Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Генерал Мүдәріс Зайсанов

2857
Генерал Мүдәріс Зайсанов - e-history.kz

1948 жылы Моңғолия әскери-әуе күштері командирі және алғашқы қазақ генералдарының бірі Мүдәріс Зайсанов талай Совет Одағының Батырларын дайындап шығарған Монинодағы Әскери-әуе күштері академиясын тәмамдайды.

Одан бұрын, яғни соғыс жылдарында, ол өзін «Як-9» және «Ил-2» советтік истребительдерінің шебер пилоты ретінде көрсеткен еді. Ұшағын әуеде ұршықша иіріп, шыр көбелек айналдырғанда оны көргендер таң-тамаша болатын. Qazaqstan Tarihy порталы ерте жетім қалып, тағдыр талайымен Моңғолияның ұлттық батырының біріне айналған ұшқыш Зайсанов туралы әңгімелемек.

Мақалада Шынай Рахметұлының «Генерал Зайсанов» атты мақаласы пайдаланылды. Моңғолия қазақтары оны Жайсанап дейді. Ал моңғолдар матросұлы Зайсанов дейді. Зерттеушілер оның шын есімі Мүдәріс, ал Зайсан – Семей губерниясындағы уездің атауы, шамамен сол жерде дүниеге келген болуы керек деп болжайды. Ақын Шынай Рахметовтың айтуынша, Азамат соғысы жылдарында Мүдәрістің әкесі қудаланып, он жасқа іліне қоймаған баласын Батыс Моңғолиядағы қазақ ауылдарының біріне аманаттап жібереді де, өзі із-түзсіз жоғалып кетеді.

Мүдәріске бас-көз болып қалған ауыл да осал ауыл емес еді. Моңғолиядағы қазақ зиялыларының көрнекті өкілі, Шеруші уәлаяты басшыларының бірі Райысхан Әукеұлы Мүдәрісті бауырына басып, өз баласы ретінде тәрбиелейді. Бала тәрбиесімен көбінесе оның анасы Анар айналысып, 1928 жылы осы өлкеде ашылған тұңғыш қазақ мектебіне барып, хат таниды. 1929 жылы Кеңес Одағынан келген ағартушы Абай Қасымов, Шәріп Өтеповтардың ұйымдастырған іс-қызметіне белсене араласып, өлке қазақтары арасында төңкерісшіл жастар ұйымын ұйымдастырады. Осы кезде ол Қобда қаласындағы мал дәрігерлері курсында оқиды. 1930 жылы отыз шақты қазақтың ұл-қызымен бірге Мәскеуге Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетіне (КУТВ) оқуға түседі. Кейін бала кезінен орыс тілін еркін меңгерген зерек бала Тамбовтағы атты әскер офицерлерін дайындайтын курсқа түсіп, одан соң Орынбордағы жоғары әскери-әуе училищесіне оқуға аттанып, аталған училищені лейтенант шенінде бітіріп шығады.

Оқи отырыңыз: Тиянақсыз бір тағдыр 

 

1939 жылы Моңғолия шекарасына Қытай гоминданы ғана емес, жапон милитаристері де көз сүзе қараған аса күрделі кезең еді. Мектепті үздік бітіріп, әскери әуе күшінің техникаларын жетік меңгерген Мүдәрісті Моңғол халық армиясының басшылығы жоғары бағалап, оны капитан шенді эскадрилья басшысы етіп тағайындайды, ал бірер айдан кейін тіпті полковник дәрежесіндегі Моңғолия әскери-әуе күшінің командирі етіп көтереді. Осы жылы күзде Халхингол өзені жағасында жапон милитаристеріне қарсы болған ұрыста тоғыз ұшақты өзі бастап, екі сағатта 300 шақырымға жуық ұшып, қарсыластың негізгі күшіне ойсырата соққы береді. Айта кетерлігі, Халхингол өзені бойындағы осы шайқаста Ұлан Батырдағы әскери училищені бітірген, Баян Өлгей аймағының тумасы, атты әскер командирі лейтенант Ікей Мәзімұлы деген азамат Ганганбайгал деген жерде ерлікпен қаза табады. Қаза тапқаннан кейін Ікей Мәзімұлына Моңғолия Халық Республикасының батыры атағы берілді. Мүдәріс болса, соғыс жылдары генерал (1944ж) шеніне дейін көтеріледі. Жеңіс салтанатында Мүдәріске де Жауынгерлік Қызыл Ту ордені беріледі (МХР). Кейіннен бұл орденді ол тағы да екі рет иеленеді, екі мәрте Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталады. Бұдан басқа 1945 жылғы жапон милитаристерінен азат ету шайқасында жасаған ерлігі үшін И.В.Сталиннің арнайы бұйрығымен ССРО-ның Жауынгерлік Қызыл Ту ордені табысталған.

