Тұрсын Жұртбай: «Сервантестің ісін істедім»
29.10.2021 1689

Елордада жазушы Тұрсын Жұртбайдың 70 жылдығына орай «Елдік ұстаным және тәуелсіздік нысанасы» атты конференция өтті. Алқалы жиынға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшебаевтан бастап, ҚР Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, елорда әкімі Алтай Көлгінов секілді әртүрлі деңгейдегі басшылар келіп, ресми құттықтады. Сондай-ақ еліміздегі ғалымдармен қатар, алыс-жақын шет елдегі азаматтар Тұрсын Жұртбайдың еңбегіне қатысты өз ойларын ортаға салып, тұшымды баяндама жасады.


Жазушы ғалым саналы ғұмырын сақтар мен ғұндардың тарихынан бастап Абай мен Алашқа дейінгі кезеңді зерттеуге арнады. Қазақтың арқы бергі тарихын жазған ғалымның 70 жасқа келген кезде түйген ойы қандай? «Қазақстан тарихы» порталы Тұрсын Жұртбайдың Абай мен Алашқа қатысты сөзқарасына шолу жасап көрді.

 

«Абай мен Алашты енді түсіне бастадым»

 

Жазушы Тұрсын Жұртбайдың Ұлы ақын мен Алаш идеясын зертеп келе жатқанына жарты ғасырға жуықтады. Солай бола тұра ол Абай мен Алаш идеясын енді түсіне бастағанын айтады.

«Осы уақытқа дейінгі іс-әркет пен ақыл-ой мақсаттың барлығы олардың түпкі идеясы мен белгілі бір жағдайға байланысты қолданған айла-амалдарын зерттеп, түсініп білуге арналды. Енді сол құбылыстарды бір ізге түсіріп, көлеңкесіне көз салғаннан кейін оларды түсіну басталды. Мен таяуда ғана академиялық басылымның өтініші бойынша, Абайдың өмірбаянын қысқартып, жеңілдетіп жазып шықтым. Сол кезде өзім жатқа білетін, тіпті оқиғаларын жүк жинағандай етіп қойып беретін Құнанбай мен Абайдың және белгілі бір жағдайға байланысты Әлихан Бөкейханның айтқан сөздеріне басқаша қарай бастадым. Ал олардың айтқандарының астарында біздің қоғамның ішкі құбылыстарын ашып жіберетін жайлар бар екен. Мен соны енді түсіне бастадым.

Мысалы Абай мен Әлихан Бөкейханға ортақ бір-ақ мәселені алайын. Бір қарағанда Абайдың қарасөздерінде қазақтан қарапиғылды, жек көрінішті ұлт жоқ сияқты. Қазақтың молдаларының бәрі шаласауатты, қараңғы секілді. Ал енді соның астарына қарасаң бәрі белгілі болады. Кейбір адамдар Әлихан Бөкейханға қатысты «Алаш Ордашылар дінге қарсы болған» деп айтып жүр. Бұл бос сөз. Осының астарында бүгінгі қазақ қоғамы ұмытып кеткен, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, мұсылман түркі қауымы мен қазақтың Алаш идеясын оятып, өмірге әкелген реформаторлық жәдиттік көзқарас жатыр. Мұны киім киіс пен оқу-тоқу деп түсіндіреді. Жоқ, бұл бүкіл жаратылыстанудағы болмыстық көзқарас. Шигабутдин Марджани, Мұхамед Ғабдуку сынды ғалымдар жәдиттік көзқарасты өмірге, білімге енгізді. Соның нәтижесінде дін ислам мен түркі дүниесі оянып 1961 жылы мұсылман елдері толық тәуелсіздікке жетіп болды», – дейді ғалым.

Тұрсын Жұртбай мұның себебін тым тереңнен іздейді. Нақтырақ айтсақ, ғалым қадымдық және жәдитік діни ұстанымның тарихына назар аудартады.

