Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қызылорда Қазақ АКСР-ның алғашқы астанасы

5360
Кешегі халқымыздың еркіндігі мен бостандығын жойып, қазақ даласына өз билігін орнатқан Кеңестік империясындағы коммунистердің тоталитарлық қоғамы келмеске кетті.

29.01.15

Қазақ халқының егемендік алуымен қатар еліміздің рухани өміріне жаңаша өзгерістер ене бастады. Халыққа білім беру, ғылым мен мәдениеттің дамуы кеңінен жолға шықты. Кеңестік жүйе орнатқан партиялық идеологиялық саяси қағидаларынан арылды.

«Біздің мақсатымыз деп жазады елбасымыз Н.Ә.Назарбаев, — ғылымды жаңадан жасап, оны еш нәрсеге жарамай қалған, ескірген идеялардан тазартуға тиіспіз. Әсіресе, мұны қоғамдық ғылымдар саласына қолдануымыз керек» [1]. Міне осыған байланысты халқымыздың жүріп өткен жолын жаңаша көзқараспен жазуға және қазақ тарихындағы «ақтаңдақтардың" орнын толтыруды қажет етеді. Отан тарихында әлі-де үстірт қарастырылған, тарихи тұрғыдан өз бағасын алмаған мәселелер аз емес. Соның бірі 1925 жылы, Ақмешіт қаласының Қазақ АКСР-ның астанасы болуы. Қазақстан астанасын Орынбордан, Ақмешітке көшіруде Мәскеулік билік өзара байланысты бірнеше маңызды мақсаттарды көздейді. Біріншіден, Қазақстан территориясын толық біріктіріп, оның шекарасын белгілеу. Екіншіден, тұңғыш қазақ атын енгізіп, Қызылорданы Қазақ АКСР-нің астанасы ету. Үшіншіден, Қазақстанда халық шаруашылығын өркендету.
1920 жылдың 26 тамызындағы Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік республикасының Халық Комиссарлар Кеңесінің Қырғыз (Қазақ) АССР құру жөніндегі қазақ ұлттық мемлекеттілігін заң түрінде бекіткен декреті шыққанымен Жетісу және Сырдария облыстары Қазақстан құрамында емес, Орта Азия территориясындағы халықтарды қамтитын Түркістан Республикасының құрамында болды.
1924 жылы Орта Азияда ұлттық мемлекеттік шекараларды белгілеу нәтижесінде Өзбекстан, Түрікменстан республикалары, Қырғыз, Тәжік автономды облыстары кұрылғаны белгілі. Осы шара негізінде Түркістан республикасы құрамына кіретін қазақтар Қазақ автономды республикасына қосылып, ұлт біртұтастығын камтамасыз етуге мүмкіндік болды, жер көлемі-де өсті. Осы жылдарда, яғни Казақ Автономды Кеңестік Республикасын құруға дайындық жэне ол құрылғаннан кейінгі алғашқы жылдары Қазақстанның әкімшілік-саяси орталығы ретінде талаптарға басқалардан гөрі Орынбор қаласы сай келген еді. Алайда территорияның ұлғаюы мен әсіресе шығыс, оңтүстік облыстардың қашықтығы, республикалық, орталық органдардың, ондағы жергілікті халықтардың шаруашылық, мәдени өміріне басшылық жасауын толық қамтамасыз ете алмады. Астананың бір қиырда орналасуы Қазақстан өкіметінің де жергілікті жерлердегі партия, кеңес, шаруашылық ұйымдарымен тығыз байланысына едәуір қиындық келтірді, сондықтан астананы ауыстыру қажеттігі туындады. 20-шы жылдары С. Ж. Асфендияров білім — парасаты мен күш қайратын халқына аямай қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсетіп, ұлт мәдениетін өркендетуге өзінің қомақты үлесін қосқан нағыз тұлға. Ол Түркістан обкомының хатшысы бола жүріп Қырғыз АКСР-інің мүддесін толығымен қорғауға байланысты өзінің айрықша пікірін білдіреді. 20–30 жылдары қазақтың оқу, ағарту ісін дамытуға қомақты үлес қосқан азаматтардың қатарында Т.Жүргеновте тұр. 3–4 жыл қатарынан Қазақ АКСР-інің Түркістан Республикасындағы қызметті уәкілі міндетін, сонымен бірге Қазақ педагогикалық институтының ректоры қызметін қоса атқарды. Т.Жүргенов Орта Азияны ұлттық территориялық тұрғыдан межелеуге араласып Қазақ АКСР-інің шекарасын белгілеуге атсалысады. Түркістан республикасының ішкі істер халық комиссары Халық ағарту халық комиссары, жер-су халық комиссары, Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары қызметтерінде ширығу, шыңдалу мектебінен өткен жиырма тоғыз жасар Сұлтанбек Қожанұлы да межелеу комиссиясының мүшесі ретінде маңызды мәселенің басы-қасында жүріп, оның барысына белсене араласты. Ол әуелгі кезекте елдің астанасын «отар қала — Орынбордан» (өз сөзі) калың казақтың ортасына көшіру қажет екендігін ресми мәжіліс мінбелерінен сөйлеген сөздерінде, сондай-ақ баспасөз бетінде жарияланған мақалаларында кайта-қайта козғады. С.