Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың жерлеу рәсімі

5813
Қазақтың жерлеу рәсімі  - e-history.kz
Жерлеу рәсімі-жақын туыстарының ғана міндеті емес, төңіректегі түгел қауымның өлікке көрсететін соңғы құрметі

Кісісі өлген қаралы үйдің шығындарын көтерісу мал немесе ақша жинап беру, келген қонақтарды жабыла күтіп алу, тек кісі қазасында ғана емес басқа да ауыр жағдайларда көңіл білдіріп, қауым болып қайғыру – зор адамгершілікпен ұйымшылдықтың белгісі болып саналады. Бұндайда тек қана жерлеуді ұйымдастыру ғана емес, қаржылай да, азық-түлік мал жағынан да көп көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, аталас рудан тарағандар қайтыс болған кісінің үйіне салмақ түспес үшін, сол үйде жасалатын бар істі өз мойнына алып, келген кісілерді өз үйлерінде, кеткенше түнетіп, тамақтандырып отырады.

«Қырғыздар (қазақтар) қаншалықты ұзап көшкендеріне қарамастан өмірден озған адамдарын өздерінің рулық қорымдарына әкеліп жерлейді. Кейде мүрдені алыс жолға алдын ала әзірлеп, кілемге орап, жүздеген верст жерге апаратын жайттарда кездеседі. Ең алдында қаза болған адамның мұрагері иығына мылтық асынып, жанында қылыш ұстаған, сабалық жүнді үшкіл малақай киген азалы мұрагері жүреді; онан кейінгі түйе үстіне кілемге оралған мүрде жатқызылады; әрі қарай ағайын-туыстары мен жора-жолдастары құрбандыққа шалуға арналған қойлар мен азық-түлік үшін алып шыққан малдарды айдай жүреді. Мұндай көріністерді қорымға жақындағанда жиі байқауға болады». Каразин Н.Н. От Оренбурга до Ташкента. Путевой очерк.1886. стр-10.

Қайтыс болған кісіге жақын үй иелері мен оның ең жақын туған-туыстары жеруледі ұйымдастыруға қатыспай, қайғыра жылап көңіл айтуға келген кісілерді күтіп алып отырады. Дәстүр бойынша қайтыс болған кісінің туысқандары өздерінің жағдайларына, мүмкіншіліктеріне қарай, әдетте белгілі бір мөлшерде бірден он бас көлемінде мал әкеледі. Бұл рәсімді - аза тұту деп атайды.

Еске алу үшін рәсім бойынша міндетті түрде мал сойылады. Қазірге дейін бұрынғы салт бойынша жерлеуге дейін қою рәсімі сақталып келеді.Ал жерлейтін күні таң атқан кезде, ірі малдан жылқы немесе сиыр сойылады.

Молданың қатысуымен қайтыс болған кісіні жуу рәсімі өтеді. Яғни, жерлеуге дайындаудың ең маңызды шарты – өлген кісіні сумен жуындырудың бірінші кезеңі – мейірім су немесе иман су деп аталады.

Қазақтардың сондай-ақ Орта Азия елдерінің әдет-ғұрыптары бойынша қайтыс болған кісіні, әсересе түнде ешқашан жалғыз қалдырмаған. Өлген адамның жатқан жерінде қырық күн бойы жеті жерде май шырақ жанып тұруы тиіс.

Жерлеуге дайындаудың екінші сатысында өлікке ақырет киімі кигізіледі. Шариғат бойынша қайтыс болған кісіні киіммен жерлеуге тыйым салынған, сондықтан ақырет ерлер киімі немесе әйелдер киімі болып бөлінбейді. Ақырет киімінің пішімі Орталық Азия халықтарының көпшілігінде ұқсас. Дәстүр ақырет ерлер үшін үш бөлік, әйелдер үшін бес бөліктен тұрады. Ақыретті дайындаудың белгілі бір ережесі бар: ең алдымен ақ мата мол болуы қажет, мата тесілмейді, бірақ кесіледі, пішіледі (егер қайсы бір жағдайда қиылса, оны ақыреттің ішкі жағына жібереді); матаны бір кесілген жіңішке етіп қайма тігеді; ақыреттің бөліктерін қолмен қиып пішеді; ақыретті дайындау үшін істі Аллаға сыйынып бастайды. Молда өзімен алып жүру үшін, ақыретті үлкен инемен тігеді. Бұрын шариғат бойынша ағаш ине болса, кейінгі кездері темір ине пайдаланылатын болған.

