Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Нысанбай жыраудың «Кеңесары-Наурызбай» дастаны: Уақыт тезінен өткен жыр

9354
Кене хан бастаған қозғалыс бұл тарихи кезеңдегі жалпыұлттық әрекет-қимылдың шарықтау шегі, соңғы қорытындысы еді.

Ұлт тарихының сондай күрделі кезеңінде ешқандай да мүдірместен азаттық үшін күрес жолына түсіп, Кене хан сияқты тарихи тұлғаның жалпыұлттық қызметіне қолдау көрсетіп, ханның сенімді серіктері қатарында болып, олардың қуанышы мен қайғысын бірге бөліскен тұлғалардың бірі Нысанбай жырау Жаманқұлұлы (1822-1883 жж.).

Жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастанының құндылығы оны шығарған автордың, М.Әуезов дәл айтып көрсеткеніндей, қайғылы оқиғаның қызығы мен қайғысының қалың ортасында" жүріп, «қан майданның ішінен шыққан жортуылшы ақын, қалың қолдың жыршысы» болғандығында еді. Нысанбай Кене хан бастаған қозғалысқа байланысты өз міндетін терең түсініп, жырына қосқан оқиғалар мен жеке тұлғалардың қызметін мүмкін болғанша әділ баяндаған, «қырғыз бен қазаққа тең ақын болып» сөйлеген.

Нысанбайдың дастаны мен жоқтауында берілген фактілер мен бағалар жырау өмір сүрген тарихи кезеңдегі қазақ арасында Кенесары қозғалысына байланысты кең тараған пікірлермен үндес, яғни орыс шенеуніктері мен әскер адамдарының қолынан шыққан құжаттық материалдарда берілген тұжырымдар мен көрсетулерден өзгеше. Солай болуы, әрине, толық табиғи нәрсе. Егер орыс шенеуніктерінің қолынан шыққан құжаттар жаңа жерлер мен елдерді отарлау жолында тұрған патшалық әкімшілік орындарының ұстанымын білдірсе, қазақ ақын-жырауларының туынды, естеліктері керісінше отарлануға ұшыраған ұлт өмірінің ішкі-көңіл күйінен хабар береді. Жырау бір жағынан Ресей патшалығы мен Қоқан хандығы тарапынан төнген қауіпке қарсы Кене хан бастаған әрекеттің жалпыұлттық мәні мен маңызын терең ұғына отырып, оған мүмкін болғанша жігерлі қолдау көрсету қажеттігін түсініп, қоғамды соған шақырса, екінші жағынан ол тура басталған істің ең соңында қайғылы бағыт-бағдар алып (қырғыз еліне жасалған қиянат), халық күткендей нәтижемен аяқталмағандығына өкінеді, шексіз-шетсіз мұңға батып күйінеді. Сондықтан да жырда Кене хан бастаған қозғалысқа байланысты жыраудың көңіл-күйі көтеріңкі емес, басынқы. Көтеріліске байланысты жырау көңіліндегі бұл жағдай жалпы қоғамдағы жағдайдың көрінісі болатын. XIX ғасырдың алғашқы және орта тұсындағы батыста Арынғазы, Исатай, Жоламан сияқты тұлғалар, оңтүстік-батыста Жанқожа, Бұқарбай сияқты батырлар, оңтүстік шығыста Саурық, Сұраншы, Байзақ сияқты би-батырлар, ең соңында солтүстіктен Кене хан бастаған ел мен жердің тұтастығы мен азаттығы үшін жүргізілген қарулы күрес ұлт үшін күткендей нәтижемен аяқталмады.

