Қазақстанның көші-қон саясаты
27.04.2021 8537

Қазіргі жағдайда көші-қон процестері халықаралық аспектіде дамудың жаңа серпініне ие болды және әлемдік экономиканың маңызды тарапы болып табылады. ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері тарих ғылымдарының кандидаты Құндызай Ерімбетова Qazaqstan Tarihy порталына қазіргі Қазақстанның көші-қон саясатының қандай екенін айтып, босқындар институты сияқты ерекшеліктерді атап өтті.


Қазақстанның көші-қон саясаты нормативтік-құқықтық құжаттар жиынтығы, бірінші кезекте бұл Қазақстан Республикасының Конституциясы, сондай-ақ «Халықтың көші-қон туралы» және «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңдар, бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы», «Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға саяси баспана беру тәртібі туралы» Жарлықтары мен басқа да нормативтік-құқықтық актілер негізінде қалыптастырылады.

Көші-қон процестерін реттеу үшін Қазақстан Республикасы ТМД елдерімен де, басқа мемлекеттермен де белсенді өзара іс-қимыл жүргізеді. Қазақстанның көші-қон саясаты мынадай қағидаттарда іске асырылады: көшіп-қонушылардың құқықтарын сақтау және қорғау, кемсітушіліктің кез келген нысандарына жол бермеу; көшіп-қонушылардың да, ел азаматтарының да құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету; ұлттық заңнама ережелері мен халықаралық міндеттемелерді орындау.

Көші-қон процестерінің әсерінен халықтың экономикалық белсенді бөлігінің сандық және сапалық құрамы өзгереді, бұл өз кезегінде республиканың экономикалық өсуіне әсер етеді.

Тәуелсіздік жылдарында ТМД кеңістігінде негізгі көші-қон ағындары Қазақстан мен Ресей, Украина және Орталық Азия елдері арасында қалыптасты. Достастықтан тыс жерлерде Қытай, Моңғолия, Түркия, Иран елдерімен халық миграциясының оң сальдосы, ал Германия, Канада, АҚШ, Израильмен теріс сальдо қалыптасты. Халық санының өсуі, ең алдымен, табиғи өсімнің арқасында жүреді.

Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша 2019 жылы Қазақстанға әлемнің 200 елінен 5,6 млн шетелдік азамат келіп, 5,3 млн шетелдік азамат елден шыққан. Қазақстанда 2 200-ден астам кәсіпорында 21 мыңнан астам шетелдік маман жұмыс істейді. 2020 жылғы 31 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны бөлу туралы бұйрыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, 2021 жылы Қазақстанға жұмыс үшін 255 мың шетелдікті тарту жоспарланған. Шетелдік мигранттардың көпшілігі, шамамен 40 мың адам, Алматы облысына тартылатын болады.

Республикада босқындар мәселесі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өткім келеді. Босқындар адамзаттың бүкіл тарихында болған, бірақ бұл мәселе Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін әсіресе ауқымды болды. Адамдарда қандай да бір мәртебе болуы үшін БҰҰ 1951 жылы Босқындар мәртебесіне туралы конвенцияны қабылдады. Конвенцияға сәйкес, нәсіліне, дініне, азаматтығына, белгілі бір әлеуметтік топқа жатуына немесе саяси сенімдеріне байланысты қудалаудың құрбаны болудан қауіптенетін адам босқын болып саналады. Конвенция сондай-ақ қабылдаушы елдің және босқындардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді. Бүгінгі таңда Конвенция босқындарды қорғау саласындағы негізгі құжат болып табылады.

БҰҰ мәліметтері бойынша, әлемде төрт миллионнан астам азаматтығы жоқ адамдар бар, олар сәйкесінше кез-келген елде әлеуметтік немесе құқықтық көмек ала алмайды, білім алу мен еңбек нарығында қиындықтарға тап болады.

Тәуелсіздік алғаннан бастап Қазақстан Республикасы босқындарға және пана іздеген адамдарға қорғаныш беру бойынша дайындық жұмыстарын жүргізді. 1995 жылы Қазақстанда мемлекеттік органдармен, өңірлік, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейтін Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссарының басқармасы (БҰҰ БЖКБ) құрылды.

