8 наурыз тарихынан
09.03.2021 2093

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Халықаралық деген атауына қарап, бұл мейрамды әлем картасындағы екі жүзден астам мемлекет түгел атап өтеді деген түсінік тумауы керек.


Яғни бұл күн шамамен отыздан астам мемлекет мереке ретінде атап өтеді. Оның өзінде кейбірінде 8 наурыз – арнайы демалыс күні ретінде белгіленсе, бірқатарында тек әйелдер үшін ғана қысқартылған жұмыс күні болып саналады.

Бұл күннің басты мазмұны – әйелдердің құқықтық теңдігі мен эмансипациясын қамтамасыз ету үшін күрес болатын. Адамзат қоғамы дамуының ғасырлар жүзіндегі тарихында әйел теңдігі мәселесі буржуазиялық төңкерістер нәтижесінде капиталистік қарым-қатынастар қарыштап дамыған ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап өзекті бола түсті.

Адамды құстай ұшырды;

Мал істейтін жұмысты

От пен суға түсірді.

Отынсыз тамақ пісірді,

Сусыздан сусын ішірді, - деп сол тұста қазақтың тұңғыш кәсіби педагогі Ыбырай Алтынсарин айтқанындай, ғылымның дамуы арқасында алуан түрлі техникалар мен агрегаттар пайда болды. Бұл өз кезегінде сонау бағзыдағы терімшілік дәуірі аяқталып, ана еркінің (матриархат) үстемдігі атаеркіне (патриархат) жол бергеннен бері еш мызғымастан келе жатқан ерлердің күш-қуатына деген сөзсіз тәуелділікке сызат түсіре бастаған еді. Техникалар мен құрал-жабдықтарды жетілдіру, өндірістік процестерді автоматтандыру қарқындай түскен ХХ ғасырда бұл үрдіс тіпті ұлғая түсті. Адамзат қоғамындағы ер адамдардың авангардтық рөлінің мызығымастығы туралы ұғым біржола күйремесе де басқаша көзқарас қалыптаса бастады. Ғасырлар жүзінде әдет-ғұрыптар мен діни ұстанымдар, заңдар арқылы әбден қалыптасқан ерлердің әр жағдайдағы сөзсіз артықшылықтары мен әйелдердің жүріс-тұрыс, іс-қызметіне деген шектеулерге қарсылық күшейе түсті. Эмансипация дегеннің өзі де шын мәнінде осы Эмансипация (латынша – emancipatio) – тікелей мағынасында – тәуелділіктен, бағыныштылықтан, езілуден, соқыр сенімнен босату, арылу, ал азаматтық құқықта – кәмелет жасына толмаған жасөспірімді толық әрекет қабілетіне ие деп тану ретінде қарастырылатын ұғым бойынша алғанда, әйел затының тынымсыз күресі арқылы зор нәтижеге қол жеткізілді деуге болады.

8 наурыз – Қазақстандағы ресми мерекелік он күннің бірі ретіндегі Халықаралық әйелдер күнінің өзіндік қалыптасу тарихы бар. Бұл туралы тарихи деректерге сүйене отырып, кеңінен тоқталып өтуді жөн санадық.

