«Сұлтанмахмұт шығармашылығына ғұмырын арнаған ғалым...»
04.08.2021 1975

Төлегенұлы Аян,  Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының  корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты


- Құрметті Айеке, өзіңіздің ғылыми зерттеу нысанаңыз Белгібай Шалабев ғой. Осы тұлғаның бізге беймәлім тарихи ерліктеріне тоқтала кетсеңіз? Қиын-қыстау заманда қандай құндылықтарға араша түсті? 

- Әдебиеттанудың «еңбек торысы», ғұлама ғалымдары атанған Бейсенбай Кенжебаев, Қажым Жұмалиев, Темірғали Нұртазин, Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Есмағамбет Ысмайылов, Мәлік Ғабдуллин, Айқын Нұрқатов секілді т.б. көптеген талантты ғалым, қаламгерлермен қатар Белгібай Айсинұлы Шалабаев та ХХ ғасырдың сонау отызыншы жылдардан бастап әдебиетке аса бір ерен ынтызарлықпен белсене араласып, бар білімі мен қабілетін жастарды тәрбиелеу мен әдебиетті дамытуға қалтқысыз арнауды мақсат тұтты. Сол ізгілік жолында әдебиеттану ғылымында аянбай қызмет етіп, ақыл-ой, парасатымен бауыр бастырып үлгерген көптеген ғылыми еңбегін жазып қалдырды да. Қазақ әдебиеттанудың дамуына сүбелі үлес қосып, әдебиеттер байланысы проблемасының қайнар бастауында тұрған әдебиетші-ғалым Б.Шалабаевтың өмір жолы мен ғылыми қызметіне көз салғанда, қазақ тарихының ұлы өзгерістерінің көп қырларын аңғарамыз. Б.Шалабаев өзінің бір естелігінде: «Алатаудың асқан тәкаппарлығы ардагер Сәкеннің өр тұлғасын еске түсіргендей екен-ау! Жалынды азаматтың шәкірті, ізбасары бола жүріп, әдебиет әлеміне ерте араласыппын. Қазақ әдебиетінің түрлі дәуірдегі ғылыми тарихын ұлы Мұхтармен бірге зерттеу бақытына бөлендім... Асыл ағалардың қабырғамды қатайтып, бұғанамды бекіткен, қанаттандырған, қалтқысыз қамқорлығын қалай ұмытармын!...», – деген еді. Ғалым ағалар аманатын абыроймен ақтауды өз шығармашылық кредосына айналдырғанына әдебиетші еңбектерімен танысу барысында сан мәрте көзіміз жетеді.

Б.Шалабаев тағдыры өз тұрғыластарының көбінің тағдырымен ұқсас: жеңіс, жемістері де, соқпақты жолдары да.

Қазақ халқының тарихында қуанышы мен қайғысы бірдей болған жиырмасыншы ғасырдың жемісті сәттері мен кеселді шақтары да жеткілікті болды. Социалистік қоғам салтанат құра бастаған аталған ғасырдың қазақ халқының басына нәубет үйірілген 20–30 жылдары оқу, білімге талпынған, кәсіби білім ордалары көбейе бастаған, жоғары білімді мамандар шыға бастаған да кезең болғаны рас. Әсіресе, Кеңестер Одағының бас иесі іспеттес Ресейдің патшалық дәуірден қалыптасқан классикалық дәстүрі бар Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург), Москва сияқты ірі қалаларындағы оқу орындарында оқып, білім алған жастардың орны айрықша. Кейін қазақ әдебиеті мен қазақ әдебиеттану ғылымының аса көрнекті тұлғаларына айналған Т.Жароков, М.Қаратаев, Т.Нұртазин т.б. өткен ғасырдағы отызыншы жылдардың басында Ленинградтан білім алған қазақ жастарының бір парасы еді. Осы бір талантты шоғырдың қатарында әңгімеге арқау етіп отырған сан қырлы талант, М.Әуезовтің тілімен айтсақ, «әдебиет зерттеушісі, сыншы, аудармашы, қазақ әдебиеті тарихынан лайықты орнын алған ерекше дарын иесі» профессор Белгібай Шалабаев та бар болатын. 

- Тұлға өмірінен аздаған ақпар бере кетсеңіз? 

- Б.Шалабаевтың маңдайына мынау жарық дүниенің есігін ашу мерзімі кешегі дүрмегі де дүрбелеңі мол кезеңнің шырғалаң шағы 1911 жылға дөп келіпті. Бұрынғы Семей губерниясына қарасты Павлодар уезі Баянауыл ауданының №5 ауылында, қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Далба ауыл атырабының төл тумасы. Баянауылда, әр түрлі кәсіпшілікте жалданып жұмыс істейтін жатақ отбасында туған Белгібай қаршадайынан жоқшылық, жетімдік зардабын көп көрген. Әкесі Айсин ақсақал жалғыз атты жарлы, араб қарпімен басылған кітаптарды емін-еркін оқи алатындай сауаты бар, өресі өрісті өнерге деген шын лебізі аңқып тұратын, серілеу адам болатын. Киелі Баянауылдың қасқа жолынан аттанған, сөйтіп қазақ әдебиетіне алғаш соқпақ салғандар қатарына қосылып, ХХ ғасырдың ұлылары шоғырынан тәжілі орын алған өзімен аталасы алты алашқа мәлім Мәшһүр-Жүсіп Көпеев еді. Осы қасиетті жолдың өрісін қал-қадерінше ұзартқан өз заманының көзіқарақтысы. Қиссалардың денін, Абайдың ел арасында тараған өлеңдерін, Біржан мен Ақан әндерін мақамдап айтатын, Жаяу Мұса, Мәшһүр-Жүсіптермен ауылы аралас, қойы қоралас жиі араласып тұратын ол көкірегіндегі оты бар баланың ізденімпаздығын ерте оятып, әдебиетке деген құлшынысын арттыра түседі. Міне, осындай түтіні түзу елде, әкесінің мол қамқорын көріп өскен бала оқу соңына түсуге белін бекем буады.

