Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында 12 сәуір күні методологиялық семинар өтті. Шара, бір жағынан, жоспар бойынша қойылған болса, екінші жағынан, ғылым күніне арналған іс шаралар қатарын толықтыра түсті. Негізгі баяндамашы – институттың жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Орынбаева Гүлмира Үсенбайқызы. Тақырыбы Батыс əлеуметтік-мəдени антропологиясындағы этнографиялық зерттеулердің тəжірибелік принциптеріне арналды.
Методологиялық семинар жұмысын Институт директорының ғылым жөніндегі орынбасары Ш.Б. Тілеубаев ашып берді. Семинар модераторы профессор О.Х. Мұхатова баяндалатын тақырыпқа қатысты кіріспе сөзін айтты. Тарихшының пікірінше, этнография ғылымының өз ерекшеліктері бар, ол қоғамдық ғылымдармен тығыз байланысады. Ғылымда антропологиялық бағыт пайда болды. Бұнда адамдардың күнделікті өмірі, әлеуметтік құрылымдар, адамды феноменологиялық тұрғыда қарастыратын көптеген ғылыми бағыттар, жаңа принциптер, әдістер пайда болды. Кеңес Одағы соның ішінде қазақстандық ғылым осындай үдерістерден біршама тыс қалғандықтан, кейбір әдістер біздің ғылымда кеңінен қолданылмады, бірақ мүлдем пайдаланылмады деп айта алмаймыз. Отандық тарих ғылымында ХХ ғ. 50-жж. бастап этнология саласында көптеген ғылыми жетістіктерге қол жеткізген едік. Экспедициялар көп болды, олардың жетекшілері көбісі өзіміздің Институт ғалымдары еді. Ал қазіргі кезде, тәуелсіздігімізге қол жеткізгеннен кейін отандық ғылым саласында әлемдік тәжірибеден зерттеуімізге тиімді, ұтымды деген жақтарын алып жатырмыз. Олардың қатарында зерттеу принциптері бар. М. Хаммерсли мен П. Аткинсонның этнографияның зерттеу принциптеріне арнаған еңбегінің орны ерекше, ол жүз кітап жобасы шеңберінде қазақ, орыс тілдеріне аударылып, көпшілікке қол жетімділігі арта түсті. Осындай еңбектер арқылы да біз әлемдік озық зерттеу әдіс-тәсілдерімен танысуға жол ашылды.
Басты баяндамашы Г. Орынбаева алдымен КСРО-да этнология, этнография атауымен, ал Батыста әлеуметтік-мәдени антропология ретінде танылған ғылымның даму ерекшеліктеріне тоқталды. Егер қазақстандық этнология ғылымы бастау алатын КСРО-да этникалық мәдениет зерттеліп, тарихи этнографияға екпін беріліп, бұл ғылым саласы тарих пәні шеңберінде дамып, мамандар тарих факультеттерінде даярланса, Батыста мәдени көптүрлілікке мән беріліп, әлеуметтік топтар зерттелді, заманауи үрдістерге екпін жасалды, ал әлеуметтік-мәдени антропология жеке пән болып дамып, арнайы кадрлар даярланды. КСРО-да, посткеңестік елдерде, Батыстағы этнографияға қатысты ғылыми, әдістемелік еңбектер мен мерзімді басылымдарға шолу жасалды. Этнографияның пән ретінде, ғылым ретінде кезек-кезең бойынша бізде және Батыста даму ерекшеліктеріне түсіндірмелер берілді. Сонымен қатар баяндамашы этнографиялық зерттеулердің мазмұнына тоқталып, зерттеу жүргізудің ретін көрсетті. Зерттеуші тұлғасы мен оның зерттеу нәтижесіне ықпалын түсіндіріп өтті. Этнографиялық зерттеулерде қолданылатын әдіс-тәсілдердің түрлерін сипаттап, этнографиялық шығармалардың жанрларын ашып көрсетті. Баяндама этнографтардың өздері жұмыс жасайтын қоғам алдындағы парыздарын, зерттелуші адамдар алдындағы өзара ықпалдастық міндеттерін мойындап, оларды тиісті әдістермен жүргізу қажеттілігі туралы пікірмен түйінделді.
Онлайн және оффлайн форматта өткізілген бұл шараға өзге де ғылыми мекемелерден, жоғары оқу орындарынан мамандар қатысты.
Елімізде, шетелде де белгілі ғалым С. Әжіғали тақырыпқа қатысты ойымен бөлісті. Оның ойынша, тақырып өзекті, әріптесіміздің дәстүрлі шығармашылықтан тыс кетіп, осы бағытқа қызығушылық танытуы өте жоғары мақтауға лайықты. Академиялық институт қызметкерлері қазіргі таңда жалпы танымдарын, теориялық білімдерін байыта түсуі қажет-ақ. Баяндамашы дәл осы бағытта арнайы маманданбағаны түсінікті, ол мәдениеттануды, этнографияны түйістіре отырып зерттейтін тарихшы. Ғылымның дамуына тоқсалсақ, әлеуметті зерттейтін түрлі мектептер де болған, мәселен, кеңестік мектеп пен батыстық, американдық еуропалық мектеп. Егер кеңестік мектеп халықтанудан дамыса, батыстағы антропология өзгешелеу даму жолында еді. Мысал үшін оларда натуралды музейлер болды. Ал біздегі азиялық этнография отарлаушылық сипатта болды, яғни империялық экспедициялар әскери, отарлық бағытта жүрді. Дегенмен кеңестік этнография методологиялық жағынан жақсы дамыды, кеңестік мектеп жетістіктерін жоққа шығаруға болмайды. Көрнекті зерттеушілері де болды С. Толстов, С. Иванов т.с.с. Олар батыстық еңбектермен таныс еді. Қазіргі зерттеушілерге көптеген әдіс-тәсілмен жұмыс жасауға мүмкіндіктер бар, бірақ жүйелілік әдісімен еңбектенген оңды. Ең бастысы объективті қорытынды жасай алу, сондай-ақ стилистиканың маңызы зор. Сондықтан бұл тақырыптың қырлары өте ауқымды. Этностар пен мәдениеттерді зерттеу өзекті болып табылады, себебі оның ықпалы өте күшті.
Сөзін қорытындылай келе ғалымымыз С. Әжіғали жалпы саладағы зерттеу бағыттарымен кеңінен арнайы түрде айналысатын жас мамандар, докторанттардың қажеттілігін алға тартты.
Институттағы бөлім меңгерушісі А.Т. Қайыпбаева өз пікірін ортаға сала келіп, баяндамашыға сұрақтарын қойды. Сол сияқты Б. Қалшабаева, А. Қалыш сияқты этнология саласының нағыз мамандары мәселе бойынша өз ойлары мен көзқарастарын жеткізді, баяндамашыға сұрақтарын қойды, ұсыныстарын айтты. Жалпы, этнографтарды даярлау мәселелері, қоғамда орын алып жатқан этносаралық оқиғалар туралы, оларды шешу немесе алдын алу шараларына этнографтарды тарту маңыздылығы туралы сөз қозғалды.
Келіп түскен ұсыныстар бойынша әл-Фараби атындағы университетпен бірлесіп этнология бағытында зерттелінуі тиіс магистрлік, докторлық тақырыптар базасын құру және Институттағы этнографиялық зерттеулерге университеттің білім алышуларын тарту жолға қойылмақ.
Құрманалина Нұргүл Нұрсұлтанқызы
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғалым хатшысы