0ca38e32f1205d0d40a83bda6ace69b0.jpg

Кене хан бастаған қозғалыс бұл тарихи кезеңдегі жалпыұлттық әрекет-қимылдың шарықтау шегі, соңғы қорытындысы еді. Сонымен бірге бұл қозғалыс ортақ мақсатқа бір қысқа сәтке болса да батыстағы Жоламан Тіленшіұлын, оңтүстік батыстағы Жанқожа Нұрмұхамедұлын, оңтүстік шығыстағы Саурық Ыстанбекұлы, Сұраншы Ақынбекұлы, Байзақ Мәмбетұлын бір ту астына жинай білді, біріктірді. Басқаша айтқанда, Кене хан бастаған қозғалыс бүкіл қазақ елін ортақ мақсатқа біріктіре алатын ұлттық, идея бар екендігін көрсетіп берді. Досқожа, Нысанбай және Сүйінбай сияқты сол заманның ойшыл ақын-жыраулары өз шығармаларында осы негізгі ойды бедерлеп, елдің еркіндігі және қазақ жерінің тұтастығы үшін күресте кайрат, жігер тамытқан ерлерді қолдауға шақырды.

Нысанбай-жырау Кене хан бастаған қозғалыстың ұлт-азаттық сипатын терең түсініп, ақын ретінде ханның қоғамдық-саяси ұстанымын қабылдап, бұл күрестің ыстығы мен суығын, ащысы мен тұщысын оның бастаушысымен бірге күрестің соңғы сәтіне дейін бөліскен тарихи тұлға. Жырау Кенесары мен Наурызбайға байланысты баянын ә дегенде-ақ Абылай хан ұрпағының саяси ұстанымына байланысты өз көзқарасын білдіруден бастайды. Бұл әулетті ол қазақтың жері мен елінің тұтастығы және тәуелсіздігі жолында жан алып, жан беріскен әулет болғандығы үшін құрмет тұтатындығын анық білдіреді. Жыраудың түсінігінде Кенесары сияқты мемлекетшіл тұлға ел корғаны, ал оның қызметі ұлттық мемлекеттілікке ұмтылыстың көрінісі. Кене хан халыққа ие билеушілер қатарында, сондықтан да қамқоршы болар ханы жоқ елді жырау «шегірткеге таланған қырғауылға» немесе «жапалақтап сескенген жалғыз қазға» теңейді. Абылай, Кенесары сияқты «хандарынан айрылған иесіз жұртта» сынның да болмайтындығын айтады.

Кенекем менің кеткен соң,
Заманым қалды тарылып.
Салтанатты хандардан
Жетім қалдым айрылып!
Екі бірдей қанатым
Топшыдан сынды қайрылып!
Балдағы алтын ақ, берен
Тасқа тиді майрылып.
Кемшілік түсті басыма,
Көрінгеннен қаймығып, — дейді.

Жыраудың бұл ойын араға жарты ғасыр салып ұлт-азаттық қозғалыстың келесі кезеңінде оның басшысы Әлихан Бөкейхан да білдіреді. Оның тұжырымынша, ұлттық мемлекеттігі жоқ халық жетім, жетекшіл, жалтақ халыққа айналмақ. Басқаша айтқанда, «Кенесары-Наурызбай» жыры бұл мемлекетшіл ұстанымдағы жыраудың шығармашылығынан туған жыр.

Сонымен бірге XIX ғасырдағы ақын-жырау шығармаларындағы бұл ортақ пікір кейінгі кезеңде сәл көмескі тартып, қазіргі буын зерттеушілері үшін түсініксіздеу бола бастаса, оның себебін өткен ғасырдың 40-50 жылдары жүргізілген репрессия саясатынан іздеген жөн. Басқаша айтқанда, кеңестік билік тұсында бұл тақырыпты объективті ғылыми негізде зерттеуге тиым салынуына байланысты мәселені тура түсіну және қорыту ісіндегі ұрпақаралық сабақтастық үзіліп қалды. Енді сол 50-жылдардың алғашқы жартысында болып өткен сот процестерінің материалдарына көңіл аударайық.