Алайда «қадірі болса адамның ортаңда тірі жүргенде, орыны қалар ойсырап, бір күні көрге кіргенде» демекші, ауыр қазаға ұшыраған, ажал құрығына ерте іліккен әкесі 1922 жылы өмірден өтеді. Бойы өсіп, бұғанасы қатпаған он бір жасар тұрымтайдай бала Белгібай, Баянауыл баурайында байлардың қозыларын бағады. Қытымыр өмірдің қатаң жазасына душар болған Белгібай байлардың қозыларын баға жүріп, бай есігінде күң болып жүрген анасына жәрдемін тигізеді. Бірақ, сұм өмір оны тағы бір ауыр қайғыға жығады, көп ұзамай 1924 жылы аяулы қамқоршы анасы да кенеттен дүние салады. Алдындағы отарлы бағланы байдікі болғанымен, кекілі желбіреп, көзі жаудырап, ертелі-кеш Семейге алып баратын үлкен жолға қарағыштай беретін арманшыл бала қиялы тым биікте еді. Он төртке қарағанда жергілікті ауылдың кеңесі (сельсовет) оны қорғансыз жетімдердің қосағында Семейдегі №2 Балалар үйіне жібереді. Табанын тас тіліп, маңдайын күн қақтап өскен ұланның талайы артық, талабы үстемдей сезілетін. Аласапыран дәуір, дүниені төңкеріп жатқан дүрбелеңді дүбірлі кезең сахараның жас перзенттерін тез марқайтқан. Белгібай өмірінде де уақыт салған іздер сайрап жатыр. Есін біліп, етек жеңін түрген жасөспірім өзінің өмірдегі орнын табу жолында еңбек етеді. Өзінің қатар құрбыларымен бірге мектеп қабырғасын көрген ол, орысша оқып жасөспірімдер мектебінде бастауыш білімін алады. «Жетім қозы тасбауыр, маңырар да отығар» дегендей, қолы бос уақытында ересек балалармен бірге Семей губерниялық баспаханасында баспа бөлімінің үйренуші-стажёрі ретінде жұмыс істеп жүріп, сол қым-қуыт уақыттың белең-белесінде өзін алға сүйреп, ұмтылудан жаңылмай, тек өзіне, өзінің қуаты мен табиғи дарын қабілетіне сенуге ғана дағдыланған бала ерте есейеді. Иә, бұл – жас азаматтың шыңдалып, оң мен солын танытқан есею жылдары болатын. Болашақ әдебиетшінің өмірдің қайнаған ортасында болуы, замана ағымына сай болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтарды ой елегінен өткізуі оның түсінік-түйсігін байытты. Қолына түскен көркем әдеби кітаптарды көп оқиды. Әсіресе кезінде әкесінің жіліктей шағып, майын тамызған, құлағының құрышын қандырған халық ауыз әдебиетінің асыл інжу-маржандары қисса-дастандарды енді өз бетінше оқып әсем ой-толғаныстар мен күйзелісті тебіреністерге шомады. Шығыс әдебиетінің қазақ тіліндегі нәзира үлгісімен жырланған «Мың бір түн», «Рүстем дастан», «Фархад – Шырын», «Ләйлі – Мәжнүн», «Тахир – Зухра», «Жүсіп – Зылиқа», «Ескендір», «Шәкір – Шәкірат», «Боз жігіт», «Атымтай Жомарт» сияқты қисса-дастандармен жете танысып, көбін жатқа айтатын болады. Осы кезде, оның көп ізденіп, беріліп оқитын Крылов, Пушкин, Тютчев, Гоголь, Белинский, Герцен, Лермонтов, Тургенев, Фет, Некрасов, Салтыков-Щедрин, Толстой, Абай, Короленко, Горький, Куприн, Сұлтанмахмұт, т.б. классиктерінің шығармаларын атауға болады. Қаршадайынан қара сөздің қадірін біліп, тегін түсініп, байыптап, бағалап өскен он төрт, он бестегі бала қолына қаламын алып, бұла ойларын бұлжытпай қағазға түсіреді. Сөйтіп өрелі ойлары өлең болып өріліп, кейінде тасқа басылған санаулы өлеңдерімен құрбыларының арасында «ақын бала» атанады. Бала күннен жүректі қытықтаған құштарлық, өлең-жырға, әңгіме-хикаяға деген құмарлық, Белгібай санасында суымайды, қайта күшейе береді. Ол айтысқа да түсіп көреді, ұзақ қисса-дастандарды жаттайды. Бірақ мұның бәрі де өнер жолына біржолата берілу емес, тиіп-қашты үзді-жұлды құбылыстар еді. Сөз қисыны келгенде Белағаңның «әу» деп, әдебиетпен алғаш айналысудағы өлеңнен бастау алған мына бір бастан кешірген оқиғасын айта кетсем деймін. Сөзіміз дәйек-дәлелді болу үшін Б.Шалабаевтың 1935 жылғы 25 тамызда «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Әдебиетке құмарлық» атты мақаласына жүгінуге тура келеді.

