Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Ж.Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында, кезек күттірмейтін тарихи зерттеулер қатарына Отан тарихын жаңа көзқараспен қайта жазуға кірісіп, бұл шараның тәуелсіздік тұғырының одан әрі бекем бола түсуіне тигізер ықпалына баса назар аударған болатын.
Кеңестік кезең тұсында орталық билік өз өктемдігін тарих ғылымы саласында да жүргізіп, өз саясатына сай келмейтін тақырыптарды айналып өтіп, толыққанды зерттеулер жүргізуге мүмкіндік бермеді. Тіпті, ресми жүйеге қайшы келмейтін зерттеулерді жүргізу кезінің өзінде нарративті деректерге тұтынушы ретінде қарап, тұтас әдебиеттен биліктің, автордың сұранысын қамтамасыз ететін мәліметтерін бөліп алып, өз бетінше бұрмалау үрдісі жаппай етек алды.
Осы тұста қазақ халқының тарихын зерттеу мәселесі, кеңестік қысыммен қатар, Батыс тарих ғылымында үстемдік етіп тұрған еуроцентристік көзқарастың да зардабында шеккендігін ескерте кеткен жөн.
Кеңестік тарихнамада еуроцентристік көзқарастың жетегінде кетіп, көшпенділердің тарихын зерттеу мәселесіне олардың төл жазба деректерінің болмуы себебінен шекеден қарау үрдісі етек алды. Бұған француз тарихшы- позитивистері Ш. Ланглуа мен Ш. Сеньобостың көшпенділер туралы мәліметтерге тарихи деректер ретінде қарамай, «Дерек болмаса, тарих та жоқ» деген тұжырымдары да аз ықпал етпеді. Бұдан әрине, ең алдымен, шынайы ақпаратқа қол жеткізе алмаған шет елдік оқырмандар зардап шекті.
Осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат еткен ҚР БжҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бастамасымен атқарылу барысындағы «Шет елдік аудиторияға арналған Қазақстанның қысқаша тарихы» атты нәтижесі қазақ тілімен бірге шет тілдерінде даярланатын ғылыми жобаны іске асыруды ағымдағы жылы бастаған болатын.
Жоба шеңберінде үстіміздегі жылдың 10 қазанынан 30 қазанға дейін үш аптаға созылған Ресейдің Мәскеу қаласындағы архивтеріне іс-сапар өз мәресіне жетті.
Іс-сапар алдында институт директоры, профессор З.Е.Қабылдинов бұрын отандық тарих ғылымы айналымына түскен, Қазақстан архивтеріндегі, институт қорындағы құжаттарды бір електен өткізіп шығуға нұсқау берген болатын. Сапар алдындағы бұл жұмыс та өте пайдалы болды. Еліміздің архивтерінде де, институт қорында да бұдан бұрынғы іс-сапарларда біршама құжаттар әкелінген екен.
Бұдан өзге, институт басшысы ресейлік архив басшыларына қатынас хат жазып, институт қызметкерлеріне қолдау көрсетуді сұраған. Осындай хаттар біз барған Ресей Федерациясының Мемлекеттік архиві, Ресейдің көне актлерінің Мемлекеттік архиві, Ресейдің әлеуметтік саяси Мемлекеттік архивіне және Ресейдің әскери тарихи архиві басшылығына алдын ала жөнелтілді.
Әрине, алдын ала келіскен шаруа өз нәтижесін берді. Барған архивтердің есіктері біз үшін айқара ашық болып, тапсырыстарымыз өз уақытында қолымызға тиді. Сапар барысында ғалымдар әр тарихи кезең бойынша бөлек, дербес жұмыс жасады.
Сапарлас әріптестерім, М. Қозыбаева, А. Қайыпбаева, А. Тылахметова, Ә. Болатхан және осы жолдардың авторы аталмыш архивтерден Қазақстанның жаңа, қазіргі заман тарихына қатысты біршама мәліметтер жинақтадық. Ресейдің отарлық саясаты, шекара мәселелері, ұжымдастыру, репрессия, аштық, бірінші, екінші дүниежүзілік соғыстар кезіндегі Қазақстан, кеңестік білім беру жүйесіндегі Қазақстан сияқты отан тарихына қатысты бірнеше салалар бойынша деректік мәліметтерді анықтау аясында жұмыс жасадық.
