Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«СҰЛБАНЫ» ҚАЛАЙ СУРЕТТЕП ЖҮРМІЗ?

1735
«СҰЛБАНЫ» ҚАЛАЙ СУРЕТТЕП ЖҮРМІЗ? - e-history.kz
Орта ғасырда қазақта төбе би болған Төлейұлы Майқыдан сүбелі де сүйекті сөз қалған.

Содан болар, аузын ашса гүл төгілетін, ойдың тұнығынан сөздің асылын сүзген биді Алаш жұрты «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деп әспеттеді, ардақтады.  Сөйтті де  сөзден сүрінсе жүгінерім деп, көңілден бүлінсе бүгілерім деп абыздың алдына барысыпты. Ал бүгін ше? Бүтін сөз бәтуәсінен айырылып, қисын-қиуасы, мәйек-миуасын жоғалтса да еш саспайтын хәлге түстік. Эфирден ентігіп, есіре ескеуілдей сөйлегеннің бәрі шешенге балана бастады. Бәлду-бәлду баянсыз, байыпсыз байлам, тамырсыз, тамтықсыз сөз салтанат құрғысы келді. Оны тағы күнделікті тұрмыста көріп те жүрміз. Міне, осы себепті де біз тағы қолға қалам алдық.  Сол арқылы сөзге салғырт, сөзге сүлесоқ қараған жұртқа ой сала жүрсек деп шештік.

Ол үшін әуелі сөз құдіреті туралы сәл тоқтала кеткеніміз артық болмас. Заманында Алаш баспасөзінің атасы атанған Ахмет Байтұрсынұлының: «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады», – деп шырылдап өткенін білеміз. Ол осылайша елдің ел болып тұруындағы ең негізгі алғы шартты атады. Тамыршыдай тап басты. Ал кейіндеп осыған ұқсас тұжырымды атақты классик жазушы Мұхтар Әуезов те өсиеттеді. Ол: «Туған елінің тарихын, әдебиетін, тілін білмеген ұлт – ұлт болып жарымайды», – деп ұлы Ахаңның әдепкі пікірін толықтыра түсті. Бұл байлам бойынша ұлтты саналы түрде бір адам бейнесінде елестетсек, оның қадір-қасиеті, ар-ұжданы, әрі-беріден соң қаны мен жаны сөз екенін бағамдайсыз.  Бұдан да сөздің құдіреті аңғарылады.

Сөздің құдіреті демекші, атам қазақ «Сөзге аспандағы бұлт та азады» демей ме?! Оған бала күнімізде жиі еститін «Сол елде бәленше деген молла болыпты. Түгенше байдың жалғыз қызы шілдеде ұзатылғанда, әлгі молдекең жасау артқан көштің үстіне бұлт байлапты. Алланың құдіреті-ай, еш ыстық сезбей жетіпті», – деп келетін әңгімелер куә еді. Ең қарапайымы тасаттық беруді айтыңыз. Онда да бұлттың сөзге азуы, иуі. Мұндағы хикмет те құранның – Алла сөзінің құдіретінен-дүр.

Енді бір мысал келтірелік. Жапон ғалымы Масару Эмото жайлы естіген боларсыз? Ол оншақты жылын жалғыз ғана тәжирбеге сарп еткен ғалым. Ең қызығы, оның зерттеу нысаны сөз «тыңдайтын» су жайлы еді. Сол жұмыстың барысын қысқаша баяндасақ: бірдей мөлшерде бірнеше әйнек ыдысқа су құйып, белгілі температурада қатырады да әуелі ешқандай дыбыс берілмеген күйінде жеке-жеке суретке түсіріп  алады. Кейін әрқайсысына әртүрлі сөз айтып, суретке қайта түсіреді. Осыдан соң екі суретті салыстырып қарағанда, дыбыс  берілген суда ғажайып сызбалар пайда болады. Суға айтылған әдемі-әсерлі сөздердің кристаллдары да сондай әдемі көрініс көрсеткен. Мысалы, әйнек ыдысқа құйылған суға ер-әйел махаббаты жайлы сөз жазып жабыстырып қойғанда, үлкен кристалл кіші кристаллды қоршап тұрғандай бейнеде, отбасы махаббаты жайлы жазған сөзді жабыстырғанда бір қабат, тағы бір қабаттың үстіне түсіп тұрғандай  көріністе болған. Және осындай мыңдаған тәжірибе нәтижесіне қарап, ғалым «су сөзді түсінеді» деген қортындыға келген.