- 1925 жыл. Семейде шығатын «Қазақ тілі» газеті редакциясында атақты демократ ақын Сәбит Дөнентаев қызмет істейді. Бір күні Сәбиттің кабинетіне қолында қойын дәптері бар бала кіріп келеді. Өткен жетіде бір пьесаларын газетке жариялауға берген, бірақ басылым бетінде әлі көзге түспеген педагогикалық техникумның екі оқушысы да пьесаның хал-жағдайын білу үшін бөлім редакторының алдына келіп тұр екен. Сәбит үлкен көлемді қолжазбаны алды да, соның сыртына жазылған өзінің пьесаға деген «рецензиясын» оқиды. Онысы:

«Драма ма, құрама ма?

Сөз осынан құрала ма?

Кеше туып, бүгін өсіп,

Сақал-мұртың шыға алама ма?

Сендер бүйтіп бұлқынды – деп,

Өмір бетін бұра ала ма?» –

дегендей болып шығады.

Сұрауға сараң да, сынға келгенде шарт сынба екі оқушы ашу-ызаларын жасырмай, қолжазбаларын жыртып тастайды да сыртқа шыға жөнеледі.

– Мен де өлеңдерімді сізге көрсетейін деп едім, – деп келген бұйымтайын түсіндіреді жаңа келген бала. Сәбит пісенделі сөзі болмаса да, дәмеленіп тұрған балаға жымиып қарап:

– Жасың нешеде? – деп сұрайды.

– Он төртте.

– Өлеңім бар дейсің, ә?

– Иә.

– Сендей кезімізде біз ойынмен болушы едік. Дүниеден босқа қаласың ғой. Кітапты оқып ойнай бер, – деп, сөзін аяқтады Сәбит. Бала бұл сөзге қатты ренжіді. Ағасының бетіне тура қарай алмай, Абайдан жаттаған бірнеше өлеңін нақышына келтіріп мәнерлеп оқып берді.

– Ол шал өз бетімен өлмей, жұртты жалықтырып кеткен шал, сен оған ерме, – деді Сәбит келте қайырып. Бала дегенінен қайтпайтын сыңай танытқандай тырнақалды өлеңдерінің Абайды пір тұтып оқығаннан кейін туған сергек ойдың жемісі екенін айтқысы келді, алайда оны Сәбит ақынның төрелігіне қалдырды. Қойын дәптерін жазу үстелінде қалдырып кетеді. Ертеңінде келсе, Сәбит кешегі күлімсіреген жүзімен, жазған өлеңдерін қайтарып береді. Мұқабасында:

«Жассың ғой, шырақ,

Болма дана ертерек.

Асықпай шыдап,

Жүрсең, «сабыр» көп беріп,

Әйтпесе бір күні қаласың,

Көш артында ентелеп», –

деген жазуы бар екен.

Шамасы, Сәбиттің бұл ескерту төрттағаны «ақын баланың» балғындай жүрегіне батып, көңіліне кірбең түсіреді. Өйткені ол бұдан былай әдебиет әлемінен алыстап, білімді басқа арнадан іздейді, жігер-қайратын тосын жолдарға салады. 1928–1930 жылдар аралығында Орынбор, Орал қалаларының Қазақ өлкелік медицина техникумында оқиды. «Дәрігер боламын», «инженер боламын» деп, екі жыл бойы соның қамында жүреді. Алайда, әдебиеттен алыстаған сайын одан биік, одан ыстық арманы жоқ екенін, өз бақытының әдебиетте ғана екенін бірте-бірте түсіне бастайды. Әдеби асуларды ассам деген бала күнгі әлди-арманын еске түсіреді. Асылы көкірекке Алла тастаған түйір дәннен шығар. Қазақтың талай арыстарын дүниеге сыйлаған қасиетті Баянауылдың Ертіс топырағында туып-өскен Белгібайдың дарынды болмауы, әдебиетке құлшына ұмтылмауы мүмкін емес еді. Ақыры ғылыммен шұғылдану сияқты абыройлы да қиын міндетті өз өмірінің мақсаты етуге мықтап табан тіреген ол, көп ұзамай 1930 жылы еліміздің тұңғыш білім қара шаңырағы – 1928 жылы Алматыда Ташкент педагогикалық институтының негізінде құрылған Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының тіл және әдебиеті бөліміне (бүгінгі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) қабылданады. Бұл болашақ ірі әдебиетші ғалым, сыншы, аудармашы, көсемсөзші, ұстаз Б.Шалабаевтың арманға толы алғашқы қадамы, ізденісі мол, ауыр да азапты жолының бастауы болатын. Осында оқып жүріп өзінің тұңғыш прозалық шығармаларын жазады.

