Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі ақын, әдебиеттанушы-ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Жанат Әскербекқызының 60 жас мерейтойына арналған «Заманауи әдебиеттанудың теориялық мәселелері және структуралистік-феноменологиялық зерттеулер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Аталған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның мақсаты – заманауи әдебиеттану ғылымының өзекті теориялық мәселелерін талқылау, структуралистік және феноменологиялық бағыттағы зерттеулерді жүйелеу, сондай-ақ Жанат Әскербекқызының ғылыми және шығармашылық мұрасын жан-жақты зерделеу болды.
Конференция бағдарламасы қатысушыларды тіркеу және ғалымның ғылыми-шығармашылық еңбектеріне арналған көрмемен басталды. Пленарлық мәжіліс барысында мерейтой иесіне арналған бейнебаян ұсынылып, ғылыми еңбектерінің библиографиясы мен конференция материалдары жинағы таныстырылды, сондай-ақ жаңа кітаптардың тұсаукесері өтті.
Конференцияның пленарлық мәжілісін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Әлтай жүргізді.
Алқалы жиында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Ерлан Сыдықов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардың, ғылыми-зерттеу институттарының, жоғары оқу орындарының басшылары мен мәдениет және білім саласының жетекші өкілдері құттықтау сөз сөйледі.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім МинистріСаясат Нұрбек құттықтау сөзінде:
Сізді мерейлі алпыс жасқа толуыңызға орай ұйымдастырылған «Заманауи әдебиеттанудың теориялық мәселелері және структуралистік-феноменологиялық зерттеулер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның өтуімен шын жүректен құттықтаймын.
Алпыс жас – өмірдің кемел белесі, парасат пен тәжірибе тоғысқан тағылымды кезең. Сіз қазақ әдебиеттану ғылымына сүбелі үлес қосқан көрнекті ғалым, білікті педагог ретінде ұлттық руханияттың дамуына өлшеусіз еңбек сіңіріп келесіз. Сіздің ғылыми ізденістеріңіз бен ұстаздық қызметіңіз қазақ әдебиетінің терең қабаттарын зерделеуге, оның теориялық-әдіснамалық негіздерін байытуға зор ықпал етті.
Поэтика мен көркемдік мәселелеріне арналған еңбектеріңіз әдебиеттану ғылымын жаңа теориялық деңгейге көтеріп, отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосып отыр. Сонымен қатар, Сіз жоғары білім беру жүйесінде ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі ұстазсыз. Ұстаздық жолыңыз арқылы көптеген жас зерттеушілер мен филолог мамандарды тәрбиелеп, олардың ғылымдағы қалыптасуына бағыт-бағдар беріп келесіз. Сіздің дәрістеріңіз бен ғылыми жетекшілігіңіз шәкірттеріңізді әдебиетке деген терең қызығушылыққа баулып, үлкен ғылыми жетістіктерге жетелейтіні сөзсіз.
Осы мерейлі алпыс жас белесінде Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық шабыт тілеймін. Ғылыми ізденістеріңіз табысты, еңбектеріңіз жемісті болсын! Ұлттық ғылым мен білім жолындағы абыройыңыз арта берсін», - деді.
Жиын барысында Жанат Әскербекқызының ұлттық ғылым мен руханиятты дамытуға қосқан зор үлесі жоғары бағаланып, ол Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен және «Алтын барыс» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ ғалым еңбек етіп жүрген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарапынан арнайы «Гумилев» медалімен марапатталды.
Аталған жиында Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Шәкір Ибраев ғалымға жылы лебіз білдірді:
«Бүгінгі халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда қазақ әдебиеттануының жоғары интеллигенциясы бас қосып отыр деп түсінемін. Конференция тақырыбы – «Заманауи әдебиеттанудың теориялық мәселелері және структуралистік-феноменологиялық зерттеулер». Әдетте, мұндай атауы мен заты қабыса бермейтін жиындардың бірі ретінде қарауға болар еді. Алайда бұл жолы олай қабылдамадым. Себебі бұл тақырыптың Жанат Әскербекқызы ізденістерімен – ғылыми бағытта да, ақындық өнерінде де – терең үндесіп жатқанын аңғардым. Сондықтан сөзімді осы арнада өрбітуді жөн көрдім. Алдымен, ғалымның ғылыми жолына қысқаша тоқталайық. Оның кандидаттық диссертациясы Сейіт Асқарұлы Қасқабасов жетекшілігімен «Оралхан Бөкей прозасындағы мифологизм мәселесі» тақырыбында жазылған. Ал докторлық диссертациясы Рымғали Нұрғалиев жетекшілігімен «Мифтің поэзиядағы қызметі (қазіргі қазақ поэзиясы негізінде)» тақырыбына арналған. Демек, мифтің түрлі аспектілері Жанат Әскербекқызы зерттеулерінің негізгі арқауына айналған. Ол прозада да, поэзияда да мифтің рөлі қандай деген күрделі мәселеге терең бойлаған ғалымдардың бірі. Осыған орай, Жанат Әскербекқызы зерттеулеріндегі қазақ әдебиетіндегі мифтің қолданысының структуралистік және феноменологиялық аспектісі қалай өрнектеледі деген сауалға назар аударайық. Ең алдымен айтарымыз: миф қазақ әдебиетінде, тіпті кез келген әдебиетте, өзінің бастапқы құрылымдық жүйесі күйінде сол қалпында қолданылмайды. Яғни структуралық дайын көшірме жоқ. Бұл мәселе түптеп келгенде Зигмунд Фрейд негіздеген ұжымдық бейсанадан бастау алып, адам санасының қайталанып отыратын психологиялық заңдылықтарымен байланысты екенін аңғартады.
