Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Түрік әлемі: қазақ халқының балалар ойындары ІІ

1691
#Түрік әлемі: қазақ халқының балалар ойындары ІІ - e-history.kz
Көптеген зерттеушілердің айтуынша, қазақтың ұлттық ойындарының арғы тегі біздің жыл санауымыздан бұрынғы замандардың өзінде қалыптасып, жүйеге түсе бастаған.

Зерттеушілердің біразы қазақ ойындарын көңіл ашу ойындары, спорттық ойындар және балалар ойыны деп бірнеше түрге бөліп жүргенін айта кету керек.  

Өткен жолы белгілі зерттеуші Зейнолла Сәніктің еңбектеріне сүйене отырып, қазақ халқының арасында кеңінен таралған балалар ойындарының біразына тоқталған болатынбыз.

Бүгін соның жалғасын сөз етпекпіз:

«Шыт (орамал) тастау»
Балалар шыр айналып отырады. Бір бала қолына шеті түйілген орамал немесе жаулықты алып, балаларды айналып жүгіреді де, өзі қалаған баланың артына шытты тастап кетеді. Шыт тасталған бала сезіп қалса, дереу шытты алып, шыт тастаушыны өз орнына жеткенше қуады. Жетсе ұрады. Қуып жетсе де, жете алмаса да, шыт алушы айналып басқаларға тастайды. Егер артына шыт тасталғанда сезбей отырып қалса, шыт тастаушы айналып келіп, шытты алып қайта айналып сол орынға келгенше ұрады да, өзі айналады. Ойын осылайша жалғасады. Бұл ойын жастарды сезімталдыққа, шапшаңдыққа тәрбиелейді және дене шынықтыруға пайдалы. 

Ойында көңіл бөлетін істер:
1. Ойынға қатынасушылар түгел отыруы керек. Тұруға, жүрелеп отыруға, артына жалтақтап қарауға болмайды. Шыт тасталғанда басқалар айтпауы керек.

2. Шыт тастаушы шыт тасталған баланың нақ артына, қол жететін жерге тастауға тиіс. Екі адамның арасына, алысқа тастауға болмайды.
«Мысық пен тышқан»
Ойынға қатысушылар араларынан мысық пен тышқан өтетіндей аралық қалдырып, қол ұстасып дөңгеленіп тұрады. Мысық болған бала шеңбердің ішінде, тышқан болған бала сыртында қалады. Мысық «мияу» деп дыбыс берісімен тышқан қаша жөнеледі де, ойын басталады. Ойын басталысымен мысық шеңбердің іші-сыртында еркін жүгіріп тышқанды ұстауына болады. Бірақ мысық адамға соғылмауы қажет. Мысық тышқанды қайсы жақтан ұстаса, сол жақтан екі бала ортаға шығып «Мысық-тышқан» ойынын жүргізеді. Ойын осылайша жалғаса береді. Бұл ойын арқылы балаларды тездік пен ептілікке баулуға болады.

«Түлкі соғу»
Бұл - ұзаққа жүгіруге, қапылыста қисынын табуға, тездік пен қырағылыққа жататын балалар ойынының бірі. «Түлкі соғу» ойынын ойнау үшін ойынға қатынасушылар іштерінен жүйрік, қағілез, жеңілтек біреуін түлкі етіп белгілейді. Қалғандары аңшы болады (кейде түлкінің соңынан қалмай жүріп ұстауға жауапты етіп тазы да белгіленеді). Түлкі болған бала қутындап, кашуға ыңғайланғанда, аңшылар оны кідірту максатында, қызықты сөздерді айтып айналдырса да, түлкі іркілмей жауап қайтарып, сырғақтап токтамай, өзіне қолайлы жакка карай зытуға бейімделеді.