«Қадым мен жәдиттік діни көзқарстың айырмашылығы қай уақытта пайда болды? Аталған екі діни ұстаным ХІІІ ғасырдың аяғы мен ІХ ғасырдың басында пайда болды. Фарабилердің қуығындалып кетіп, Ибн Синалардың жат жерде өлетіні сол. Олар философияны еркін түсінді. «Әуелі Алла рас, біреу. Құран оның аяны, екі. Құранды аударуға болмайды. Мұхаммед пайғамғар оның елшісі. Үшеуі канондық шаруа, мойындайсың».

Ар жағында сол Құрандағы сөзді жәдиттік көзқарастағы Фарабилер «Мейрімді қала тұрғындары» философиясы бойыншы түсіндірді. Негізі аталған тұжырым коммунизмнің бір формасына ұқсайды. Себебі Карл Маркс коммунизм идеясын содан алған.

Құрандағы сөзді заман мен астарына қарай пайдалану керек. Құранда 1 мыңнан астам рет ғылым деп айтылған. Біз ғылым арқылы мына дүниенің сырын біліп, ашуымыз керек. Химия, физикадан бастап аспантануға дейінгі адамның ішкі құбылыстарын білуіміз керек. Сол арқылы біз Алланың адам үшін жасырған нәрсесін білеміз. Осы себепті Құнанбай Абайды 9 жасында медресеге апарғанда оны Абдолла деген имамнан алып, Камаладин деген жасы 20-дағы молдаға берген. Ол дүниені жәдиттік көзқараста таныған Шигабутдин Марджанидің алғашқы шәкірті болатын. Құнанбайдың өзі «Мынау сауатты, тура екен» деп Абайды молдаға апарып берген. Сол себепті де Абайдың көзқарасы дүниені ғылыммен біл, егер сен ғылыммен дүниенінің және оның бар екенін білсең, шын менің болғаным» дейді», деп тұжырым жасайды ғалым.

 

«Абайды түсінуді ауырлатып жібердік»

 

Ұлы ойшылды ес білгелі бері зерттеп келе жатқан ғалым ақынды енді-енді түсіне бастағанын айтады. Ал жас балалардың Абайды түсініп, бойына сіңіре бастауында көптеген кемшіліктер бар көрінеді.

«Біз өзіміз түсінбеген нәрсемен жастардың миын ашытып жатырмыз. Осы арқылы біз Абайды жастардан жеріндіріп алып жүрген секілдіміз. Бұл бір. Екіншіден, қазір Абайдың дінге және басқа да бір мәселеге көзқарасы деп ғалымдардың өзі ақынды түсінбейтін жағдайға жетті. Абайды түсіндіруде жүйе жоқ. Біз ең бірінші осы Абайдың ойлау және дүниені қабылдау жүйесін көркемдік әлемімен ойына біріктіруіміз керек.

Мысалы ол суық ақыл, ыстық жүрек және қызу қайрат. Бұл не? Бұл жалғыздың әуелдегі пайда болу әрекеті. Шариғат дегеніміз 18 мың ғалам және соның заңдылықтары. Біз мұны күнделікті заңдылыққа әкелеміз. Ол дұрыс емес. Күнделікті заңдылықты фиһ дейді. Ал Шәкәрім оны екіге бөледі. Жаратылыстану яғни, шариғат бойынша баға береді. Оның ішінде адамзаттың ақылды ұстанатын ар ілімі. Білімнің мақсаты ар ілімін игеру болуы қажет. Осыдан кейін барып Абай «Бірді танығаннан кейін ең бірінші иман керек» деп айтады. Иманның өзі екіге бөлінеді: оқып, біліп бойыңа сіңіресің немесе тумысыңнан бітеді», – дейді жазушы.

Абайтанушының айтуынша, ғылым нақты және бақас ғылым деп екіге бөлінеді. Бақас ғылым адамға, тіршілікке, жалпы дүниеге зиян әкеледі. Мысалы Атом, нейтрон бомбасы мен сутегі, ракеталар секілді бәсекемен істелетін ғылым.

