіpеді.

Пайдаланылған әдебиеттер: 

1. «Ұлы Даланың Ұлы есімдері. Мақалар жинағы» кітабы

2. «Ұлы Даланың Ұлы есімдері. Мақалар жинағы» кітабы. Қазақстан тарихындағы ұлы тұлғалар. Студенттік топтар кураторларына көмек ретінде. 3-кітап / ҚР ҰҒА академигі А.М.Ғазалиевтің редакциясымен. – 2-ші басылым, өңдел. және толық. - Қарағанды: Қараганды мемлекеттік техникалық университеті баспасы, 2011. – 120 б.

3. "Егемен Қазақстан" газеті Н.Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы

4. Қазақша Уикипедия деректер базасы. 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?