1953 жылы New York Times журналисі Орталық Азиядан не көрді?

Бөлісу

09.04.2026 263

Соғыстан кейінгі алғашқы онжылдықтарда Орталық Азия кеңестік модернизациялық тәжірибенің маңызды алаңдарының біріне айналды. Бұл өңірде ежелгі дәстүрлер, индустриялық амбициялар және қырғи-қабақ соғыс дәуіріндегі геосаяси үміттер тоғысқан еді. Дәл осы аймаққа 1950-жылдардың басында америкалық журналист Харрисон Солсбери Батыста бұрын КСРО-ның алыс әрі аз зерттелген шет аймағы ретінде қабылданған республикалардағы өмірдің қаншалықты өзгергенін өз көзімен көру үшін қайта сапар шекті. Бұл сапардың нәтижесінде 1953 жылдың 6 қазанында New York Times газетінде Soviet Asia's Pace Believed Lagging атты мақала жарық көрді. Онда тілші 1944 жылғы сапарынан алған әсері мен көргенін салыстыра отырып, аймақтың даму қарқынын бағалауға тырысты. Qazaqstan Tarihy порталы сол дәуірдің бірегей куәлігі саналатын осы материалға назар аударып, америкалық репортердің Кеңестік Орталық Азияда көргені мен естігенін егжей-тегжейлі қарастыруды ұсынады.


1953 жылдың қазан айында New York Times газетінің Мәскеудегі тілшісі Харрисон Солсбери Орталық Азияға жасаған ауқымды сапарын аяқтап, соғыстан кейінгі кезеңде аймақтың даму қарқынын бағалауға тырысқан кең көлемді репортаж жариялады. Оның байқаулары ерекше қызығушылық тудырды. Өйткені ол бұл өңірде бұған дейін де 1944 жылы, Екінші дүниежүзілік соғыстың соңына таман болған. Сондықтан журналист сол кездегі үміт пен күткен нәтижелерді араға шамамен он жыл салып қалыптасқан нақты жағдаймен салыстыра алды.

Солсбери, Орталық Азияның бір шетінен екінші шетіне дейін ұшақпен, автобуспен және автокөлікпен саяхаттап, шамамен алты мың миль жол жүрді. Сапар барысында ол бұрын шетелдік журналистерге жабық болған өңірлерді де аралап, Тәжікстан мен Қырғызстанға барды. Жол бойында ол бір-біріне кереғар көріністерді байқады. Бір жағынан, оның айтуынша, өмір салты моңғол шапқыншылығы дәуірінен бері айтарлықтай өзгермегендей көрінетін көне ауылдар бар. Ал екінші жағынан, кең көшелері, өндіріс орындары мен мәдени мекемелері бар заманауи қалалар көзге түседі. Журналистің пікірінше, мұндай қалалар кез келген елдің көркін арттыра алатындай деңгейде болған.

1944 жылғы сапарымен салыстыра отырып, Солсбери ол кездегі жағдайдың мүлде өзгеше болғанын атап өтеді. Соғыс жылдары ол жоғары лауазымды кеңестік шенеуніктер еріп жүретін ресми делегация құрамында сапарлаған. Оның алдында ең үздік зауыттар, колхоздар мен мәдени нысандардың есігі ашылған еді. Сол кезде оған Ташкенттегі Douglas DC-3 үлгісіндегі ұшақтар шығарған авиациялық зауыт, ірі химия кәсіпорындары, тоқыма комбинаттары және Алматыдағы киностудиялар сынды үлгілі кәсіпорындарды көрсеткен. Журналистің естелігі бойынша, сол сапардың ұраны символдық сипатта «Сезам, ашыл!» деген сөзге ұқсайтын. 

Ал 1953 жылы жағдай мүлдем өзгеше болды. Бұл жолы Солсбери кәдімгі жолаушы ретінде саяхаттады. Орыстармен және қазақтармен бірге билет алу үшін кезекте тұрды, ресми гидтердің орнына такси жүргізушілерінің қызметін пайдаланды. Оның пікірінше, дәл осы жағдай оған өңірдің күнделікті өмірін шынайырақ көруге мүмкіндік берді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына арналған арнайы дайындалған нысандарға бұрынғыдай көп назар аудармаса да, бақылау жасау мүмкіндігі әлдеқайда кең болды.

Сапар барысында ол Алматыда тағы да біраз уақыт болып, Қарағанды мен Ақтөбені сырттай көріп өтті. Қазақстанның, Қырғызстан мен Өзбекстанның ауылдық аймақтарын аралап, одақтас республикалардың астаналары Фрунзе мен Сталинабадта болды. Ташкентке бірнеше рет қайтып соғып, сондай-ақ Самарқанд, Бұхара және Ферғана қалаларын аралады. Журналистің айтуынша, бұл маршрут оған индустрияландыру дәуірінде қалыптасқан, «толықтай кеңестік сипаттағы» жаңа қалаларды да, өткеннің ізі әр қадам сайын сезілетін көне өркениет орталықтарын да көруге мүмкіндік берді.

Суретке жазылған түсіндірме: «Кеңестік Азияның әлеуеті артқаны байқалады; картада белгіленген аймақтарда өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы дамығанымен, бұл өсім билік күткендей қарқынмен жүрген жоқ».