«Өкінішке қарай қазір «бәсекеге түсеміз» деп теріс ғылымның өзін мақсатқа айналдырып алдық. Ғылымның адамға беретін оң нәтижиесі болу керек», – дейді ғалым.


 

«Бізге Сервантес пен Бальзактар керек»

 

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолында» Құнанбай образын Кеңес үкіметінің талабына сай беруге мәжбүр болғаны анық. Алайда жұрт арасында «Құнанбайдың темірдей тәртібі болмаса Абай болмас еді» деген пікір айтылып қалады. Осыған байланысты Тұрсын Жұртбайдың өз айтары бар.

«Мен 15 жыл бойы сын бөлімінде істеп, аталған бөлімді басқарған адаммын. Дүниежүзінің барлық сыншыларының пленумдарында 2-3 айда бір 15-20 күндей қатысып, пікірталастардан өттім. Сонда түсінгенім шамамен 1989-1990 жылдардан бастап қазақ ұлты оқырманының талғамы түсіп кетті. Қазір тіпті талғам жоқ. Көркем өнер мен шығарманы және соның заңдылықтарын түсінсең жазушының бар әлемі ашылады. Оны солай талдау керек. Қазір біздің талғамымыз «Ойбай менің атам тіршілігінде көк шапан киіп еді. Жазушы қара шапан кигізіп қойыпты» дегенге жетті.

Өтіріктің басын біз әулиеден батыр, батырды әулие етіп көрсеттік. Фарс. Оны әшкерлеу үшін бізге бір Сервантес керек. Біздің кейінгі 25-30 жылдағы Дон Кихот жазушыларымыз үшін бір Сервантес керек. Сервантестің ұлылығы сол ол бүкіл Еуропаның ойын өзгертіп жіберді. Бізге Бальзактар керек. Мен осы 25 жылдың ішінде біздің қоғамды әшкерелеп, бір адамды екіге бөліп, өз өзіне қол салдырған бірақ шығарманы білемін. Ол Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романы. Аталған кітапты Қазақстанда басылып шықпаған соң жеке компаниялар өз ақшасына шығарды. Сол туралы бір ауыз пікір жоқ», – деп қамығады ғалым.

 

Абай туралы жұрт нені білмейді?

 

Тұрсын Жұртбай Абайдың өмірбаяны туралы 40 жыл бұрын жазуға дайын болғанын айтады. Сол кезде ғалым Рымғали Нұрғалиев «Абайдың өмірбаяны туралы жазып таста» деп айтқан көрінеді. Сондай-ақ ғалым өзге де еңбектерді ерте жазуға потенциалы жеткенін тілге тиек етті.

«Мұхтар Әуезовті 1977 жылы жазып таста деген. Мен ол кезде заңғар жазушы туралы жазуға дайын болатынмын. Бірақ Мұхтар Әуезов арқылы Алаш арыстарын көрсеткім келді. Мен сол үшін Әуезовты зерттедім. Ал Құнанбай мен Абайдың арасындағы қарым-қатынас туралы 1978 жылы «Жұлдыз» журналында «Өмірлік шындық пен көркемдік шындық» деген мақалам шыққан. Демек мен сол кезде дайын болдым. Аталған еңбектер шығып кетер еді. Әйтсе де оның орнына Қалибек Қуанышбаев туралы деректі кітап жаздым. «Бесігіңді түзе» деген кітабым 1977 жылы жазылғанымен 1987 жылы «Жұлдыз» журналына бір үзігі шығып 1997 жылы бірақ кітап болып шықты», – дейді ол.

Тұрсын Жұртбайдың осы сөзінен Кеңес үкіметінің қаншалықты зиянкес екенін аңғаруға болады. Жазушының мүмкіндігі жетіп, тек заманға байланысты 10-20 жыл бойы уақыт жоғалтуы өкінішті емес пе? Бірақ ғалым үшін ең үлкен өкініш бұл емес, басқа көрінеді.

