Алаштықтар наурыз туралы не жазды? (1913-1918 жылдар)
19.03.2022 3472

Еліміз 22 наурыз күні Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын атап өтеді. Совет үкіметі орнаған соң тыйым салынған мейрам Азаттық алған соң қайта тойлана бастады. Алайда советтен бұрын қазақ халқы Ұлыстың ұлы күнін қалай атап өтті? Бұл сұраққа Алаш артыстары – Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатұлының наурызға байланысты жазған мақаласы арқылы көз жеткіземіз. «Қазақстан тарихы» порталы 1913 жылдан бастап, 1918 жылға дейін «Қазақ» пен «Сарыарқа» газеттерінде жарық көрген материалдар тізбегін ұсынады.


ХХ ғасырдағы қазақ баспасөзін зерттеуші Абай Мырзаның айтуынша, Алаш арыстары Наурыз мейрамына байланысты баспасөзде үнемі мақала жазып отырған. Мысалы тарихшы 1911 жылдың 9 наурыз күні «Айқап» журналынның №3 санында Ұлыстың ұлы күніне байланысты «Жаңа жыл құтты болсын, наурыз байсалды болсын» деген мақала шыққан.

«1913 жылы 9 наурыз күні «Қазақ» газетінің №5 санында наурыз туралы мақала және 1914 жылдың №53 сананын наурызға байланысты өлең жарияланған. 1914 жылы Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан «Қыр баласы» атты бүркеншік атымен «Жаңа жыл» деген мақала жазып, қазақтың наурызды жылдың басы ретінде атап өткені жөн екенін ескерткен. 1915 жылы «Қазақ» газетінде келе жатқан қоян жылының қазақ тарихында ауыр болатынын жазса, 1916 яғни ұлу жылы Уәлихан Ғұмарұлы наурыз туралы танымдық мақала жазған екен. Сондай-ақ 1917 жылы Міржақып Дулатұлының «Жаңа тілек», Бейімбет Майлиннің «Наурыз күні» өлеңі және 1918 жылы «Сарыарқа» газетінде Міржақып Дулатұлының «Жаңа жыл құтты болсын» атты мақаласы жарық көрген

Өздеріңіз байқағандай, ескі күнтізбе бойынша 9 наурыз жаңа жылдың бастауы болған. Ал 9-ға 13-ті қоссақ, қазір біз тойлап жүрген 22 наурыз шығады ғой. Демек жаңа күнтізбе бойынша 22 наурыз болса, бұрын 9 наурызды жаңа жыл ретінде атап өткен», – дейді тарихшы.

Алаш арыстары 1913 жылдан бастап, 1918 жылға дейін Наурызға байланысты не жазды екен?

 

Наурыз

Наурыз қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп ауылдан ауылға, үйден үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді. Хәтті наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әр түрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілері тоғызында келеді деседі. Әр жұрттың белгілі күнде жаңа жылы туады; ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт нәсіп болсын!» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді.

Орыстың жаңа жылы қыс ортасында, нағыз сақылдап тұрған суықта келеді; біздің жаңа жылымыз – наурыз марттың басында болсын, ортасында болсын – әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен жаңа жыл деп айтуға лайық. Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп көңілденетін кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай қыс баққан арықтарын үмітті күнге жеткізіп дем алып отырған кез. Ағаш, шөптер қар астынан сілкініп шығып гүлденіп жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып жоғары көтеріліп бүтін ғаламға нұрын шашып үйсізді үйлімен теңгеріп бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез. Міні тәбиғаттың осындай көңілді өзгерісінің кезеңінде біздің жаңа жылымыз – наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай белгілі бір күнді жыл басы қылып алсақ ұнамды іс болар еді.

Осы туралы білетін адамдар «Қазақ»қа жазса екен: біздің жаңа жыл – наурыз анық жылдың қай айында һәм қай күнде басталады. Біз оқушыларымыздың жаңа жылмен құттықтауға наурыздың анық қай күні туатынан біле алмадық, ғафу өтінеміз.

«Қазақ» газеті.

№5. 9 март 1913.