Филолог-ғалым Е.Исмаиловтың ісінен. Филология ғылымдарының докторы Е.Исмаилов 1950 жылы желтоқсанда Қазақ КСР-сы ҒА-ның тіл және әдебиет институтындағы қызметінен босатылып, келесі жылы 6 қарашада Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі тарапынан тұткынға алынады. Ғалымға 19 қарашада таңылған айыптау құжатында «Е.Исмаилов Кеңестік билікке жаулық көзқараста болып біраз жылдар бойы антисоветтік ұлтшылдық мазмұндағы жұмыстар жүргізіп, буржуазиялық-ұлтшылдық идеяларды насихаттады» — деп көрсетілді.

Келесі 1952 жылы 25 жылға сотталған Е. Исмаиловтың шығармашылығында тергеу орындары тарапынан сезік тудырған негізгі мәселелердің бірі Кене хан бастаған азаттық қозғалысқа жыр-дастандарын арнаған Нысанбай және Досқожа сияқты ақын-жыраулардың шығармаларын арнайы іргелі зерттеуге алуы еді. Өз ретінде оқырман назарына тергеу материалдарынан үзінділер ұсынар алдында мынадай жағдайды ескертуді жөн деп білеміз. ОГПУ және Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі абақтылары қойнауында өмірге келген тергеу хаттамаларын сол күйінде қабылдау қателікке ұрындырады. Тергеу процесі алдын ала белгіленген белгілі бір ірі идеологиялық мақсатта жүргізілетіндіктен тергеуші тергеу процесін сол негізгі мақсатқа бағындырып жүргізеді, яғни тұтқыннан сол белгіленген мақсатқа сәйкес, соған негіз боларлық жауап алуға бар күшін, мүмкіндігін жұмсайды. Басқаша айтқанда, тергеу хаттамасы бұл тергеуші мен тергелушінің арасындағы «мамыражай» диалог емес. Көп жағдайда, басым түрде ол тергелушіге жасалған түрлі қысым, қиянат нәтижесінде өмірге келген құжат. Сондықтан да тергеушінің жауабында кездесетін, мәселен, Нысанбай, Досқожа сияқты ақын-жырауларға байланысты «реакциялық» көзқарастағы жырау немесе М. Жұмабаев, А. Байтұрсынов сияқты Алаш қайраткерлеріне байланысты қолданған «контрреволюцияшыл» қайраткер, «буржуазиялық-ұлтшылдар», ал өзіне байланысты «ұлтшыл» сияқты терминдерді ол өз еркінен тыс пайдалануға мәжбүр болғандығын ескерген жөн. Сонымен, 1951 жылғы 11 желтоқсандағы Е.Исмаиловты тергеу хаттамасынан:

«Сұрау: Сіз 1936 жылы-ақ ұлтшылдық ұстаным тұрғысынан, келіп Нысанбай сияқты реакциялық көзқарастағы ақынға, сондай-ақ А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев және басқа да контрреволюцияшыл қайраткерлерге жағымды баға бердіңіз. Осы ұстанымыңызды растайсыз ба?»
Жауап: Ия, растаймын. 1937 жылға дейінгі жазған кейбір мақалаларымда мен шынымен де бірсыпыра реакциялық көзқарастағы ақындардын шығармаларын, сондай-ак контрреволюцияшыл қайраткерлердің қызметін жағымды тұрғыдан бағалағаным рас. Бұл ұлтшылдық ұстанымда болған менің қателігім«.

1951 жылғы 17 желтоқсандағы тергеу хаттамасынан:

«Сұрау: Осы 1936 жылы тағы да қандай қазақ жазушылары мен ақындарына жағымды баға бергеніңізді есіңізге түсіре аласыз ба?

Жауап: ...1936 жылы Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев сияқты реакциялық буржуазиялық-ұлтшылдық ұстанымдағы ақындардың поэтикалық шеберлігі жөнінде жағымды пікір айтып, А.Байтұрсыновтың Крыловтан аударған мысалдарына оң пікір бергенім есімде. Бұдан бөлек мен Нысанбай, Әубәкір сияқты реакцияшыл ақындар жөнінде прогресшіл көзқарастағы шығармашылық иелері ретінде мақтау сөз айттым...»