Аңшылар:
- Түлкі, түлкі, түлкішек, түнде қайда барасың? - деп қоршауға алып, қоралай бастайды.
Түлкі: - Атам үйіне барамын, - деп шеттей береді.
- Атаң үйі не береді?
- Атам үйі ешкі сауып, сүт береді, лақ сойып, ет береді, – деп түлкі қашып шығатын жаққа қарай беттейді.
- Оны қайда қоясың?
- қатып қалса, қатыр-құтыр шайнаймын, - деп түлкі өзі ыңғайлы деп тапқан жаққа қарай қаша жөнеледі.
Аңшылар сол «қатыр-құтыр шайнаймын» деген сөз айтылысымен, түлкіге лап қойып ұмтылады да, түлкіні соғуға кіріседі. Ойын осылайша кезектесіп жалғасып ойнала береді.

Көңіл бөлетін істер:
Аңшылар түлкіні әуелде қоршауға алғанда бас салып, ұстап алатындай өте жақын тұрмай, түлкінің қалайда бір сытылып шығуына лайықты мүмкіндік қалдырулары керек. Түлкіні айналдыру сөзін ойын бастаушы немесе аңшының бірі айтады. Тұс-тұсынан жапа-тармағай айтып шуламайды.
«Түлкі соғу» ойынын ойнау үшін жер қолайлы болған жөн. Егер түлкі ұстатпаса, ойын аяқталмай қалады да, келер күні қайта жалғасады.

«Қара сиыр» - бастарын қосып жиналған жастардың ойнайтын ұлттық ойындарының бірі. Кей жерлерде оны «қара бие ойыны» деп те атайды. Ойнаушылар екі топқа бөлініп қораланып отырады да, бір жағының ойын бастаушысына, екінші жағының ойын бастаушысы келіп:

- Неғып отырсың? - дейді.
- Қара сиырыма қарап отырмын.
- Қара сиырың не береді?
- Қара сиырым сүтін береді.
- Сүтін кімге бересің?
- Сүтін қызыма беремін.
- Қызың не береді?
- Қызым жүзігін береді.
- Жүзігін кімге бересің?
- Жүзігін көлiме беремін.
- Көлің несін береді?
- Көбігін береді.
- Көбігін кімге бересің?
- Көбігін бәйтерегіме беремін.
- Бәйтерегің несін береді?
- Бәйтерегім жапырағын береді.
- Жапырағын кімге бересің?
- Жапырағын қара сиырыма беремін. Міне, сол қара сиырым берген сүтті пісіріп отырмын, - деп жұмған қолын көрсетеді (жұмған қолы «қазан» деп аталады).

«Кане, казаныңның қақпағын ашып көрсетші», - дегенде: «Міне!» - деп алақанын ашады. Осы кезде қарсы жақтан дайын тұрған (бірнешеуін арнаулы белгілеп қояды) баладан біреуі келіп (көбелек болған бала):

Көбелек келіп, көлк етіп, көбігін ішіп ол кетті, - деп алақанына салып қалады. Алақанын ашып тұрушы өте тез оның қолын ұстап алса, ұтып алған болып есептеліп, өз тобына қосып отырғызады, ұстай алмаса, «Көбелек» әуелгі өз орнына отырады.
Осының артынан іле-шала:
- Карға келіп қарқ етіп, қалқып ішіп ол кетті.
- Жапалақ келіп жалп етіп, жартысын ішіп ол кетті.
- Сауысқан келіп сарт етіп, сарқып ішіп ол кетті, - деп бірінің артынан бірнеше адам оның алақанынан ұрып өтеді. Осылайша, ұсталғаны - ұтылғаны, ұстатпағаны құтылғаны болып шығады. Ұтысып ойнап, барлық баласынан айырылған соң ойын басшысы өнер көрсетіп, соңында қайта бөлісіп орын алмастырып ойын жалғаса береді.

Көңіл бөлетін істер:
Әр екі жақтың ойынға қатысушылары тәртіпке қатаң бағынумен бірге айтылатын сөздері де анық болуы керек. Ретімен келіп алақанға ұрып өтетіндерге «Көбелек», «қарға», «жапалақ», «сауыскан» деген аттар беріліп, алдын ала ұқтырылып қояды. Егер ойын барысында жаңылып, басқаның атын атап қойса (қарға өзін жапалақ деп айтып қалса, онда да ұтылған болып есептеледі.

