«Тамыры бір, тағдыры жақын»: қазақ–парсы тарихының ұқсастықтары

Бөлісу

11.12.2025 6964

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан ресми келіссөз жүргізіп, стратегиялық серіктестікті нығайту мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Мемлекет басшысы қос халықтың терең тарихи тамырластығын, мәдени және рухани байланыстарын ерекше атап өтті.


Қасым-Жомарт Тоқаев Иранды халықаралық деңгейде беделі зор мемлекет әрі Қазақстанның Таяу Шығыстағы сенімді серіктесі ретінде бағалап, екі елдің тарихи және мәдени ұқсастықтарын нақты деректермен өрнектеді. Президенттің айтуынша, қазақ және парсы халықтарының тағдыры ғасырлар бойы өзара сабақтасып келеді.

«Бауырлас қос халықтың тарихы – тамырлас, салт-дәстүрі және мәдениеті – ұқсас. Қазақстан мен Иран халықтарының тарихы – тамырлас, салт-дәстүрі мен мәдениеті – ұқсас. Қолымда бірқатар тарихи деректер бар. Мысалы, Ұлы Жібек жолы қазіргі Қазақстан мен Иран даласы арқылы өткен. Ұлы Жібек жолы технологияның, діннің таралуына, сондай-ақ мәдени-рухани қатынастың тереңдеуіне ықпал етті», – деді Мемлекет басшысы.

Президент атап өткендей, Иран мұрағаттарында Қазақ хандығына қатысты құнды деректер сақталған. Онда қазақ халқының жаужүрек рухы мен мемлекетаралық байланыстардың тарихы көрініс тапқан.

«Иран мұрағаттарында Қазақ хандығы және қазақтың жаужүрек халық екені туралы жазбалар сақталған. Тәуке хан мен шах Сұлтан Хусейн арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Екі ел өкілдері Мәскеуде кездесіп, Иран елшісі қазақ даласына сапармен келді деген тарихи мәліметтер бар екен. Әбілқайыр хан Нәдір шахқа елші жіберіп, байланысты дамытуға ниет білдірген», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сурет: Aqorda

Кездесу барысында Президент халықтар арасындағы мәдени ықпалдастықтың ежелден бері жалғасып келе жатқанын атап өтті. Ол Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесіндегі қасиетті Тайқазанның тегінен бастап, тіл мен әдебиеттегі байланыстарға дейінгі көптеген мысал келтірді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы парсы мәдениетінің қазақ әдебиеті мен дүниетанымына әсер еткенін де ерекше атап өтті.

«Фирдоусидың “Шахнамасы” мен оның кейіпкерлері Тұран халықтарына да жақын. Қазақтың ұлы ақыны Абай Фирдоуси, Хафез, Саади сияқты парсы шайырларының шығармаларымен таныс болған», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу аясында ирандық делегация Қазақстанға XVIII ғасырға тән бірқатар тарихи құжаттардың көшірмелерін табыстады. Бұл жазбаларда Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, көрші елдермен қарым-қатынасы және Түркістанның саяси ахуалы туралы тың мәліметтер қамтылған.

«Иран делегациясы әкелген көне қолжазбалардың көшірмелері XVІІІ ғасырдағы қазақ тарихы мен мәдениетіне арналған. Ұсынылған 27 қолжазбада Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық ахуалы, көрші елдермен қарым-қатынасы, аймақтағы бәсекелестік, Түркістанның саяси-экономикалық жағдайы, Ресей патшалығының қазақ аймақтары мен хандықтарына қатысты әрекеттері туралы сараптамалар бар. Сондай-ақ қазақ даласында көмір, темір, мыс, қорғасын және бирюза кеніштерінің табылып, оларды өндіру мәселесі сипатталған. Өте қызықты деректер бар, Сізге көп рақмет, Президент мырза», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Иранды ежелгі өркениеттің заңды мұрагері деп атап, қазіргі заманғы қарым-қатынастың әлеуеті жоғары екенін айтты.

Бөлісу