Қазақ тарихындағы жойқын су тасқындары

Бөлісу

10.04.2026 57

Қазақ тарихында соңғы жүз жыл ішінде бүтіндей елдің қабырғасын қайыстырған бірнеше су тасқыны болды. Бұл апаттар жүздеген адамның өмірін жалмады. Мыңдаған үй қирап, қисапсыз мал қырылды. Әрі экономикаға да орасан зор шығын келтірді.


Бүгін біз Қазақстан тарихындағы ең ірі су тасқындарын хронологиялық ретпен қарастырып көретін боламыз. 

1921 жылғы Алматыдағы су тасқыны (сел)

Бұл Қазақстан тарихындағы ең ірі су тасқынының бірі. 1921 жылдың 8 шілдесінен 9-ына қараған түні Іле Алатауының етегіндегі Кіші және Үлкен Алматы, Талғар, Есік өзендері арнасынан асып, қатты сел жүрді. ТОқтаусыз жауған жаңбырға байланысты таудың басындағы қар еріп, соңы үлкен селге ұласты. Жүріп өткен селдің жалпы аумағы 7-10 миллион текше метрге жетті. Айналасы 5-6 сағаттың Алматының бір бөлігі лайдың астында қалды. 65 үй толықтай қирап, 174 шаруашылық құрылысы бүлінді, бас арық пен Весновка өзеніндегі бөгеттер ішінара зақымданды. 500-ге жуық адамды сел алып кетті. 140 қаза тапты. Олардың 65-і балалар. Бұл – Қазақстан тарихындағы ең жойқын апаттардың бірі болды.

1963 жылғы Есіктегі су тасқыны

1963 жылдың шілде айында (7 шілде) сел салдарынан Жарсай өзенінің суы Есік көліне құйылып, табиғи бөгет бұзылды. Апат салдарынан сол маңайда демалыс ұйымдастырып, саңырауқұлақ теріп жүрген 52 адам көз жұмды. 2 мыңға жуық адам құтқарылды.  Сел Есік қаласына дейін жетіп, бірнеше көше қирады. Бұл апаттан Есік көлі жойылып кетті. Қазір көлдің орны ғана қалды. 

Жалпы 1963, 1973 және 1977 жылдары жауын-шашынның, қардың еруі мен мұздың еруінен Қазақстанның көп бөлігін, оның ішінде оңтүстік және шығыс облыстарын су басты. Бұл егін мен инфрақұрылымға айтарлықтай шығын әкелді.

1993 жылғы көктемгі су тасқыны

Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы ірі апат ретінде тарихта қалды.  Апат салдарынан 10 адам көз жұмды. 1993 жылғы көктемдегі су тасқыны салдарынан Ақтөбе су қоймасының бөгеті бұзылды. Жөңкілген су Ойыл өзеніне құйылып, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары зардап шекті. Ұзын-саны 669 елді мекен (41 аудан орталығы мен 11 қала) су астында қалды. 10 адам қаза тапты. Он үш мыңға жуық адам эвакуацияланды, 30 мыңға жуық тұрғын баспанасыз қалды. 875 км жол мен 718 км электр желісі зақымданды. 

2008 жылғы Оңтүстік Қазақстандағы су тасқыны

2008 жылдың ақпанында күннің күрт жылынуы салдарынан Оңтүстік өңір су астында қалды. Барлығы 2,5 мыңнан астам үй су шайып, 13 мың тұрғын зардап шекті. Апат салдарынан бір адам қаза тапты. Келтірілген залал көлемі шамамен 15-130 миллион АҚШ долларын құрады. 

Қызылағаш трагедиясы

2010 жылғы Алматы облысына қарасты Қызылағаш ауылында 45 адамның өмірін жалмаған су тасқыны болды. Бұл да Қазақстан тарихындағы ең жойқын апаттардың бірі еді. Ауылға қарай жөңкілген толқынның биіктігі 5 метрден асты. 

2010 жылдың 12 наурызында түн ішінде Қызылағаш су қоймасының (Алматы облысы) бөгеті бұзылды. Ауыл халқы қалың ұйқыда жатқан еді. Алапат тасқыннан 45 адам (8 бала) қаза тапты, 300-ге жуық адам жарақат алды. 146 үй толық шайылды, 251 үй қирады. Ауылдың 80%-ы жойылды. Алматы–Өскемен көпірі қирады, пойыз қозғалысы тоқтады. Келген шығын көлемі 8 млрд теңгеден асты. 

2011-2014 жылдары болған басқа да ірі апаттар

2011 жыл. Батыс Қазақстан облысында (бес аудан, 38 елді мекен) су тасқыны болды. Шаған мен Деркүл өзендерінің деңгейі күрт көтерілді. 2 адам қаза тапты.

16 мыңға жуық адам зардап шекті.

2 600-ден астам тұрғын үй мен 7 146 саяжай су астында қалды.

Жүздеген бас мал қырылды.

Жалпы материалдық шығын 19 млрд теңгеден асты (шамамен 130 млн доллар).

Облыста төтенше жағдай жарияланды, құтқару жұмыстары жүргізілді. 

2012 жыл. 2012 жылдың ақпан айында толассыз жауған жаңбыр мен күннің кенет жылынуы салдарынан Оңтүстік Қазақстан облысының тоғыз ауданын (25 елді мекен) су басты. Арыс, Отырар, Ордабасы аудандары мен Шымкент маңы ең көп зардап шекті.

28 ақпанға қараған түні екінші толқын келді.

969 аулаға әсер етті, оның 428 үйі толық су астында қалды.

2 260 адам эвакуацияланды.

Зардапты жоюға 713 млн теңге бөлінді.

Бұл оқиға 50 жылдан астам уақыттағы ең ауқымды су тасқынының бірі болды. 

2014 жылдың 31 наурызында Қарағанды облысында Көкпекті бөгеті бұзылды. Апат салдарынан 5 адам қаза тапты, 100-ге жуық үй су астында қалды. Материалдық шығын көлемі 87,6 млн теңге деп бағаланды. Апаттан кейін ауылдағы қалпына келтіру жұмыстары ұзаққа созылды

2017 жылы қардың еруі мен Жабай өзенінің деңгейінің көтерілуі салдарынан Ақмола облысының Атбасар қаласында бөгет төрт жерден жарылды Сергеевское су қоймасындағы су көлемі рекордтық деңгейге (3 м 38 см) жетті. Қарағанды облысында 22 елді мекенде 140 тұрғын үй мен 274 аула су басты. Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қостанай және Ақтөбе облыстары да зардап шекті.

2018 жыл. Шығыс Қазақстан облысында, соның ішінде Өскемен қаласында және оннан астам ауылда су тасқыны болды. Жертөлелер мен аулаларды су басты. Қаладағы екі ауданда жергілікті төтенше жағдай жарияланды. Павлодар және Оңтүстік Қазақстаннан құтқарушылар көмекке келді. Жүздеген тұрғын баспанасыз қалды. 

2023 жылы бірнеше өңірде су тасқыны болды.

Ақтөбе облысы (Қаратал ауылы): Ойыл өзенінің шекті деңгейден асуы салдарынан 400-ден астам адам және 4 мың бас мал эвакуацияланды, 11 үй зақымданды.

Солтүстік Қазақстан (Петропавл): 672 саяжай су астында қалды.

Қостанай облысы (Железнодорожное ауылы): 30-дан астам адам эвакуацияланды.

Шымкент және Жетісу: Толассыз жаңбыр салдарынан көшелер мен аулалар су басты.

Түркістан облысы (ақпан): 200-ден астам адам эвакуацияланды.

2024 жылғы су тасқыны

27 наурыз-4 маусым аралығын қамтыған бұл апат еліміздегі соңғы 80 жылдағы ең ірі апат болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны «соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат» деп атады. 

Себептері: қыста қардың көп жаууы, көктемде температураның күрт көтерілуі, мұз кептелісі, қатты жаңбыр және кей жерлерде бөгеттердің жүктемеге төтеп бере алмауы. 

10 облыста (Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау) төтенше жағдай жарияланды.

Зардаптары:

120 мыңнан астам адам эвакуацияланды (44 мыңға жуық бала).

7 адам қаза тапты, 4 адам жоғалды.

Мыңдаған үй (3,5 мыңнан астам жеке тұрғын үй, 18 мыңнан астам саяжай) су астында қалды.

8 мыңға жуық мал қырылды.

Жолдар, көпірлер, инфрақұрылым зақымданды (11 елді мекен қатынассыз қалды).

Материалдық шығын жүздеген миллиард теңгеге (шамамен 623 млн доллардан астам) жетті.

Мемлекеттік органдар, әскер, волонтерлер және халықаралық көмек жұмылдырылды. Гуманитарлық көмек жиналды, құтқару жұмыстары жүргізілді. Президент бірқатар шенеунікке сөгіс жариялады. 

Биылғы жыл да оңай болмайын деп тұр. ТЖМ мәліметтеріне сәйкес, әлі де бірнеше өңірінде су тасқыны қаупі сақталуда. Мамандар қауіп деңгейін өңірлер бойынша үш топқа бөліп қарастырады: 

Қауіп деңгейі жоғары өңірлер

Бұл аймақтарда қардың қалыңдығы мен топырақтың қату тереңдігіне байланысты су басу ықтималдығы ең жоғары деп бағаланған: 

Ақмола облысы (қазіргі уақытта тасқынның ең жоғарғы деңгейі осы өңірде өтуде)

Солтүстік Қазақстан облысы

Қарағанды облысы

Шығыс Қазақстан облысы

Абай облысы 

Қауіп деңгейі орташа өңірлер

Бұл өңірлердегі жағдай тұрақты бақылауда, бірақ жергілікті жерлерде су басу қаупі бар: 

Батыс Қазақстан облысы

Ақтөбе облысы

Қостанай облысы

Павлодар облысы

Түркістан облысы

Алматы және Жетісу облыстары

Ұлытау облысы 

Қауіп деңгейі төмен өңірлер

Көктемгі тасқынның әсері аз болатын аймақтар: 

Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстары. 

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оңтүстік және батыс аймақтарда тасқынның белсенді фазасы аяқталған. Қазіргі уақытта негізгі күш Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына жұмылдырылған, өйткені бұл өңірлерде су деңгейі әлі де жоғары. Жалпы еліміз бойынша 1242 елді мекен ықтимал су басу аймағында тұр. 

 

Бөлісу