 «Түйе, түйе, тұзың қайда?» деген ойын балалардың әшекей-шешекей ойынының бір түрі. Бұл ойынды ойнау үшін ересегі ең алдына тұрып, қалғандары бойларына қарай бірінің етегінен бірі ұстап тізіледі де, бір бала жеке тұрады (бұны «қарақшы» деп те атайды). Түйе болғандар орнынан қозғалып жүргенде олардың алдынан шығып:
- Түйе, түйе, қайда барасың? – дейді.
- Тұзға барамын, - деп керуенбасы жауап береді.
- Түйе, түйе, тұзың қайда? –
Балқан таудың басында, балдыр қоян касында. –
Маған да бір қап тұз әкеліп бер.
Осыдан кейін түйелер боздап, шұбап өтіп кетеді де, қайта айналады. Қарақшы керуен басынан:
- Тұзым қайда? – деп сұрайды (ең соңғы балаға дейін сұралады).
- Тұзың артқы түйеде.
- Тұзым қайда?
- Тұзың артқы түйеде.
- Тұзым қайда? –
Тұзың артқы түйеде...
Осы тәртіп бойынша ең соңғы балаға келгенде ол:
- Ойбой, тұзын түсіп қалыпты, - дейді. Осы кезде: «Тұзымды бер, қабымды тауып бер», - деп тұра ұмтылады да, соңғы баланы ұстап алмақшы болады. Сонда керуенбасы қайта айналып арашалайды да, соңындағылар сол керуен бастығының артынан ілесіп айнала қашады. Қарақшы болған бала әр жолы бірден бірнешеден түйені тіркеуден ажыратып алып, ең соңында ұтып кетсе, сол адам керуен бастығы болады. Әуелгі керуен бастығы «қарақшы» болып қайта ойнайды.

«Атаман доп» Бұл ойынды топ бала екіге бөлініп ойнайды. Аралығы 60 метр шамасында екі көмбе белгіленіп, ортадан ойын басталатын шеңбер сызылады. Ойын басқарушы бір қолына тас ұстап, екі қолын айқастырып, екі топтан екі бала шақырып, майдан таңдатады. Қайсысы тасты алса, сол жак ойын бастайды да, көмбе алған жақтың балалары жол тосуға дайындалып, майданға шығады.
Ойын бастаған жақ ойын басталатын ортада тұрып, қарсы жақтың бір баласының басынан биік асырып допты тастап жібереді. Ол алақанымен немесе қалақшамен өз балалары тұрған жаққа ұрады. Осы кезде ойын бастаған жақтың балалары көмбеге қарай қашады. Майдан алған топтың балалары допты қағып алып, көмбеге қашқан балаларды ұрады. Егер доп тимей қалса, көмбеге қашқандар қайтадан өз орнына қарай жүгіреді.

Ал егер ұрған доп тисе, майдан алған топтың балалары өздеріне қолайлы болған көмбеге қарай қашады. Доп тиіп, допты ұстап алған бала өзі жете алмайтындай, яғни ұратын орнынан алыс болса, өз жағының қарсы жаққа жақын жүрген бір баласына берсе болады. Ойын осылай жалғасады.

«Қазан доп»
Бұл - жастардың сүйіп ойнайтын ойындарының бірі (допты сиырдың жүнінен жасайды). Қазан допты ойнаушылар доп қанша болса, сонша шұңқыр қазып, қазан жасайды. Қатар тiзiлiп қазылған қазанның айналасынан 15 адымдай (диаметрі) шеңбер сызылады да, шеңберден алыстығы 30 адымнан келетін екі жағына екі сызық тартылады (шеңберге таяу қосымша сызық болады).

