Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ЮНЕСКО қорғауындағы 11 тарихи нысан

10961
ЮНЕСКО қорғауындағы 11 тарихи нысан - e-history.kz
Қазіргі кезде ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізімінде Қазақстанның 11 тарихи нысаны бар

Бұл – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Алматы облысындағы Тамғалы петроглифтер кешені, Сарыарқа – Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері. Сонымен бірге, 2014 жылы бұл тізімге Тянь-Шаньдағы Ұлы Жібек жолының нысандары енді: Қаялық, Қарамерген, Талғар, Ақтөбе, Ақыртас, Құлан, Қостөбе, Өрнек қалашықтары.

1. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Тізімге енген жылы – 2003 

3a1d3101d695964b3b0c308bc8f11a60.jpg

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат. Қожа Ахмет Ясауи дүние салғаннан кейін халықтың көп жиылуымен өзіне арнап соғылған кішкене мазарға жерленеді. Кейін бұл кесене мұсылмандардың жаппай тәуеп ету орнына айналды. 

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи ғимараты – орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші. 

2. Тамғалы петроглифтері. Тізімге енген жылы – 2004 

c069eea81cedde40b92ce7dbdd245e4c.jpg

Тамғалы петроглифтерін 1957 жылдың 19 қыркүйегінде Қазақстанның тұңғыш кәсіби археологы Анна Георгиевна Максимованың жетекшілігімен Қазақ КСР Ғылым Академиясы Тарих және археология институтының Оңтүстік-Қазақстан археологиялық экспедициясындағы Жетісу отряды ашқан. Петроглифтер кездейсоқта табылғанмен, бұл жаңалықтың мәні төмендегідей болды, Қазақстан аумағындағы адамдардың осынау көне тұрағының бірі ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұрасының тізіміне енді. 

3. Сарыарқа – Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері. Тізімге енген жылы – 2008 

937b6c9eb4654263c668de6d36d6f0d2.jpg

Сарыарқа – Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері – Қазақстан, әрі Орта Азиядағы Әлемдік мұра тізіміне бірінші болып енген табиғи нысан. 2008 жылдың 7 шілдесіне Квебекте (Канада) өткен Әлемдік Мұра Комитетінің 32-сессиясында қабылданған болатын.

Нысан Қазақстанның далалық аймағында орналасқан жалпы ауданы 450344 га. құрайтын екі қорықтан тұрады: Қорғалжын қорығы және Наурызым қорығы. Нысан тұщы және ащы сулы екі өзендер тобын қамтып, солтүстіктегі Арктикаға және оңтүстіктегі Арал-Ертіс бассейніне құятын өзендердің су айырығы болып табылады. Сонымен қатар, жыл сайын Африка, Үндістан және Оңтүстік Еуропадан Батыс және Шығыс Сібірде орналасқан ұя салу орындарына миграциялайтын миллиондаған жыл құстары үшін маңызды аялдау жері болып есептеледі.

4. Қойлық қалашығы. Тізімге енген жылы – 2014

a3ffaed8ee2cd6453067802fca83ff7c.jpg

Қойлық, Қаялық – Ӏле алабындағы аса ірі ежелгі қала. Деректемелерде 11 ғасырдан бастап белгілі, бір кезде ол Қарлұқ кағаны – Арыслан ханның ордасы болды. Франция королі IX Людовиктің елшісі Вильгельм де Рубрук Қойлықта 1253 жылы күзде болған. Бұрынғы Ӏле кыстағының жанындағы өткел аркылы Ӏле өзенінен өткеннен кейін ол былай деп жазды: «Келесі оған көптеген көпестер қатынап тұрған Қаялық деген үлкен кала таптық». Қаланың тұрған орны туралы түрліше жорамалдар бар. Қазақстан FA археологиялық зерттеулер Қойлықтың орны Лепсі алабындағы Антоновка аулындағы қираған құрылыстар екенін анықтады. Мұнда 1964 жылы Жетісу археологиялық экспедициясы барлау жұмыстарын жүргізген. 1997 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (жетекші К. Байпақов) ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. 

5. Қарамерген қалашығы. Тізімге енген жылы – 2014 

3fe7a9fc45fc0a1f0c5b70ec94f88db7.jpg

Қарамерген – Іле өзенінің бойындағы отырықтанған өркениетті қалалардың ең көнесі. Ұлғайып, көркейген шағы XII-XIII ғасырларға сәйкес келеді. Аталған қалашық археологиялық зерттелу үстінде. Қарамерген қалашығының жалпы аумағы 62 га, оның ішінде қорғау аймағы 7,1 га, қорғалатын табиғат ландшафтының аймағы 25,3 га жер. 