1937 жылы Ленинград мемлекеттік университетінің (Санкт-Петербург мемлекеттік университеті) аспирантурасын бітіріп, Б.Шалабаев Алматыға оралады. Мұндағы Қазақ коммунистік журналистика институтында алғаш ашылған қазақ әдебиеті кафедрасын басқарады. Сонымен бірге 1938–1942 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) қазақ әдебиеті кафедрасында аға оқытушы әрі Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ әдебиеті кафедрасының доценті қызметтерінде болған. 1938–1942 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасында аға оқытушы әрі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ әдебиеті кафедрасының доценті қызметтерінде болған.

1939–1940 жылдары Қазақ КСР Халық Ағарту Комиссариатының ротаторында басылған «Жоғары оқу орындарының филология факультеттеріне арналған қазақ фольклоры және қазақ әдебиеті тарихының кеңейтілген программасы» («Расширенная программа по казахскому фольклору и истории казахской литературы для филологических факультетов вузов») қазақ, орыс тілдеріндегі ұжымдық оқу-әдістеме құралының негізгі серіктес авторы болған. 1942 жылы партия қатарына өтеді. Қан майданда саяси жетекші, батальон комиссары, полк үгітшісі, дивизия партия комиссиясының мүшесі ретінде туған жердің азаттығы үшін от пен өрттің арасында өлімге бас тіккен жауынгерлік өмір кешті. Белағаңның осындай бір батыр тұлғасы 1944 жылы 30 мамырда «Казахстанская правда» газетінде жарияланған қос орденді капитан В.Белуниннің «Учёный-воин» атты очеркінде аса бір жүрекжарды құрметпен сомдалған. Сонау Ржевтен, Оршаның Белорус майданына дейінгі өлім жолында талай фашистің көзін жойып, Батыс майданының 164 – атқыштар дивизиясының 33 – армиясына қарасты, 742 – атқыштар полкының құрамында жауға қарсы шабуылға қатысып, жауды бекіністен қуып шығарады.

Бұл кезең, яғни 40-жылдардың екінші жартысы мен 50-жылдардың басы лагерьлер жүйесінің қаулай көбейген дәуіріне айналды. Тарихи дерек көздеріне сүйенер болсақ, 1948 жылы «контрреволюциялық» және «антисоветтік» әрекеттері үшін айыпталғандарға арнап «арнайы режимдегі лагерьлер» құрылып, «қызмет еткен». 1949 жылы бір ғана Степлагта 200 мың тұтқын қамалған екен.

Отан деген ұғым ол кезде әрі кең, әрі киелі болатын. Ол ақселеулі кең көсілген Сарыарқа даласы, ақ басты, қарлы шыңды Алатау да, қарауыта мұңартқан Қаратау да, алтын арқадай ардақты Алтай да, алаштың кіндік қазығы Ұлытау да ғана емес, Отан ол кезде өртке оралған Ресей, Украина мен Белоруссия, қоршауда қалған Балтық елдері мен Закавказье болатын. «Отан үшін алға!» деп «уралап» атой салған Кеңес жауынгерлері біздерге «Жеңіс!» атты қасиетті де қастерлі ұғымды сыйлап кетті. Сондықтан да біз аталарымызға қарыздармыз.

Б.Шалабаев жоғарыдағы ерліктері үшін І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» және «Қызыл жұлдыз» ордендерінің кавалері атанды.




1944–1949 жылдары Б.Шалабаев ҚазПИ-де декан, кафедра меңгерушісі, Қазақ КСР ҒА-ның Тіл және әдебиет институтында аға ғылыми қызметкері болады. Іскер оқымысты университетте кафедра басқарса, академия институтында сектор меңгереді. 1944 жылы «Наследие творчества Торы-Айгырова в истории казахского романа» («Қазақ романы тарихындағы С.Торайғыров шығармашылығының мұрасы») деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясын сонау Ленинградта (Санкт-Петербургте) қазақтың ұлы ақынының есімін орыс әдебиетшілеріне паш етіп, тұңғыш терең танытып, сәтті қорғап шығады. Бұл еңбектен зерттеушінің таным аясының орасан кеңдігін де, тұжырым-пікірлерінің тиянақтылығын да, дерек-материалдарды елеп-екшеудегі тынымсыз еңбекқорлығын да көреміз.