 

Жаңа жыл

Іфрат һәм Дижле өзенінің өлкесі Месопатамида Иса пайғамбар тумастан 4 мың жыл бұрын Вавилония һәм Ассирия аты екі мемлекет болған еді. Осы екі халық осы күнгі қытай һәм фин халқымен қандас моңғол еді, Вавилония халқын тарих Халдей деп те кетеді. Осы Халдей жылы аймен есепке алынушы еді: бір жыл 12 ай, бір ай 28, 29 һәм 30 күн деп. Бір жылдың қалған күнін 13-нші ай қылып қосушы еді. Халдей жерін парсы алған соң парсы календары (Рим-латын тілінде айдың алдыңғы күні «календа», осыдан уақыт есебі Еуропаша календар) Халдейден ауысқан. Парсы жұрты мұсылман болған соң мұсылман календарына құл болды. Халдей жаңа жылы жазғы тұрғы күн мен түн теңелетіннен басталушы еді. Бұл күнді парсы тілінде «Наурыз» дейді, жаңа жылдың басы дейді. Жаңа жылда халық қуанып, бір-біріне гүл, жұмыртқа сыйлаушы еді. Парсы ақыны Хафиз жаңа жыл мейрамын неше буын қылып мақтайды.

Біздің түрік жұрты сол Халдей заманынан бері моңғолмен жасап, аралас тіршілік етіп келеді. Біздің жаңа жылдың да шыққан жері осы айтылған екі өзен өлкесіне барады-ау деймін.

Бір жылда жер күннен бір айналып, баяғы орнына қайта келеді. Бір күнде жер өзінен өзі арбаның дөңгелегінше айналып орнына келеді. Бір жылға түгел күн келмейді. Біздің орыс патшалығы ұстап отырған календары, Рим патшасы Иули осы уақыт есебіне халқын аударғаны үшін «Иулиан календары» дейді. Бұл календарда ғинуар 31, иун 30, иул 31, ауғұст 31, сентиабр 30, октиабр 31, ноиабр 30, декабр 31 күн болады. Бұлай болған соң жыл 365 күн болып шығады. 365 күнде жер күннен айналып бола алмайды. жер күннен айналып болуына 365 толық тәулік, тағы бір шиек тәуліктен азырақ уақыт керек. Иулиан календары, өзге сөзбен ескі стил, бір жылды 365 тәулік һәм бір шиек тәулік қылып есептейді. Бұл екі жылдың арасы мынау: 128 жылда календар жылы күн жылынан бір тәулік кейін қалады. Ескі стил жылы 365 тәулік бір шиек дедік. Үш жыл өткізіп, төртінші жылы феурал айын 29 қылып сайлайтыны осы төрт ширекті қосып алғаны: феурал айы 29 күн болатын жылды орысша «высокосни» дейді. Жыл сифрының кейінгі екі сифры төртке дәл бөлінсе жыл высокосни, мысалы 1912, 1916, 1920, 1924.., 12, 16, 20, 24 төртке дәл бөлінеді.

Еуропада «Григориански» календары өзге сөзбен жаңа стил, жаңа стил жолын жасатқан Григори деген Рим папасының атынан шыққан. Бұл жаңа стил жылы да күн жылынан шабан, бірақ бұл шабандық тым аз: 4241 жылда есеп жылы күн жылынан бір тәулік кейін қалады. Күн жылынан қалмаймын десе ескі стилді алып отырған халық 128 жылда, жаңа стилді алып отырған халық 4240 жылда бір тәулік қосып алады. ХІХ ғасырда осы екі стил арасы 12 тәулік еді. Бізде 7-нші март болса, жаңа стил Еуропада 19-ншы март еді. ХХ ғасырда жаңа стил кемде келе жатқан бір тәулігін қосып алды. Енді екі стил арасы 13 күн болды.

Мұсылман болмас бұрын араб жылы 12 ай, бір ай 29-30 тәулік еді, күн жылына жанамын деп һәрбір үш жылда бір ай қосып алатын болды. Халифа Рашиддин заманында мұсылмандар бұл есепті өшіріп, хиджараттың басталуынан есеп қылуды ұнатты. Бұл ай жылы күн жылына жанаспайды.