Қазіргі әдебиеттегі миф қызметі – мифтік қаңқаны көшіру емес, оны ойлау үдерісінде жаңаша жаңғырту. Ақын немесе жазушы мифтік ойлауды жаңа деңгейде, жаңа себептер арқылы тірілтеді. Осы тұрғыдан келгенде, Жанат Әскербекқызының өз өлеңдерінде де мұндай үрдістің айқын көрініс табатынын байқаймыз. Мысалы, оның жырларында ағаштардың өзара әрекеті, тайталасы әлеуметтік сипатқа ие болып, адам болмысына тән қызғаныш, талпыныс, бәсекелестік сияқты қасиеттермен астасып жатады. Биікке ұмтылу мотиві де – адам баласының табиғи ұмтылысының поэтикалық көрінісі. Бұл – мифтік логиканың адам санасындағы феноменологиялық түрленуі, жаңаша интерпретациясы. Яғни, Жанат Әскербекқызының ғылыми ізденістерінде де, ақындық шығармашылығында да мифтің структуралық қолданысы мен оның феноменологиялық трансформациясы айқын байқалады. Мұнда әсер ету, көшіру немесе қайталау емес, жүйелі ойлаудың нәтижесі жатыр. Мифтің мазмұны қазіргі адам санасының қыр-сырларымен тығыз байланысты. Ол тек әлеуметтік астармен шектелмейді, сонымен қатар адамның биікке, ізгілікке ұмтылған табиғи талпынысын да қамтиды. Яғни мифтің генеративті, жаңарып отыратын сипаты айқын көрінеді. Бұл – мифтің нақты феноменологиялық трансформациясы, ақын жан дүниесінде жаңаша жаңғыруы. Демек, бұл жерде дайын үлгіні қайталау емес, ақын ойы мен сезім әлемінің жаңа кеңістігі ашылады.
Қазіргі әдебиеттануда феноменологиялық зерттеулер көркем шығармадағы психологиялық үдерістердің терең қатпарларын ашуға бағытталады. Егер феноменологияны қоршаған ортаның жеке тұлға санасында жүйелі түрде қатталуы деп түсінсек, онда миф те осы үдерістің бір көрінісі болып табылады. Яғни, мифтің қазақ әдебиетінде қалай қатталатыны, санада қалай жаңғыратыны – маңызды мәселе. Осы тұрғыдан алғанда, Жанат Әскербекқызы зерттеулері мен поэзиясында мифтің ерекше психологиялық әрі феноменологиялық шешімін тапқанын көреміз. Оның ғылыми еңбектерінде де, көркем сөзінде де бұл құбылыс айқын байқалады. Әдебиеттің даму үдерісіндегі психологиялық заңдылықтар осылайша нақты көрініс табады. Жалпы алғанда, Жанат Әскербекқызының әдебиеттанудағы ізденістері құнарлы арнаға түскені анық. Бұл еңбектер қазақ әдебиеттану ғылымының маңызды жетістіктерінің біріне айналып отыр деуге негіз бар. Оның жемісін ғылыми қауым әлі де көре беретіні сөзсіз. Бұл – қазақтың саналы да зерделі қызының жеткен биігі. Мерейтойыңыз құтты болсын!», - деді.
Халықаралық ғылыми жиында Жанат Әскербекқызы шығармашылығы жан-жақты талданып, әр қырынан сараланды. Аталған жиында Метин Екижи (Еге университеті, Измир) «Mitopoetik söylem ve millî kimlik: Zhanat Askerbekkyzy’nın “Mit-Şiir” adlı eseri bağlamında» тақырыбында баяндама жасап, ақын поэзиясындағы мифопоэтикалық ойлау мен ұлттық бірегейлік мәселелерінің өзара байланысын ашып көрсетті.