Қазақ романының тарихи генезисін суреттеу арқылы, С.Торайғырұлының романдары мен өлеңдерін дәріптеген бұл еңбектің көтерер жүгі батпан, көкейкестігі мен салиқалы мазмұнының өзекті екендігіне көз жеткізу қиынға соқпас. Белгібай Шалабаев Сұлтанмахұмұт шығармашылығына өмірін арнаған ғалым. Ғалым диссертациясы сұлтанмахмұттану ілімін тың идеялармен, ойлармен, тақырып-өрнектермен байытты. Автор бұл еңбегінде замана талқысымен қатпарлы жылдардың сағымына оранып, аумалы-төкпелі кезеңдер дүрбелеңінде халқымыздың зердесінде көмескі тартып, ұмытыла жаздаған, халық әдебиетінде ойып орын алар біртуар тұлға С.Торайғырұлының асқақ қайраткерлік сом бейнесін оның шығармалары, дүниетанымы, саяси-әлеуметтік бағыт-бағдары арқылы ақынның халық санасында қайта жаңғыртуды мақсат тұтқан.

Филология ғылымдарының докторы, Қазақ университетінің әдебиет кафедрасының профессоры, институт, университет филология факультеттерінің қазақ әдебиеті кафедраларының аға оқытушы, доценті болған Белгібай Шалабаевтың қажырлы еңбегі 1985 жылы «Қазақ КСР-на еңбегі сіңген ғылым қайраткері» атағы берілумен атап өтілді.

Қорыта айтқанда, сонау 1930–80-жылдардағы қазақ әдебиеттану ғылымының даму белестері жаңа заманда көзқарақтылықпен қайта сарапқа салынып жатса да, Белгібай Шалабаевтың әдеби-сын, ғылыми-зерттеу, көркем аударма және публицистикалық еңбектері өзінің құндылығын жоғалтпауы тиіс. Өйткені оның сыни мақалаларының болсын, орыс тілінде жазылған еңбектері болсын, кең көлемдегі әдеби зерттеулері мен аудармалары болсын, ғылыми-эстетикалық тартымдылығын, әдеби-танымдық сапасын төмендетпейді, керісінше, уақыт өткен сайын маңызды сыр-сипаты ашыла түспек.

 



- Ендігі сөзді XX ғасыр басындағы Алаш зиялыларына қарай бұрсақ. «Сөз құдіреті – Величие слова» атты әдеби ой-толғаныстар, сын-зерттеулер және эсселер кітабыңызда Бернияз Күллеев жайында бірер сөз шығындаған екенсіз?

- Әдебиет тіршіліктің, қоғамдық өмірдің айнасы ғана емес, сол қоғамдағы адамдардың өмір танымын қалыптастыратын, дүниеге көзқарастарын дамытатын көркем құрал. Оның таным тарапындағы мәні де, тәрбиелік қуаты да сол құралдың кереметтей шешуші сырына негізделеді. Ол – көркем әдебиеттің эстетикалық мәні, яғни әрбір көркем шығарманың бағалығы мен құндылығы оның адам сезіміне, ұғымы мен санасына ойын қозғар әсерімен өлшенеді. Өмір құпиясына терең бойлай білген қаламгер ғана оқырманын сан алуан көңіл күйіне еліктіреді: қуантады, жылатады, ойлантады, таңдандырады... Сол сезім арқылы оқушының көңіл түкпіріндегі ойды қозғайды, санасына өшпес із қалдырады. Әрине, мұндай сипат кез келген өнер туындысында ғайыптан пайда болмайды. Ол қаламгердің ерен еңбектенуінің, талмай ізденуінің, ең бастысы, биік жауапкершілігінің арқасында мүмкін болады. Мұндай шеберлік тума таланттың қажымас қайрат-жігері нәтижесінде қалыптасады.

Міне, осындай өлмес өнер туындыларының авторы, ХХ ғасырдағы адамзат ойының алыптары қатарынан берік орын алған көрнекті ақын, сөз сүлейі – Бернияз Күлеев. Б.Күлеев шығармаларының тереңіне бойлаған сайын жаңа бір асылды тапқандай қуанышымыздың терең сыры неде деген сауал бұдан бұрын да, бұдан кейін де сан ұрпақты ойлантып, толғандырары хақ. Адам жанын тербейтін, оны баурап алар әсемдіктің жұмбағын шешуге, шынайы өнер туындысының табиғатын тануға жасалған ұмтылыстарда шек жоқ. Соның бір айғағы – бүгінде әдебиеттану ғылымының кең арналарының біріне айналған берниязтанудың өркендей кеңеюі.

Әрбір дәуірдің әдебиетінде өз уақытының ізі қалары хақ. Ал өміршең шығарманың ерекшелігі ол тек өз дәуірінің емес, болашақтың, жалпы адамзаттық құндылықтардың үзілмес желісін жалғастыруында. Мұнда ақын жалпыны жалқы арқылы, ортақты ұлттық бояу-өрнек арқылы безендіреді. Ол осындай тамыры тарихтың қойнауларынан бастау алатын, мәуесі мейлінше ұлттық өрнектен көмкерілген алып бәйтерек сынды, сырлы да сұлулық мұнарасы іспетті туындылары арқылы өзі туған халықтың бар ізгілікті қасиетін қастерлеп танытатын болады. Бұл тұрғыда қазақ топырағында жаралып, әлем әдебиетінің озық үлгілерінен нәр алған Б.Күлеев поэзиясының өзіндік ерекшеліктері айқын көрінеді.