Е.Исмаиловтың әдебиеттанушы ретінде зерттеу жұмыстарының өзекті жібі фольклордағы, ақын-жыраулар мен жазушылар шығармашылығындағы отаншылдық тақырыбы еді. Бұл тақырыпты зерттеу ісіне оның ғалымдық талантының жарқырап көрінгені де анық. Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі тергеушілерінің ғалымның соңына түсуінің астарында жатқан себеп те осы жағдай болатын.

1952 жылы 9-10 мамыр күндері болып өткен жабық сот процесінде ғалым адвокат қызметінен бас тартып, өз ұстанымын қорғап ұзақ сөз сөйлейді. Ол сөзінде өзі зерттеген Кене хан көтерілісі тақырыбына байланысты тұжырымдарын келтірді: «...1940 жылы Кенесары Қасымов жөнінде жұмысымды жаздым, оны мен өте ұзақ жаздым. Тура осы уақытта журналда Якуниннің мақаласы жарық көріп, онда Кенесары реакцияшыл, халықты тұншықтырушы деген пікір айтылды. Бұл мақала тарихшылар мен әдебиетшілер арасында үлкен дау туғызды. Якунин екеуміздің арақатынасымыз нашар еді. Бір жиналыста мен Кенесары қозғалысын жақтап Якунинге қарсы сөйлегенмін. Міне, осы Кенесары тақырыбына байланысты С.Мұқанов және М.Әуезовпен сөйлесуге тура келді. М.Әуезов маған Кенесары жөнінде жазған бірнеше мақалаларды атап, солармен танысып өзімнің белгілі бір тұжырымға келуімді жөн көрді. М.Әуезов Кенесары жөнінде жағымды пікірде еді. С.Мұқанов болса 1940 жылдан бастап Кенесары туралы мақтау пікір айта бастады. Жалпы 1940 жылы Кенесары қозғалысы прогресшіл, жағымды, халықтық қозғалыс ретінде сипатталды. Ал мен Кенесарыға екі жұмыс арнадым, олар ұлтшылдық көзқарас тұрғысынан жазылды.

....Менің пікірімше, кез келген ұлттық қозғалыс егер ол жер үшін жүрсе прогресшіл қозғалыс. Ал Кенесары жер үшін күресті....»

Сот үкімінде Е.Исмаилов бұрынғыдай «өзінің КСРО-дағы саяси құрылысқа деген жаулық қатынаста қала отырып, көптеген жылдар бойы өзінің әдебиеттанушы ғалым қызметін пайдаланып кеңестік билікке қарсы ұлтшылдық идеологиясын жүргізді, сөйтіп Ресейге, орыс халқына қарсы күрескен билерді, ақындарды насихаттады, Совет билігіне қарсы күресіп Қазақстанды КСРО-дан бөліп әкетіп, буржуазиялық тәртіп орнатуға тырысқан Алашорда қайраткерлерін дәріптеді» деген тұжырым айтылды.

Тарихшы-ғалым Ермұхан Бекмахановтың ісінен. 1952 жылы 5 қыркүйекте белгілі тарихшы-ғалым Ермұхан Бекмаханов Қазақ KCP Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі тарапынан тұтқынға алынды. Бұл шешімді Республикалық прокуратура қуаттаған. Аталған министрліктің ғалымды қамауға алуға байланысты қаулысында «Е.Бекмаханов біраз жылдар бойы өзінің ұлтшылдық сенімін негізге ала отырып тарихи фактілерді бұрмалап, буржуазиялық-ұлтшылдық идеологиясын насихаттаумен болды» деп көрсетілді.