 

Тұрсын Жұртбайдың өкініші не?

 

Жазушы ғылымды жек көріп, «Академиктер сауатсыз» деп мақала жазғанын айтады. Алайда абайтанушыны Ләйла Мұхтарқызы шақырып алып «Егер Әуезовтың әруағын сыйласаң ұсынысымнан бас тартпа» деп еріксіз Әузеов мұражайының директоры болғанын еске алады. Осы арқылы ол ғылымға келіп, Абай мен Мұхтар Әуезов туралы жаза бастаған.

«Менің негізі Мұхтар Әуезов арқылы Алаш идеясын ақтау үшін көркем шығарма жазғым келген. Рымғали ағам «Ең бірінші тарихи шындықты анықтап алмай, көркем шығармаға қалай барасың?» деп айтты. Оның үстіне архивтің материалдарын көргеннен кейін «Мен азаматпын ғой, оны тастап қу сөзге қалай кетіп қаламын?» деген ой болды.

Менің әлі де бір арманым бар. Маған Алла Тағала талант демей-ақ қояын, бірақ ойлаған дүниемді жазып, жұртқа жеткізуге қабілет берді. Маған адам баласы таңғалатындай ғашық қызды тап қылды. Ол маған келді, мен оның қасына келіп тұрып, ең ыстық құшақта табысатын кезде мен одан жалт бұрылып кетіп қалған секілдімін. Әйтпесе менің 28 жасыма дейін екі өлеңдер жинағым мен екі прозалық кітабым шықты. Мүмкіндігім бар еді ғой. Осыған мәңгібақи өкініп өтетін шығармын. Алла аян берген ғашығымнан, екеумізде ынтықтасып келіп жалт беріп кеткенім мәңгілік есімде қалатын шығар. Мен кейде өмірге келгенімді ақтамаған адам секілді сезінемін. Ал мына ғылымға тап болдым. Амалым болмай, көріп тұрған соң істеуге тура келді. Бір адам Абай мен Алаштың жазу керек еді», – дейді ол.

Тұрсын Жұртбай өзін Алаш тақырыбына 1971 жылы Қайыржан Бекхожин бағыттап жібергенін айтады. Өйткені Алаш туралы итжанды, жанкешті бір адам істеу керек еді деп еске алады.

«Менің тұрғыластарымда оған баратын ешкім жоқ болды. 1987 жылы Олжас Сүлейменов «Ал міне күнің туды. Шәкірт ретінде Қайыржан Бекхожиннің аманатын орындайтын кезің келді» деп КГБ мен Жоғары сотқа кіргізіп жіберді. Істеу керек болды. Мен тәуелсіздік келеді, келмейді, ол кезде кім біледі. Бірақ Тәуелсіздіктен 4-5 жыл бұрын Алаштың ақталғаны атсалысқаныма өзімді жігіт ретінде бағалаймын. Отыз жастағы жігіттің бір еңбегі екен деп бағалаймын. Осы үш жылдың ішінде қазақтың санасы Тәуелсіздік деген идеяға келіп үлгерді. Қазір мені саншопан санайтын 1991-1970 жылы туғандар шықты. Санай берсін. Мен-ақ қазақ халқының саншопаншасы болайын. Бірақ істерімді істеп кеттім. Сервантестің ісін істедім. Енді 70 жасқа келгенде айтуға болады ғой», – дейді ғалым.

Тұрсын Жұртбай Алашты ақтаудан бөлек, Семей полигонының жабылуы мен 1987 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысты комиссияға белсене араласқанын мақтанышпен еске алатынын айтады. Осы бір үш елеулі оқиғаға қатысқан кезде ғалым 34-35 жас аралығында болыпты.

 

Құрбанғали Халиди және Джордж Кеннан

 

Сондай-ақ ғалым Құрбанғали Халидидің «Тауари Хамсаи шархи» еңбегі кітап болып шықпағанына өкініш білдіреді. Тұсын Жұртбайдың айтуынша, аталған еңбекте қазақтың 1\3 тарихы жатыр.