Осы талғампаздық пен танымды Б.Күлеев қандай көркемдік құралдар, идеялар негізінде жасады деген мәселе төңірегінде сөз қозғасақ, ең әуелі оның шұрайлы тіліне, тағылымы мол танымына, ақындық қабілет-қарымын танытар ой-сезім тереңдігіне бойлау қажет.

Шығарманы өнер ретінде танытып, биікке көтеретін басты өлшемдерінің бірі – қаламгердің сөз қолдану шеберлігі. Әрине, бұл көркем шығарма тілінің баттасқан бояуға бой ұрмай, керісінше жазушының құнарлы ойының анық та дәл де берілуін қажет етеді. Сондықтан да көркем шығарманың тілі сол өнер туындысының басты өлшемдерінің қатарында саналады.

Әдетте әдеби шығарманың тілі туралы мәселе қозғалғанда жазушының шеберлігі қаламгердің сөз табиғатын қаншалықты түсінетіні тұрғысынан ғана емес, сол сөзді өз мақсатына сай қалай құбылта қолдануы жөнінде де болары анық. Атап айтқанда, халықтық ұғымдардың барынша жинақталған, жүйеленген образдылық сипаты айрықша басым болып келетін тұрақты тіркестер, топонимикалық атаулар, салт-дәстүр атаулары, тиянақтап айтқанда, этнолингвистикалық ұғымдар, т.б. әдеби нормалармен қатар, диалект, кәсіби сөздерін, архаизмдер мен тарихи сөздердің орынды қолданылу жайына талдау жасау арқылы Б.Күлеевтің дарынына тәнті боласыз. Ақынның тілді халықтан үйрене отырып, сөйлеудегі талғампаздықты халқына үйрете де алатынына көз жеткізесіз.

Бернияз шығармаларында өзгеше бір сипатпен қолданылатын тілдік бірліктер – туындыны ажарландырып қана қоймайды, ақын шеберлігінің арқасында жансызға жан бітіреді. Аз сөзбен саз ой айтуға қызмет етеді. Ол шайырдың баяндау құралында да, кейіпкерлерінің тілінде де жиі ұшырасады. Жай ұшыраспайды, оқырманның көкейіне қозғау салады, көңіл пернесін басады. Қазақ деген халықтың сөз талғамы, ой тереңдігі, дәлдігі, таным кеңдігі деген ұғымдарынан хабардар етеді, кеудеңе мақтаныш сезімін ұялатады.

Бернияз Күлеев – әдебиет айдынын сөз өнерімен, дара өрнек сырымен тәнті етіп, табындырған киелі есім. Адамгершілік пен арды тұғыр еткен тұлға, жан дүние жұмбақтығы тереңде жатқан өзгеше құбылыс... Оның қаламынан туған үлкенді-кішілі құнды дүниелер адамзаттың мәңгілік мәселелері хақында ой-толғаныстарға жетелейді. Сондықтан да алыстаған сайын биіктей беретін асқар алып таулар іспетті бүгінде Бернияз әлемі де сырлы сұлулығымен, ерекше сән-салтанатымен өзіне тарта түседі.

- Бүгінде берниязтанушылар бар ма? Бар болса кімдерді атар едіңіз?

- Ақын шығармашылығын зерделеуді мақсат тұтқан қатарының уақыт өткен сайын молайып, берниязтану арналарының көбейіп, кеңейіп отыруына негіз болып келеді. Сол берниязтанушылардың бел ортасында кім-кімді де елең еткізген бір есім бар. Ол – филология ғылымдарының кандидаты, доценті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, әдебиетші-ғалым Сәбит Жәмбек.

Осы орайда Бернияз Күлеевтің тұтас ақындық мұрасын, поэтикалық қуатын, эмоциональды-экспрессивті романтикалық идеяларын, әдеби-эстетикалық көзқарастары мен символистік мұраларын жан-жақты зерттеу мен зерделеуді мақсат тұтқан, білікті ой тұжырымдарымен тұшындырған ғалымның «Б.Күлеевтің ақындық мұрасы» атты монографиясы өзінің көкейкестілігімен бірден назар аудартады.

«Б.Күлеевтің ақындық мұрасы» – ұзақ жылғы ізденістің, көз майын тауыса жүріп ақын шығармашылығының тұңғиығына сүңгіп, тұнығынан маржан терген еселі еңбектің жемісі. Сондықтан да кітаптағы әр тарау ақын тұлғасының әдеби әлемін нақты да айқын танытады.

XX ғасырдың басында қамшының сабындай қысқа ғана ғұмыр кешкен, қазақтың талантты да аяулы ақыны Бернияз Күлеев өзінің артына өлмес, өшпес сыр мен мұңға толы, келісті де сұлу жырларын қалдырып кетті. Сөйткен қайран ақынның өмірі мен шығармашылығы оның жастай қайтыс болуына байланысты көп айтылмай, танылмай келді.

