Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағаты қорындағы этносаралық мәселелерге қатысты деректер туралы

2388
Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағаты қорындағы этносаралық мәселелерге қатысты деректер туралы - e-history.kz
Қазақстанның демографиялық ахуалы қоғамдағы маңыздылығын жоймаған мәселенің бірі болып саналады. Әрине, бұл жөнінде бұрын да жазылды, алайда әліде зерттеуді қажет етеді.

Миграциялық үдерістер нәтижесінде халықтың ұлттық құрамы айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Қазіргі көп этносты Қазақстанда жалпыұлттық мүдделерді жүзеге асырудың жолы - қазақ ұлтының біріктіруші рөлі жағдайында барлық этностардың теңдігін қамтамасыз ету болып табылады.

Қазақстан халқының ұлттық құрамының ауыр тағдыры тарихтан белгілі. XX ғасыр қазақтарды өз Отанында азшылыққа айналдырған қайғылы оқиғалардың дәуіріне жатады. Қазақстаннан сырт жерлерде, 40-тан астам шетелдерде 5 млн. қазақ тұрады. Шеттегі қазақтардың ана тілін, салт-дәстүрін сақтауына Қазақстан үкіметі қамқорлық жасап отыр. «Сырттағы 5,0 миллионнан астам қандастарымызға арнайы бір басылымның ауадай қажет екені ақиқат. Ал «Қазақ елі» газеті 1995 жылы алғаш кіндік кескенде біздің Қауымдастықтың оған құрылтайшы болғаны да бар» - деп көрсетілген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құжатында [1, 41-п.].

ҚР Президенті Жарлығымен 1996 жылдың 31 желтоқсанында «Шетелдегі отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Бағдарлама негізінде шетелдік қазақ қаламгерлерінің халқымыздың тарихына қатысты жазған шығармаларын шығару қолға алынды [1, 70-п.].

 

Автор

Шығармасы

Су-би-хай

«Қазақ мәдениетінің тарихы»

Зардыхан Қиянатұлы

«Моңғолиядағы қазақтар»

Жақсылық Сәмитұлы

«Қытайдағы қазақтар»

Сұлтан Жанболат

«Елжау Күмби»

Халифа Алтай

«Алтайдан ауған ел»

Дәлелхан Жаналтай

«Қилы заман – қилы күндер»

Батырхан Құсбегін

«Зұха батыр»

Таңжарық

Екі томдық шығармалар жинағы

Осылайша, Үкіметіміз шетте жүрген отандастарымыздың ана тілі мен ұлттық мәдениетін сақтап қалуларына жағдай жасауда.

1991 жылдан бастап миграцияда жаңа құбылыс - ТМД елдерінен және алыс шетелдерден қазақ ұлты өкілдері келе бастады. 1991-1992 жылдары Моңғолиядан 41 мың қазақ көшіп келді. 1993 жылы алыс шетелдерден 23 мыңнан аса қазақ келді. Ресейден, Прибалтикадан, Украинадан, Закавказьеден, Тәжікстаннан 50 мыңға жуық қазақ туған жеріне оралды.

Алайда, 1991-1995 жылдары республикадан кеткендердің саны келгендерден 1 млн-ға жуық өсіп отырды. Осы жылдары көшіп келушілер 2240, 8 мың болса, кеткендер – 32210,3-тен асты [2, 320-б.].

Соған қарамастан, Қазақстанда тұратын қазақтардың жыл сайынғы өсімі оралмандар есебінен көбейе түсті. Осындай миграциялық үдерістер нәтижесінде халықтың ұлттық құрамында өзгерістер жүріп жатты. Ең басты өзгеріс – өзінің кіндік қамы тамған туған жерінде азшылыққа айналған, демографиялық апаттарды басынан кешірген қазақ ұлты басымдыққа ие болды. 1989-1995 жылдар аралығында қазақтар үлесі 39,7% -дан 46%-ға өсті [2, 321-б.].

1993 жылғы дерек бойынша, республикадан алыс шет мемлекеттерге 100,5 мың адам, яғни тұрғылықты халықтың 0,6 %-ы кетіп, 11,0 мың адам көшіп келді, миграция сальдосы (-) 89,5 мың адам болып есептеледі. Статистикалық мәліметке сәйкес негізгі этникалық топтар келесідей бөлініске түседі:

 ұлт өкілдері

мың адамға шаққандағы саны

 ұлттың жалпы саны %

мигрантардың жалпы саны %

мың адамға шаққандағы саны

келгендердің жалпы саны %

орыс

13,2

0,2

13,1

0,6

5,5

украин

2,7

0,3

2,7

0,1

0,9

белорус

0,5

0,3

0,5

0,01

0,1

неміс

78,8

11,3

78,4

0,34

3,1

қазақ

0,4

0,01

0,4

6,4

58,2

Бұдан байқайтынымыз, алыс шет мемлекеттерге кететіндердің негізгі бөлігін немістер құрайды – 78, 4 % (Қазақстанда тұратындардың 11, 3 %-ы). Қазақтардың үлес салмағы реэмиграция үдерісінде неғұрлым басымырақ (58,2%) болып келеді [3].

