1946 жылдың 22 маусымы Жұмабай Шаяхметов республика басшылығына тағайындалады, бұл көп жылдан бергі басшылыққа келген алғашқы қазақ еді. Ж.Шаяхметов Қазақстан басшысы болғанға дейін қиын жолдан өтті
Жұмабай Шаяхметұлы Шаяхметов 1902 жылы 30 тамызда Омбы уезінің Борисов болысының №2 ауылында шаруа малшының отбасында дүниеге келді. Отбасындағы Айтыш деген үлкен ұлдан кейінгі екінші ұл болды. Шаяхметовтың отбасы Арғынның Атығай руынан тарайды, арғы аталары 30 жыл бойы Көкшетау сыртқы округінің аға сұлтаны болған Тоқтамыс биден бастау алады.
Ащыкөл ауылдық мектебін Жұмабай 1910 жылдан 1913 жылға дейін үш жыл оқиды. Кейін 1917 жылы Полтавкадағы екі кластық қазақ-орыс училищесін бітіреді. 1919 жылдың желтоқсанынан бастап Ж. Шаяхметов Ащыкөл ауылдық мектебінде мұғалім болып істейді, мектеп жабылғаннан кейін 1921 жылы Жұмабай Шаяхметов Теке болыстық атқару комитетінің хатшысы болып 1923 жылға дейін қызмет атқарады.
20-шы жылдардың басында Жұмабай Шаяхметов қызметін ауыстырып, милицияның қылмыстық іздеу тергеушісі болып істей бастайды. Совет өкіметі енді орнай бастаған жылдары республикада бандитизм өршіп, ал мал айдатып кету деген қарапайым шаруа болып қалғанын атпай-ақ қоюға да болатын шығар.
Бандитизмді жою жас Шаяхметовтың басты мақсаты болды, ол бұған дейін Черлак уездік бөлімінің бас саяси басқармасында қылмыстардың бетін ашып жүрген еді. Сол кездегі милиция жұмысын жоғары шенділер жақсы ынталандырып отырды. Мысалы, ұрланған малды тауып, оның әр қайтарылған басы үшін 5 рубль сыйақы төленетін.
Бірде осындай сыйақы алған Ж. Шаяхметов аяғына кебіс сатып алып, соны жумақшы болады, жуудың арты мастардың жанжалына айналып, табельдік қарудан оқ атумен аяқталады. Жас Жұмабайдың әріптестері оны тұтқындайды, ал таңертең Шаяхметов кебісінің із-түзсіз жоқ боп кеткенін аңғарады. Үйіне келген соң, Шаяхметов әйелі Майнұр Шоқабаеваға ендігәрі ішімдікті аузына алмайтыны туралы сөз береді. Айтқан сөзінде тұрып, ішімдікті ешқашан аузына алмапты, кейіннен Сталиннің өзі кремльдегі қабылдаулар кезінде Шаяхметовтың графиніне тек жүзім шырынын құюға нұсқау берген.
Петропавл округтік комитетінің «Қосшы» одағының жауапты хатшысы лауазымын атқарып жүргенде Шаяхметов жергілікті тұрғындарды іс жүргізудің жаңа тәсілдеріне үйреткен. 1928 жылы Ж. Шаяхметов НКВД органдарындағы оперативтік қызметке қайта оралады, бұл жерде 10 жылға жуық қызмет етеді.
Қазақ интеллигенциясының көзін құртқан сталиндік репрессиялардың басты органдарында жұмыс істегеніне қарамастан, Шаяхметов қазақ қайраткерлерінің жазаларын жұмсартуға тырысқан. Шаяхметовтың араласуымен ұлтшылдықпен айыпталған Сәтбаев жазадан қашып, қызметін тастап Мәскеуге ауысып кеткен. Кейін Шаяхметов Мұхтар Әуезов пен Ермұхан Бекмахановтың қылмыстық қудалануларын тоқтатуға бастама көтерген.
1929 жылы Шаяхметов БКП (б) мүшесі болып қабылданады. 1932 жылғы қыркүйекте ММУ жанындағы Нариманов атындағы Шығыстану институтындағы оқуын жалғастыруды жоспарлап, Мәскеуге көшеді.1933 жылдың наурызында Жұмабай Шаяхметов Қазақстанға оралып, Солтүстік Қазақстан облысының НКВД облыстық басқармасы бастығының орынбасары лауазымына тағайындалады. Екі жылдан кейін, 1938 жылдың мамыр-маусым айларында, оны Алматы облыстық Ішкі істер халық комиссариаты басқармасы бастығының орынбасары етіп тағайындайды.
Жас чекист Скворцовтың көзіне түсіп, бір айдан соң, 1938 жылдың шілдесінде, партияның ІІ съезінде Шаяхметов Қазақстан ОК үшінші хатшысы болып сайланады. 1939 жылдың қарашасында Садық Нұрпейісов тұтқындалып, революцияға қарсы террористік әрекет жасады деп айып тағылғаннан кейін Шаяхметов Қазақстан ОК екінші хатшысы болып тағайындалады.