Ойын бастаушы допты қазанның басынан домалатып қоя береді. Әркім өз қазанының қасында тұрады. Доп домалап қазандарға түсіп, шығып жүріп, бір қазанға барып тоқтайды. Доп кімнің қазанына түссе, сол адам допты алып, қасындағыны ұрады. Ұрушы шеңберден шыкпайды, қашушыларды қосымша сызықтан өткенше ұру керек. Ұра алмай қалса, қашып кеткендер қайта қазан майданына кіруге әрекеттенеді. Осы кезде ұрушы қосымша сызықтың ішінде жүгіріп жүріп ұруына болады, ұра алмаса, өзі өнер көрсетіп, ойын бастайды. Ұрып кетсе, доп тиген бала өнер көрсетіп, сосын доп бастайды. Ойын осылайша жалғасады. Казан доп ойыны тез әрі елгезек болуды талап етеді.

Қазір қазан доп ойнауға едәуір қолайлылық туды. Өйткені резина доптар домалатуға, ұруға, ұстауға өте ыңғайлы. Ал сиыр жүнінен жасалған доп біркелкі болмайды әрі ауыр болып, ұрғанда катты тиеді.

«Шілдек»
(1). Шілдек ойынын одақтасып та, жеке-жеке де ойнауға болады. Мұны ойнау үшін бала санына негізделіп таяқшаны төменнен жоғары қарай тұтамдап, кезектесіп ұстайды. Ең басы - ұш жағы кімнің қолына тура келсе, сол бала таяқшаны мықтап ұстап тұрады. Осы баланың қолының астындағы қол кімнің қолы болса, сол бала қазыкшамен (шілдекпен) үш рет таяқшаны ұрады. Егер осы үш рет ұру барысында бәлдекті қолдан ұшырып жіберсе, ойынды ұшырған бала бастайды. Ұшыра алмаса, бәлдекті ұстаған бала бас болып, ойын бастайды. Ойын реті бәлдекті ұстағандағы жоғарыдан төменге қарайғы реті бойынша болады.

Шілдек ойынының көмбесі: диаметрі үш метр келетін шеңбер сызылып, ортасынан шілдек қоятын сопақша шұңқыр қазылады. Осы шұңқырға шілдекті көлденең қойып, бӘлдекпен көтеріп тастап ұрады. Ұрған кезде бәлдек тимей калса немесе шілдек шеңбер ішіне түссе, ойын бастаушы ұтылып, кезекті өзінен кейінгі балаға береді. Ал бәлдек тиіп, шілдек шеңберден шықса, өзі ұра береді.

Шілдекті ұру басталысымен қарсы жақтың баласы шілдекті ұстауға дайын тұрып, ұшқан шілдек жерге түсірмей ұстап алса, тағы ойнау кезегін ұтып алады. Ұстай алмаса, шілдекті алып, шеңберді дәлдеп лақтырады. Шеңбердің ішіне түссе және кезек алады. Осы барыста шеңберге түсіре алмаса, шілдек ұрушы түскен жерінен бастап үш рет ұрып ұшырып, соңғы түскен жерден бастап көмбеге дейін бәлдекпен өлшеп санайды. Осылай ойнап жүріп кім бұрын жасалған тоқтам санына жетсе, сол ұтқан болып, қалғандары бір жолдан кезек алып қуалайды. Қуалау барысында да жете алмағандардан құпай алады (баллай).

Кұпай алуда бәлдекпен шілдекті шақтайды. Неше рет шақтаса, сонша рет ұрады. Ең соңғы түскен жерінен бастап көмбеге дейін ұтылушы: «Баллай-баллай, жігі-жiгi баллай, неге ойнадым алла-ай...», - деп демалмай жүгіреді. Жол ортада демалып қойса, сол демалған жерден және бір ұрып, ұзақа жіберіп, тағы баллайлатады. Сөйтіп, демалмастан жүгіріп. көмбеге келгенше құпай ала береді. Жүгіру дене шынықтыруға, дәлдікке, шыдамдылыққа дағдыландырады.

