Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ибнул-Жаузидің уақыт пәлсапасы

2431
Ибнул-Жаузидің уақыт пәлсапасы - e-history.kz
Ибнул-Жаузидің бір кітап жазу кезіндегі ұштаған қарындашының жаңқалары ол қайтыс болғанда мәйітін жуатын суды ысытуға жеткен екен.

Уақыт Алланың адамға берген сыйы мен сынағы. Мұны әр адам өзінше түсініп өмір сүреді ғой. Жаратушының пәни дүниесін хакім Абай «Бұл жалған бір бес күндік ер сынаған» дейді. Жаратқанның пендесіне өз сыйы мен сынағы бар. Бұл екі ұғым дінде түбегейлі қарастырылады.

Уақыттың оңдырмас, қайратыңды кемітпей қоймас амалы жоқ. Жарқыраған күннің де,  дөңгелеген жердің де өз өлшемі бар. Жаралушының өзгерері, Жаратушының өзгермесі абсолютті ақиқат қой. Кез  келген тірі тіршіліктің өз тоқтамы бар.  Мұны басқа емес күннің атуы мен батуының өзінен ғана аңғаруымызға болады.

Жүрегінің көзі ашық зерделі жандар үшін жарқыраған дүние мен көзтүрткісіз қараңғылықтың алмасуында бұлттартпас ғибрат бар.  Бұл бәрібір түптің түбінде жарықты  түнектің, өмірді өлімнің алмастырмай қоймасының ашық дәлелі секілді. Адам өмірі жазылған бір сөйлем іспетті десек, оның нүктесін тек бір ғана өлім қояры сөзсіз. Мәселе, сол сөйлемнің қалайша жазылған мазмұнында болып отыр ғой.

Патша Құдай пендесінің ниетін өз құзырына қалдырған. Жалғыз рет жазылатын сөйлеміңді адал етіп жазасың ба,  жоқ әлде арам етіп жазасың ба ол енді пенденің өз қалауына байланысты. Бұдан шығатын қорытынды өмір парақ болса, ниет қаламсап екен.

Қазақ ұғымында фәнилік ғұмыр мен уақыт бес күн. Неге алты немесе жеті күн емес. Мұны жоғарыда сөз еткеніміздей Абай хакім де «Бұл жалған бір бес күндік ер сынаған» деп өз өлеңіне қолданады. Мүмкін фәнидегі адам ғұмырының шегі бақидың бес күнімен пара-пар шығар. Қалай десекте бұл сандық өлшем жалғанның қамшы сабындай қысқалығынан ақпар берген ақиқат болса керек. Мәселен сексенге иек артқан бір ғұлама өзінің алпысқа келген шәкіртінен «сен нешеге келдің» деп сұраған көрінеді. Шәкірті өзінің алпыс жасқа толғанын мәлім етеді. Сәл кідірген ғұлама тағы да әлгі кісіден күніне қанша сағат ұйықтайтынын сұрайды. Шәкірті болса әр күні әр қалай, кейде 10-12 сағат көз шырымын алатынын айтады. Сонда ұстазы «Адам көп жасағанымен емес, көп көргенімен ұлы. Сен жерден жеті жасқа дейін таяқ жедің. Ол кез есіңде еміс-еміс қана болар, немесе мүлде ұмытқан да  шығарсың.  Бұл қалыптасу кезеңіндегі білгенің мен түйгенің, көргеніңе негіз бола алмайды. Ал, бір күнде жиырма төрт сағат бар десек оның тең жартысын,  яғни он екі сағатын ұйқымен өткізген болдың. Бұдан шығатын қорытынды, сіздің алпыс жылдық ғұмырыңыздың отыз жылы ұйқымен өткен болды ғой. Қалған отыз жылдан әлгі көргенің мен білгеніңе, оқыған мен тоқығаныңа жатпайтын жеті жылды шегеріп тастайық. Сонда сіз шамаман 23-25 жас аралығында ғана болдыңыз» деп байлам айтқан көрінеді. Қазақ ұғымындағы бес күннің мән-мағынасының  құпиясын танып  түсінуге осы бір мысал аз да болса өз септігін тигізетін секілді. Небары жиырма жасында ғана өр ақын Мұқағали Мақатаев:

                           "Алқымдыдым өмірдің жиырмасын,

                           Мейлі енді өмірім қиындасын.