Бұл лауазымда Шаяхметов Қазақ ССР Мемлекеттік қорғаныс комитетін басқарады, кейін, соғыс басталғаннан кейін, ол металл жинау бойынша МҚК уәкілі болып, әскери-мобилизация жұмыстарын ұйымдастырып, эвакуацияланған босқындарды Қазақстан аумағында орналастыруға қатысқан.
Сталин Шаяхметовты қатты құрметтеген, Алматының алмасын Мәскеуге жіберуін жиі сұрап тұрған. Горидегі Сталин музейінде қызы Светланаға жазған мынадай жазбасы сақтаулы тұр:
«Светлана, бүгін сенімен кездесе алмаймын, Жұмабай Шаяхметовтың құрметпен жолдаған Алматы апортын саған жолдаймын».
Шаяхметов эвакуацияланғандарды тамаша орналастырған. 1941 жылы күзде Алматыға Украинадан балалар отырған эшелон келген кезде Шаяхметов алматылықтарға балаларды бағуға алуларын сұрап үндеу тастайды. Келесі күні таңертең эшелонда бірде-бір бала қалмайды, Шаяхметовтың өзі үш жасар Владимир Мальконы асырап алады.
1941 жылы, соғыс кезінде Ж. Шаяхметов Қаныш Сәтбаевқа Қазақстан астанасына көшіп келіп, ССРО ҒА жергілікті филиалындағы Геология ғылымдары институтын басқаруды ұсынады. Тау-кен инженері Дінмұхамед Қонаевты да өнеркәсіп жөніндегі халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары лауазымына Алматыға жұмысқа шақырған да Ж. Шаяхметов.
Бұдан басқа, Шаяхметов атыс қаруының советтік конструкторы Михаил Калашниковтың тағдырына да тікелей қатысқан. Соғысқа дейін Калашников Алматыдан 420 шақырым жерде орналасқан Матай депосында жұмыс істеген еді, 1942 жылы жараланғаннан кейін ол сонда қайтып оралады. Жаңа қарудың алғашқы сынағы кезінде НКВД Калашниковты тұтқынға алады, тек Шаяхметовтың араласуы ғана конструктордың басын жазадан аман алып қалады да, сынақтың жалғасуына мүмкіндік береді, алайда бұл жолы сынақ Ижевскіде жалғасады.
«Әкемнің жұмыс күні өте қызу болатын, 13-15 сағатқа дейін созылатын. Сағат 9-ға таман жұмысқа кетіп, үйге кешкі 6-ға тақау оралатын. Кешкі асын ішіп, ұйқыға жататын, ал сағат түнгі 11 кезінде мен оны оятатынмын да, ол түнгі үш-төртке дейін қайтадан жұмысқа кететін. Ал келесі күні қайтадан таңғы тоғыздан жұмысқа кететін. Алты күн бойы осылайша жұмыс істеді. Кейде жұмыс күнінің аяғына қарай оның жұмысына баратынмын, сол кезде оның үстелінің үстінде таудай үйілген темекі тұқылдарын көретінмін. Ол күніне 2 қорап «Казбек» папиросын тартатын, кейде ол трубка тартатын («Золотое руно» темекісі)».
Алма Жұмабайқызының «Қызының көзімен» кітабынан.
1944 жылы ауыл қыздарының болашағына алаңдаған Жұмабай Шаяхметов Сталиннің қолдауымен Алматыда Қыздар педагогикалық институтын ашады. 1944 жылы Шаяхметовтың тікелей қатысуымен Алматыда Алматы консерваториясы, Шетел тілдері институты, Шымкентте химия-технология институты ашылды.
1946 жылы Геннадий Борков ОК бірінші хатшысы лауазымынан кетеді де, оның орнына Жұмабай Шаяхметов келеді, ол республиканы 1946 жылдың 22 маусымынан 1954 жылдың 6 ақпанына дейін басқарады. 1946 жылдың 1 маусымында Жұмабай Шаяхметовтың тікелей қатысуымен Қазақ ССР Ғылым академиясы ашылды.
Ж. Шаяхметовтың немересі Ринат былайша еске алады: «Ғылым академиясын тұтқындағы жапондар салды. Атам оған көп көңіл бөлетін, үнемі құрылыс басына барып тұратын. Жалпы ол ғылым мен өнерге көп көңіл бөлді. Отбасымыз сол кезден бастап-ақ актер Қалибек Қуанышбаевтың, музыканттар ағайынды Абдуллиндердің, жазушылар Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқановтың, композитор Мұқан Төлебаевтың отбасыларымен достық қатынаста болды… Есімде мынадай эпизод қалыпты: атам күзеттен «қашып» базар, дүкен аралағанды жақсы көретін. Пугасов көпірінің маңында шағын дүкендер болатын, ол сол жерден «Дунькина радость» деген кәмпит сатып алатын. Қағаздың тапшы уақыты ғой, бірде сатушы оған кәмпиттерді тура қалпағына салып береді. Келесі күні ол сауда министрін шақырып, неліктен дүкендерде орауыш қағаздың жоқтығын сұрайды.