1998 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстан 1951 жылғы Конвенцияны және 1967 жылғы Босқындар мәртебесі туралы хаттаманы ратификациялады.

2009 жылдың желтоқсанында «Босқындар туралы» заң қабылданды, оған сәйкес адам нәсілдік, діни, әлеуметтік немесе саяси сеніміне байланысты қудалаудан қорқып, біздің елге келген болса, босқын болып саналады.

Босқындар Қазақстанға негізінен Ауғанстаннан, Шешенстан мен Тәжікстаннан келді, сонымен қатар Қытайдан келген ұйғыр ұлтының өкілдері де бар. Олардың көпшілігін ҚР-дағы БҰҰ БЖКБ бюросы босқын деп таныды. ТМД республикаларындағы босқындардың, мәжбүрлі қоныс аударушылардың, мигранттардың көп бөлігі БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының (БҰҰ БЖКБ) арнайы куәлігін алды. Қазақстандағы босқындар еңбек етуге мүмкіндік алды. Олар негізінен үш өңірде: Алматы, Түркістан және Алматы облыстарында тұрады. Әрбір босқынның өзі орналасқан елге қатысты міндеттері бар, ол заңдар мен өкімдерге, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қабылданған шараларға бағынуы керек.

Өткен ғасырдың аяғында Ауғанстанда болған оқиғалар Иран, Пәкістан, Түркия және Сауд Арабиясы сияқты көрші елдерден пана іздеуге мәжбүр болған босқындар ағынын тудырды. Олардың арасында тағдыр талайымен осы аумаққа келіп, бірнеше ұрпақ бойы өмір сүрген қазақтар да болды.

Осыған ұқсас жағдай Тәжікстанда да болды, онда күрделі этникалық, идеологиялық және діни астармен байланысты шиеленістер болды. Бұл факторлар этникалық қазақтардың тарихи отанынан пана іздеуіне ықпал етті.

Қазақстан Республикасының Көші-қон және демография жөніндегі агенттігінің және оның босқындармен жұмыс жөніндегі бөлімінің құрылуы Қазақстан Республикасында босқындарды есепке алу жөніндегі мүдделі қызметтермен жұмысты бастауға мүмкіндік берді.

1998 жылдың сәуір-маусым айларында Алматы қаласының көші-қон және демография департаменті Ауғанстан, Тәжікстан, Абхазия, Ирак азаматтарынан Қазақстан Республикасында босқын деп тану туралы 347 өтініш тіркелген. Босқын мәртебесін тану немесе одан бас тарту туралы шешім БҰҰ БЖКБ, қоғамдық құқық қорғау құрылымдарының өкілдерімен және Алматы қаласы ІІБ төлқұжат-виза жұмысы басқармасымен бірлесіп жүзеге асырылады. Басында оралман-босқындар туысқандары мен достарын іздеу үшін республикаға өз бетімен келеді.

1991-1998 жылдары облыстық көші-қон және демография басқармаларының деректері бойынша Қазақстан Республикасына 15277 босқын репатриант келіп тіркелген. Оның ішінде 221 отбасы Ауғанстаннан, 732 отбасы Ираннан, 224 отбасы Түркиядан, 4 отбасы Пәкістаннан, 2240 отбасы Тәжікстаннан келген. 1997 жылы Сауд Арабиясындағы Ауған босқын-репатрианттарының өтініші бойынша Түркістан облысына 14 отбасы қоныс аударды. Оралман босқындарға тұрғын үй салу және ықшам қоныстану үшін жер бөлінді. Мысалы, Түркістан облысында «Ақжол», «Ақжар», «Дастан», «Дербісек», «Ынтымақ» ауылдарының құрылысына 172,8 гектар жер бөлінді. Аз қамтылған отбасыларды материалдық қолдау, науқас және қарт оралмандарға медициналық көмек көрсету үшін «Атамекен» қоры құрылды. Бірақ, соған қарамастан, тұрғын үймен қамтамасыз ету проблемасы өткір болды, көбісі туыстарында тұрды, 1030 отбасы жалдамалы үйде тұрды. Мамандықтың жоқтығынан олардың көбі жұмысқа орналаса алмады. Кейбір босқын-оралмандар тері жинауға және өңдеуге, басқалары құрылысқа тартылды, енді біреулері базарда дүкен ашты.