                           Сексен жасап сегіз сөз қалдырмаған,

                          Әлдекімнің өмірі бұйырмасын" деп өз-өзіне ант берген екен.

Бұл өлеңнен Мұқағалидың, өмірге келгені мен кеткені белгісіз «әлдекімдер» секілді болып  ғұмыр кешіп, өмір сүруге жаны қас екендігін анық көреміз.

 

Әлдекімдер дегеннен шығады ғой, адам өз өмірін осы бір мағынасыздықтан өзгеше етіп  өзгерте ала ма? Әулие Мәшһүр-Жүсіп «Әркім өз жанын ұзартуды, тірілтуді керек қылса ғұмырын ғылым білімге сарып қылсын» дейді. Рас, ғылымнан өзге ақиқат жоқ. Бұдан бағзыда өмір сүрген даналар есімінің күні бүгінге дейін ұмыт болмай ұзақ жасап келе жатқандығының бір мәні де осында жатқан болар. Қалай десекте бұл тұлғалар  өмірдің мәні мен уақыттың қадірін жіті түсінген жандар екендігі шүбәсіз. Ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының әйгілі шайырларға қатысты қарата айтқан мына бір сөзі соған дәлел. «Адамдардың арасын ақша ғана жалғастырып тұрған заманда бір әкім өлсе, оның орнын екінші бір саудагер басады. Ал, ақындарға мәре мен сәренің арасы бір тұтам, өмір мен өлімнің арасы бір ұшқын. Ұшқыр уақыттың уайымы соңында. Сол сияқты, дыбыстан да жылдам самолеттердің ұшып бара жатқандағы гүрілі өзінен көп кейін барып қана естіледі. Арман-қиялы заманалардан да жүйрік ақындар бар. Өте сирек аспантектілер. Олардың құдіреттерінің күркірі былайғы қуыс кеуделерге араға ғасырлар салып барып қана аңғарылмақ. Онда да, қуыс кеуделерге құйма құлақ бітсе жақсы...» Мүмкін уақыттан озған оғылан жандарды көз тірісінде бағалай алмай кеш түсініп жататынымыз да осыдан шығар.

Ал, біздер ше? Бір ғана ғұмырымызды қалайша өткізіп жүрміз? Өзінің он бесінші қара сөзінде хаһім Абай «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса, айына бір өзіңнен-өзің есеп ал. Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың» деген пікірі Пифогордың  «таңертең оянысымен  мен не істеуге тиіспін де, кешкісін ұйықтар алдында мен бүгін  қандай ізгі істер тындырдым деп, өз-өзіңнен жауап ал» деген сөзінің кең түсіндірмесі ғой. Екі ғұлама да өз  өміріңе үңіл, не істеп не қойып жүрсің? Бұл сұрақтарға күнделікті жауап беріп отыру керектігін  қайыра қаперге салады. Осынау сөз орайында адам баласына барша ғұмыр жолы ғибрат болатындай, фәнидің мәні мен уақыттың қадірін білген мына бір тұлғалардың өмірінен азын-ауылақ мысал келтіре кетсек. Мәселен небары 45 жасында қайтыс болған ислам ғұламасы Нәуауидің артқа тастап кеткен еңбектерін есептесеңіз, 45 жылға қайыра сыйғыза алмайсыз. Себебі, уақытын өте қатты үнемдеген адам болған. Ғылым-білім жолына берілгендігі сондай, күніне тек сәске уақыттарында ғана бір-ақ рет тамақтанған екен. Уақытты үндемдеу жағынан Эйнштейн де алдына жан салмаған көрінеді. Ол өң-түсі бірдей бірнеше кәстөм шалбар сатып алатын болған. Неге дейсіз ғой? Киім таңдап уақытты шығындамау үшін.  Ал, анасынан ерте айырылған андалусиялық ғалым Ибн Рашид үнемі кітап оқудан бас алмаған. Өмірінде кітап оқымай өткізген екі-ақ күні болған екен. Біріншісі - үйленген күні болса, екіншісі - әкесі қайтыс болған күн еді дейді ғалымдар. Ғұлама ғалым Ибнул-Жаузи айтады.  «Адамға жарасатын нәрсе – уақыттың қадірін біліп, оның әр сәтін ұтымды пайдалана білу. Сол себепті басқаларға сөздің де, істің де ең жақсысын ұсынуы тиіс. Адам үнемі істің ең жақсысын жасауға ниет ете білу керек. Өйткені хадисте «Мұсылманның ниеті амалынан игі» деген. Мен адамдардың уақыттарын сұмдық өлтіргендіктерін байқадым. Ондай адамдарды батып бара жатқан кемеде алаңсыз әңгіме-дүкен құрып отырған жолаушыларға ұқсатамын. Өмірдің мәнін түсініп, жол азығын әзірлейтіндер қандай аз. Өміріңнің өткен кезеңдеріне көңіл бөл! Мүмкіндіктерді жіберіп алмай тұрып қарман! Уақыт мәселесінде жарысыңдар» деп артына өсиет қалдырған екен.