«Моңғолияға Кеңес Одағы Коминтерн тарапынан жасырын тапсырмамен келіп шекаралық әскери отрядтың кеңесшісі болған Кенжебек Рүстембекұлы Көшеновты «Аэроплан уақиғасы» тұсында 1934 жылы Алтайдың теріскейінен күнбетіне қайта үрке ауған ағайындар «қатыгездігі» үшін азаптап өлтіріп кетті. «Қатыгез» болатын жазығы – өкіметтік, партиялық, әскери тапсырма бойынша ол ауылдарды шекарадан аулақ, ішкерілетіп зорлап көшіру әрекеті еді. Ол тапсырма орындалмаса өз басы кесілуге тиіс. Моңғолия әскери шекарасының 5-отрядының кіші лейтенанты қазақ Әділханның 1946 жыл 25 қарашада өз ықтиярымен жауынгерлік міндетінен бас тартып жұмбақ жағдайда бой тасалап қашып кетуі де әскери-саяси күрделі жағдайларды аңғартады. Сол секілді 1947 жылы 3 маусымнан Бәйтік тауы маңында Оспан батыр Исламұлы мен Моңғолия Батыс шекаралық әскери күші арасында бірнеше тәулікке ұласқан қиян­кескі ұрыс болды. Атты, жаяу әскерлермен қоса Мүдәріс бастаған әуе күшінің де бұл шайқастан бас тартуға лажы жоқ еді. Яғни, соғыста қазақты қазақ опат етті. Бір ғажабы және осы шайқаста Моңғолия шекаралық әскерінің қазақ лейтенанты Жанәбілхан Жанбазарұлы да арпалыста мерт болды. Оның тағы бір қайғылы күйі – Жәнәбілхан ағамыздың жанын пида ете қорғап қалған сол Улиастайдағы «Команда дөңесі» де, мүрдесі қойылған жер де 1963 жылы Моңғолия–Қытай мемлекеттік шекарасы қайта белгіленгенде Қытайдың қарамағына өтті де кетті»,-дейді Шынай Рахметов өз мақаласында. 1948 жылы Моңғолия әскери-әуе күштері командирі және алғашқы қазақ генералдарының бірі Мүдәріс Зайсанов талай Совет Одағының Батырларын дайындап шығарған Монинодағы Әскери-әуе күштері академиясын тәмамдайды. Осының аз алдында, соғыс жылдарында, оны «Як-9» және «Ил-2» истребительдерінің «құдайы» дейтін. Истребителін ұршықша үйірген оның ұшқыштық шеберлігіне таңғалмайтын адам кемде-кем еді. «Үкімет үйінің төбесіне ұшақ қондырамын» деп маршал Чойбалсаннан сөгіс естіпті деген сияқты халық арасында аңыздар көптеп тараған. 1950 жылы Баян Өлгей аймағына он жыл толып, осы мереке кезінде өлке топырағына тұңғыш рет ұшақ келіп қонады. Темір пырақтың иесі – осы өлкенің төл түлегі Мүдәріс еді. Ол министрдің бірінші орынбасары Ш.Сүрэнжавпен бірге келеді. Ол кезде Зайсановтың өзі 1940 жылы шақырылған мемлекеттік 8-ші құрылтайдан бастап Кіші Хурал (парламент) мүшесі болатын. Мүдәріс Зайсанов 1967 жылы 19 қарашада қайтыс болды. Зерттеушілердің айтуынша, М.Зайсанов өзі тұрған үйінің қабырғасына сүйеніп тұрған күйінде қайтыс болған. Генералмен қоштасу рәсімінде құрметті қарауыл сапқа тұрып, үкімет басшылары бастарын иіп, әлденеше дүркін зеңбірек атқылап, Ұланбатырдағы «Алтын бесік» зиратына жерленді. Келесі күні, 1967 жылдың 20 қарашасында, моңғол үкіметі мен партиясының бас басылымы «Үнен» газетінде: «М.Зайсанов 1910 жылы Баян Өлгей аймағының Ұланқұс сұмынында кедей малшы қазақтың отбасында дүниеге келген. М.Зайсанов – еліміздің тәуелсіздігі мен социализм ісі үшін саналы өмірін арнаған біздің қарт жауынгерлеріміздің бірі еді. Ол Моңғолия Халық Армиясында 25 жыл еңбек етіп, қатардағы жауынгерден генерал-майор дәрежесіне көтерілді»,- деп жазылды. Мақала авторы «Зайсановтың туған жері Ұланқұс деп жаңсақ жазылған»,- дейді. Ал, өкіл әкесі болған Райысхан Әукеұлы кедей емес, ауқатты адам болған, сол үшін де 1938 жылы атылып кеткен. Қалай болғанда да, М.Зайсанов Моңғолияның елдігін ғана емес, сонымен қоса қазақ халқының абырой-намысын қорғауда ерен ерлік жасаған тұлға.

Материалда Шынай Рахметовтың «Генерал Зайсанов» мақаласы пайдаланылды.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?