«Бізде Құрбанғали Халидидің еңбегіне ешкім мән бермейді. Өзі Қазақстанда туып, қазақпын деп тұр және өзі Аягөздікі бола тұра «Моғалстан мен Шығыс Түркістанның адамы» дейді. Моғолстаның қазіргі Семей, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау обылыстары мен Жаңарқадан ары қарайғы жер емес пе? Жәнібек пен Керейді Шудың бойында кім хан көтеріп еді? Қазақ рулары. Керей мен Жәнібекті қазақтың белді рулары қолдады.

Негізі мәмүліктердің Қойлыбай мен Тойлыбайларының 15 томдығын шығаруға 35 млн теңге керек еді. Қай жерде екенін тауып қойдық. Елге көшіріп әкеліп, аударсақ қазір сол кітапты оқып отырар едік», – дейді ол.

Бұдан бөлек ғалым Американың атақты саяхатшысы Джордж Кеннанның Семейге келіп, естелік жазғанын еске алады. Тұрсын Жұртбай саяхатшының жазып қалдырған Абайдың мына сөзіне таңғалғанын айтады.

«Абай «Мен илану үшін ойланбаймын, ойлану үшін иланамын» деген екен. Осы сөзде бәрі бар. Біз біреуді иландыру немесе сену үшін және Абайды сүйіп, түсінуіміз үшін ойланудың қажеті жоқ. Ойлан, ойлағаныңды Абайдан тап. Сонда кірпіш болып қалана кетесің. Адам бәрін біледі, бірақ ойға орын таба алмайсың ғой. Сол ойлану үшін илан. Абай тауып береді кірпішті. Мен осы сөзді жиі қайталаймын. Кейде теріс, кейде оң әртүрлі философиялық танымдардың тұрғысынан өзімше талдап түсінемін. Бірақ бәрі бір сол «илану үшін ойланбаймын, ойлану үшін иланамын» дегенге келе беремін. Ал бұл о дүние мен бұ дүниенің яғни Раяна қақпасының екі жағынан ашқанмен тең деп ойлаймын», – дейді ғалым.

Тұрсын Жұртбай Абай Құнанбайұлы мен Алаш арыстарына тас ататын адамдар бар екенін айтады. Міне осы азаматтар мерейтой аясында әртүрлі әңгіме тарататыны қынжылыс білдірді. Естеріңізде болса Зәуре Батаева Абай Құнанбайұлына қарсы материал жазып, халықтың ашу-ызасына тиген болатын.

«Абайдың тойы мен Алаштың белгілі бір мүшелтойына қарсы осындай ләукейлік шатпақтар шығып жатады. Біреулер бұған неге қарау керек деп айтып жатады. Жоқ, бұған қарау керек екен. Өйткені байқаймын бұл бірдің шалықтауы емес, бірдің пікірі емес. Зәуре Батаеваның  мақаласын шолып шығып, оған пікір білдірген адамдардың біразының жазбасын оқыдым. «Абайдан не көрмедік» деп ұлы ақынды жамандайды. Абай мен Алаш арыстары «Ғылым тәуелсіз болуы керек. Ғылымды идея мақсат билеу керек» деп айтқан. Бізде қазір ғылым тақыр жерде», – дейді ол.

Жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың Абай мен Алашты қатар зерттеуі тегін емес. Себебі Алаш арыстарының қалыптасуына Абай Құнанбайұлы айрықша ықпал етті. Ал ұлы ойшылдың өлеңдері мен қара сөздерінде Қазақтың тәуелсіздігі жатты. Ақын шығармашылынан қуат алған Алаш арыстары 1917 жылы Алаш партиясы мен Алаш орда үкіметін құрды. Бұл Кенесары хан өлтірілгеннен кейін Қазақ елінің өз тізгінін өзі иемденген айрықша сәті еді. Сондықтан да Абай мен Алаш идеясы егіз ұғым.


Жалғасы бар...