Мұғалімдер: Оқулық мәселесінде олқылықтар әлі де көп
02.10.2020 1887

Әр халықтың өзіне деген құрметі – тарихына қалай қарайтынынан көрінсе керек. Егеменді елдің өз тарихына көзқарасы да егеменді болуға тиіс. Ал бұл көзқарас әуелі мектептен тамыр тартады. Қазақстан тарихы порталы ұстаздар күніне орай мектептерде тарих пәнінен сабақ беретін мұғалімдерге тарих пәнін оқыту мәселесі төңірегінде бірнеше сұрақ жолдаған еді. Осы бір неше пікірді қатар беріп отырмыз. 

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің PhD докторанты Бақытжан Ақтайлақ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің PhD докторанты, мектеп мұғалімі Өтелбек Шнанов, Нұр-Сұлтан қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназия мұғалімі Серік Куанбаев сұрақтарымызға жауап берді.


– Қазіргі жастардың Қазақстан тарихына немесе дүние тарихына деген ынтасы қандай деп бағалайсыз? Қайсысы көбірек қызықтырады? Не үшін?


Бақытжан Ақтайлақ: Меніңше, жастардың тарихқа деген ынтасы жақсы. Мен кездестірген жастардың көбісі дүниежүзі тарихына көбірек қызығатынын айтатын. Оны өздері әлем тарихы әртүрлі оқиғаларға бай және қосымша мәліметтері (карта, портрет, карикатура, т.с.с) көп болғаннан деп түсіндіреді. Жастардың көбісі Қазақстан тарихын Әлем тарихынан бөлек қарастырады. Оған себеп мектептегі және жоғары оқу орнындағы білім беру ерекшелігінен. Қазақстан тарихы әлемдік тарихтың бір бөлігі ретінде білсек те, оқулық жазар кезде соны ашып көрсете алмай келеміз. Әлем бір жақта, Қазақстан тарихы бір жақта секілді әсер қалып отырады. Мысалы оқушы «Ұлы географиялық ашулар» болып жатқан кезде Қазақстан жерінде қандай жағдай болып жатты? сипаттағы салыстырмалы сұрақтарға қиналып жауап береді. Тіпті жауап бермеуі де мүмкін.

Өтелбек Шнанов: Қазіргі күні жастар арасында қазақ тарихына да, дүние жүзі тарихына да қызығушылықтары бар деп айтуға болады. Әр жастың тарихқа деген қызығушылықтары әртүрлі болуы мүмкін. Жалпы алғанда саралап қарасақ бүгінгі жас буынның Отандық тарихқа деген сұранысы басым. Мәселе жастардың ынтасы ғана емес, олардың қызығушылығын арттыратын тарихи ғылыми-көпшілік еңбектерге де байланысты. Бұл ретте әлемдік тарихқа қатысты қызықты материалдардың көптігі кей жастарды Отандық тарихқа қарағанда шет елдік тарихқа деген қызығушылықтарын арттыра түседі.


Ұлттық тарихымызды жас буынға жеткізіп, өткенді білуге деген ынтасын арттыру олардың бойындағы Отан сүйгіштік қасиетті арттыруға да өз септігін тигізеді. Тағы бір ескеретін жайт қазақ тарихын әлемдік тарихтың бір бөлігі ретінде, тұтас адамзат тарихымен ұштастырып қарастырған жөн.

Серік Қуанбаев: Оқушылардың Қазақстан тарихы мен Дүние жүзі тарихы пәндеріне ынтасы барлары кездеседі. Екеуінен де шаруашылығы, мәдениеті, саяси жағдайы, тайпалық одақтардан бүгінгі күнгі тұлғалардың қызметі. Олар кешегісі, бүгіні мен болашағы туралы өз пікірлерін айтып, алған білімдерін, өмірде қолданғысы келеді. Жастарға сенемін, заманды өзгертетін солар деп ойлаймын.


– Тарих оқулықтары туралы қандай пікірдесіз? Оқулық – ұлттық идеялогияға қызмет етуі керек пе, әлде жоқ?

Бақытжан Ақтайлақ: Оқулықтарымыз бойынша атқарылатын іс әлі де көп. Құр сан мен факті деп айтып жатқанымызға да біраз болды. Карта, суреттер, карикатура, кеңінен қолданылуы керек.

Оқулық ұлттық идеологияға қызмет ету керек, әрине. Бірақ жасандылықтан сақтану керек. Бәрі біздікі, бәрі бізден шықты дегеннен аулақ болу керек. Сондай кейбір ағаларымды тыңдасам, кейде күлемін, кейде «мынау кімнің аузынан шығып отыр?!» деп таң қаламын. Дегенмен тарих оқулығы ұлттық болмыс пен «менін» қалыптастыру бағытында жұмыс істеу керек.

Өтелбек Шнанов: Қазақстан тарихының ЖОО мен орта мектепке арналған оқулықтары қазіргі уақытта біршама сапасы жақсарып келе жатыр деп айтуға болады. Алайда оқулық сапасында кемшіліктердің де сақталып отырғандығы да байқалады. Оқулық мазмұнында ғылыми жаңалық ашылмайды, ғылыми түрде дәлелденген тұжырымдар мен оқиғалар баяндалады. Оқулық авторлары белгілі бір тарихи тақырыпқа қатысты ғылыми айналысқа түскен жаңалықтарды кейде толық қамтымай жатады. Оған себеп оқулық жазуға деген бөлінетін уақытқа және оқулық жазуға берілетін талаптар әрі оқу бағдарламаларына да байланысты сияқты. Яғни оқулық жазуда бағдарлама, авторларға берілетін мүмкіндіктер, оқулық жазу талаптары т.с.с. мәселелер де маңызды.

