Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мұхамеджан Тынышбаев

5169
Қазақ тарихындағы орны ерекше тұлға Мұхамеджан Тынышбаев (1879–1938) үстіміздегі жылы 135 жасқа толды.

Саналы ғұмырын туған халқының мүддесіне арнаған, қабілет-дарынымен ұлтының мерейін асырған осы бір ерен тұлға туралы қазіргі қоғамның білуге, тануға құштарлығы зор. Қоғамдық-саяси іс-әрекеті ұлтының тәуелсіздігі жолындағы күреспен сипатталатын қайраткер жайында кеңінен, толыққанды зерттеулер жүргізудің маңызын түсінсек керек. М.Тынышбаевтай тұлғаның тарихын зерделеу бірлі-жарым жекелеген энтуазист-зерттеушілердің ізденісімен ғана шектелмеуі тиіс[1]. Бұл мемлекеттік-деңгейдегі кешенді бағдарламалар арқылы жүргізілетін аса ауқымды іс. Қоғамдық-саяси қызметінің әр кезеңі қазақ тарихының аса күрделі, бетбұрысты кезеңдерімен тығыз байланысты тұлғаны өз-деңгейінде бағалаудың, ұлықтаудың уақыты да, заманы да келді.

Мұхамеджан Тынышбаев 1879 жылы 12-мамырда бұрынғы Жетісу облысы Лепсі уезі, Мақаншы-Садыр болысындағы Жыланды тауының баурайында Әлдекеұлы Тынышбайдың отбасында дүниеге келген. 1890 жылы 14 тамызда Верный қаласындағы Ерлер гимназиясына оқуға қабылданған.
1900 жылы гимназияны үздік аяқтап, [2] император Александр І атындағы Жол қатынасы инженерлері корпусы институтының студенті атанады.
1900–1906 Санкт-Петербургтағы Жол қатынасы инженерлері корпусы институтының студентi болып жүрген кезінде-де түрлi тарихи жағдайлардың куәсi болды. Бұл жылдар (1900–1906 жж.) монархиялық билiкке қарсы саяси, әлеуметтiк-экономикалық талаптағы наразылықтардың, халық толқуларының жандануымен ерекшеленедi. Осы көрiнiстердiң барлығы жас студентке өз дәрежесiнде әсер етiп, оны толғандырған қалың ойдың жауабы табылуына, бiртiндеп қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптаса бастауына жол ашты.
Студент шағында баспасөз беттерiнде отарлық билiктi аяусыз сынайтын уытты мақалалар жазып, ел iшiнде үкiметке қарсы үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзумен айналысты. Сонымен бiрге патша билiгiне оппозициядағы орыстың түрлi партияларына (конституциялық-демократиялық және социалист-революционерлер партиялары), түрiкшiлдiк және мұсылмандық қозғалыстарға да қатысады. Оның осы кезде жазылған атақты «Қырғыздар және азаттық қозғалыс» деген баяндама-мақаласы империя жандармериясының соңына тыңшы қоюға әкелді. 1907 жылы Жетісу облысының мұсылман халқы атынан ІІ Мемлекеттік Думаға сайлануы, оның сол кезеңде-ақ халық алдындағы беделі мен сенімге ие болғанын көрсетеді.
М.Тынышбаевтың елге адал қызмет етудегі келесі қызметі — 1916–1917 жылдар еншiсiне жатады. 1916 жылғы 25 маусым жарлығына қарсы шыққан халық көтерiлiсiнiң салдарын (Жетiсу облысындағы қазақ-қырғызға жасалған қанды қырғын, халықтың босқындыққа ұшырап, бұрынғы жұпыны күйлерiнен-де айрылуы және т.б.) күнi бұрын-ақ болжап, көтерiлiстi болдырмауға тырысты. М.Тынышбаев күшi басым империялық билiкке қарсы шығудың, қарусыз халыққа тек қайғы-қасiрет әкелетiнiн алдын-ала түсiнiп, елдi сабырға шақырған «Қазақ" газетi төңiрегiндегi зиялылармен бiр пiкiрде болды. Кейiн осы көтерiлiстiң зардабын жою iсiмен айналысты [3].