Әйел тақырыбын қазақ поэзиясы үшiн – жаңалық деп ешкiмде айтпаса керек. «Жамырай жазды, жабыла жазды» – деп айтуында жазылған тақырып. Ал Бернияз оған өзге қырынан келедi. Бәлкiм олай айтуға да болмайтын шығар. Өйткенi Бернияз үшiн әйел – өмiр гүлi, өмiр көркi. Алыс сапар содан басталады, күш берiп қанаттандыратын да сол. Қалжырап құлаған сәтте де тиылған торыққан сәтте де соған табынасың. Жалғыздықтан құтқарар да сол. Ғашықтық сезiмнiң сан алуан толқындары: ұнау, құлай сүю, бiр көргеннен құлап түсу, ұзақ уақыт сүйiспеншiлiк зарын кешу, ләззат рахатына бату... Осы алуандас сезiмiн күйлер, мұң-қайғылар Бернияз өлеңдерiнде жеке адамның тұтас тағдыры, көзден – жас, жүректен – қан, тiлден – у ағызған сырлар боп төгiледi. Осындай жолдарда зерттеушiнiң өзi де ақынға айналатындай.

Бернияз шығармаларында трагедиялық жырлардың, коллизия, мұңды толғаудың көптiгi белгiлi. Алайда оның бәрi таптаурын болған дiлмарлықтан басталмай өмiр аталатын ұлы арнаға алып шығады. С.Жәмбек Бернияздың тарихи оқиғаға, адам кезеңдерiн бейнелеуде символизмге баруын, тiптi кейде фантастикаға ауысып түсiп отыруын айта келiп алуан түрлi өлеңдердi келтiредi. Ұлттық рухпен байланысын да көрсетедi.

С.Жәмбек назар аударған Бернияз поэзиясындағы басты тақырыптың бiрi – өлiм. Бұл тақырыптың қазақ поэзиясында барлығы белгiлi. Алайда ол Батыс Еуропадағыдай көп қозғалғанда емес. Оның басты себебi – дiн. Дiн бұл тақырыпты өзiне қажеттi қырынан ғана қарастырады. Берниязда өмiр мен өлiм тақырыбының қозғалуы бөлек. Ақынның бұл тақырыпқа қалам тартқанда аты шулы қаламгерлер шығармашылығына көз тiккенi байқалады. Халықты қан-жосаға айналдыра қырып-жойып бара жатқан өктем, озбыр, қанқұйлы күшке қарсы тұрар лаж таба алмаған ақын жаны дүниеге, арайлай таң атып, қызара күн батып жатқан нұрлы әлемге сыймай, оған қарай алмай алас ұрған сәттерiнде Батыс Еуропаның Данте, Гете, Байрон, Пушкин, Блок, Фет жырларына үңiледi, олардың осы тақырыптағы жырларынан зар қаққан, қан-қақсаған жан-дүниесi әлдеқандай дауа табатынын, оны өз шығармашылығына түрткi есебiнде пайдаланғанын С.Жәмбек ашып көрсетедi. Тыншыған бiр сәтте қолына қалам алып олармен сырласатындай. Ғалым еңбегiнде осы бағыт тезистiк ауқымда айтылса да, үлкен әсер қалдырады.

Бернияз 1916–1917 жылдары 26 өлең жазыпты. Ішінде арнау өлеңдерімен қатар әлеуметтік мәні бар өлеңдері де бар. Ақын шығармашылығының ең бір жемісті кезеңі 1918 жылдар болып саналады, бұл жылы ол 34 өлең жазған екен, соның алтауы әйгілі орыс ақыны А.С.Пушкиннен жасалған аударма. Ал, өзінің «Аңқыған гүлдің исінен», «Көңіліме», «Жас жүрегіме», «Қиял сөзі», «Жастық күнім» атты өлеңдерінде ақын өзінің ішкі ой-сезім, тебіреністерін әрі нәзік, әрі көркем етіп сипаттай алған. Алайда жас ақынның кейбір өлеңдерінде («Жас жүрегіме», «Көңілім», т.б.) торығу мен жабығу, налып зарығу секілді сезім-күйі айқын аңғарылады. С.Жәмбек ақынның махаббат жырларына орай: «Бернияз махаббатқа арналған үлкенді-кішілі бірнеше өлеңдерінде адам өмірінің гүлі іспетті асыл сезімнің сан түрлі қыры мен сырын шебер аша алған» – деген талғамды пікір ұсынады. Зерттеуші ақынның 1920 жылдарғы өлеңдеріне («Ел ерлеріне», «Алға», «Қуларға», «Замана-ай әніне», «Жаз», «А, дариға-ай!», «Күз», «Ер жігітке», «Кім бар?») баға бергенде, бұлардың әлеуметтік маңызы зор мәселелерге бой ұрғанын атап көрсетеді. Әдебиетші «Жаз» бен «Күз» өлеңдерін Бернияз туындыларының ішіндегі ең бір көркем, ұтымды да сәтті жазылғаны деп көрсетіп, алғашқысының Абай дәстүрінде туғанына мән береді. Ал, соңғысының жадыраған жазға қарсы контраст ретінде алып суреттелгенін атап айтады. Тіпті, «Ер жігітке» деген жырынан оның өзіндік мәнері мен бейнелеу ерекшелігі айқын көрінсе де, Махамбет әсерін аңғару да қиын емес дейді.