Иапония 1872-нші жылдан, Корея 1892-нші жылдан бері жаңа стилге кірді. Түбінде екі осы ескі һәм жаңа стил барша мәдени халыққа кіретін жол болар.

Енді бір-екі ауыз сөз жаңа жыл туралы.

Мұсадан бері еурей жаңа жылы марттан басталады, Римде жаңа жыл март еді.

Біздің қазақ жаңа жылы мартта болғаны адасқан емес. Жаңа жыл мартта болса, күн мен түн тең болғаннан бастау керек. Ексі стилде бұл күн 9-ншы март болады.

Қыр баласы

1914 жыл 

Орынбор, 9-ншы март

   ***

Бүгін жыл басы Наурыз. Міні «Барыс» кетіп «Қоян» келіп тұр. «Қоян» халыққа жайсыз жылдың бірі. Осымен төрт қоянды көрейін деп тұрмын. Бұл төртеуі де халыққа жайлы болған жоқ. «Қоян» жылы не малға, не жанға ауырмалдық түсірмей өткен емес. 1880-нші жылғы «қоян» жұт болып, қазақ малы қатты қырылды. Қар кеткенде жер жүзі өлексеге толып кетіп, ана жер, мына жерде көздерін қарға жұлып үңірейткен өлекселерді көріп, бала кезімде шошынғаным бар. Ол «қоянда» қатты ашаршылық болды. Пәлен жерде аққұлақтың басын үгіп, көже қылып ішіпті деп, үлкендердің аңыз ғып айтып отырғандары есімде бар. Қазақтан басқа жерге ол «қоян» қандай болғанын білмеймін.

1892-нші жылғы «қоянда» қазақтар жұтады. Бүтін Росияда да ашаршылық болып көнек аурудан, обадан адамдар көп қырылды. Бұ «қоян» Орынборда оқып жүрген кезімде болды. Тамағымыз аш деп инспекторға арыз еткенімізде сендердің бұл ішіп отырған тамақтарыңды таба алмай отырғандар көп. Басқа жерде аштықтан мынаны нан ғып жеп отыр деп, ала ботаның үккен басын әкеліп көрсеткені есімде бар.

1904-нші жылғы «қоянда» қазақ жұтаған жоқ. Бірақ ауырмалдығы адамға түскен сияқты: Росия мен Жапония арасында соғыс басталып, адам қырғыншылығы болды. Қазақ жұтамағанмен соғыс болған соң қалыптан тысқары күстенше шығындары құр болған жоқ.

Мынау «қоян» дүниеде болмаған зор қырғын соғыстың үстіне келіп тұр. Адамға түскен ауырмалдық үстіне мал ауырмалдығын қоспай өтсе, қазақтың бағы. Бұрынғы жұт қояндардай болып, малға да салмағын салса, қазақ жүгі көбейіп, көтеруге әлі келмес. Түндік ақша екі есе көбейіп тұр; соғыс салығы түсейін деп тұр; нәрсе қара қымбаттап тұр; малдың еті мен сүтінен басқаның бәрін сатып алатын қазаққа бұда жеңіл тимес. Құдай жұтқа ұшыратпасын. Жұтаса қазақ бұрынғыдай тез оңала қоймас. Өткен жаздың шаруаға жәйлі болғандығынан жұртта пішен мол, шаруаның іші жәрбелі. Жаз өте жайсыз болмаса, «қоянның» қаупі мал жағынан онша зор бола қоймас еді деп, алдағы жаздан үміткерміз.

Наурыз бен құттықтап, жаңа жыл жайлы болуын тілейміз.

«Қазақ» газеті

№110. 9 март 1915.

 

Наурыз 

Аты шулы қоян жылы өтіп, жаңа жыл – ұлу кірді. Қоян жылы халық тәжірибесінде мал-бақа ауырмалық түсіп, шаруаның күйзеу болатын бір жылы. Мұнан он екі жыл бұрынғы болған қоянда Жапон соғысы болып, халық шаруасы ондай аса күйзелмесе де, соғыс болу себепті кісі қырғыны, жұрт әбігершілігі көп болған еді. Бұл қоянда да бүтін дүниені білім, өнерімен таңдандырған, тауарымен толтырған Еуропа патшаларының соғысы болып жатыр. Соғыс болған соң әр нәрсенің қымбаттап, салықтың көбейіп, шаруаның күйзелуі, кісі қанының да көп төгілуі белгілі. Сондықтан екі жылға созылған бұл соғыстың шалығы біздің қазаққа да шаруа, білім жағынан тиіп отыр.