2. Шілдек ойынының бұл түрін де, одақтасып немесе жеке-жеке ойнауға болады. Ойын алдыңғыға ұқсас. Шілдек ойынының майданы «бас сызық», «тақым сызық», «көз сызық» деп үш сызыктан жасалып, екі жағы сызылып бірбіріне ұштастырылады. Әр сызықтың арасы екі адымнан болып, ойын бастаушы бас сызықта тұрып, шілдекті көз сызықтан өткізе лақтырып, бәлдекпен дәлдейді.
Шілдекті тастағанда бір шеті көз сызықты басып түссе, мұны «сығыр» деп, бір көзін жұмып тұрып дәлдейді, егер көз сызықтың ішіне түссе «соқыр» деп, екі көзін жұмып тұрып дәлдейді. Дәлдеу барысында бәлдек шілдекке тимесе, ойнау кезегі өтіп кетеді де, кезекті өзінен кейінгі бала алады. Дəлдегенде бəлдегі шілдекке тисе, екі ұшын үшкірлеп жонған шілдектің ұшынан ұрып ыршытып ұрады. Осылайша, үш рет ұрылып, соңғы түскен жерінен бастап бәлдекпен өлшеп санайды. Бірінші рет ұрғанда абайсыздықтан бәлдек оқыс тиіп, шілдек майданның ішіне түссе, бәлдекті артынан айналдырып, екі аяқтың арасынан өткізе ыршытып, алдынан ұрады. Мұны «тақым асты» дейді.

Әуелгі тоқтасқан санда 100 де 50 делінсе немесе 200 де 100 делінсе, 100 де 200-ді бас сызықтан дәлдеп ұрып табады да, 100 де 50-ді тақым сызыққа келіп, шілдекті тақым астынан тастап, бәлдекпен тақым астынан дәлдейді. Ұрғанда да бірінші рет тақым астынан ұрып ыршытып, алдынан ұрады (2-3 рет алдынан ыршытып ұра береді). Кім бұрын санға жетсе, сол ұтқан болып, қалғаны реті бойынша бір-бірден кезегін алады. Санды орындағандардың бәрі санды орындай алмағандардан кезектері бойынша баллай алады.

Баллай алу тәртібі алдыңғымен ұқсас. Ұтқандардың бәрі бірдей баллай ала бермей, өлең айтқызса да, би билетсе де болады. Бұл да - дәлдікке, шыдамдылыққа, жүгіруге дағдыландыратын дене шынықтырудың бір түрі.

«Тепкіш»
Тепкіш ойынының түрі көп, дене шынықтыруда маңызды ролі бар. Тепкіш ойнаған адамның қаны тарап, өне-бойы жiпсiп, денесі жадырап, ойы сергіп қалады. Тепкіштің ең жақсысы - тымпырдан (ортасы тесік жармақ) жасалғаны, бұған өткізетін қыл - текенің сакалы мен мойын жүні. Егер ол болмағанда ешкінің сақалы, жүні болса да жарайды. Тымпырдан нығыздап өткізілген жүннің түбін күйдіріп, ортасынан тең жарып, малақайдың төбесіне салып, баска киіп жатылдырса жақсы болады. Сырмақтың, тастың астына басып жатылдырғанының кыл жағы тие береді. Көп тебу, көп кәлла шығару тепкіш тебу өнеріне шеберлікпен жатылуға, тездікке, жасалған тепкіштің темірі мен қылының дұрыс қатынаста болуына байланысты (темірдің ауыр жеңіліне қарай қыл да ұзын-қысқа болады). Тепкіш ойнауда, дара ойнаса да (нақ тепкішілер өз өнерлерін көрсету үшін жекпе-жек ойнайды), одақтасып ойнаса да болады.

