Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Дағдарыстан - жаңаруға

4127
Дағдарыстан - жаңаруға - e-history.kz
Адамзат өркениеті даму тарихында дағдарысты кезеңнен өтіп отырған. Тауар өндірісі мен сұраныстың арасындағы тепе-теңдіктің сақталмауы дағдарысқа әкеліп соқтырады.

Қоғам дамуының заңдылығына сәйкес 2009 жылы елдің жетістіктерімен бірге қиын­шылықтары қатар жүрді. Соның бірі – әлемдік экономикалық дағдарыстың әсері. Мамандардың пайымдауынша, нарықтағы тауарлар мен қызметтің сұранысы және тапсырысы арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуынан экономикалық дағдарыс туындайды.

Адамзат өркениеті даму тарихында дағдарысты кезеңнен өтіп отырған. Ерте дәуірде азық-түліктің жетіспеушілігінен, «өнеркәсіп төңкерісі» кезінде халықтың төлемақы қабілетінің нашарлауынан сұраныс төмендеп кетеді. Тауар өндірісі мен сұраныстың арасындағы тепе-теңдіктің сақталмауы дағдарысқа әкеліп соқтырады.

Соңғы екі ғасырда Америка және Еуропа елдерін қамтыған экономикалық дағдарыстар саны 20-ға жеткен. Тарихи мәліметтер бойынша ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында жиілеген қаржылық дағдарыстар араға 10-12 жыл салып қайталанып отырған. ХХ ғасырдағы күйзелісті дағдарыс АҚШ, Англия, Франция, Германия және Ресей сияқты мемлекеттерді қамтыды. Дағдарыс өндірісті күйретті, жұмыссыздықты өсірді, қоғамдық қатынастарды шиеленістірді. АҚШ тарихында 1929-1933 жж. «Ұлы дағдарыс» атауымен қалды. Осы жылдары Нью-Йоркте акцияның бағасы күрт төмендеді, қоры бар «нарық ауруы» басталды. Елдегі іскерлік белсенділік құлдырап кетті, бұл дағдарыстың зардаптары қырқыншы жылдардың басына дейін сезілді.

Сол кездегі ресми мәліметтерге сүйенсек, АҚШ-та жұмыссыздық 14 миллион адамды құраған, барлығы 32 елді қамтыған бұл дағдарыстан 30 миллиондай адам зардап шеккен. Өнеркәсіп өндірісі 24 пайыздан 46 пайызға қысқарған.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Англия, Канада, Бельгия, АҚШ, Нидерландыелдеріншарпығанэкономикалықдағдарыскезінде 10 миллионадап жұмыссыз қалған. Өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы жылдары мұнай өндіру көлемінің төмендеуінен «энергетикалық дағдарыс» көрініс берді. Осы кезде мұнай өндірушілер нарықтағы мұнайдың бағасын ұлғайтуға тырысты, баррель бағасы 3 доллардан 12 долларға өсті.

Тоқсаныншы жылдардағы Азия дағдарысы аймақтағы валюта девальвациясы мен төлемақы балансының жетіспеушілігінен туындаса, Ресейдегі дағдарыс айналымдағы рубль бағамының күрт төмендеуінен байқалды. Осы кезде коммерциялық өндіріс тоқырап, халық кедейленді.

Мұндай көріністер үшінші мыңжылдыққа да жетті. 2007 жылғы әлемдік экономикалық дағдарыс жылжымайтын мүлік операциялары, құрылыс, банк секторларын қамтыды. Сондай-ақ, сауда мен құрылыс материалдарын өндіруге кері әсерін тигізіп, шағын бизнес зардап шекті.

Әлемдік дағдарыс салдарынан 2007-2008 жж. Қазақстан экономикасының қаржы және құрылыс салаларында құлдырау байқалды. Шикізат тауарларына сұраныс кеміді, халықты еңбекпен қамту және баға түсіп кетті. Жалпы, елдің экономикалық өсу қарқыны төмендеді. 2007 жылы ішкі жалпы өнім 8,5 пайызға өссе, 2008 жылы 3,1 пайызға төмендеген, 2009-2010 жж. көрсеткіштер де мәз емес. Дағдарыстың алғашқы жылдары инфляция орта есеппен 17 пайызды құраған. Осы кездері бір бөлке нанның бағасы 70 теңгеге өсіп кетті.