Қазақстанда эмиграцияның жоғары қарқынына байланысты 1991 жылдан кейін тұрғындар санының төмендеуі байқалды. 1992 жылы 16 млн. 985 мың адам болса, 1993 жылы – 16 млн. 942 мың, ал 1995 жылы – 16 млн. 590 мыңға азайды. 1999 жылғы жүргізілген санақ халық санының 15 млн.-нан төмендегенін көрсетті. 1995 жылдың 9 айының ішінде республикадан 198,6 мың адам кеткен. 1991-2001 жыл аралығында Қазақстаннан кеткендердің жалпы миграциялық толқыны 2 млн. адамды құрады. Сонымен бірге, 1991-1997 жылдар аралығында Қазақстанға шеттен 164 мыңға жуық қазақ көшіп келді [4, 370-б.].

1992 жылдың аяғында республикадағы халық саны – 17 млн. болса, 2002 жылы 14830 мың адамды құрады. Осы жылы елімізден 113,6 мың адам көшкен, ал көшіп келгендер – 53,8 мың болды. 2003 жылға қарай экономиканың тұрақтануына байланысты Қазақстанға тек жақын шетелден ғана емес, Германия, Греция т.б. алыс шетелдерден келгендер саны артқаны байқалды. Бұл 2004 жылы халық санының 15 млн-ға жетуімен айшықталды [3]. Міне, бұл демографиялық динамикадағы өзгерістер еліміздегі көші-қон мәселесінің біржақты болмағанын айқындайды.

2009 жылғы санақ бойынша халқымыз 16004, 8 мыңға жетті [3, 322-б.] Бұл мәліметке қарай отырып, 2009 жылғы көрсеткіштің артқанын байқаймыз. Халық санының өсуі негізінен шеттен келген қазақ бауырларымыздың есебінен болғаны қуантады. Бұл көші-қон мәселесі үкіметтің арнайы саясаты арқылы жүзеге асырылып отырды.

Яғни, 2008 жылы «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарламада жоғары білімі, ғылыми дәрежесі барларға және кәсіппен айналысуға бейімділерге квота үлестіруде басымдық берілді [3, 330-б.].

«2000-2009 жылдардардағы көшті «Қазақ көшінің алтын дәуірі» деп атауға болады. Бұл кезде Қытайдан елге оралған қазақтар ауыл-ауыл болып тұтасып көшті. Азаматтық алу, оқуға түсу, квота алу ісі оңтайлы болды» -деп еске түсіреді «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбекұлы.

Көп этносты еліміздегі идеологиялық міндеттің маңызды бөлігі - қазақстандық отаншылдыққа тәрбиелеу, әрбір азаматтың өзін-өзі айқын билеуін қалыптастыру (өзін-өзі теңестіру). Әрбір адам өзінің мемлекетіне, оның тарихы мен болашағына өзінің қатысты екенін мақтанышпен сезіне алатындай болып, қызмет етуі тиіс [5, 112-б.].

Осы мақсатта 1995 жылы 1 наурызда құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізді мекендеген барлық ұлттық-мәдени орталықтар мен этностық қоғамның барлық өкілдерін біріктірді. Н.Назарбаев «Қазақстан жолы» кітабында Ассамблея құрылымы туралы: «Бүгінде дәл осындай беделді де өкілетті ұлттық саясаттың құралы әлемнің бірде-бір елінде жоқ», - деп жоғары баға берген болатын [6, 173-б.].

Ассамблеяның жұмысы бірнеше қағидаға негізделген. Бірінші қағида – этностық, конфессиялық, мәдени және тіл ерекшеліктері. Екінші қағида – этностардың мәдениеті мен тілдерін дамытуға мемлекет тарапынан жағдайлар жасау. Үшінші қағида – қазақ ұлтының толеранттылығы мен жауапкершілігі. Төртінші қағида – қазақ этносының ынтымақтастықты нығайтудағы рөлі. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы қағидаларды дәйекті түрде жүзеге асыруда.

2002 жылы Қазақстан халықтарының Кіші Ассамблеясы атқарған жұмыстары туралы ақпаратқа назар аударайық: Мұнда Қазақстан аумағындағы этностардың ұлттық-мәдени бірлестіктері жайында деректер келтірілген [1, 73-п.].

Аймақтар

Ұлттық-мәдени орталықтар

Шығыс Қазақстан облысы

42

Алматы қаласы

29

Жамбыл облысы

20

Астана қаласы

16

Қостанай облысы

13

Қызылорда облысы

6

Бұдан әр аймақтағы ұлт өкілдерінің санына байланысты мемлекет тарапынан этностардың мәдениеті мен тілдерін дамытуға жағдайлар жасалып отырғаны байқалады.

