«Көне түрік бітіг жазуын жаңғыртып, қазіргі қолданысқа енгізуге толық мүмкіндік бар» - турколог

Бөлісу

11.12.2025 8227

Көне түрік бітік жазуын жаңғыртып, қазіргі қолданысқа енгізуге толық мүмкіндік бар. 


Оған ата жазуымыздың дыбыстық, таңбалық қоры толықтай жетеді. Тұтастай 39 таңбадан тұратын толық құрамды жазу. Бұл туралы белгілі тарихшы, түрколог Талғат Молдабайұлы айтып берді деп хабарлайды e-history.kz порталы.

Тарихшының айтуынша, осы көне бітік жазудың қағазға түскен нұсқалары да бар.«Жазу – мәдениеттің көрсеткіші. Төл жазуы бар мәдениеттер саусақпен санарлық қана, өте аз. Сондай санаулы мәдениеттің бірі бола тұра өз жазуымызды неге қолданбасқа деген сұрақ әрине заңды. Бұны бүгін болмаса да ертең, болашақта пайдалануға толық мүмкіндік бар.Мұның қағазға жазылған нұсқасы да бар. Ырық бітік деп аталатын ұйғыр дәуірінде осы көне бітік жазу қағазға түскен. Бірнеше құжат сақталып жеткен. Ағылшын мұражайының Стейн коллекциясында сақталып тұр. Берлиннің Бостандық мұражайында бірнеше нұсқасы сақталып тұр. Кейбір құжаттар сонау Жапонияға дейін жеткен.Қағазға түскен нұсқасы дайын тұр. Демек, оны қазіргі қолданысқа, компьютерге орнатуға болады деген сөз. Демек, ыңғайлы. Тек бізде ынта болмай тұр. Ол үшін төл жазуымыз бар екенін, оны жаңғыртуға толық мүмкіндік бар екенін жете түсінуіміз керек», – дейді тарихшы.

Сондай-ақ ол түрік бітік жазуының қазіргі қазақ тілінің заңдылықтарына да толық жауап беретінін айтады.

«Екіншіден, түрік бітік жазуында үндестік заңдылығы өте қатаң сақталады. Қазір тіліміз аздап өзгерген. Бірақ негізінен үндес. Жуан буынға жуан дауысты жалғау жалғанады немесе керісінше. Түрік бітік жазуы тура осы заңдылыққа негізделген. Яғни, толықтай дайын тұр жаңғыртуға. Үшіншіден, терминдік заңдылықтарға толықтай сай. Әріп-таңба саны жеткілікті, дыбыстық ерекшелік қоры өте жоғары. 39 таңбасы бар. Яғни, арсеналы өте мол жазу түрі. Тек белгілі бір ережелер мен аздаған өзгерістер жасау керек болады.

Түркияда осыған қатысты ұйымдар құрылып, көне түркі жазуын үйренуге ынта білдіріп жатыр. Ал біз әлі әрекетсіз отырмыз», – дейді ол.