Міне, сөздің құдіреті! Ал бұны данагөй бабаларымыз баяғының бай бір заманында байқапты. Өйтпесе, «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бүтін бәтуәсін рәсуә етпесе керек-ті. Иә, сөз – ырыс, сөз – қуат. Мұны қазақ тағы «Жақсы сөз жан семіртеді» деп нақтылай түскен. Бұл енді сөздің жанға сіңуі жайындағы әңгіме. Мәселенки, сөздің тамырдағы қан арқылы басқа дене мүшелеріне жеткізілетіні қазіргі медицинада да расталған. (Мұндағы қан сөзді судың қасиетіндей сіңіріп, тамырдағы ағыс арқылы тасымалдаушы – Қ.Қ.). 

Оны айтамыз-ау, қазақ емшілігіндегі суға дұға оқып, соны ішкізу арқылы науқасты емдеу де осы тұста айтылар мысал болса керек. Яки, қасиетті Құран сөзін бойына сіңірген су денеге енген бойда таралады. Былайша айтқанда, сол сөзді сіздің әрбір мүшеңіз «оқиды». Содан барып ол жақсы сөз жаныңыздың ырысына айналмақ. Бұл ойымызды дана халқымыздың «Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді», – деген мақалымен онан ары бекемдей түсеміз. Бұған «Тіл сүйексіз болса да, өзі сүйектен өтеді» деген мақалды үстеп қойыңыз.

Қалай дейсіз ғой, бұнда да сөздің адам денесіне сіңімділігі расталады. Сөйтіп, жүрек – патшамен, бас – уәзірге бағынған барлық ағза олардың нұсқауымен іс етеді. Нақтырақ айтқанда, еттен өткен таяқтың «мәселесі» баста ғана талқыланса, сүйектен өткен сөз баста да, жүректе де талқыланады. Енді, осы арада екеуінің қайсысы адамды тезге салатыны соқырға таяқ ұстатқандай анық болар. Сосын да «жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» деп бекер айтты дейсіз бе? Мұның да мәні зор, байламы бөлек лепес!

Абай һәкімге жүгінелікші: жаңағы он жылын сарп еткен жапондық ғалымның жаңалығы ақынның бір шумақ өлеңінде жамырап тұр. Оқып көріңіз:

Ақылмен ойлап білген сөз,

Бойыңа жұқпас сырғанар.

Ынталы жүрек сезген сөз,

Бар тамырды қуалар.

Таңғалмасқа шара жоқ! Бастың – ақылдың сөзі мен жүректің сөзінің айырмасы осылай ажыратылады. Медициналық ғылымда айтыла бастаған сөздің тамырда тасымалдануы да осында айтылып қойған.

Дақпырты кең тараған келесі бір тәжірибені ұсынып көрелік. Тағы бір ғалым үш ыдысқа су құйып, бәріне аз мөлшерде күріш салады. Сосын бірінші ыдысқа «рахмет», екінші ыдысқа «қарғыс» сөзін айтады, ал соңғы ыдысқа назарын да салмайды. Арада біраз уақыт өткенде ол төмендегідей ғажайып нәтижені байқаған. «Рахмет» сөзі арналған  күріштен жағымды иіс шығып өміршеңдік белгісі білінсе, екінші ыдыстағы күріштен жағымсыз иіс тарап басқаша түске өзгере бастайды. Ал үшінші ыдыстағы күрішке келсек, ол өз-өзінен борсып кетеді.