Ойынды бір аяқты жерге тигізбей, теуіп бастасады. Кімнің ұпайы көп болса, сол бас (тең болса қайта жеңіседі) болып, қалғандары тапқан сандарына карай кезек алып ойнайды. Тепкіште санды ақылдасып белгілейді. Теуіп те жарысады, КӘлламен де жарысады. Екі аяқпен тепсе де, кәлла шығарса да болады. Кәлла атуда қайырып ату, қайырмай ату, жұптап ату (қайырмай – екі қайырып, екі кәлләдән атуды «жұптап ату» дейді) қатарлы атулардың түрімен жарысса да болады.

Қазық теру
Бұл ойынды ұйымды, басшылықты түрде ойнайды. Арақашықтығы 100 метр болатын карама-карсы екі сызық сызылып, екеуінің арасына ұзындығы 25 сантиметрлік қазықтан (сырты ағартылып, жонылған немесе қызыл түспен сырланған болса да болады) аралығы 20 метрден етіп төрт қазық қағылады. Бұл ойынды сыныптар ара да, бір сыныпта топтар ара да бәсекелесiп ойнауына болады. Әр топқа 5-тен бала қатынасып, бір жағына - үш бала, бір жағына екі бала тұрып, ойын үш бала тұрған жақтан басталады. Ойын басталғанда бала жүгіріп бара жатып, қазықтарды теріп, тездікпен екі баланың біріне беріп, өзі сол баланың орнында қалады. Бұл бала қазықты қайтадан орнына қадап жүгіріп, әуелгі үш бала тұрған жаққа барып тұрады. Үш баланың екіншісі қазықты және теріп жүгіреді де, әуелгі екі бала тұрған жақтағы балаға береді. Қазықты алған бала қайтадан қазықты орындарына қадап жүгіріп, үш бала тұрған майданға (алаңға) барады. Үшінші бала және қадалған қазықты теріп жүргiрiп, алғашқы екі бала тұрған майданға барады. Орын ауысып, ойын бастағанда екі бала тұрған майданға - үш бала, үш бала тұрған майданға екі бала келіп тұрады. Сөйтіп, қазықты теріп және қайта қадау арқылы 500 метрге жүгіретін болады. Қазық теру ойыны шапшаңдыққа, жылпыңдыққа тәрбиелейтін әрі күлдіргі, әрі қызықты дене шынықтыруға пайдалы ойын болып табылады.

Көңіл бөлетін істер:
Ойын басқарушының бұйрығы бойынша бір уақытта басталады. Ойынға екі жұп қатынасса, параллель екі қазық аралығы - екі метр, үш зу қатынасса, екі метрден болуы керек.
Бұлай болмағанда бір-біріне соғылып қалулары мүмкін.

Бағалауда уакытка, казык тергенде түсіріп алған-алмағанына, қайта қарағанда орнынан жаңылу-жаңылмауына қарау керек. Озған топты, топ ішінде өнері үстем балаларды мадақтауға болады.
Асық ойыны - балалардың ежелгі спорттық ойыны. Тақыр алаңға көлденеңінен түзу сызық сызады да, соны бойлап тігілген кенейді кезектесіп сақамен ату арқылы мергендікті сынасады. Кенейді кім көп атып алса, сол ұтады.

Асық ойындарының «Хан атпақ», «Хан жақсы ма?», «Хануәзір», «Үйірмекіл», «Сасыр», «Атпақыл», «Қақпақыл», «Үш табан», «Төрт асық», «Бес асық», «Алты атар», «Омпы», «Табан», «Шық етер», «Тиынқабат», т.б. түрлері болады. Бүге (бүк) - асықтың дөңес жағы үстіне қарап түсуі;
Шіге (шік) – асықтың шұңқыр жағы үстіне қарап түсуі; Алшы - асықтың табаны жерге қарап түсуі; Тəйке - асықтың табаны үстіне қарап түсуі; Омпы - асықтың тұмсығы жер тіреп түсуі; Сомпы - тұмсығынан көкке карап түсуі.

«Хан ойынын ойнаушылар жеке де, одақтасып та ойнайды. Ойналатын асық саны ойнайтын адам санына байланысты. Егер адам саны көп болса, ойынға түсетін асық саны азырақ болады. Адам саны аз болса, асық саны көбірек болады. Үш адам ойнаса, ойынға бестен асык косып, алдымен бірден асық үйіріп, кезек алысады да, ойын бастаушының оңына қарай кезек алып айналады.