Оның өміріне зер салсақ, расында да уақытты өте үнемді пайдаланған адам екендігін аңғарамыз. Өмірінің бір сәтін де ғылым білімсіз өткізбеген. Ғылымның сан түрлі саласынан 340 тан астам еңбек қалдырған ол, күн сайын төрт қалың дәптерге жүк болатындай  жазу жазған.  Ибнул-Жаузидің бір кітап жазу кезіндегі ұштаған қарындашының жаңқалары ол қайтыс болғанда мәйітін жуатын суды ысытуға жеткен. Дәл осы кісілер секілді уақытқа аса зор құрметпен қарайтын англиялық бизнесмен Н.Кэссон «Бізде уақытты босқа өлтіру деген қылмыс бар. Ол қылмыстың ең көп тараған түрі» десе, артына тоқсан том еңбек қалдырған Лев Толстой « Уақыт өтіп бара жатқан жоқ, уақыт тоқтап тұр. Керісінше біз өтіп бара жатырмыз» деген екен. Сөзсіз, мұндай жанкештілік пен қажырлық мыңдар мен миллиондардың бірінің ғана қолынан келер ерлік екендігі анық. Қалай десекте өмірдің біздерге қарызға берілгендігін, ал  қарызды   қайтару  борыш  екендігін ұдайы еске сақтағанымыз жөн секілді.

Ең өкініштісі сол, бүгінгі дәуірде біздің уақыт жайлы түсінігіміз мүлде өзгеше өзгеріске түсті. Орыстың «Время - денги» қазақша тәржімалағанда «Уақыт - ақша» сөзі өмір сүруіміздің басты қағидасына айналды. Бар ғұмырымыз қағаздан жасалған «құдайларға» құлшылық етумен өтіп жатыр. Ақша идеясымен ауыратынымыз сондай, арсыз қалудан емес, керісінше ақшасыз қалудан айырықша қорқатын болдық.

 «Байлар олар өздері де бір күн болса да, дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малмен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда адалдық, арамдық, ақыл, ғылым, білім ешнәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса Құдай Тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның діні, құдайы, халқы, жұрты, білім-ұяты, ары, жақыны бәрі – мал» деген Абайдың сегізінші қара сөзі де осы ойымыздың бұлтартпас дәлелі секілді.

Жанды тәнге құл етіп, шектен шыққанымыз сондай, материалдық байлыққа бола жаратылысқа қарсы келіп отырмыз. Байлықтың басқа емес бала екендігін, оның иісі күллі дүниенің жұпарынан артық болатынын есімізден шығарып алғандаймыз.

Сонымен біз не істеп жүрміз? Уақытымыздың қаншасын ғылым мен  адамгершілік жолына сарып еткен екенбіз? Осы сұрақтарға да бірер мезет жауап іздестіріп көрелікші? Жан жүрегіміз не деп тіл қатар екен...

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?