Жиын барысында Серік Негимов (Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана) «Рух – әлемім мың сырлы...» атты баяндамасында Жанат Әскербекқызы өлеңдеріндегі рухани әлемнің тереңдігі мен көркемдік болмысын пайымдады. Ал Альмира Қалиева (М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Алматы) «Мифтен актантқа дейін: Ж.Ә.Аймұхамбет зерттеулерінің теориялық траекториясы» тақырыбында қазіргі әдебиеттанудағы мифологиялық талдаудың теориялық негіздерін жүйелеп көрсетті.
Сонымен қатар Анар Фазылжан (А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Алматы) өз баяндамасында қазақ тілі ұлттық корпусының поэтикалық ішкорпусын қалыптастыру, оның контенті мен құрылымын айқындау мәселелеріне тоқталып, Жанат Әскербекқызы шығармаларының тілдік дереккөзі ретіндегі маңызын атап өтті.
Бағдан Момынова (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы) «Миф-о-поэзия» жинағы негізінде ақын поэзиясындағы сағыныш, жады және мифопоэтикалық таным ерекшеліктерін терең талдаса, Жансая Жарылғапов (Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Қарағанды) ақын шығармашылығындағы ғылыми және поэтикалық дискурстың тоғысын «профессорлық әдебиет» контексінде қарастырды.
Жиын қорытындысында Бибайша Нұрдәулетова (Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, Ақтау) Жанат Әскербекқызы поэтикасындағы прецедентті мәтіндердің пресуппозициялық аспектісін талдап, ақын шығармаларындағы интертекстуалдық байланыстар мен мәдени кодтардың қызметін айқындады. Осылайша, баяндама жасаған ғалымдардың зерттеулері Жанат Әскербекқызы поэзиясының мифопоэтикалық, тілдік, теориялық және дискурстық қырларын кешенді түрде танытып, қазіргі қазақ әдебиеттануындағы өзекті бағыттардың тоғысын көрсетті.
Пленарлық отырыста отандық және шетелдік жетекші ғалымдардың баяндамалары тыңдалып, әдебиеттанудың қазіргі бағыттары, поэтика, ұлттық әдеби үдеріс және пәнаралық зерттеулер мәселелері кеңінен талқыланады.
Конференция жұмысы түстен кейін секциялық отырыстармен жалғасты. Конференция аясында бірнеше маңызды секциялық отырыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда,«Қазіргі қазақ поэзиясындағы авторлық қолтаңба: поэтикалық мәтін және көркемдік жүйе (Жанат Әскербекқызыпоэзиясы материалында)» секциясында ақын шығармашылығы негізінде поэтикалық мәтіннің құрылымы мен көркемдік ерекшеліктері талқыланды.
Аталған халықаралық ғылыми-практикалық конференция қазақ әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелерін талқылауға, жаңа теориялық бағыттарды айқындауға және ғылыми ой-пікір алмасуға маңызды алаң болды. Жиын барысында ұсынылған баяндамалар мен пікірлер заманауи әдебиеттанудың структуралистік және феноменологиялық қырларын тереңдете түсіп, ұлттық әдебиеттанудың даму бағдарын айқындауға ықпал етті. Сонымен қатар, конференция Жанат Әскербекқызының ғылыми мұрасын жаңа қырынан танытып, оның қазақ руханиятындағы орны мен маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сонымен қатар, «Заманауи әдебиеттанудағы структуралистік-феноменологиялық зерттеулер» секциясында көркем мәтінді талдаудың теориялық-әдіснамалық мәселелері қарастырылса, «Гуманитарлық ғылымдар тоғысындағы антропология және мифология» бағытында миф пен адам санасының өзара байланысы сөз болды. Ал «Филологиялық зерттеу бағыттары (жас ғалымдар ізденістері негізінде)» секциясында жас зерттеушілердің ғылыми ізденістері ұсынылып, отандық филология ғылымының даму перспективалары айқындалды. Секциялар барысында әдебиет теориясы, заманауи әдеби үдеріс, ұлттық әдебиеттің даму бағыттары және ғылыми зерттеудің жаңа әдіснамалық тәсілдері қарастырылады. Жиын қорытындысы бойынша қарар қабылданды.
Кешкі бағдарлама аясында Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында Жанат Әскербекқызының шығармашылығына арналған поэтикалық-музыкалық қойылым ұсынылды.