Әр адам бестен асық қосып, сайланған ханмен он алты асық үйіріледі. Хан құлжаның, таутекенің, еркек қойлардың асығынан (сақа дейді), яғни белгілі үлкендеу асықтан («қолыңа жақса, сақа ғой» дегендей) сайланып, бәріне ортақ сол бір хан болады. Әркім өзіне бөлек хан сайламайды.

  «Асық тақыр» Тегіс жерге ойналады. Ойын бастаушы асықты үйіреді. Белгіленген хан алшы түссе, алшы түскен асықпен атады. Мұны «ханды ату» дейді. Егер ханнан басқа алшы түскен асық жоқ болса, ойын кезегі жанындағы адамға өтіп кетеді. Ханды өзі тектес түскен асыкпен атқанда тимей кетсе, тіпті тисе де, басқа асықты қозғап кетсе, ойын кезегі және басқа адамға өтеді. Сондықтан ханды атуда ептілік пен

  Дәлдік керек. Ханды аткан соң, ханды аткан асыкпен (сол түстес түскен асықты) және бір асықты атып, екеуін бір-ақ алады да (мұны «хан бауыздалды» дейді, бұдан кейін ойын кезегі басқаларға өтсе де, хан қолында қалады) ерікті түрде үйірілген асықтан ұқсас түскен алшыны – алшыға, бүгені - бүгеге, ТӘйкіні - Тәйкіге, шігені шігеге дәлдеп атады да, өзінің атуына қолайлысын қалдырып, бірін алып отырады.
Асықты бір саусақтың бәсiмен атады, атканда кол сол асықтың орнында қалады. Сүйретіп немесе ұстап алып атуға болмайды. Атқан асық басқа атпаған асыкка тисе де немесе атқан асығына тиіп барып баска асықка тисе де ойын токтап, кезек басқа адамға өтіп кетеді. Сондықтан ептілік керек. Ойын кезегі басқа адамға өткен кезде қолында өзі коскан асыктан кем болмай артық асық алса, ойнаушылардың біреуіне ұпай салған болады.
Өз асығынан кем болса және асык үйіріп ату кезегі келмесе, өзіне артық алған біреуі ұпай салады. Бірақ ойынды хан қолында болғандықтан өзі бастайды. Ату барысында қолы басқа асыққа тиіп кетсе, «қолы күйді» деп («хан күйді» деп те атайды) ханды асығымен өткізіп береді. Сондықтан ептілік, мергендік, тездік ерекше талап етіледі. Ойын барысында ұтылушы өзінің бір кезегінде ұтушыдан асық ұтып алса, салынған ұпайдан кемітеді. Белгіленген санға кім бұрын жетсе, сол басқаларынан ұпай алады. Ұпай алуда су немесе езілген құрт ішеді, токинақ алады, омпы тістетеді, өлең айтып, би билеп берсе де болады. Су немесе кұртты әуелде қанша саптыаяқ (шыны) ішуге келіскен болса, сонша ішеді. Токинақ алуда («кертоқай» деп те атайды) ұпай алушы білегін жалаңаштап, шынтақтан бастап, жалаңбастанып еңкейіп отырған ұпай берушінің төбесінен сыпыра төмен тартады. Сонда басына шынтақ бір тисе, жұдырык екі тиеді.

Омпы тістеуде бір уыс күлді үйiп койып, асыктын омпы жағын (түбін) жоғары каратып күлге шаншып кояды. Ұпай беруші түрегеліп, екі қолын артына ұстап, тізесін бүкпестен еңкейіп келіп күлге шаншулы тұрған асыкты тістеп алады. 


Пайдаланылған әдебиет:

Зейнолла Сәнік. Көптомдық шығармалар жинағы/ VII том. –Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2017.


  Жалғасы бар...
     

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?