Б.Күлеевтің көлемді поэмасы «Қайда екен?» (444 жол) деп аталып, оған автордың өзі «Қияли поэма» деп айдар таққан, жазылған мерзімі 1922 жылдың тамыз айының 12 жұлдызы деп көрсетілген. Поэма ұлы Абайдың алты аяғы үлгісімен жазылып, алты бөлімге жіктеліп бөлінген. Алғашқы бөлімде ақын қазақ даласын қаймағы бұзылмаған қалпында алады да, сол дәуірді қайтып оралмас, қол жетпес асыл арман күйінде суреттейді. Екінші бөлімде жастық шақ дәурені, жайлау көрінісі, жас арумен өткізген бақытты шақ – бәрі таңғажайып, сиқырлы түс ретінде сипатталады. Үшінші бөлімде жат жерге аттанған басты кейіпкердің өз жарына деген сүйіспендігі мен төртінші бөлімде қоғамдық, саяси өмірдегі өзгерістер бейнеленеді. Бесінші бөлімде аштықтың зардаб-зияны, апаты сөз болып, ең соңғы бөлімде өзінің жастық шағына қайта оралып, жас-қайыңға мұң-зарын шағады. Зерттеуші Б.Күлеевтің «Қайда екен?» поэмасының әдебиетімізге қосқан үлесін әңгіме ете келіп, өз ойын қорытқанда былай дейді: «Қайда екен?» жаңа стильде яғни жазба әдебиеті үлгісінде орындалған аса көркем туынды, ақынның шеберлігі жетіле түскендігінің айқын куәсі», – деп жоғары бағалайды. Ал, енді ақынның «Жорық», «Гүл» (аяқталмай қалған) шығармаларын өзіне дейінгі зерттеушілердің «баллада» деп атағанын орынсыз санап, баллада жанрының әуелде Францияның Провансынан Италияға, содан бүкіл Еуропаға тарағанын, тіпті, Россияда балладаның ХІХ ғасырда кең етек алғанын, Кеңес дәуірі кезеңінде Н.С.Тихонов, Э.Г.Багрицкий, К.М.Симоновтың балладаға елеулі үлес қосқанын шолып өтіп, бұл туындыларды «баллада» деп атаудың реті келе бермейтінін ескертеді. Зерттеуші «Гүл» поэмасын да осы өзі ұсынған жүйе бойынша зерттеп, оның осы құрылымдағы мән-мазмұнынан оның аяқталған шығарма екенін дәлелдеуге талаптанғанын көреміз. Автор Б.Күлеев шығармашылығын тұтастай алып бағалағанда: «Бернияз Күлеев – көркемдік болмысы тереңде жатқан, поэтикалық қарымы мол, сырлы да сыршыл лирик ақын. Ол қазақ поэзиясында Ш.Бөкеев, М.Жұмабаев секілді лирикалық «менді» орнықтырып, интимдік лириканы қалыптастырушы ақындарымыздың бірі. Мағжан екеуі орыс символистері Мережковский, Брюсов, Бальмонт, Блоктарға еліктеп, қазақ поэзиясына алғаш осы бағыттың кейбір сипат, белгілерін әкелді. Осы сипатта өлеңдер жазды. Б.Күлеев көркем образ, бейнелі сурет-сезім тудыруға шебер. Оның суреткерлік қаламының көркемдік бояуы қанық. Ақынның поэтикалық тілінде әр түрлі ауыстырулар, құлпыртулар, көркемдік айшықтаулар жиі кездеседі. Оның өлеңдерінде сан алуан ұтымды теңеулер мен метафоралар сәтті жарасым тапқан. Ақын теңеулерінің бір ерекшелігі, суреттеліп бір-біріне теңеліп отырған екі құбылыс арқылы ұсақ детальдарға дейін ақау жібермей шебер пайдаланып бір ғана поэтикалық сурет жасауында. Екі құбылыстың ұтымды теңеу арқылы бір-біріне кірігіп, білінбей жымдасып кетуінде. Ақын абстрактілі дерексіз ұғымдар, ой мен сезім құбылыстарын метафоралық тәсіл арқылы көркем өрнектеуге де шебер. Ақындық контексте поэтикалық метафоралар ұтымды пайдаланады. Мұның барлығы ақынның көркемдік көкжиегін айқындай түсетін қасиеттер екені даусыз», – деген қорытынды жасайды.

Осылайша Бернияз Күлеевтің өмірі мен шығармашылық жолын тұтас қарастырып, кең көлемде мәлімет береді, ақынның күрделі өмір құбылыстарын, тарихи кезеңдерді бейнелейтін, романтикалық сипаттармен қоса, символдық, мистикалық сарындарға бой алдыратын аса күрделі өлеңдерін, философиялық, трагедиялық жырларын, шерлі, мұңды толғауларын, махаббат азабы, өмір тауқыметіне арналған шығармалар шоғырын, ғашықтық жырларын, поэмаларын, мақалаларын, психологиялық астарлы сырлары бар реалистік пейзаж үлгілерін тізбектей отырып, түсініктер береді.

Бұл айтылғандар, сөз жоқ С.Жәмбектің қоғамдық-қайраткерлік, ғалымдық қырларын, ел алдындағы парызы мен қарызын арлы азаматқа тән адал атқарып келе жатқанына мысал, дерек бола алады.