Жоғарыда атап өткеніміздей, ғылым мен техниканың дамуы алдыңғы дәуірлерде қалыптасқан ұғымдар мен түсініктерді өзгерте бастады. Әйел затынның еңбегін пайдалану, бағалау, жалақысын беру т.б. тең құқықты болу мәселелесі көтеріле бастады. Адамзат тарихында таңбаланған алғашқы қарсылық шеруі 1857 жылы АҚШ-та болған екен. Нью-Иорк тоқымашылары төмен жалақылы ауыр еңбек жағдайына қарсылық білдіріп, түрлі лозунгтер жазылған плакаттар ұстап шерулетеді. Міне осы кезеңнен бастап әр жылдары Еуропа мен АҚШ-та бұл үрдіске айнала бастайды. 1909 жылы 28 ақпанда тағы да АҚШ тоқымашылары өздерінің еңбек ету жағдайын жақсарту үшін ереуілге шығады. 1910 жылы Данияның астанасы Копенгаген қаласында социалист әйелдердің халықаралық конференциясы өтеді. Осы конференцияда Германия коммунистік қозғалысының негізін салушылардың бірі Клара Цеткин 8 наурызды Халықаралық әйелдер күні ретінде атап өтуге ұсыныс тастайды. Аталған күннің мақсаты – әйелдердің жалпыға бірдей сайлау құқығы үшін күрес деп белгіленеді. Коммунист Клара Цеткиннің бұл ұсынысы көптеген елдерде қолдау тапқанымен, әйелдердің құқығын қорғау күні әр мемлекетте әр күні атап өтіліп жүреді. Тек 1914 жылы ғана АҚШ пен Еуропаның бірқатар мемлекетінде 8 наурызды Халықаралық әйелдер құқығын қорғау күні ретінде атап өтеді. «Әйел теңдігі» деген – қазіргі күні әдеттегі ұғым сезілетіні болмаса, ХХ ғасырдың басында қазіргі Еуропаның өзінде әйелдердің сайлау құқығы жоқ болатын. Ел-елде жүрілген қарсылықты шерулер нәтижесінде Еуропаның бірнеше мемлекетінде әйелдер толықтай немесе жартылай сайлау құқығына ие болады. Бұл өз тұсындағы үлкен жетістік еді.

Қазақстанның кейінгі бірнеше ғасырлық тарихы Ресей патшалығына тәуелді немесе тікелей байланысты дейтін болсақ, 8 наурызға қатысты да осыны айтуға болады. Төңкерісшіл Ресей үшін 8 наурыздың мән-мағынасы айрықша. Оның да өзіндік себептері бар. 1917 жылы ақпан айында Ресей империясы аса ауыр кезеңді бастан өткеріп жатқан еді. Бірнеше жылға созылған Бірінші дүниежүзілік соғыстың салдары қарапайым халыққа ауыр тиді. Елде қаржылық дағдарыс тереңдеп, аштық басталған еді. Ресей астанасы Петроград пен ірі қаласы Мәскеуге жоспарлы астық жеткізу 70 пайызға дейін орындалмай кешіктірілді. Тамақтан тарыққан адамдар бірнеше күн бойы бір тілім нанға зар болып, сақылдаған сары аязда ұзын-сонар кезекке тұратын болды. Халықтың ашу-ыза, наразылығы күн өткен сайын күшейіп келе жатты. Нанға қоса, өзге азық-түліктердің де тапшылығы туындады. 

23 ақпан немесе жаңаша 8 наурызда әбден ашынған халық Петроград көшелерінде ашық ереуілге шыға бастайды. «Нева» жіп иіру фабрикасының жұмысшы әйелдері «Нан беріңдер!» - деп ұрандатып, өзге кәсіпорындар жұмысшыларынан қолдау сұрайды. Оларға «Торшилов» тігін фабрикасы мен өзге де зауыт-фабрикалардағы әйелдер мен ерлер қосылады. Дегенмен, ұрандап көшеге шығушылардың бұл қимыл-әрекетіне бастабында патша билігі де, оппозиция да соншалықты үлкен нәтиже күтпеген екен. Соның айғағындай Ресей тағының патшайымы 25 ақпанда қаладан тыс демалып жүрген патшаға: «Бұл бұзақылық қозғалыс, жасөспірім ұлдар мен қыздар жейтін наны жоғын айтып, айқайлап жүгіріп жүр», - деп беймарал күйде телеграмма салады. Ал коммунистер партиясы орталық комитетінің мүшелері: «Қайдағы төңкеріс! Жұмысшыларға бір фунттан астық таратса болды, бәрі жөніне келмей ме?» - деп мұның одан әрі күш алып кетеріне сенбеген екен. Бірақ, осылайша ұшқындап басталған ереуіл қарулы төңкеріске ұласып, ақ патша тағынан тайдырылады.