Отанына оралған қандастар бір реттік жәрдемақы алды, оларға көлік шығындарын төледі, зейнетақымен қамсыздандыру, балаларды мектептерде оқыту, медициналық қызмет көрсету және басқа да тұрмыстық мәселелер шешілуде.

Көші-қонның тағы бір түрі - экологиялық себептерге байланысты көші-қон. Семей ядролық полигоны мен Арал өңіріндегі ондаған мың босқын жыл сайын ел ішінде қоныс аударды немесе одан тыс жерлерге кетті. Экологиялық қолайсыз өңірлерде тұратын азаматтарға көмек көрсету үшін «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» және «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңдары қабылданды. Осы нормативтік актілермен әлеуметтік оңалтуға мұқтаж адамдар үшін белгілі бір жеңілдіктер мен өтемақылар белгіленді.

Босқындармен жұмыс жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес босқын мәртебесі бір жылға дейінгі мерзімге беріледі. Босқын мәртебесін растау үшін жыл сайын куәліктерді қайта тіркеумен босқындарды тіркеу жүргізіледі. 2006 жылғы қаңтарда Алматы қаласы бойынша Көші – қон комитетінің басқармасы бойынша босқын мәртебесін үшінші рет 8 отбасы, төртінші рет – 17 отбасы, бесінші рет – 10 отбасы, алтыншы рет – 70 отбасы және жетінші рет - 114 отбасы растаған.

Босқын мәртебесін ұзартудан бас тарту жағдайлары болған. Мысалы, 2002 жылғы қазанда Ауғанстаннан келген азаматты Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша көші-қон және демография басқармасы босқын деп таныған. Алматыға көшуіне байланысты 2004 жылғы 9 желтоқсандағы  № 15 шешімімен ол Алматы қаласы бойынша көші-қон және демография басқармасында тіркеуге алынған. 2005 жылғы 22 желтоқсандағы комиссия отырысының № 12 шешімімен оған негіздердің болмауы себебінен ҚР-дағы босқын мәртебесін ұзартудан бас тартылған.  Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша көші-қон және демография басқармасы босқын мртебесін беруі үшін бұрын ұсынылған мәліметтерінің шындыққа жанаспайтыны анықталған. Қазақстанға келуі баспана іздеумен байланысты емес еді.  20 жылдан астам уақыт отбасымен бірге тұрған Иранда қудалауға ұшырамаған.

22 адам босқындар есебінен шығарылды, оның ішінде 11 адам (5 отбасы) өз еркімен Ауғанстанға оралды, 2 қарт адам Америкада тұратын балаларына кетті, 7 адам Басқармамен байланысын жоғалтуына байланысты шығарылды.

2005 жылы құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен, Қазақстан Республикасындағы БҰҰ босқындар ісі жөніндегі БЖКБ және «Босқындарға қазақстандық құқықтық көмек» үкіметтік емес ұйымы Қазақстан Республикасында босқын мәртебесін анықтау және растау жөніндегі комиссияның 12 отырысын өткізді. Алматы қаласында 01.01.2006 жылғы жағдай бойынша Басқарма қызметінің барлық кезеңінде 772 босқындар отбасы тіркелген, бұл әйелдер мен балаларды қоса алғанда 1547 адамды құрайды.

Қазақстан Республикасында Алматы қаласы бойынша босқындар мәртебесіндегі адамдардың саны есептен шығарылғандарды ескере отырып, 601 адамды (272 отбасы) құрады, оның ішінде балалар да бар, олардың 338-і ер адам және 263-і әйел адам. Бұлар негізінен Ауғанстан азаматтары, Сомали азаматы және 4 адамнан тұратын бір отбасы және Эфиопияның бір азаматы.

Танылған босқындардың ішінен 15 жасқа дейінгі балалар саны 40% - ды, еңбекке қабілетті жастағылар - 57% - ды және еңбекке қабілетті жастан асқандар саны 3% - ды құрайды. Білім беру бөлінісінде: жоғары және аяқталмаған жоғары білім - 30%, арнайы орта білім - 10%, жалпы орта және бастауыш білім - 55%.