1949 жылғы 29 тамызда Жұмабай Шаяхметов Семей полигонындағы ядролық зарядтың алғашқы эксперименталдық үлгісінің сынағына қатысады. 1950 жылдың 12 маусымынан 1954 жылдың 14 наурызына дейін Ж. Шаяхметов ССРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар Кеңесіне төрағалық етеді. Осы кезде ССРО Министрлер кеңесі одақтық маңыздағы министр лауазымына Ж. Шаяхметовтың кандидатурасын шындап қарастырған (атап айтқанда – Булганин). Бұл әңгімені Сталин: «Оны ауыстыратын кісі табылмайынша, Қазақстанды Шаяхметовсыз қалдырмаймын» деп тыйып тастайды.
Компартияның XIX съезі. Трибунада И.В. Сталин. Қазақстан ОК бірінші хатшысы Ж. Шаяхметов – бірінші қатарда, оң жақтан екінші. Мәскеу, 1952 жыл.
Соғыстан кейінгі аштық мәселесін шешу үшін Никита Хрущев тың игеру бастамасын көтереді, алайда Хрущев ұсынған масштабты Қазақстан ОК басшылығы үрейлене қабылдайды. Сталин өлгеннен кейін КОКП ОК бірінші хатшысы Никита Сергеевич Хрущев бұрынғы бастамасын қайта бастап, Қазақстан аумағын егістік жерге айналдыруға тырысады. Бұл жолы да Жұмабай Шаяхметов Мәскеудің шешімімен келіспейді.
Нәтижесінде ҚКП ОК 1954 жылғы Ақпан пленумында «өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, идеологиялық және ұйымдастыру-партиялық жұмыстарында жіберген кемшіліктері үшін» Ж. Шаяхметов лауазымынан алынады.
Бұған Шаяхметов былай жауап береді:
«Тың жерлерді біртіндеп, ол үшін қажетті жағдайлар мен мүмкіндіктерді жасай отыра игеру керек, әйтпегенде біз өз жерімізден айырылып қаламыз».
Кейін Н. Хрущев өз естеліктерінде былай деп жазады: «Егер егіндік жердің аумағын ұлғайтсақ, онда ол жерлерді қазақтардың өздері игере алмайтындығын... тың игеруге барғысы келетін еріктілерді көмекке шақыруға тура келетінін Шаяхметов түсінді. Ал ол мұны мүлде қаламады, өйткені, олай істейтін болса, онда Қазақстандағы байырғы тұрғындардың меншікті салмағы одан да азая түсетін еді».
ОК басшысы лауазымынан алынғаннан кейін 1954 жылдың ақпанынан 1955 жылдың мамырына дейін Шаяхметов Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетін басқарған. Жазушы Сәбит Мұқановтың естелігі бойынша, Шаяхметовтар отбасы Алматыдан екі шабаданмен ғана көшкен, ал Шаяхметовтың әйелі Майнұр Мұқановтың әйелі Мәриямға келіп, екі алтын сақинасы мен күміс білезігін сатып алуды ұсынған, бұны партия барлық қазына мүлкін түгелдей өзіне қайтарып алды деп түсіндірген.
Жұмабай Шаяхметовтың денсаулығы нашарлап, миында ісік пайда болып, сол себепті зейнетке шығуға мәжбүр болады. 1957 жылы Жұмабай Шаяхметов Мәскеудегі Бурденко атындағы Нейрохирургия институтына жатқызылып, ол жерде ісігіне ота жасалып, алып тасталады.
Отадан соң Ж. Шаяхметов Мәскеудегі Қазақстан өкілдігінің жатақханасында тұруға қалады да, кейіннен оған бір бөлмелі пәтер беріледі. Онда Шаяхметов әйелімен және кіші ұлы тарғынмен тұрады. Мәскеуде оған Дінмұхамед Қонаев пен Жұмабек Тәшенов жиі барып тұратын болған.
Жұмабай Шаяхметов 64 жасында 1966 жылғы 17 қазанда қайтыс болған.
Ж. Шаяхметов әйелімен Мәскеуде
Тарихшы Қ.Мұхаметқалиевтың пікірінше, Ж. Шаяхметов Дінмұхамед Қонаев, Жақыпбек Жанғозин, Жұмабек Тәшенев және басқа да Қазақстанның белгілі қайраткерлерінің саяси тағдырында үлкен рөл атқарған.
«Ол адамдардың басын қосып, біріктіре алатын. Бұны ол тек жиналыстар мен отырыстарда ғана емес, демалыс күндері де жасағанды ұнататын: бүкіл аппаратты, барлық басшыларды жинап алып, тауға апарып, шаңғы тебетін. Шаңғы тебе алмайтындарға ұрсатын: «Бейсембай, бешбармақты азырақ жеу керек». ОК демалыс үйіне барғанды ұнататын. Ол жерде волейбол ойнайтын. Оның тобында үлкен ұлдары Равиль мен Ноэль, кейде жазушылар, кейбір министрлер болатын».
Қасым Мұхаметқалиевтің естелігінен.