Идеялық бірігуде қоғамда жоғары тіл мәдениетінің орнығуы негізгі мәселе болып табылады. Мемлекеттік тіл - қазақ тілі мәдениеттің бір бөлігі ретінде, барлық қазақстандықтарды біріктірудің қосымша факторы болуға тиіс. Қазақстанда тұратын әрбір адам қазақ тіліне осындай көзқараста болуы қажет.

Тілдер туралы Заңның қабылдануы ұлттық білім беруді одан әрі өркендетуге мүмкіндік берді. 1997 жылы барлық 8610 жалпы білім беретін мектептің 3379-ы қазақ тілінде, 72-сі өзбек тілінде, 16-сы ұйғыр тілінде, 3-уі тәжік тілінде, 1-уі түрік тілінде жұмыс істеді [4, 371-б.].

Қоғамымызда барлық этностардың мәдениеті мен тілін дамытудың бірегей формуласы жасалып отыр. Елімізде өзбек, тәжік, ұйғыр, украин тілдерінде білім беретін 88 мектеп бар (2012 ж.). 108 мектепте 22 этностың тілі ерікті пән есебінде оқытылады. 30 этностың тілін оқытып-үйрететін 195 мамандандырылған лингвистикалық орталық ашылған.

Еліміз аумағында өзбек, ұйғыр, кәріс, неміс – барлығы 4 ұлттық театр жұмыс істеуде. Ақпараттық кеңістікте 35-тен астам этникалық газет-журнал басылымдары таратылуда. Газет-журналдар 11 тілде, радиобағдарламалар – 8 тілде, телебағдарламалар – 7 тілде шығарылады.

Дүние жүзінде ұлт саясатын Қазақстан үлгі болатындай жүргізуде. Айтар болсақ, Алматыдағы корей театры - корейлердің тарихи отанынан тыс жерде орналасқан дүние жүзіндегі жалғыз театр. Еліміздегі «Коре ильбо» және «Украіньскі новини» басылымдары қазақстандық үкімет қаржыландырып отырған басылымдар [5, 168-б.].

Біздің мемлекетіміз көпэтносты болуымен қоса, көп дінді екені белгілі. Діни сезімдерді қоғамда жанжал туғызу үшін пайдалануға жол бермеу керек. 2003 жылдан бастап жұмысын бастаған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі конфессияаралық өзара түсіністікке жасалған қадам болды. Елімізде 40-тан астам конфессия мен деноминациялардың өкілдері бар. 4 мыңнан астам діни бірлестіктер, 3300 мәдени нысандар жұмыс істеуде [7].

Әлемде жүріп жатқан жаһандану процестері этникалық айырмашылықтарды жояды, ал бұл өз кезегінде ұлтардың өз мәдениетінің ерекшелігін сақтап қалуға, өзінің этникалық бірегейлігін сезінуге құштарлық туғызады. Жаһандану кезінде жат идеологияларға ұлттық құндылықтарымыз бен отаншылдығымыз арқылы төтеп бере аламыз. Елбасы: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодты сақтай білу», - деп атап көрсетті. Ұлттық кодты сақтау арқылы ұлттық болмысымызды нығайтып, оны ұрпақтарға мұра ету парызымыз. Көп этносты бейбіт ел екенімізді мақтан ете отырып, ұлттық құндылығымызды асқақтата білуіміз керек.

Пайдаланылған деректер мен әдебиеттер:

1. 54-қор, 1-тізімдеме, 297-іс, 41, 70, 73-п п.

2. Аяған Б.Ғ., Әбжанов Х.М., Махат Д.А. Қазіргі Қазақстан тарихы. Жоғары оқу орындарының тарихшы емес мамандықтарына (бакалавриат) арналған оқулық. Алматы 2010.

3. ҚР Президентінің Ақпараттық-аналитикалық орталығы, ҚР. халқының жақын шетел мемлекеттеріне миграциясы және иммиграциясы туралы құжаттар, 5-Н-қор, 1-тізімдеме, 3502-іс, 26-п.

4. А. Кузембайулы, Е. Абиль История Казахстана. Санкт-Петербург, «Соларт» - 2004.

5. Назарбаев Н.Ә. Тәуелсіздік белестері. Алматы, Атамұра, 2003.

6. Аяған Б., Ауанасова Ә., Сүлейменов А. Қазақстанның жаңа тарихы: Тұрақты Қазақстан. III том. Алматы, 2012.

7. Тәуелсіздік жолы: тарихы, бүгінгі шындығы және келешегі. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. Астана, 2012.

Ермұханова Хадиша Кенжеғұлқызы,

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?