Ұлттық құрамы бойынша босқын-ауғандықтардың негізгі контингентін тәжіктер – 392 адам, пуштундар – 99 адам, хазарлар – 41 адам, өзбектер – 32 адам және басқа ұлттардың 37 адамы құрады.

Басқа шетелдік азаматтарға қарағанда ҚР Үкіметінің 2003 жылғы 29 қаңтардағы № 55 қаулысына сәйкес босқын деп танылған адамдарға Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін арнайы рұқсат талап етілмеді. Негізінен, босқын ер адамдар Алматы қаласының базарларында жұмыс істеді. Босқын әйелдер бала күтімімен айналысты. Босқындар өздерін өздері қаржылай қамтамасыз етті. Ішінара қаржылық, медициналық және гуманитарлық көмек БҰҰ БЖКБ-ның Қазақстандағы өкілдігі қаржыландыратын Қызыл Жарты Ай және Қазақстан Республикасының Балалар қоры арқылы көрсетілді. 2005 жылы 1,4 млн.теңгеден астам материалдық көмек көрсетілді, 1,7 млн. теңгеден астам қаражат босқын деп танылғандарға дәрі-дәрмек сатып алуға және медициналық қызмет көрсетуге жұмсалды. Сондай-ақ босқын деп танылғандардың аз қамтылған балаларына 54 жылы куртка берілген.

Алматы қаласында босқындардың ең осал отбасыларына Ауған диаспорасын қолдау қоры қолдау көрсетті. Қазақстанның балалар қоры босқын балалар мен жастарды бейімдеу үшін шаштараз, маникюр, тігін, компьютерлік сауаттылық курстарын жүргізді. Балалар қорының негізінде 8-11 сынып оқушылары үшін теңестіру сыныбы өткізілді, онда балаларға математика, химия және биологиядан қосымша сабақтар берілді.

Танылған босқындардың белгілі бір бөлігі қазақстандық қоғамға ықпалдасуды қалайды. Көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша басқармасы босқындардың тұру ережелерін сақтауын бақылауды жүзеге асырады, әлеуметтік мәселелерді шешуге жәрдем көрсетеді, босқындарды құқықтық қорғау мәселелері бойынша қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен консультативтік-кеңесшілік кездесулер өткізеді. 2007 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан Республикасында босқындарды тану туралы қолдаухатпен 12 отбасы және 20 адамнан тұратын жеке тұлғалар, оның ішінде 6 бала жүгінді. Олардың бәрі де Ауғанстан азаматтары болған.  01.07.2007 жылғы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында Алматы қаласы бойынша танылған босқындардың саны есептен алынғандарды ескере отырып, 483 адамды құрады, оның ішінде 278 ер адам және 205 әйел адам. Оның ішінде 15 жасқа дейінгі 179 бала, еңбекке қабілетті жастағы 288 адам және еңбекке қабілетті жастан асқан 16 адам.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2012 жылдың 1 сәуірінде Қазақстандағы босқындар саны 522 адамды құрады, оның 507-і Ауғанстаннан. Босқын мәртебесін алғаннан кейін адам Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық міндеттемелерінде белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады.

2017 жылғы желтоқсаннан бастап Еуропалық Одақпен әріптестікте ЮНИСЕФ Қазақстан билігіне және әлеуметтік қызметтерге азаматтығы жоқ адамдарды анықтау мен құжаттандыруда көмек көрсетеді. Әлемде минут сайын қақтығыстар, табиғи апаттар нәтижесінде 20 адам мәжбүрлі қоныс аударушыларға айналады. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «өмірдің өзі бізге жеке адамның да, жалпы қоғамның да уақыт талаптарына бейімделу қажеттілігін талап етеді» деп атап өтті. Ең бастысы – халықтың келісімі мен бірлігін сақтау. Тәуелсіздік жылдарында жыл сайын халықтың әлеуметтік жағдайы мен өмір сүру сапасын жақсартуға көңіл бөлінді. Дегенмен, уақыттың сын-қатерлеріне лайықты жауап беру, дауларды шешудің баламалы тәсілдерін дамыту және табу, еңбек құндылықтарын қабылдауды өзгерту, жас ұрпақты еңбекті бағалауға үйрету бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтқан жоқ.