Солсберидің негізгі экономикалық қорытындысы соғыстан кейін Орталық Азиядағы өзгерістер жалпы алғанда кеңестік жоспарлау жүйесінің басымдықтарына сәйкес жүргізілгені болды. Билік ең алдымен өнеркәсіпті қалпына келтіруге және ауыр индустрияны дамытуға күш салған. Сондықтан ең жоғары даму қарқыны Қазақстанда байқалды. Журналист бұл өңірді, ең алдымен, орасан зор минералдық қорлары мен өндірістік әлеуеті бар аймақ ретінде сипаттайды. Ол Қазақстан аумағы көлемі жағынан Америка Құрама Штаттарының шамамен үштен бір бөлігіне тең екенін атап өтіп, соғыстан кейінгі кезеңдегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалар дәл осы жерде жүзеге асырылғанын жазады. Солардың қатарында Оңтүстік-Сібір темір жолының аяқталуы да бар.

Тілші Қарағандының көмір-металлургия орталығы ретінде дамуына ерекше назар аударды. Сонымен қатар Орал мен Ақтөбе сияқты екінші қатардағы индустриялық қалалардың да өсіп келе жатқанын атап өтеді. Оның айтуынша, бұл қалалардағы өзгерістерді тіпті ұшақ бортынан-ақ байқауға болатын. Осы кезеңде ірі гидроэнергетикалық жобалар да жүзеге асырылып жатты: мысалы, Ертіс өзеніндегі Өскемен бөгеті 1952 жылдың жазында пайдалануға берілген, ал өңірдегі басқа да нысандардың құрылысы жалғасып жатқан еді.

Ал Қазақстанның оңтүстігіндегі Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан республикаларында экономикалық жағдай басқаша көрінді. Көмір, мыс және сирек минералдар сияқты табиғи ресурстарға ие болғанына қарамастан, бұл республикалар негізінен ауыл шаруашылығына сүйенген аймақтар болып қала берді. Олардың дамуы көбіне суармалы егіншілік пен мақта өсірумен тығыз байланысты еді. Солсбери 1944 жылмен салыстырғанда суармалы жер көлемі едәуір ұлғайғанын атап өтеді. Алайда уақытша салынған каналдар жүйесі жиі ұйымдастырушылық қиындықтарға ұшырап, жоспарлар толық орындала бермеген. Оның айтуынша, Орталық Азия баспасөзінде ирригациялық жобалардың тиімсіздігі туралы сын-пікірлер де кездесіп отырған.

Журналист сондай-ақ Ұлы Түрікмен каналы жобасын да сөз етеді. 1950-жылдардың басында бұл ауқымды бастама бұрынғыдай назар аудартпай қалған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, үкімет Әмудариямен байланысты шағын әрі ықшам суару жүйелерін кеңейтуге және мақта өндірісін арттыруға көбірек көңіл бөлген.

Әлеуметтік салада тілші елеулі ілгерілеуді байқағанын жазады. Оның пікірінше, Орталық Азия денсаулық сақтау, білім беру, санитария және ауыл шаруашылығын индустрияландыру деңгейі жағынан көрші елдердің көпшілігінен, әсіресе Иран мен Ауғанстаннан алда тұрған. Дегенмен ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайы әлі де қарапайым, ал аймақ шекарасының екі жағындағы шаруалардың өміріндегі айырмашылық оншалықты үлкен болмаған.

Солсбери назар аударған ең қызықты тақырыптардың бірі ұлтаралық қатынастар болды. Әрбір одақтас республикада титулды ұлт саны жағынан басым болғанымен, ірі қалаларда орыстар мен украиндар тұрғындардың едәуір бөлігін құрайтын, кейде тіпті жергілікті ұлт өкілдерінен де көп болатын. Ал ауылдық жерлерде жағдай керісінше еді. Мұнда жергілікті халықтың үлесі 90-95 пайызға дейін жететін. Кейбір өңірлерде этникалық құрам күрделі сипат алды. Мысалы, Тәжікстанда өзбек азшылығының саны орыс халқының санымен шамалас болған, ал газеттер бірден үш тілде жарық көріп отырған.

Сонымен қатар тілші аймақ толықтай орыстандырылды деген қарапайым тұжырымнан сақ болу керектігін атап өтеді. Орыс тілі мектептерде оқытылғанымен, ауылдарда оны білмейтін адамдарды жиі кездестіруге болатын. Базардағы сауда негізінен жергілікті тілдерде жүргізілген. Ол сондай-ақ орыс мамандары ұлттық мәдениеттердің дамуына белсенді қатысқанын ерекше атап өтеді. Мысалы, қазіргі тәжік әдебиеті мен театрының қалыптасуына олардың қосқан үлесі айтарлықтай болған.

Журналист өңір қалаларында еврей халқының саны көп емес екенін де жазады. Тек Бұхарада ғана көне еврей қауымы сақталған. Соған қарамастан Украинадан қоныс аударған кейбір еврейлер Ташкент пен Сталинабад қалаларында көзге түсетін тұрғындар қатарында болған.

Жалпы алғанда, оның сапарының қорытындысы байыпты сипатта болды. Солсберидің пікірінше, Орталық Азия тоғыз жыл ішінде индустрияландыру мен жаңғыру бағытында елеулі жетістіктерге жеткен. Алайда бұл өзгерістер соғыс аяқталған кезде күткендей аса жылдам әрі түбегейлі бола қойған жоқ. Кеңестік саясаттың негізгі бағыты әлі де ауыр өнеркәсіпті дамыту мен экономиканы қалпына келтіруге бағытталды, ал халықтың күнделікті тұрмыс деңгейін жақсарту баяу жүріп жатты. Соған қарамастан аймақ біртіндеп КСРО-ның индустриялық жүйесіне тереңірек кірігіп, өзінің тарихи келбетін де біртіндеп өзгертіп келе жатқан еді.

Бөлісу