Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Өткен мен болашақ рухани азудан сақтайтын ғылым

12868
Өткен мен болашақ рухани азудан сақтайтын ғылым - e-history.kz
Смағұлова Светлана Одепқызы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы

Кеңестік жүйе тұсындағы КСРО құрамына енген елдердіңтарихын зерттеу мәселесі жоғарыдан шешілгені рас. Қандай тақырыптар жазылса да, орыс халқымен байланыстырыла немесе саяси бұрмалана қарастыру орын алғаны белгілі. Алайда сол тұста қазақ тарихына қатысты жазылған ғылыми еңбектерді жоққа шығаруға болмайды.  Өткен ғасырдың 20-30-жылдары қатаң бақылау, идеологиялық қысымға қарамастан Санжар Асфендияров, Телжан Шонановтар қазақ тарихын шынайылық тұрғыда зерттеуге тырысты, Қазақстан тарихына арналған оқулықтар жазып, жоғары оқу орындарына дәрістер оқыды. 1943 жылы ұжымдық 1 томдық Қазақстан тарихы кітабының басылып шығуы тарихқа деген қызығушылықты арттыра түсті. Ермұхан Бекмаханов, Бек Сүлейменов сияқты тарихшыларымыз сол кездердегі қысымға, қудалауға қарамастан қазақ тарихының әділ бағасын алмай, партиялық методология негізінде бұрмаланғып келген тақырыптарды зерттеді. Шынай жазғаны үшін жазаланды, қызметтен қуылды.   

Қазақ халқының тарихи қазынасы мол. Оны бір немесе ондаған жылдарда зерттеп біту мүмкін емес. Соңғы жиырма жылдың ішінде тарихымыз бұрынғы идеологиядан ада болып, жаңаша көзқараста жазыла бастады. Дегенмен де кәсіби тарихшылар емес, өзіңіз айтқандай делитанттардың қаптап кетуіне жол ашылды. Түп деректі оқымай, «анау былай деп айтыпты, осылай болған деседі» деп өтірікті шындай етіп соғатындар мен өзінің шыққан тегінен батыр, би іздейтіндердің қатары көбейді. Қалталылар ақшаларының арқасында тарихта мүлдем белгісіз атасының немесе бабасының атын шығару мақсатында мешіт салу, соған атын беру дегендерді тәуелсіз болған жиырма жыл ішінде талайын естіп, көріп жүрміз. Баспасөз беті арқылы Шыңғысханды қазақ деп жар салып, мақалалар жазып, халықты шатастырушылыққа ұшыратқандар да арамызда жүр. Қазір инженер де, дәрігер де тарихи еңбек жазғыш болып алды. Әсерлете жазу, жоқты бар қылып көрсетіп жазған еңбектерді соңғы кездерде жиі кездестіресіз.

Таяуда Астанада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында тарихқа жаңаша қарап, шындықты бұрмалауға жол бермеу, зерттеуді нақты қажет ететін тақырыптарды қолға алып, дәлелді деректермен жазудың қажеттігі баса айтылды. Ұлттық тарихымызға нұқсан келтіретін небір жалған  тұжырымдар мен ұстанымдар халық арасына таралып кеткен. Бұл сөзсіз тарихи жадымызға нұқсан келтіреді. Сондықтан тарихты жазуда оның құндылығын түсірмей, азаматтық тұрғыда жазуға тиіспіз.