1952 жылғы 7 қыркүйектегі Е.Бекмахановты тергеу хаттамасынан:

«Сұрау: ...Сізде қандай себептерге байланысты буржуазиялық-ұлтшылдық көзқарас қалыптасты?»

Жауап: Жоғарыда көрсетілгендей, мен Қазақстан тарихының кейбір мәселелері бойынша буржуазиялық-ұлтшылдық көзқараста болдым, анығырақ айтсам, Кенесары Қасымов қозғалысы бойынша.

...Кенесары бастаған қозғалыс мәселесінде буржуазиялық-ұлтшылдық бүрмалаушылықты шамамен 1942 жылдың орта тұсынан бастап жібере бастадым. Осы мезгілден бастап «Қазақ КСР тарихының» бірінші томын шығаруға даярлық басталып кеткен еді. Осы мақсатта ҚК(б)ПОК ұйымдастыруымен ғылыми қызметкерлердің кеңесі өткізіліп, оған тарихшы ғалымдар мен жазушылар қатысты. Мен ол кезде Орталық Комитеттің лекторлар тобында жұмыс істеп жүргендіктен кеңестерге қатынасып тұрдым. Кеңестер жұмысына М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Исмаилов сияқты қазақ зиялыларының жетекші өкілдері шақырылатын. Кеңес отырысында Қазақстандагы ұлт-азаттық қозғалыстар тарихын көрсету мәселесі сөз болғанда М.Әуезов сөз алды. Ол Кенесары Қасымов қозғалысын ашып көрсету қажеттігі жөнінде айтып, Кенесары қозғалысынсыз тіптен Қазақстан тарихы туралы айтудың өзі артық екендігіне көңіл аударды. Сөйтіп, Кенесары қозғалысына арнап арнайы тарау даярлау жөнінде шешім қабылданды. Бұл тарауды жазу осы кеңес отырысына қатынасып жүрген жалғыз тарихшы-маман қазақ ретінде маған тапсырылды. Бұған дейін мен Кенесары қозғалысы тарихымен айналысқан емеспін. ... Тарауды жазуға кірісе отырып мен беделді кісілердің Кенесары Қасымов бастаған қозғалысты өресшіл, ұлт-азаттық қозғалыс, ал оның басшысын ұлттық қаһарман ретінде қарастыру туралы пікірін басшылыққа алдым. Менің жұмысым редакциялық коллегия отырысында қуатталды... Мені, ғылыми қызметін енді ғана бастаған жас ғалым ретінде еңбегіме байланысты айтылған мақтау сөздердің қанаттандыра түскенін жасырмаймын.

Е.Бекмаханов өзінің Кенесары Қасымұлы қозғалысына арнаған монографиялық зерттеуінде Нысанбай, Досқожа, Жамбыл және баска ақын-жыраулардың мұрасын кеңінен пайдаланғаны мәлім. Тергеу барысында Е.Бекмахановтан тергеушілер Кене хан көтерілісін жырлаған ханның замандастары Нысанбай және Досқожа жыраулардың мұраларына оның көзқарасы жөнінде де жауап алады.

Ал 50-жылдардың басында қабылданған идеологиялық ұстаным бойынша бұл ақын-жыраулар «реакцияшыл, сұлтан, бай феодалдарды дәріптеген» шығармашылық иелері ретінде бағалаған болатын. 1952 жылы 23 қазанда Е. Бекмахановтан алынған тергеу хаттамасынан:

«Сұрау: Эксперттік комиссия даярлаған актісінде Кенесары қозғалысын прогресшіл құбылыс ретінде көрсету мақсатында Сізді реакциялық ұстанымдағы байшыл ақындардың айтқан сөздерін пайдаланды деп көрсетеді. Сол ақындардан кімдерді сіз өз еңбегіңізде насихаттадыңыз?

Жауап: Мен еңбегімде Нысанбай және Досқожа ақындардын шығармаларын пайдаландым.

Сұрау: Анығырақ, қалай?