Шаруа жайынан тиуі: әр нәрсенің бұрынғыдан екі-үш есе қымбаттауы, соғыс салығының түсуі...

Білім жағынан тиуі: заманындағы болып жатқан зор оқиғаларды халыққа көзбен көріп білгендей айтып түсіндіретін, білімді мен білімсізді, күшті мен күшсізді өлшеп беретін газет, журнал дегеннен бір ғана журнал «Айқап»тың тоқталуы, милиондаған халық артындағы бір ғана газет «Қазақ»тың жұмасына бір шығатын болып қалуы осы жылдың оқиғаларынан болып жатқан істер. Сүйтсе де жыл ауыр болғанмен қазақ ұлтының басына түскен пәлендей ауыртпалық бар деп айта алмаймыз. Тек Карс облысынан қан қарындастарымыздың соғыс себепті өлгені өліп, аш-жалаңаш, үйсіз-күйсіз қалғанын айтуға болады. Енді жыл осындай ауыр болып тұрса да, көңіл көтеріп қуанарлық нәрсеміз де жоқ емес.

Халқымыздың ілгерлеуіне себеп болатын істерден: маслоделный артел мен потрбителный дүкендердің ашыла басталуы; Семей, Қызылжар секілді шаһарлардағы талапты жастарымыздың кітап саудасын ашуға сұратулары; мектеп, медресе сияқты білім жұрттарының осындай ауыр жылдарда да тоқталмай жаңалап артуы; халқымыздың мұғалім сұрауы, әдебиет кеші сияқты істерінің көбейіп оқушыларымыздың кемімей халқымыздың да оқу жолындағы мұқтаж жастарымызға жәрдем қолдарын кемітпей созып тұруы уә ғайрилары... көңіл көтеріп, қуанарлық істерімізден. Енді мемлекет, халық басына мынадай зор апатты ала келген қоян жылы өтіп, жаңа жыл ұлу кірді. Атақты қоян жылғы істеген істерімен өзінің елдігін көрсеткен қазақ халқының бұл жаңа жыл ұлуда мұнанда артық, мұнанда көп істерінің болуында үмітіміз зор.

Жаңа жыл – ұлу жәйлі, берекелі, шаттықты болсын!...

Уәлихан Ғұмарұлы

«Қазақ» газеті.

№172. 9 март 1916.

 

 

Қазақ газетінің бас бетінде мынадай құттықтау сөз жазылған:

«БАРША АЛАШ АЗАМАТТАРЫН ЖАҢА ЖЫЛ – НАУРЫЗ ҺӘМ БОСТАНДЫҚПЕН ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ. АЛЛА ТАҒАЛА КИІЗ ТУРЛЫҚТЫ ҚАЗАҚТЫҢ ОҢ ЖАҒЫНАН АЙ, СОЛ ЖАҒЫНАН КҮН ТУҒЫЗЫП, ЫРЫС-ДӘУЛЕТ, БАҚ-БЕРЕКЕ НӘСІП ЕТСІН!

Жаңа тілек

Жаңа жылда жаңа тілек тілелік,

Ескі жылды ескерерде жүрелік,

Кеп жүрмесін қайта айналып түнеріп,

Көзің жасты, көңілің қаяу Алашым!

Жұрт болудың ойланарлық амалын,

Қамсыз жатар емес енді заманың;

Надандықтың қираталық қамалын,

Мақсатыңа ұмтыл таяу Алашым!

Жаумен жұттан енді құдай сақтасын!

Қасекені – қас масқара таптасын!

Кәрі, жасың енді ғафыл жатпасын!

Аш көзіңді, болма баяу Алашым!

Өз қамыңды ойлан өзің ел болсаң,

Ел боламын, тең боламын дер болсаң;

Көктен теңдік келмес өзің кем болсаң,

Мең-зең болмай талпын ояу Алашым!