Халық банкі мәліметтерінде несиелендіру жүйесіне халықтың 42 пайызы (3455 мың адам) тартылған, соның ішінде фирмалар 10 пайызды құраған. Қаржылық дағдарыс халықтың несиені қайта рәсімдеу кезінде байқалды, басқаша айтқанда, банктен алған алғашқы несиесін жабу үшін алынған екінші несиені өтеу қиынға соқты. Осылайша ел-жұртымыз қарызға батты. 20-22 пайыз үстемемен несие алған адамдар, жұмыстың қысқарып, жалақының азаюы салдарынан қайтару мүмкіндігінен айырылды. Тіпті, осы кезде небір сорақы әрекеттерге бел буғандар да табылып жатты. Қазақтың белбауын босатпау үшін осындай сынақ керек те шығар…

Еліміздегі білім және ғылым саласындағы несиелендіру жүйесі – студенттердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталды. ҚРБжҒ «Қаржыорталығы» арқылы студенттер несиеге кез келген жоғары оқу орнында білім алуға мүмкіндіктер  алды. Дегенмен, 2008-2009 оқу жылы студенттерге ауыр тиді. Елдегі жұмыс орындарының қысқаруынан ақылы негізде оқитындардың жүйкесі жұқарды, 200 мыңнан астам студентке оқудан шығу қаупі төнді. Бұл мәселе депутаттық сауалдама арқылы Үкімет мінберіне дейін көтерілді. «Нұр Отан» ХДП-ның назарына ілігіп, нәтижесінде ақылы негізде оқитын 3 курстың озат студенттері үшін қосымша мемлекеттік гранттар бөлінді. Материалдық қолдауға аса зәру студенттерге ұзақ мерзімге жеңілдетілген несиелер берілді. Олардың жалпы саны 40 мыңға жетті.

Дегенмен, Елбасының бастамасымен 2009 жылдан бастап, әлеуметтік міндетті төлемдермен бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға өсті. Қазақстан Үкіметі, Ұлттық банк және Қаржы қадағалау агенттігінің 2009-2011 жж. арналған бірлескен жоспарына сәйкес, Ұлттық қордан 20 млрд. доллар көлемінде қаржы бөлініп, инвестиция ретінде экономика саласына құйылды.

Елбасы 2009 жылғы «Дағдарыс арқылы жаңарумен дамуға» атты Жолдауында: «Тәуелсіздік шежіресін парақтасақ, күйреген кеңестер империясының орнына жаңа мемлекет құру бізге оңайға түскен жоқ. Тұралап қалған экономиканы қайта қалпына келтіру, оны жаңаша даму жолына түсіру тақыр жерден тау тұрғызғанмен бірдей еді. Ел болып ол қиындықтарды да еңсеріп өттік», дей келе, «дағдарыстар өтеді, кетеді. Ал мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады», деп қадап айтқан болатын.

2009 жылғы оң өзгерістер қатарында Астана қаласында ашылған Тұңғыш Президенттің бірінші интеллектуалдық мектебінің іске қосылуын, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдық мерейтойын, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 20 жылдығын атап өтуді, Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің ІІІ съезінің шақырылуын, Мұстафа Кемаль Ататүрік ескерткішін, «Егемен Қазақстан» газетінің жаңа ғимаратын, «Керуен», «Азия-Парк» сауда-ойын-сауық, «AstanaFinancialTower» іскерлік орталығын, т.б. құрылыс нысандарының пайдалануға берілуін атауға болады. Сондай-ақ, осы жылы Конституция күнін мерекелеуге арналған тұңғыш әскери шеру ұйымдастырылды. 2009 жылы тарихқа енген «Дағдарыстан – жаңаруға» ұғымының нақты көрінісі, міне, осылар.

Мәлімет БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?