Тарихты жазатын, құжатқа түсіретін тарихшылар. Осы жолда олардың мойнына қандай жүк артылады? Олар неге сүйенеді? деген сұрақтарға маманның өзінен сұрап білуге тырыстық. Бүгінгі профессионал – тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет.
Мектепте оқып жүргенде әрбір баланың арманы болады ғой. Мен мектеп кезінде заңгер болсам деп армандайтын едім. Бірақ өмір тарих саласына алып келді. Тарих саласына келгенімнің бір себебі біз шағын ферма орталығында тұрдық. Сол кезде ауылда үлкен ақсақалдар, көршілер ел аузындағы аңыздарды айтатын. Әсіресе, қыста соғым сойылған соң шағын ауылда бар-жоғы 12 үй бір-бірін асқа шақыратын. Сол кезде Елтеріс, Қамбар батыр және Алпамыс жырлары туралы әңгімелерді айтқанда қызығатын едім. Одан кейін тарихқа бет бұруыма әсер еткен әкем деп олаймын. Себебі әкем қарапайым жұмысшы болғанымен, сол кездегі бүкіл газет-журналды жаздырып алатын. Бала кезімнен есімде қалғаны «Жалын», «Жұлдыз» журналы, «Қазақстан әйелдері», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» сынды республикалық, облыстық газеттерді алып келетін. Ферма орталығында қойма меңгерушісі болып жұмыс істеді. Шопандарға таратылатын барлық газет-журнал сол жерге келіп түсетін. Соны әкем ат-шанамен таситын еді. Біз де таситын едік, - деді Аққали Ахмет.
Тарихшының айтуынша, әсіресе, «Жұлдыз» журналының ішінде Ұлы Отан соғысы туралы суреттер болатын.
Ол кезде үйде үлкен сөрелер де болмайтын.Әкемнің чемоданының ішін ашса, қызығатын едік. Себебі оның іші толған кітап еді. Ол кітаптың басым бөлігі ҰОС-қа арналған тарихи кітаптар болатын. Ол кезде орысша түсінбесек те, суреттерін көп қарайтн едік. Солай қызығушылық оянды. Сол 70 жылдардың басында ферма орталығында кітапхана ашылды. Ол ашылған соң кітапханаға жиі баратын едік. Онда тарихи кітаптарды алып, жарыса оқитынбыз. Осының өзі мені тарих мамандығына алып келді деп ойлаймын. Себебі мектепте де тарих пәнін сүйіп оқыдым. Біз 7-8 оқып жүргенде тарихтан беретін Зоя Өмірлікова деген апай келді. Ол кісінің де ықпалы болды, сабақты керемет түсіндіретін еді. Содан кейін тарихты таңдап, осы мамандық бойынша оқуға түстім. Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін, - деді ол.
Аққали Ахметтің айтуынша, ол орта мектепте сапалы білім алған.
Атырау облысы Махамбет ауданының Таңдай орта мектебінде білім алдым. Ол мектептің жанындағы мектеп интернатында 10 жыл оқыдым. Ол кезде білім берген оқытушылардың барлығы білімді еді. Қазір көпшілігі дүниеден өтті. Олардың берген білімі кез келген саладан мықты болатын. Ол кездегі ұстаздардың барлығы мықты еді ғой. Солардың арқасында жақсы оқыдық. Орта мектептен кейін 83 жылы облыс орталығы Гурьев қаласындағы педагогикалық институттың тарих-филология институтына оқуға түстім. 84 жылы әскерге шақыртылып, соған кеттім. 2 жыл Отан алдындағы борышымды өтеп, оқуымды қайта жалғастырдым. Оқу орнын 90 жылы тәмамдадым - дейді профессор.
Демек, тарихшы атағандай, ол тарих саласында диплом алғалы, яғни 30 жыл еңбек етіп келеді.
Еңбек жолымды Махамбет ауданының орта мектебінің интернатынан бастадым. Сол мектеп интернатында мұғалім болдым. Кейін Исатай ауданына ауыстым. 2001 жылы университетке келіп, сонда әртүрлі дәрежелік қызмет атқардым. Атап айтар болсақ, заң факультетінің орынбасары бодым. Тарих-филология факультетінің деканы, орынбасары болдым. Заң, экономика факультетінің де деканы болдым. 90 жылдан күні бүгінге дейін білім саласында қызмет етіп келемін. Жоғары оқу орындарында білім беріп келе жатқаныма 20 жыл болды, - дейді ол.
Тарихшы кіші жүзде Қаратай Нұралиев деген Әбілхайырдың немересінің қоғамдық саяси қызметі деген тақырыпты зерттеп, кандидаттық қорғаған.