Ұшқын құстай, суда жүзген балықтай,

Табиғатты қолданушы халықтай

Сен енді сергісейші жалықпай,

Жүргеніңше мәңгі жаяу Алашым!

Бүгін хақтың қуанышты кең күні,

Күн менен түн – таразының тең күні,

«Құт-береке болмаса екен кем күні»

Деп тілек, қолың жай – ау Алашым!

Мадияр

«Қазақ» газеті.

№221. 9 март 1917.

 

Жаңа жыл құтты болсын!

Бүгін 9-ншы мартта қазақша жыл басы – наурыз туды. Наурыз жалғыз қазақ-қырғыздың ғана мейрамы емес, бүкіл түрік жұртының жаңа жылы, ұлт мейрамы. Жер жүзіндегі ұлылы-кішілі, өнерлі-өнерсіз, дінді-дінсіз жұрттардың бәрі де өздерінше жаңа жылын, ұлт мейрамын майрамдайды. «Санасызға күнде мейрам, күнде той» деген секілді. Жұрт болған соң күнде сауық, күнде мейрам қыла бермейды. Әр жұрттың мерзімді уақытта келетін мейрамдары болады. Өткен өмір, келер үмітті еске түсіріп қуана білмеген жұрт да, қайғыра білмеген жұрт та жұрт емес.

Бұрынғы ата-бабаларымыз наурыз туғанда бастарын қосып, құшақтасып көрісіп, қуанысып, бірін-бірі наурыз көжеге шақырып жүріседі екен. Жастар бір келкі ойын ойнап, ат шаптырып, сауық-сайран қылады екен. Заман ауырлап өзгерген сайын халықтың көңілі де жабыңқы тартып, бұрынғыдай ойын-сауық азайуға айналды. Сондықтан наурызды жұрт тегіс майрам қылудан қалыңқырап бара жатыр еді. Соңғы жылдарда біздің қазақ-қырғыз һәм өзге түрік қауымдары да наурызды тірілтіп, бұрынғыдай мейрам қыла бастады.

Наурыздың мейрамдығы адам, хайуан, жанды-жансызға бірдей секілді. 9-нші мартта күн мен түн теңеледі. Қабағы қатыңқы ызғарлы қыстың жүйесі босап, жан жануар жайланып, арқасына шуақ, бауырына қара жер тиіп, дүниенің тұмары алынғандай болады. Қар еріп, жер жұмсап, егін-шөп, орман-тоғай тірілуге қамданғандай болады. «Наурызда Самарқанның көк тасына шейін ериді» деген сөз осыған ... болса керек.

Наурыз біздің жаңа жылымыз, ұлт мейрамымыз еді. Бүгүнгі күнді қызық бен, ойын-сауық, айт бен тойдай қылып өткізетін жөніміз бар еді. Бірақ бұл наурыз біздің қуанышты күнімізге емес, қайғылы күнімізге қарсы келіп отыр. Төрт жылдан бері жердің жүзін қанға бойаған сұрапыл соғыс анау! Бұл соғыстың әлегінен Жетісу, Сырдария облысындағы бауырларымыз ашаршылыққа, қырғынға ұшырап отырғаны мынау! Бостандық туып, әр жұрт бұрынғы құлдықтан, қорлықтан, зорлықтан құтылдық, енді өз тізгінімізді өзіміз алып, автономиялы халық боламыз деп отырғанда наурызды мейрамдайтын түрік руларынан Түркістан, Башқұрт, Қырым, Еділ ноғайларының һәм біздің Алаштың қандай күйде отырғанын көріп тұрмыз. Сондықтан бұл наурызды қуаныш бен қарсы ала алмай, қара тұтып өткізгелі отырмыз.

Тек алладан тілейміз: өткен жыл өзі мен кетсін. Жаңа жыл құтты болсын. Жаңа тілегіміз қабыл болсын. Алашқа құт-береке, бақ-абырой бірлік орнап, келер наурызды қуанышбен көруге жазсын.

Наурыз құтты болсын, Алаш!

М. Д.

"Сары арқа" газеті. № 33 1918. 9 март