Ақпан төңкерісін Қазан төңкерісіне ұластырып билікті нықтап қолына алған коммунистердің басты ұранының бірі әйел теңдігі болды. Мұны олар ажырасу процедураларын оңайлату мен түсік жасатуды заңдастырудан бастады. Коммунизм идеясына негізделген Кеңестер Одағы шын мәнінде эксперименттік қоғам болатын. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» демекші, жетпіс күндік Париж коммунасын есептемегенде, коммунистік билік аясында мемлекет ісін басқарып, жүргізу тәжірибесі жоқ еді. «Билік – кеңестерге, бейбітшілік – халыққа, Зауыттар – жұмысшыларға, Жер – шаруаларға! – Теңдік – бұрынғы езілген ұлттарға!», «Тең құқық -әйелдерге!» - деген ұрандар кім-кімге де ұғынықты да, ұнамды еді. Кеңес Одағы Денсаулық халкомы мен Әділет халкомы 1920 жылы жасанды түсік жасатуға рұқсат берді Бұл әрекеті өз кезегінде Кеңес Одағын гендерлік құқық мәселесінде әлемде басты орынға шығарды. Дегенмен, туу көрсеткішінің кемуі, бұрыннан бері ер адамдарға тиесілі құқықтарға әйелдердің тым дендеп енуі шын мәнінде олардың әлеуметтік-физиологиялық жағдайын ауырлатып жіберген еді. 

Коммунизм идеологтары дәстүрлі патриархалды отбасылық құрылымды коммунистік қоғам құру жолындағы зор кедергі ретінде қарастырғандықтан, мұны түрлі жолдармен бұзуды көздеді. Ғибадат орындарында, діни қызметкерлердің қатыусымен жасалатын неке рәсімдері қуатсыз деп танылып, тыйым салынды. Полигамияға да тыйым салынып, заңмен қудаланды. Бұл үрдіс Қазан төңкерісіне дейін патриархалды феодалдық қоғамдық салтанат құрып келген Қазақстанда ерекше көрініс тапты. Бұл жерде айта кетерлігі, қазақ қоғамында әйел затының құқықтық мәселесі аса ушыққан деңгейде болмаса да, бар екендігі. Бұған ХХ ғасырдың басында жазылған романдар мен дастандар оқиғалары-ақ куә болады. Егде жастағы ірі байлар мен ауқаттылар жас қыздарды зорлықпен тоқалдыққа алуы әдепкі жағдай болғаны анық. Кеңес билігінің берген мүмкіндігін пайдаланған қазақ әйелдері өз қалауы бойынша бас бостандығын алып жатты. Адам құқығы тұрғысында тиімді тұстары көп шығар, бірақ мұның соңы Кеңес Одағындағы ажырасу мөлшерінің үздіксіз өсуіне әкеліп соқты. Айта кетерлігі, осы үрдіс Одақ құрамында болған елдердің көбінде, соның ішінде Қазақстанда әлі саябырламай отыр. Бір жыл ішінде қиылған неке мен ажырасулардың деңгейі шамалас. 

Тым-тым еркіндік Кеңес Одағының демографиялық ұйыққа батуына әкеліп тірей бастағанын аңғарған кеңестік басшылар 1935 жылы контрацептивтер өндіруді тоқтатса, 1936 жылы түсік жасатуға тыйым салынды. Ажырасу процедураларын қиындататын заң қабылданды. 1944 жылдан бастап тек сот арқылы ажырасу тәртібі енгізілді. Азаматтық неке некеден тыс байланыс ретінде қарастырылып, мемлекет тарапынан қолдау жасалмайтын болды. 

Екінші дүниежүзілік соғысқа ерлермен қатар, әйелдер де қатысты. Олар емдеу-санитариялық, байланыс бөлімдерде ғана емес, қолына қару ұстап, алғы шепте де шайқасуға тиіс болды. Ал тылдағы жағдай тіпті күрделі болды. 1944-жылдан ана болу – әйелдердің социалистік міндеті ретінде бағаланды, әрі әйелдер ерлермен қатар жұмыс істеуі керек болды. Бұл әйелдердің қоғамдағы жағдайын қиындата түсті. Және бір ерекшелік – 1944 жылы шілде айында арнайы жарлық шығарылып, некесіз туған барлық балалар қаза тапқан солдаттардың балалары болып есептелметін болды. Мұның өзі қаржылық жауапкершіліктен қашу болатын. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы демографиялық психологиялық ахуал туралы жазылған қаншама шығармаларға қарап, бұл шешімнің қаншалықты әділетсіз болғанын бағамдау қиын емес. 