Ақыретті дайындап біткен соң, екінші рет жуу рәсімі басталады. Жуушылар – сүйекке түсушілер деп аталады. Бұрынғы кездері сүйекке кірушілердің біреуі міндетті түрде қайтыс болған кісінің туысқаны-жанашыры болса, алған қалғаны өзге аталастардан құралған. Негізінде сүйекке түсуші адамдар қайтыс болған кісімен жақсы жағынан қатарлас немесе үлкен болуы қажет. Олардың саны тек тақ саннан 3 немесе 7 адам болады, өйткені жұптан болса ырым бойынша қайтыс болған адамның тағы да біреу ереді деген сенім болған.

Жуындырғаннан кейін қаза болған кісіге ақыретті кигізеді. Ақырет үш жерден буылады: басының жоғарғы тұсынан, белінен, аяғынан. Ақыретті киіндіріп болған соң киізге орайды. Онан кейін қайтыс болған кісінің күнәсін өтеу мақсатындағы дәлел шығару – рәсімі орындалады. Кейде оны дәлел оқу, ысқат деп те атайды. Бұл молданың құран аяттарын арнайы түрде оқуы түрінде өтеді. Кейде бұл рәсім кешкі намаздан кейін, жерлеу алдында жасалады.

Жерлеу рәсімінен бұрын киім үлестіру рәсімі орындалады. Қаза болған кісі жасы үлкен адам болған жағдайда оның тірі кезде киген киімдері алдымен сүйекке түскендерге, сонан соң басқа да туысқандарға таратылады. Бұл ата жолы деп аталады. (Қазақстанның солтүстік пен шығыс аудандарында бұл рәсімді сыйым деп те атайды). Қайтыс болған кісінің киімдерінен немесе шапанынан қиып беретін болған. Егер бұл рәсім орындалмайтын болса, онда қаза болған кісі о дүниеде киімсіз қалады деген сенім бар. Қайтыс болған адамға жеңіл болуы үшін, алған киімді «иісімен» тозғанша кию керегі айтылады. Бұл сауапты іс ретінде есептеліп, сол киімді тозғанша кию арқылы өлген кісіге жеңіл болатындығы ескеріледі. Қазақтарда жаңа киімді алғанда «Өзің киіп, өзің тоздыр» деген сөздің астарында киіміңді басқалар кимесін, денің сау болып, ұзақ ғұмыр сүр деген тілек жатыр.

Қайтыс болған кісіні үйден аяғымен шығарған. Оның денесін арнайы ағаш зембілге салып жаназа оқитын жерге апарады. Жаназаға тек ер адамдар ғана қатысады. Жаназа қатарына тұратындардың барлығы дәрет алуы тиіс. Молда (имам) ораулы жатқан кісінің бетін күнбатысқа қарай жатқызады. Жаназа соңында молда айналада тұрғандардан өлген адамның тірісінде қандай адам болғандығы жөнінде сұрап, «қарызы бар ма еді»- деп дауыстап айтады. Жаназа рәсімінен кейін жоқтау айтуға тыйым салынады.

Жаназа біткеннен кейін ер кісілер қайтыс болған кісіні ағаш зембілге салып қолдап көтеріп ауыл сыртындағы зиратқа қарай бет алады. (Жерлеуге рәсім бойынша әйел адамдар бармайды, тек ер адамдар ғана қатысады). Сол сәттен бастап қайтыс болған кісімен «қоштасу» рәсімі басталады: әсіресе жерлеуге қатыспаған оның әйелі, қыздары, әпкелері қатты дауыс шығарып жоқтау айта бастайды.

Қазақ халқы қайтыс болған кісіні өзінің ата-бабасы, жақын туған-туыстары жатқан жерге, яғни ата-баба зиратына жерлеген.

Қабірге қою барысында қайтыс болған кісіні оң бүйірге қаратып, басын Мекке жаққа «Құбылаға қаратып» жатқызады. Сол сәттен бастап барлық жерлеуге қатысқандарға жыртыс таратылады, яғни өлген адамның ризашылығы үшін бұны «тәбәрік» деп те атаған. Зиратта өлген кісіні жерлеп жатқанда үйде кейбір рәсімдер жасалып жатады. Егер өлген кісі егде тартқан үйдің иесі (күйеуі, әйелі) болса, үйде жақсылық болсын деген жақсы ниетпен жатқан жеріне бидай дәні шашылады.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?