Қожанов «Еңбекші Қазақстан» газетінде Қазақстан астанасын Орынбордан, Ақмешітке көшіруге және, Ақмешітке Қызылорда атын беруге өзіндік ұтымды пікір білдіреді. Осындай пікір қатарында С.Сәдуақасов, Т.Жүргеновте болды. Мемлекеттік комиссия астана ретінде, Ақтөбе, Ақмола, Шымкент, Әулиеата, Ақмешіт қалаларын атады. Бірінші Сырдария губерниялық партия конференциясында республика астанасы ретінде Ташкент қаласы да ауызға алынды. Республиканың астанасына, Ақмешіт қаласы ұсынылғанда, ең басты дәлел ретінде онда Орынборға қарағанда қазақтардың көп тұратыны тілге тиек етілді. Орынбор — Ташкент темір жолы республиканың жаңа астанасын Ресей орталығымен, Қазақстанның батыс, оңтүстік аудандарымен және Орта Азия республикаларымен байланыстыратын еді. Оның үстіне, Ақмешіт болашағынан үлкен үміт күттіретін суармалы егістің орталығында орналасты. Бүгінгі көзқараспен қарағанда республика басшылары С.Қожанов, С.Сәдуақасов астананы көшіру мәселесіне ұлттық мүдде тұрғысынан келген деп айтуға болады. Оның үстіне Ресей аумағындағы Қазақ АССР-ының астанасы Орынбор мен қарым — қатынас жасаудың қиындығы да келелі іске кедергі келтірді. Көзі ашық, көкірегі ояу қазақ зиялылары өз жеңісін өз жерінде тойлауды, аңсады. Халқымыздың Т.Рысқұлов, С.Меңдешов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, С.Сәдуақасов т.б. біртуар ұлдары шын мәніндегі дербес Қазақ Республикасын құруды жақтады. Түркістан мен Қазақстан Республикаларының ішкі мүмкіншіліктерін сан қырынан талдап — таразылаған мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожанов астананы Орынбордан қазақтың қалың ортасына көшіруді қызу қолдады. Себебі, «мемлекет астанасының жұртшылығына сүйеніп істемесе, бас хүкіметтің ісі оңбайды»,- деп түйген қайраткерді қазақтың бас қаласының орыс ішінде орнауы қанағаттандырмады. Бұл жайында баспасөз бетінде дүркін — дүркін мәселе көтерді. Жаңа астана туралы ойларын ол «Ақжол» газетінде жарияланған «Кешіктірмей келісу керек» (1924ж.), «Іс жүзінде орындау керек»(1924ж.), «Қазақтың кіндігі қай қала болсын» (1925ж.) т.б. мақалаларында бүкпесіз білдірді [2]. «Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ жұртшылығына жуық болуы керек,- деп жазды С.Қожанов «Ақжолдың" 1924 жылғы 17 желтоқсандағы санында. — Қазақ астанасы болуға Орынбор қаласы шетте болғандықтан ғана жарамайды емес, қазақ қаласы болмағандықтан, қазақ ұлт мемлекетінің ұлтшылдығына орда болуына қисыны жоқтықтан жарамайды [3]. Қазақ ұлт мемлекетшілдігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса, өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қолына керекті шаралар іс жүзінде істелуі қиын». 1925 жылдың ақпанында Қазақ Орталық Атқару Комитеті (КазЦИК) Президиумы республика астанасын Орынбор қаласынан, Ақмешіт қаласына көшіру жайлы қаулы қабылдады, ал 6 сәуірде Орынбор губерниясы Қазақ автономиясы құрамынан шығарылды. Перовск станциясы темір жол жұмысшыларының бастамасы бойынша Қазақстан өкіметін, Ақмешітке көшіру үшін үш күн ішінде «Қызыл паровозды» жөндеуден өткізіп, Орынборға жіберді. Қазақ АССР-і Кеңестерінің Ү съезі делегаттары және өкімет мүшелері бар поезы Орынбордан республиканың жаңа астанасы, Ақмешітке 1925 жылдың наурыз айының аяғында аттанды. Съезд делегаттарының ішінде мәдениет, өнер қайраткерлері Иса Байзақов, Александр Затаевич, Әміре Қашаубаев, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин, Қажымұқан Мұңайтпасов болатын. Құрамында Қазақ АССР-і Кеңестерінің Ү съезі делегаттары бар өкімет поезын жол бойында Сексеуіл, Арал, Қазалы, Жосалы станцияларының жұртшылығы қарсы алып, көп адам жиналған митингілер ұйымдастырылды. Ақмешіт станциясында орасан зор митингі болып өтті. Оны Ташкенттен келген Сырдария облыстық партия комитетінің хатшысы Әбілқайыр Досов ашты. Өкімет делегациясын Қазақстанның жаңа астанасының жұмысшылары мен интеллигенциясы қызу құттықтады [4]. Қала жастары атынан, ақын Әбділдә Тәжібаев сөз сөйледі. Ірі-ірі мекендерде өткен митингіден жол бойы еңбекшілерімен жүздесуге Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы Сұлтанбек Қожанов пен Республика Орталық атқару комитетінің төрағасы Жалау Мыңбаев кезектесіп сөз сөйледі. Сонымен, 1925 жылдың 15 сәуірінде, Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АССР Кеңестерінің Ү съезі салтанатпен ашылды. Бес күнге созылған съездің негізгі құжатының бірі қырғыз халқының тарихи дұрыс атын қалпына келтіруі еді. Яғни, Кеңестердің бүкіл қазақтың Ү съезі «бұдан былайғы жерде «киргиз» деген атау «қазақ" деп аталсын» деп қаулы қабылдады. Сонымен бірге съезд «Киргиз Республикасын! «Қазақ Республикасы» деп атауға, ал оның астанасы, Ақмешітті Қызылорда деп атауға қаулы қабылдады [5]. Қызылорданың Қазақстан астанасы болуымен тарихтың жарқын беттері ашылды. Бұл кезде қаланың тұрғыны 22 577-ге жетті. Дәл осы жылдары жарқыраған электр жарығы іске қосылды. Астана мәртебесіне қол жеткізгеннен соң түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының іргетасы қалана бастады. Біртіндеп кондитерлік фабрика, ет комбинаттары, сыра зауытымен бірге басқа да артелдердің қатары көбейді. Қызылорда астана болған жылдары орта оқу және арнаулы оқу орындары, өнеркәсіп және ауылшаруашылық мекемелерімен қоса орталықтан ғылыми-зерттеу ғимараты қазақтың эпидемиология және гигиена институтының негізінде егу лабораториясы дүниеге келді [6]. Сондай-ақ ең алқашқы рет қазақтың ғылыми — зерттеу, жер қыртысын зерттеу, қазақтың мал дәрігерлік — бактериологиялық және басқа да институттары өз жұмысын осы қалада бастаған болатын. Сауатсыздықты жою үшін, әрине, газет — журналдардың рөлі зор екендігін ұққан ұлттық кадрлар оны ә дегеннен-ақ қолға алды. Сол кезде Қызылорда «Еңбекші қазақ" (Егемен Қазақстан) «Советская степь», кейінірек «Казахстанская правда» деп аталатын республикалық газеттер мен басқа да журналдарды шығарып тарата бастады. Осы өмірдің туын желбіретуге қоғамдық-саяси қызметті қоса арқалаған, ел көшіне, өмір, ағымына, халық тағдырына қабырғасы қайыса қам жеген дарынды жазушылар мен, ақындар-де білек түріп араласты. Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Сабыр Шәріпов, Қалмахан Әбдіқадыров, Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағанбетовтың шығармалары осы Қызылордада жарық көрді. Сонымен, Қызылорда саз балшықтан салынған бейнесін бұзып, қос қабатты, әсем үлгідегі үйлермен қатарын түзеп, сол кездегі мөлшермен қыруар қаржы бөлініп жатты. Сөйтіп қалада қазақтың ұлттық нақыштарымен әспеттелген әсем үйлер салына бастады. Республика астанасының Қызылордада болу кезеңінде өнеркәсіп пен мәдени салалар біршама дами түсті. Жергілікті өнеркәсіп, тұрғын үйлер, мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру объектілері бой көтерді. Осы кезеңде республика үкіметі Голощекиннін басшылығымен Қазақстан республикасының астанасын басқа қалаға көшіру туралы мәселені жандандыра түсті. 1927 жылдың наурызында Қазақстан Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кенесі Қазакстан астанасын Алматы қаласына көшіру туралы қаулы кабылдады. Осы құжаттың негізінде Қазақ АССР Кеңесінің VІ съезі 1927 жылғы 3 сәуірінде болған мәжілісінде оны бекітті. Түркістан — Сібір темір жолының іске қосылуы астананың Ақмешіттен Алматыға көшуін тездетті.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.Назарбаев Н. А. Пять лет независимости. Алматы: Қазақстан, 1996. -стр. 624
2.«Материалы к отчету ЦИК Казахской АССР на сессии ВЦИК 13-созыва». ЦИК Казахстна, Кзыл-Орда. 1928. 121-б.
3.Омарбеков Т. Қазақ тарихының мәселелері. А., 2008. 11-12б.б.
4.Мырзахметұлы Қ. «Орынбордан кейінгі, Ақмешіт». //Ақмешіт апталығы,4б. 4 қазан. 2005ж.
5.«Материалы к отчету ЦИК Казахской АССР на сессии ВЦИК 13-созыва». ЦИК Казахстна, Кзыл-Орда. 1928. 34-35б.б.
6.Кереев М., Досманбетов Б. «Қызылорда» А., 1999. 80-81б.б.

М.А. Қыдырбаев, тарих магистрі, «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?