Жауап: Мен Нысанбай жыраудың «Кенесары дастанын» пайдаландым. Дастаннан үзінділер келтіре отырып мен Кенесарының халық арасындағы беделі жөніндегі ойымды, оның қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күресін дәлелді етіп көрсетуге тырыстым. Нысанбай шығармасын мен «Қазақ КСР тарихының» бірінші басылымына және өзімнің «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты кітабыма алып шьқтым. Досқожа шығармаларын мен Кенесары Қасымовтың патшалық билікке қарсы күресте халық мүддесін қорғаушы тұлға екендігін көрсететін тұжырымдарыма сүйеніш ретінде алдым.

Сұрау: Бұл реакцияшыл көзқарастағы ақындардың шығармаларын пайдалану жөнінде сізге кімдер кеңес берді?

Жауап: «Қазақ, КСР тарихының» бірінші басылымын даярлауға байланысты өткен кеңесте Сәбит Мұқанов сөйлеп, өзінің «XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихының очерктері» аталатын кітабында көркем әдебиет тұрғысынан Кенесарының тұлғасы және оның ортасы көрсетілді деген мәлімдеме жасады. Мұқановтың осы көрсетуін мен өз еңбектерімде пайдаландым».

Е. Бекмахановтың ісі бойынша Қазақ КСР Жоғары Соты қабылдаған «Айыптау қорытындысында» мынадай тұжырым жасалынды: «ол өз жұмыс- тарында тарихи фактілерді бұрмалай көрсетіп, сөйлеген сөздерінде буржуазиялық-ұлтшылдық идеологияны, феодалдық қоғамдық құрылысты насихаттады, орыс халқына қарсы шығып, Қазақстанда ортағасырлық феодалдық тәртіпті қалпына келтіру үшін күрескен реакцияшыл сұлтандарды, хандарды, байларды дәріптеді.

...Өзінің ұлтшылдық концепциясын негіздеу үшін Бекмаханов реакцияшыл ұстанымдағы ақындардың шығармаларын және совет халқының қас жаулары — алашордашылардың материалдарын пайдаланды».

Сонымен, 1951-1952 жж. Есмағамбет Исмаилов және Ермұқан Бекмаханов сияқты ірі ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына байланысты ұйымдастырылған сот процестері барысында құпия қызмет мекемелері тергеушілері қандай мақсаттарды көздеді?

Коммунистік партия, ол құрған саяси-идеологиялық жүйе одақ құрамындағы қазақ сияқты халықтардың мәдениетіне байланысты амбиваленттік ұстанымда болды. Түрлі бағдарламалық және басқа қабылдаған ресми құжаттық материалдарында одақ құрамындағы ұлттар мәдениетінің сапалық тұрғыдан жаңа сатыға көтерілуін жақтаса, ал шынайы өмірде олардың ұлттық сана-сезімінің заман сұраныстарына сәйкес мазмұн және сипат алуына түрлі кедергілер қойды. Онымен де шектелмей, шығармашылыкта белсенділік танытқан зиялыларға қарсы нақты репрессиялық шараларға барды. Тергеу барысы көрсеткендей, биліктің көздеген мақсаты Отан соғысындағы жеңістен кейінгі уакытта қазақ қоғамында жаңа серпін алған ұлттық сана-сезімге соққы беріп, жаңадан қалыптасып үлгерген шығармашылықтағы зиялылар буыны арасында үрей сеуіп, еркін ойға ешқандай да жол бермеудің әрекеті еді. Басқаша айтқанда, гуманитарлык ғылым саласындағы зиялыларға қарсы бағытталған бұл шаралар Кеңестік билік жағдайында тынымсыз жүргізіліп отырған перманентті репрессиялық актілердің кезекті бір көрінісі болатын.

"Мәңгілік ел" - Халықаралық ғылыми-көпшілік журналы,

Мәмбек ҚОЙГЕЛДИЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, белгілі алаштанушы


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?