1930-жылдары одан кейінгі 1940-50 жылдардағы М.Тынышпаев, Е.Бекмахановтың жазған оқулықтары сол уақыттағы қазақ қоғамының қажеттілігіне өз дәрежесінде жауап берді. Сол уақыттағы кеңестік саясаттың ұлттық тарихқа деген «теріс көзқарасына» қарамастан «шынайы» тарих оқулығын жазудың өзі ерлік еді. Бүгінгі тарих оқулықтарының авторлары заман талабына сай қоғамның сұранысына жауап бере ала ма? Осы сұрақ тарих оқулығын жазатын авторларды көбірек мазалауы тиіс деп ойлаймын. Неғұрлым авторлық адал бәсекенің де болғандығы дұрыс сияқты. Әрі мектеп оқулығы мен ЖОО арналған оқулықтардың авторлары мектеп оқушысы мен жоғары оқу орнының студенттерінің талап, сұраныстарын ескеру керек. Оқулықта ұлттық идеология болуы керек. Алайда өзге ұлтты кемсіту, ұлтшылдық көріністерінен аулақ болу қажет.

Серік Қуанбаев: Оқулық жөнінде әркімнің пікірі әртүрлі. Депутаттар кейде халықшыл болып, әліппенің төңірегінен бастап, өздеріне ұпай жинағысы келіп жатады. Ілгерлеу бар. Жылдан жылға сапасы жақсарып келеді. Қазақстан тарихы пәндерінің сағаттары қысқарып жатыр, әлі күнге дейін Ресей империясы мен Кеңес заманындағы зерттеушілердің көзқарастары басым Дүние жүзі тарихы мен Құқықтану негіздерінен мәтін көп беріледі және оқушының жас ерекшелігіне ауырлау. Оқулық біздің басты идеологиялық қаруымыз болу керек, міндетті түрде жас жеткіншектер ұлтжандылық пен адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіріп отыру керек.

– Біздің тарих сізше қандай тарих: қасіретті ме, асқақ па? Сіз қайсы жағын көбірек оқытып жүрсіз?

Бақытжан Ақтайлақ: Біздің тарих қасіретті де асқақ тарих. Басымыздан бәрі өтті. Қазір сабақ бермей жүргеніме үш жылдай болды. Зерттеу жұмысымда қасірет те, асқақтаған жайттар да бар. Тарих шындыққа негізделу керек.

Өтелбек Шнанов: Әр адамның тағдырында қуанышты, қайғылы жағдайлар болатыны іспетті жалпы халық та түрлі кезеңдерді басынан кешіреді. Қазақ тарихында қайғылы, ел басына бұлт төнген зобалаң шақтар өте көп. Бұл көбіне патшалық және кеңестік отарлық, әкімшіл-әміршіл жүйенің саясатымен қатысты. Жоңғар мен моңғол шапқыншылығы да қазақ халқының басына аз нәубет әкелмеді. Батыр тұлғалардың, халықтың биік рухының арқасында қиындықтарды еңсеріп, жарқын болашаққа ұмтылған асқақ тарихымызды да дәріптей білуіміз қажет. Қасіретті тарихты оқыту арқылы жастрадың бойында сұрқия саясатқа деген жеккөрушілікпен қатар Отан сүйгіштік сезімдерін оята аламыз. Бұдан түйер ой өткен тарихтың қасіретін де, асқақ тұсын да еш жасырмай жас ұрпаққа ұғындырып, ұлт тарихын дәріптей білуге тәрбиелеуіміз керек.

Серік Қуанбаев: Менің оқушыларға жиі айтатыным М.Шахановтың «Әр адамда өз анасынан бөлек, болу керек қасиетті төрт ана, Тілі, діні, салт-дәстүрі, еске алуға ауыр және қиын болса да, туған тарихымыз» екенін саналарына сіңіруге тырысам. Осыларды қорғай алмасақ еш уақытта бақ-жұлдызымыз жанбай, жаhандану кезінде әркімнің жетегінде кететінімізді жиі ескертіп отырамын. Әсіресе Н.Манделаның «Егер тілің мен дәстүріңді қорғай алмасаң, шекараңды ашып таста, ол жерді қорғап керегі жоқ, өйткені ол сенің жерің емес»,– деген сөздерін жиі қолданамын. Мен өзімнің мүмкіншілігім жететін жерге дейін, ұлтқа қызмет ету, білімнен емес тәрбиеден екенін күнде айтудан жалыққан емеспін. Өткеніміз керемет, бүгін қолдан келгенше жан бағып жатырмыз, ертеңіміз жайлы идеологияға қазіргі қоғамдағы келеңсіздікке байланысты сенімсіздікпен пессимистік көзқарастағылар кездеседі. Мен әрине жемқорлықтың тамырын үзетен сендер, мен оған 100% сенемін деп айтамын.