Ол 1917 жылдың ақпанында дүниеге келген Уақытша Үкiметтiң Түркiстан Комитетi құрамына мүше болып, халық трагедиясын шешуге барынша атсалысты.
М.Тынышбаевтың қоғамдық-саяси қызметiнiң келесi бiр өте маңызды кезеңi — Алашорда үкiметi тарихынан табылады. 1917 жылдың соңына таман Ресейдегі биліктің дағдарысы мен анархияға ұшырауы Алаш зиялыларының ұлттық автономия мәселесін көтеруіне ықпал етеді. Бiрақ басталып кеткен азамат соғысы бұл шешiмнiң орындалуына қолайлы жағдай туғыза қойған жоқ. Соған қарамастан Алашорда үкіметі бұрынғы империя метрополиясы мен отар аймақтарында пайда болған түрлі саяси билік құрылымдарымен келіссөздер жүргізіп, қазақ мүддесін қозғауға ұмтылды. М.Тынышбаев белсенді мүшесі болған ұлт автономиясының көсемдері, ең алдымен халықтың амандығын, бүтiндiгiн сақтауға тырысты [4].

М.Тынышбаев қатарлы зиялылар кеңестiк билiктiң қайшылықты қуғын-сүргiн саясаты жылдарында, ел мүддесіне адалдықтарынан титтей-де жаңылған жоқ. Мұхамеджан Тынышбаев инженерлік кәсібін жалғастырып, ағартушылық және зерттеушілік жұмыстармен қоса айналысты. Ташкент қаласында орналасқан Қазақ Халық Ағарту институтында түркі-моңғол тарихынан дәріс оқып, физика, математика пәндерінен сабақ берумен айналысады. Fылыми еңбектерi арасында қазақ халқының этникалық және саяси тарихына арналған зерттеулері — «Қырғыз-қазақ руларының шежіресі», «Қырғыз-қазақтардың шығу тегі», «Қазақ хандығының құрылуы», «Қырғыз-қазақтар 17–18 ғасырларда», «Ақтабан шұбырынды» және т.б. көкейкестілігімен маңызы зор саналады [5]. Бұл еңбектердің тарихи-ғылыми құндылығын бүгінгі тәуелсіз еліміздің тарихи шежіресінен кездестіруге болар еді.

Мұхамеджан Тынышбаев кәсiби қызметiнде Жетiсу жол құрылысы, Қызылорда, Алматы қалалары сәулет-ғимарат нысандарын жобалау және салу, Түркiстан-Сiбiр темiр жолын тұрғызу тәрізді ірі техникалық туындыларын қалдырып үлгерді. Әсіресе тұңғыш қазақ инженерінің атақты Түркiстан-Сiбiр темiр жолын салудағы еңбегi өлшеусiз [6]. Қазақстан көлік және коммуникация әлеуетін қалыптастыруда Мұхамеджан Тынышбаевтың көшбасшы екенін бүгінгі ұрпақ ұмытпағаны ләзім.
Кеңес үкіметі Алаш зиялыларының іс-әрекеттерін жіті назарда ұстап, 1937–1938 жылдары жаппай жазалауға ұшыратты. М.Тынышбаев 1930 жылдың тамыз айының 3-жұлдызында кеңес билігі тарапынан саяси қуғындауға түсті[7].
Мұхамеджан Тынышбаевқа қатысты тарихи құжаттар мен деректер елімізде, ТМД елдері қалаларының (Мәскеу, Петербург, Самара, Уфа, Том, Қазан, Ташкент, Қоқанд, Ашғабад және т.б.) мұрағат қорларында және алыс шетелдерде түрлі ресми-қоғамдық мекемелермен жеке коллекционерлер қорларына шоғырланған. Оларды іздеу, жинау, деректанулық талдау жұмыстары үздіксіз жалғаса берсе деген ойдамыз. Еліміздің тәуелсіздігі осындай, аға ұрпақтың жанқиярлық еңбегі мен тағылымға толы өмірі арқылы еңселене, кемелдене түспекші.

Қ. Әлімғазинов

                                                     Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер:

1. Жүгенбаева Г.Мұхамеджан Тынышбаев қазақтың тұңғыш инженері. А., 2009.

2. ҚР ОММ (Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты). 4-қ., 1-т., 172-іс, 33-п.; 210-іс, 31-п.
3. ӨР ОММ (Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты). Р-1044-қ., 1-т., 5-іс. 6-п.
4. РФ ММ. (Ресей Федерациясы Мемлекеттік Мұрағаты) 1701-қ., 1-т., 35-іс, 8-8-қайырма парақтар.
5. Тынышпаев М.Избранное. А., 2001.
6. РФ ММ. 444-қ., 1-т., 6-іс. 94, 102,102,103-пп.; Турксиб //Джетысуйская искра. 1927. 17 января.; 31 января.
7. Жүгенбаева Г. Мұхамеджан Тынышбаевтың өмірі мен қызметі.А., 2000.-146-б.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?