Ғылыми зерттеу жұмысын жазуда қандай ғалым болмасын оның мақсатын, міндеттерін анықтап алары сөзсіз. Нені жазу керектігін жоспарлап, оған қажетті деректік материалдарды жинап алмай, бірден отырып жазу мүмкін емес. Қандай ғылыми зерттеу болмасын тарихшылар дерекке сүйене жазады. Деректі қолданудың да өз ерекшеліктері бар. Кәсіби тарихшылар жинақталған құжаттық материалдарды басқа дерек көздерімен салыстыра қаншалықты шынайылығын анықтап барып жазуға тырысады. Қазірде жазылып жатқан кейбір мақалаларға көңілің толмайды. Себебі, мақалалардың пайымсыз, үстірт жазылады. Тіпті кейбір зерттеушілер терең еңбектенудің орнына интернеттегі материалдарды айна қатесіз көшіріп алып, ғылыми мақала ретінде жариялауды әдетке айналдырып алды. Бұл ретте соңғы кезде зерттеу нысанына айналып отырған ашаршылық мәселесіне қатысты жазылған мақалаларды айта кеткен жөн. Осы мәселені зерттеген ғалымдардың еңбектерінде келтірілген мәліметтерді сол қалпында, сөзбе-сөз келтіре отырып, сілтеме жасамай, өз еңбегіндей беретіндер де бар. Бұл бірінші ғылымға, екінші ғалымға жасалған қиянат деуге болады. Біз ғылым саласында тың әдістемелік тәсілдерді қолданып, жаңа бағыттарды игеруіміз қажет. Тарихи оқиға нақты деректерге сүйене, айқын дәлелдермен жазылуға тиіс.

Тарих пәні оқулықтардың сапасы сын көтермейтіндігі соңғы кездерде жиі айтылып жүр. Оқулықтардың ауыр тілде жазылуы, кейбір тарихи оқиғалардың жылы түрліше берілуі сыналып та жатыр.  Тарихшылардың басын қосқан бұл жиында ұлттық тарихты көтеруде сапалы оқулықтар даярлау мәселесінің көтерілуі аса орынды. Мектепке арнап оқулық жазу үрдісі бізде әлі де болса дұрыс жолға қойылмаған. Бұл оқу құралдарын жазатын авторлардың дұрыс таңдалмауынан деп есептеймін. Тәуелсіздік алған жылдары тарихшы емес дегомогтар оқулық жазып,  жоғары оқу орындарында солардың оқулықтары оқытылып келді. 

Оқулық жазу барысында автор ретінде бірыңғай ғалымдарды ғана емес, сол сала бойынша оқыту ісінде тәжірибесі мол ұстаз-әдіскерлердің қатысуы қажет. Орта және жоғарғы оқу орындарына жазылатын оқулықтардың сапалық мазмұнын, оқыту әдісін заманауи технология жолымен, инновациялы педагогикалық талаптармен жазу маңызды және де оқу орындарына жазылатын оқулықтарға аса қатаң бақылау орнатылып, арнайы тексерістен өткеннен кейін ғана қолданысқа жіберілуі тиіс деп ойлаймын. Бүгінгі таңда Білім және ғылым министрлігі тапсырмасымен  Қазақстан тарихының ежелгі дүниеден бері бүгінгі заманға дейінгі және ұлттық тарихтың жаңа кезеңіне арналған екі жаңа оқулық жазу ісі қолға алынып, осы мақсатта жұмыс тобы құрылды.  

Қазақ халқының тарихына терең үңілсек, әр кезеңнің өз тарихи тұлғасы бар.Алысқа бармай-ақ, қазақ халқын қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат  Абылай хан, орыс үкіметінің отарлық саясатына қарсы бас көтерген Кенесары, ХХ ғасырда қазақ халқының тәуелсіздігі жолында күреске шыққан Әлихан, Ахмет, Міржақып, Райымжан, Халел және тағы басқа ұлт зиялыларымыз, кеңестік билік тұсындағы Тұрар, Нығмет, Смағұл, Сәкен сияқты қайраткерлеріміз, кешегі желтоқсан көтерілісіндегі Қайрат Рысқұлбеков, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанымыздың іргесін нығайтуға күш салған қайраткерлеріміз, білім, ғылым, мәдениет саласындағы майталмандарымыздыңң өнегелі істері болашақ жастарға үлгі болуы тиіс. Оларды патриоттық сезімде тәрбиелеу үшін оқулықтарда осы тарихи тұлғалары жайлы мәліметтер беру аса қажет. Олардың әрқайсысы өзінше идеал. Жекеше  идеал ретінде бөліп жарудың қажеті жоқ.

// Қазақ әдебиеті. 2013. 21 маусым. №25(3345).


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?