Ортағасырлар маманы ретінде Ресейдің көне актлерінің Мемлекеттік архивінде көбірек қонақ болып, Ноғай Ордасына, Алтын Ордаға, Қазақ хандығына, қалмақ-қазақ, орыс-қазақ қатынастарына қатысты материалдарға көбірек көңіл бөлдім. Кезеңімнің шеңберінен шығып кетіп, Бөкей Ордасына, орыс мемлекетінің отарлық саясатына қатысты істерді де көшіріп алуға тырыстым.
Ресейдің көне актлерінің Мемлекеттік архивіндегі жұмыс кезінде №23-ші «Кавказские дела - (коллекция) Государственного архива Российской империи» атты қорды көбірек қарадым. Қордың атауы біздің аймаққа сәйкес келіңкіремегенмен, іспен танысу барысында Ресейдің отарлау саясатының бастапқы кезеңі, Кіші жүз аймағындағы, Бөкей Ордасындағы саяси әлеуметтік ахуалдар, Кіші жүз хандары мен сұлтандарының (Нұралы хан, Бөкей хан, Қарабай сұлтан т.б.) белсенді саяси әрекеттері, Сырым Датұлы бастаған көтеріліс туралы біршама тың мәліметтерді кездестірдім.
Ноғай Ордасына қатысты осы архивтен «Посольская книга по связам с Ногайской Ордой» атты 1489-1509 жылдары аталмыш мемлекет пен Орыс мемлекеті арасындағы қарым-қатынастан мағлұмат беретін кітаптың көшірмесін алдым.
Осы архивтен ХV ғасырда дайындалған «Книга сеунчи» атты жинақтың көшірмесін алудың да сәті түсті. Бірінші Петрге дейін Орыс мемлекетінде «сеунчи», яғни, «сүйінші» атты қызмет түрі болған. Сүйіншінің қызметі, елдің түрлі аймақтарында орын алған жағымды жаңалықтарды сүйінші хабар ретінде жеткізу екен. Сүйінші хабарды жеткізушіге арнайы ақы төлеп, кімге, қандай жаңалығы үшін неше берілгендігі туралы мәліметтер осы "Книга сеунчиде" тіркеліп отырған. Ескі славян тілі мен жазуынан хабары бар маман болса осы деректерден еліміздің тарихына қатысты мәліметтерді теріп алуға болатыны анық.
Бұдан өзге, В. Ленин атындағы Ресей Мемлекеттік кітапханасынан Алтын Орда тарихына қатысты әр түрлі кезеңдерде жазылған еңбектердің, қорғалған диссертациялардың көшірмелерін алдым.
Әріптестерім де табысты жұмыс жасады. Архивтерден өз кезеңдеріне қатысты құжаттарды іріктеп, қоржындарын толтырды.
Негізгі шаруамыздан бөлек, институт басшысының тапсырмасымен ресейлік ұйымдармен де байланыс орнатылып, осы мекемелердің ғылыми ізденістерінің нәтижелерімен өзара алмастық. РФ ҒА Шығыстану институтымен, Халықаралық Мемориалмен, Ресей мемлекеттік педуниверситеттің тарих факультетімен т.б. кадрлар даярлау, ғылыми жобалар, біріккен іс-шараларды өткізу турасындағы меморандумдарға қол қойылды.
Ең алдымен, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғалым-хатшысы М. Қозыбаева бастаған институттың бір топ ғалымдары Мәскеу қаласының архивтеріне іс-сапар барысында 200 жылдық тарихы бар РФ ҒА шығыстану институтында қонақта болдық.
Кездесу барысында екі елдің ғылыми мекемесінде іске асқан жұмыстар барысы айтылып, ортақ мәселелер талқыланды.
Махаббат Мәлікқызы кездесу барысында шығыстану институтының директоры А.К. Аликберовқа институтымыздың басшысы, профессор З.Е.Қабылдиновтың сәлемін жеткізіп, институттың ғылыми жұмыстағы жетістіктерімен жан-жақты таныстырды.
Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкері, қытайтанушы-тарихшы отандасымыз А.Ш.Қадырбаев та кездесуге қатысып, еліміздегі, институтымыздағы ғылым саласындағы жағымды жаңалықтарға қанығып, Қазақстандағы бұрынғы әріптестеріне дұғай сәлем айтты. Кездесу соңында ғылыми бағытта бірігіп жұмыс жасауға уағдаласып, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Жалпы алғанда, іс-сапар алдына қойылған мақсат орындалып, өте жемісті болды. Ғылыми зерттеу іс сапарының табысты болуына мұрындық болған институт басшылығына, сапарлас әріптестерге және ресейлік архив қызметкерлеріне алғысымыз шексіз.
Ж. Ж. Жеңіс
Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының
жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты