Бесінші том баспаға жол тартты

Бөлісу

12.04.2026 151

Қазақстанның академиялық тарихын жаңа көзқараспен жүйелеуге бағытталған ауқымды жоба – «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық еңбектің кезекті белесі еңсерілді. Ерлан Қарин төрағалық еткен редакция алқасының Алматыдағы отырысында ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы кезеңді қамтитын бесінші томның қолжазбасы бекітіліп, баспаға жол тартты. Бұл – соңғы бірнеше жыл бойы үздіксіз талқыланып, әр отырыста мазмұны тереңдеп, құрылымы қайта қаралып келген ғылыми ізденістің нақты нәтижесі.


Жиын барысында бесінші томның жаңартылған нұсқасын авторлар ұжымының жетекшісі, академик Зиябек Қабылдинов таныстырды. Оның айтуынша, бұл том тек оқиғаларды тізбектеп берумен шектелмейді, керісінше, Ресей империясы кезеңіндегі қазақ қоғамының ішкі трансформациясын, отарлық саясаттың әлеуметтік құрылымға әсерін, ұлттық элитаның қалыптасу үдерісін жаңа деректер негізінде қайта пайымдауға ұмтылады. Бұған дейінгі талқылауларда да осы мәселе бірнеше рет көтеріліп, әсіресе дереккөздерді кеңейту, аймақтық ерекшеліктерді терең көрсету, тұлғалық факторды күшейту қажеттігі айтылған еді. Соның нәтижесінде бесінші том бұрынғы академиялық еңбектерден мазмұндық тұрғыда біршама өзгеше сипат алды.

Жалпы, бұл жеті томдық жоба бір ғана отырыспен шектелмейтін, кезең-кезеңімен пісіп-жетілген ірі ғылыми алаңға айналды. Алдыңғы басқосуларда ежелгі дәуірден бастап Қазақ хандығына дейінгі кезеңдерді қамтитын алғашқы томдар қаралған кезде археологиялық деректерді жаңаша интерпретациялау, көшпелі өркениеттің өзіндік даму логикасын көрсету мәселелері қызу талқыланған болатын. Орта ғасырларға арналған томдарда деректану мәселесі, әсіресе шығыс жазба мұраларын ғылыми айналымға енгізу, терминологияны біріздендіру, тарихи атауларды дәл беру сынды түйткілдер күн тәртібінен түспеді. Әсіресе «ұлттық тарихты жазу кезінде идеологиялық штамптардан арылу керек» деген ұстаным әр жиында қайталанып отырды.

Бесінші томды бекіту – осы ұзақ талқылаулардың логикалық жалғасы. Бұл кезең – қазақ даласының империялық кеңістікке толық кірігуімен қатар, ұлттық сананың жаңа деңгейге көтеріле бастаған тұсы. Сондықтан редакция алқасы бұл томның мазмұнында саяси тарихпен қатар, әлеуметтік, мәдени, демографиялық өзгерістердің де кең қамтылуына ерекше мән берген.

Жиында бұдан кейін кеңестік кезеңге арналған алтыншы томның қолжазбасы қаралып, оның тұжырымдамасы ұсынылды. Авторлар ұжымының жетекшісі Күлғазира Балтабаева кеңестік дәуірді бағалауда біржақты көзқарастан бас тартып, күрделі әрі қайшылықты үдерістерді теңгерімді көрсетуге басымдық берілгенін атап өтті. Бұл том бойынша бұрынғы отырыстарда да қызу пікірталастар болғаны белгілі. Кеңестік кезеңнің индустрияландыру, ұжымдастыру, репрессия, соғыс және тың игеру сияқты ірі тақырыптарын қалай жүйелеу керек деген мәселе бірнеше мәрте талқыланып, әр жолы жаңа ұсыныстармен толықтырылып отырған.

Ал бұл жолғы жиында ұсынылған рецензиялар – жұмыстың сапалық деңгейін айқындайтын маңызды кезең болды. Тарихшы Бүркітбай Аяған, әлеуметтанушы Айгүл Сәдуақасова және саясаттанушы Андрей Чеботарев өз пікірлерін білдіріп, кеңестік кезеңді зерделеуде пәнаралық тәсілдің маңызына тоқталды. Бұл да алдыңғы отырыстарда жиі көтерілген мәселенің жалғасы – тарихты тек оқиғалар тізбегі емес, қоғамның кешенді дамуы ретінде қарастыру.

Редакция алқасының құрамындағы Мәмбет Қойгелдиев, Ханкелді Әбжанов, Берекет Кәрібаев, Жақсылық Сәбитов, Айдос Сарым және басқа да ғалымдар пікір алмасу барысында нақты ұсыныстар айтып, кей бөлімдерді толықтыру, кей тұстарын қайта қарау қажеттігін жеткізді. Мұндай ашық пікірталас форматы – осы жобаның басты ерекшеліктерінің бірі. Бұған дейінгі жиындарда да әр том бірнеше рет қайта өңделіп, тек ғылыми қауымның сүзгісінен өткеннен кейін ғана бекітіліп отырған.

Жиын соңында алтыншы томды қарау келесі отырыста жалғасатыны белгілі болды. Бұл – жұмыстың әлі де аяқталмағанын, әр кезеңнің мұқият зерделеніп жатқанын аңғартады. Жалпы алғанда, жеті томдық «Қазақстан тарихы» академиялық басылымы – тек ғылыми еңбек емес, ұлттық тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған іргелі жоба. Оның әр томы – өткенді қайта зерделеу ғана емес, бүгінгі қоғамның тарихи өзін-өзі түсінуіне қызмет ететін маңызды құрал.

Осы тұрғыдан алғанда, бесінші томның бекітілуі – бір кезеңнің аяқталуы емес, керісінше, жаңа сапалық деңгейге өткенін көрсететін межелі сәт. Ал алдағы томдар – әсіресе кеңестік және тәуелсіздік кезеңдері – бұл жобаның ең күрделі әрі ең жауапты бөліктері болары анық.

Бөлісу