Қарапайым өмірде мұндай тәжірибені гүл өсірушілерде көп қолданады. Мұны айтып жатудың өзі артық болар. Оның үстіне, мақала басында осындай қызықты деректерді берудегі мақсат та,  оқырман – сізді сөздің ғажайып құдіретіне иландыра түсу, сол арқылы мұнан кейінгі пікіріміздің маңызын аңғарту еді.

Осы арада аузы дуалы, сөзі уәлі Мөңке бидің кер заман туралы кесіп-пішіп айтқан кесімді сөзіне зер салып көріңізші. Әр тармағына дейін әлі жұрттың жадында жаңғырып тұр. Айтқаны айна-қатесіз келгесін оны ұмытуға ешкімнің де хақысы жоқтай. Сосын да бүгінгі қоғамның сіресіп тұрған сырқатына диагноз қоюда да би сөзіне жүгінетініміз рас. «Құрамалы қорғанды үйің болады» дегеннен бастап, «Ішкенің сары су болады, берсең итің де ішпейді, бірақ адам оған құмар болады», – деп түйілген тұстарына дейін астын сызып оқисыз. Таңғалмасқа лажыңыз болмайды. Қалай заманынан озып туып, болашақты осынша дәлме-дәл болжаған деп таң боласыз.

Сірә, сіз, осы арада Мөңке би айтқан сол болжамға сене отырып, бұл дәйектің тақырыпқа қандай қатысы бар деп ойларсыз. Онда айталық. Сол жырда тағы: «Сөздің маңызы кетіп, самалы қалар, сөйтіп, ақылы жоқ санасыздың заманы болар», – деп тәпсірленеді. Бұған да қапысыз айтыпты-ау деп бас шұлғи келісерсіз. Себеп те анық. Құнарлы сөздің құнына бойламайтын әріптестеріңізді ойлап бір, қысқа қайырым тілдесудің өзінде қарапайым қисыннан қырық сүрінетін кейінгі інілеріңді көріп екі қынжыласыз. Мысал дейсіз бе? Қазірде жұрттың дені орынды-орынсыз көптің «құлағына алтын сырға» таққыш-ақ. Содан ғой қарасирағына бұт артып қалбаң қаққан қайыршыдан мінбердегі министрге дейін құлағы «алтынға» жарып-ақ қалғаны. Бұл туралы кезінде өзге басылымдарды атамағанда, «Қазақ Әдебиеті» газетінде Төлен Рамазанұлы есімді автор арнайы тоқталып, соқырға таяқ ұстатқандай тиянақты пікір айтқан-тұғын. Әрі аталған тіркесті ата-бабаларымыздың «естіп ұғып ал» мағынасында емес, керісінше «бұл сөзді естімей-ақ қой» деген мағынада қолданғанын дәйектеген-ді. Одан «аяғын тартқан» журналист болса, қанеки? Оны аз десеңіз, қазірде интернеттегі иін тірескен ақпараттың ауданы «жаға ұстатқыш» болып кеткелі қашан?! Әншінің шашын бояғаны да, тамаданың тамағын ауыртып алғаны да «жаға ұстатады». Мұнан соң қалай қынжылмайсың? Тіпті, кейде ағаларымыздың «есі дұрыс сөз қалмаған ба» деп күйіп-пісіп, кіжініп отырғанын көреміз...

