Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Братиславада «Абай оқулары» өтті.

1791
Братиславада «Абай оқулары» өтті.  - e-history.kz

ҚР Словакиядағы елшілігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ұлттық академиялық кітапхананың қолдауымен Братислава қаласы (Словакия) Я.А. Коменский атындағы университетінде «Абай оқулары» мәдени шарасы өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Tarihy порталы Ұлттық академиялық кітапхананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Қазақстанның Словакиядағы Төтенше және өкілетті елшісі, Братиславаның зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ елімізден арнайы барған бір топ зиялы қауым өкілдері, Братиславада оқып жатқан қазақ жастары қатысты. Мәдени шара ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізіліп отыр. 

Іс-шарада сөз алған Қазақстан жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет Абай шығармашылығы мен оның қара сөздеріне тоқталып, Абай - қазақ халқы үшін аспандағы темірқазық екендігін тілге тиек етті. 

«Абай – қазақ халқы үшін аспандағы темірқазық сияқты. Оның өлеңдері мен философиялық ойлары ұлттың идеологиясына айналды. Абай поэзиясы – әлемдік поэзия. Абай – қайталанбас тұлға, тума талант. Абай өзінің 36-қара сөзінде ұят туралы айтып келіп: «Ұят кімде болса - иман сонда» деген... Демек, ол өз еңбектерінде ар мен ұят категорияларын қамшының өріміндей қатар қарастырған. Оның «Пайда ойлама, ар ойла» деуінің астарында терең мән жатыр.Мұнда қазақтың: «жарлы болма, арлы бол» дейтін тұжырымымен де үндестік бар», - деді Ұ. Есдәулет. 

Тұрсын Жұртбай, алаштанушы, жазушы, ғалым: 

«Бізге, Абайға көрсеткен құрметтеріңізді – барлық қазақ халқына көрсеткен құрмет деп білеміз.  Біздің мемлекет ұлттық идеология негізінде Абай гуманизмін қолдады. Бір ұлттың жүрегін махабатпен жаулап алу үшін, Абайдың бір ғана  өлеңі жетеді. Сол махаббат барлық адамзатқа қызмет етсін. Бақытқа жеткізсін». 

Тұрсын Құдакелдіұлынан кейін сөзді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов алды. Ол да бүгінгі іс-шараның маңыздылығына тоқталып, Абай мұрасының шетелде насихатталып жатқандығына ризашылығын білдірді.

«Абай елінен барлық қатысушыларға жалынды сәлем бердім. Баршаңызға ризашылығымды білдіргім келеді. Қазақстан мен Словакия елдерінің тағдыры ұқсас деуге әбден болады. Себебі, тәуелсіздікті сіздер де тоқсаныншы жылдардың басында алдыңыздар. Бұрындары, біз бір-бірімізді карта арқылы ғана білетінбіз. Қазір Тәуелсіздіктің және Елшіліктердің арқасында жақын танысып жатырмыз. Сондықтан да, Абай әндері, поэзиясы, прозасы Словакия елінің жүрегін жылытсын. Достығымыз арта берсін!»,-деді институт басшысы. 

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Дәуренбекқызы да өз ойын былайша білдірді:

«Абай – адамзаттың алтын қорына қазақ елінің атынан өз үлесін қосқан ғұлама. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтқан сөзі ақынның нағыз гуманистік көзқарасын аңғартады. Бұл адамзатқа тән асыл қасиет. Бұл сөз ұлт пен ұлыстарды татулыққа, ынтымаққа, бауырмалдылыққа бастайтын ұранға айналды. Сондықтан, қазақ даласында туып, рухани терең болмысымен адамзаттың Абайына айналған ақынның ғаламдағы тұғыры барған сайын биіктеп, мәңгі жасай берері сөзсіз», - деді Үмітхан Мұңалбаева. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?