Әйел теңдігін жоғары деңгейде қамтамасыз етудің үлгісі болған Кеңестер Одағы 1955 жылы түсік жасатуға қайтадан рұқсат берді. Сонымен қатар, бұдан былай кеңес әйелі кейбір ерлердің қолынан келме бермейтін күрделі мамандық, кәсіпті игеруі тиіс делініп, мұны кеңінен насихаттауға кірісті. Комбайншы, ғарышкер, металлург т.б. қыздар туып шықты. Орыстың ащы да болса шындық дәнегі бар «Я и лошадь, я и бык, я и баба, и мужик» дейтін қыжыртпасы дәл осы кезеңге қарата айтылса керек. 

Кеңес Одағы мұнымен тоқтаған жоқ. 1965 жылы ажырасу тәртібі жеңілдетілді. Сонымен бірге, 1967 жылдан бастап ажырасқан әйел күйеуінің табысының 25 пайызын алимент ретінде алуға қол жеткізсе, 1968 жылдан жүктілігі үшін демалыс пен жөргекпұл берілетін болды. Және де жалғызбасты аналар мен жесірлерге жәрдемақы тағайындалатын болды. Алпысыншы жылдардан кейінгі демографиялық дүмпудің басты себепкері де осы әлеуметтік қорғау болатын.

Міне, былайша алып қарағанда әйел теңдігі, эмансипация мәселесінде Кеңес Одағы бастаған социалистік лагерь елдері қамшы салдырмай қара үзіп алда келе жатқандай көрінетіні рас. Дегенмен, әйел затының табиғатына тән нәзіктік, ер мен әйел арасындағы табиғи жауапкершілік т.б. тұрғысында азды-көпті ауытқушылықтар пайда болғаны да жасырын емес. Әйел құқығына байланысты коммунистік құрылымның ұстанымы негізінен осындай болды. Кеңес Одағы құрдымға кеткенімен, оның орнында пайда болған жас мемлекеттің көбінде 8 наурызды мерекелеудің қалыптасқан дәстүрлері сақталып қалды. 

1975 жылдан бастап БҰҰ ауқымында Халықаралық әйелдер күні ретінде аталып келе жатқан Халықаралық әйелдер күнінен өзге де әйелдерге қатысты мерекелер бар екенін ескерген дұрыс. Атап айтқанда олар мыналар:

6 ақпан – Ота салдарынан әйелдердің жыныс мүшесін зақымдауға төзімсіздік танытудың халықаралық күні; 11 ақпан – Халықаралық ғылыммен шұғылданатын әйелдер мен қыздардың күні; 19 маусым – Халықаралық қарулы қақтығыс жағдайында жыныстық зорлықпен күрестің халықаралық күні; 23 маусым – Халықаралық жесірлердің күні; 11 қазан – Халықаралық қыздар күні; 15 қазан – Халықаралық ауыл әйелдері күні; 25 қараша – халықаралық әйелдермен қатынастағы зорлық-зомбылықты жою үшін күрес күні. Сондай-ақ кейбір елдерде 1 маусым – Аналар мен балаларды қорғау күні ретінде атап өтіледі. 

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мен оның мерекеленуі мен маңызы, қол жеткізген нәтижелер мен салдары туралы қысқаша шолу жасағанда осылай болды. Қазақстан Республикасы және осы мемлекетті негізгі құраушы ұлт қазақтар – әйел теңдігі мәселесінде әлемде алғашқы қатарда деп нық сеніммен айта аламыз. Бұл – бір ғасырдай уақыт жүзінде қол жеткізген нәтиже. Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтың: «Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты әйел халіне жалғасады. Сол себепті, әйелдің басындағы сасық тұман айықпай халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ мешел болып қалам демесең, тағлымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің халін түзе!» - деген сөзі ешқашан маңызын жоймақ емес.