6. Талғар қалашығы. Тізімге енген жылы – 2014 

e8f8faf4166de62922ac96f5e65f02c9.jpg

Ортағасырлық Талғар қаласы – Алматы қаласынан 25 шақырым шығысқа қарай, қазіргі Талғар қаласының оңтүстік жағында орналасқан. Бұл – Іле жазығының ең ірі қалаларының бірі. Ортағасырлық қаланың қалған бөлігі өкінішке орай 20 га жуық аумақ қазіргі заманғы құрылыстар астында қалған. Талғар ірі әкімшілік, саяси, сауда орны ретінде жазба деректерде Х ғ. көрсетіле бастады. Ал қала VIII ғасырдан XIII ғасырдың аяғына дейін өмір сүрді. 

7. Ақтөбе қалашығы. Тізімге енген жылы – 2014 

dea6fdd719864754e44cfb50edb10f29.jpg

Ақтөбе қалашығы – IX–XIII ғғ. тән ескерткіш. Жамбыл облысы, Жамбыл аудыны, Бесжылдық ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 0,5 шақырым жерде орналасқан. Қалашықты 1978 жылы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясы ашқан (К. Байбосынов). Жобасында тік бұрыштылау болып келген алаңның көлемі 150×110 м, биіктігі 3,5 м. Қалашық табанындағы ені 16 м, биіктігі 2 м-к үйінді жалмен қоршалған. Бұрыштарымен тараптарға бағытталған ескерткіш кесіндісінде солтүстік-шығыс — оңтүстік-батысқа бағытында орналасқан 3 алаң түрінде болып келген. 

8. Ақыртас қалашығы. Тізімге енген жылы – 2014

786ab10292f20515f44aad4cd357c091.JPG

Ақыртас – Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында орналасқан сарай кешені. VIII-IX ғасырларда салынған. Ақыртас соңғы 130 жыл бойы зерттеліп келеді. Тараз қаласының шығысында 40 км жерде, Ақшолақ теміржол стансасынан 6 км оңтүстікте орналасқан. Қазіргі кезде онда археологиялық жұмыстар жүргізілуде. 

9. Құлан қаласы. Тізімге енген жылы – 2014 

faf8ef0548c8a1aff240b6f368e29a08.jpg

Жамбыл облысы Рысқұлов ауданы Құлан ауылының маңында ортағасырлық Құлан қаласының орны сақталған. Құлан қаласы туралы VII ғасырдағы қытай, араб жазба деректерінде айтылады. Құлан қаласында көптеген тарихи оқиғалар өткен. Мысалы, 740 жылы түргеш бегі Құрсұл Батыс Түрік қағандығының ең соңғы басқағы Ашина Суйцзыны осы қалада өлтірген. 840 жылы араб әскерлері Құланға дейін жеткен. Тараздан және Меркеден Құланға дейінгі арақашықтық көрсетілген жол бағдарлары жазылып сақталған. 

10. Қостөбе қалашығы. Тізімген енген жылы – 2014 

a684d902adb774e962aff5f64aef5f5a.jpg

Қостөбе – VІ-ХІІ ғасырлардағы көне қала орны. Байзақ ауданындағы Сарыкемер аулының шығыс жағында, Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан. Алғаш А.Н. Бернштам 1938 ж. зерттеген. 1985-1987 жылдары К.М. Байпақов бастаған Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнография институтының Тараз археологиялық экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізді. Кезінде қала биік қабырғамен айнала қоршалып тұрған. Сақталып қалған қабырғалардың биіктігі 3 м-ге жетеді. Қабырғалардың бұрыштарындағы мұнаралар биіктігі 16-18 м болған. Қаланың төрт қақпасы болған. Қазіргі кезде қақпалардың қабырғалардан ажырап қалған бөліктері ғана сақталып қалған. 

11.Өрнек қалашығы. Тізімге енген жылы – 2014

45d7710572dcf732146627f7b99bd2ed.jpg

Өрнек қаласы – ортағасырлық қала. Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Өрнек ауылынан оңтүстікке қарай 6 км жерде, Алтынсу өзенінің жағалауында, Сұлутөр шатқалында орналасқан. Қаланың ортаңғы бөлігі – бұрыштары мен жер бөліктеріне бағытталған төртбұрыш алаң. Қоршап тұрған дуалының қырымен есептегенде оның өлшемдері 155-160 м. Төрт жағында әрқайсысында дуалдың жырығы тәріздес қалаға кіретін жер байқалады. Қақпалары қаланың ортасында түйісетін жолдармен біріккен. Қалашықтың жалпы аумағы 500 га шамасында болған. Қазба кезінде табылған хумдар, қазандар, құмыралар, тостаған сияқты қыш ыдыс сынықтарына қарағанда қалашықты адамдар VІІІ-ХІІ ғасырларда мекендеген.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?