Тарихта айтылмай келе жатқан тұлғалар еді. Себебі олардың қозғалыстарын біздің кезімізде феодалдық-монархия қызметі ретінде оқытты. Былайша айтқанда, тарихымызға теріс көзқарасты қалыптастырып, бұлардың барлығы бұрынғы феодалдық билікті қолдаушы, қандық билікті сақтап қалушы кертартпа тұлғалар ретінде оқытылды. Докторлық жұмысымда «Қазақстандағы архив ісінің тарихы» тақырыбын зерттедім. Қазақстанда архив ісі қалай дамыды, осы саланы тереңірек зерттеуге тырыстық. 1918-1991 жылдары аралағында Қазақстандағы архив саласының, соның ішінде архив ісінің қалыптасуы, қорлардың жинақталуы туралы зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Бұл өте қызықты тақырып болды. Себебі біздің архив ісі кенжелеп қалғаны рас. Біздің тарихқа қатысты көп құжат көрші республикаларда шашырап қалды. Себебі бір орталықтан басқару болмағандықтан Орынбор, Саратов, Омбы, Астрахан, Томск, Ашхбад, Ташкент сияқты қалаларда біздің тарихи құжаттарымыз шашырап қалды. Осыны қалай жинастырды, оны Қазақстанға қалай жеткізді, архив ісі қызметкерлері қандай жұмыс атқарғаны туралы жұмыстарды жүргіздім. 2010 жылы докторлық диссертациямды сәтті қорғадым. Қазақстанда архив саласы бойынша қорғаған мамандар саусақпен санарлық, - дейді ол.
Ахмет қазір өлке тарихына байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы бағытта ол елдің бірқатар өңірлерінің архивтерінде жұмыс істеген.
Жалпы тарихқа қатысты көп айтылмай келген, ұмытылып кеткен оқиғалар мен тұлғалар туралы жиі жазып тұрамын. Ол облыстық, республикалық газеттерге жиі жарияланып тұрады. Газеттерге ол туралы жиі жазуға тырысамын. Өйткені зерттеуді қалың көпшілік, кейінгі ұрпақ білуі керек, - дейді тарихшы.
Оның айтуынша, қазір тарихты бұрмалау күшейіп кеткені жасырын емес. Оны сезіне білу керек, тарих құжаттарын сөйлете білу де оңай емес.
Сол кездің, сол заманның тыныс-тіршілігін айқындайтын құжаттар болғанымен, кейбір құжаттарға өте сақтықпен қараған дұрыс. Қазір біздің қоғамды алаштықтар мен Кеңес үкіметін жақтаушылар деп екі лагерьге бөліп қарастырған жөн емес. Себебі олар өзінің өмір сүру кезеңінде халық үшін еңбек еткен тұлағалар. Осы тұлғалардың барлығын бөліп қарастыруға болмайды деген ойдамын. Сондықтан тарихты жазарда жауапкершілік болу керек. Біздің тарих зерттеу жағынан, жариялануы жағынан болсын кеңестік кезеңде қасаң тарихпен жазылғаны белгілі. Себебі біз өзіміздің тарихымызды әлі толық зерттеп, біле алмай жатқан халықтың біріміз. Өйткені тарихта бұрмаланулар өте көп болды. Тарихты жазарда, оны айтарда міндетті түрде жауапкершілікпен қарау керек деген ойдамын. Жауапкершіліктің үлкен екенін әрбір тарихшы сезініп, ақ-қарасын анықтап жазу керек, - деді Аққали Ахмет.
Тарихшы Қазақстан мен тәуелсіздікке дейінгі тарихты зерттеуде қандай айырмашылықтар бар екенін атап өтті.
Біз мектепте оқыған кезде КСРО деген елдің тарихын оқыдық. Бұл тек орыс тарихы еді. Бірең-сараң сөйлеммен ғана одақтас елдің тарихын айтатын. Ол Ресейдің отарлау саясатының прогресшіл, ал басқа халықтарды алға жетелеген тек орыс халқының еңбегінің нәтижесі деп дәріптегені рас. Біз өз тарихымызды білмеген едік. Біздің тарихымызды оқытпады. Көптеген би, сұлтандарымыздың қоғамдық-саяси рөлін, өмірін айтпады. Тек қана Кеңестік үкімет орнаған соң біздің халықтың көзі ашылды деген идеологияны сіңірді. Одан күні бүгінге дейін арыла келе алмай жатырмыз. Олардың саясаты өз жемісін берді. Ол кездегі өзіміздің Үкімет пен тарихшылар да соған жұмыс істегенін жоққа шығаруға болмас. Ал қазіргі кезеңде тарихтың зерттелуі, оған жаңаша көзқараспен қарау мүлдем бөлек. Қазіргі тарихта зерттеулер өте көп. Жан-жақты зерттеулер, тың монографиялар шығып жатыр. Осыған дейін жазылмай келе жатқан тарих қазір айтылып, насихатталып жатыр, - деді ол.
Тарихшы қазір балалары кішкентай болса да, тарих жөнінде айтып отыратынын айтты.
Бұрын кеңестік кезеңде шыққан «Қыз Жібек», «Алпамыс мектепке барады» деген фильмдерін көргенде тарих туралы айтып отырамыз. Мектепте тарих пен әдебиеттен өткен тұлғалар туралы келіп сұрайды. Сол кезде энциклопедиялардан көрсетіп, ол тұлғалар туралы атып беремін. Қазір мектепте де ондай жұмыстар жақсы насихатталады деп ойлаймын. Дастархан басында да «Абай кім? Ыбырай кім болған?» деп сұрап отырамыз. Әрбір отбасы тарихын дәріптеп, айтып отыруы керек. Қазіргі ұрпақ тез бейімделгіш, тез қабылдайды, - деді ол.
Аягөз ҚҰРМАШ
baq.kz