Мәселен, күнделікті тұрмыста қолданылып жүрген «сұлба» сөзіне ден қоялықшы. Байқасаңыз, бастапқы мағынасы мейлінше бұрмаланған. Болмаса, күні кешегі кержақтың кері саясатының кесірінен өзге де мәйекті, мазмұнды сөздеріміз секілді жорта қиянатқа ұшыраған ба екен, әйтеуір, ілкідегі алып сөз бүгін кісі танымас міскіннің хәлін кешуде. Сенбесеңіз, оның түп-төркініне үңіліп көріңіз. Аты мәшһүр «Шипагерлік баянда» «сұлба» сөзі – тақ иегері, болашақ сұлтан мұрагері деген мағынаны білдіреді делініпті. (Тиісінше сұлтан қызы «сұлға» аталған). Енді, ойлаңызшы: кешегі мен бүгінгі екі сөзде жер мен көктей алшақтық бар ма, бар!

Сөздің мөрті келгенде тағы айталық. Қазірде екі аттасақ, екі қимылымыздың бірі өз-өзінен «мәнерленіп» кететіні бар. Жұрттың бәрі мәнерлеп сырғанайды, мәнерлеп жүзеді, мәнерлеп ойнайды... Қойшы, әйтеуір, мәнерленіп мәні кетпеген мәз дүние қалмағандай. Бара-бара бай-батшаның баласы да мән-е-е-ерлеп жылайтындай. Ал осы «мәнер» сөзінің ою-өрнекке қатысты екенін, арғы атасы нақыш, айшық, бағдар сынды бірқыдыру сөзбен туысатынын  ескерген кім бар? Ескерсе, мұндағы бір өнердің мүсініндей болып мөлдіреп тұрған мәнеріңізді андағы ұсқынсыз мәнерге айырбастар ма еді, айырбастамас па еді, кім біліпті?

 

Осы мақаланы жазып отырғанымызда Мәдениет министрлігінің өкілі Ақтоты Райымқұлова Қазақ тіліне жаңа 27000 термин енгізілгенін хабарлады. Әп дегенде бұл жаңалыққа не қуанарымызды, не қуанбасымызды білмей дағдарып қалғанымыз рас. Қуанатынымыз – Әуезов, Аймауытов, Кекілбаев болып қаламынан сөздің сөлін ағызып  жазғанда таусылмаған, түбіне бойлатпаған қазақтың сөзі тағы да молығады, молаяды екен дестік. Сөйтіп, теңіздей қазақ сөзіне телегейленіп келіп бір өзен қосылды деп сүйіндік. Ал қуанған көңіліміздің сәл басылғаны, барымыздың өзін дұрыс бағалай алмай жүрген біз мұншама көп сөздің қадіріне қашан жетіп, қай уақытта «игеріп» болар екенбіз деген күмән шіркіннің әлпеті-тұғын...

Тақырыпқа тұздық

Сонау ілгергі халықты хан билеген замандарда бір қаһарлы хан түс көріпті. Түсінде аузында бір тісінен басқа тістерінің бәрі түсіп қалыпты. Содан шошып оянған хан орнынан тұра сала екі уәзірін шақыртып алып түсін жорытыпты.

– Түсімді менің көңіліме қарамай әділ жорыңдар, ұнаса сый-сияпат аласыңдар, ұнамаса бастарыңды аламын, – дейді ашулы хан. Содан бірінші уәзір:

– Түсіңіздің мәні былай хан ием, сіздің бар туғандарыңыз қырылып, жалғыз өзіңіз қаласыз, – депті. Сонда хан ашуланып:

– Бар туған-туысым қырылып қалса қалған өмір бос емес пе, не деп отырсың? – деп басын шаптырып тастапты.

Мұны көріп отырған екінші уәзір қорыққанынан дірілдеп, дұрыс жорыған уәзірдің басын шауып тастаған ханға түсін қалай жорырын білмей:

– Хан ием, сіздің өмір жасыңыз қалған туыс-туғандарыңыздың бәрінен де ұзақ болады екен, – деп жорыпты.

Сонда жаңа ғана қылышынан қан сорғалатып отырған ханның жүзіне күлкі үйіріліп:

– Сен дұрыс жорыдың, сөз құдіреті деген осы, – деп сый-сияпат жасапты дейді.

Қозыбай Құрман

журналист-тарихшы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?