Қолжазбаларда қалған тарих

Бөлісу

13.04.2026 36

Қазақ тарихы көбіне ауызша дәстүрмен жеткен халықтың жады ретінде айтылады. Бірақ ұлттың өткенін нақтылап, дәлелдеп, жүйелеп беретін – жазба дерек. Сол деректердің басым бөлігі араб, парсы, шағатай тілдерінде сақталғанын ескерсек, бұл бағыттағы зерттеулердің маңызы одан сайын арта түседі. «Тарих söile» жобасының кезекті шығарылымында біз Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығының бас сарапшысы, араб, парсы, шағатай тілдерінің маманы, қазақ хандарының генеологиясын зерттеп жүрген тарихшы Алмат Амантайұлы Абсаликовпен кеңінен әңгімелестік. Бұл сұхбатта жазба мұраның тағдыры, археографиялық экспедициялардың барысы, қазақ тарихындағы даулы мәселелер мен дерек тапшылығы жайлы ой қозғалды.


Ұлттық қор: уақыт сүзгісінен өткен мұралар

Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығы – тәуелсіз Қазақстандағы жазба мұраны жүйелеуге бағытталған іргелі мекемелердің бірі. Алмат Амантайұлының айтуынша, бұл орталық 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді және бүгінгі күні оның қорында шамамен тоғыз мыңға жуық сирек кітап пен қолжазба сақтаулы. 

Зерттеуші әсіресе араб графикасымен жазылған мұраларға тоқталып өтті. Оның айтуынша, орталықтағы қолжазбалардың ішінде мыңнан астамы араб, парсы және шағатай тілдерінде жазылған. Бұл еңбектердің бір бөлігі – тікелей тарихи дерек көзі болса, енді бірі – діни, әдеби, философиялық мазмұндағы шығармалар. Дегенмен, олардың барлығы да белгілі бір тарихи кезеңнің рухани, мәдени, саяси болмысын танытады.

Орталықта бұл мұраларды жай ғана сақтау емес, оларды ғылыми айналымға енгізу жұмысы да қатар жүргізіледі. Мәселен, қолжазбалар каталогы дайындалып, оның алғашқы томы жарық көрген. Бұл томға 250-ге жуық еңбек енгізілген. Қазіргі таңда екінші том әзірленіп жатыр, ал алдағы жылдары үшінші томды шығару жоспарланған. Бұл – жүйелі ғылыми жұмыстың белгісі ғана емес, жазба мұраны халыққа жеткізудің маңызды тетігі.

Қолжазбалардың мазмұны: көпқабатты рухани әлем

Көп жағдайда араб-парсы тілдеріндегі мұралар тек діни әдебиет ретінде қабылданады. Алайда сұхбат барысында бұл түсініктің тар екені анық байқалды. Алмат Абсаликов қолжазбалардың мазмұны өте кең екенін айтады. Олардың қатарында сопылық ілімдер, фиқһ, шариғат мәселелерімен қатар, поэзия, этика, тарихи шежірелер де бар.

Мәселен, Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметі» сияқты сопылық мұралар қазақ даласындағы рухани дүниетанымның қалыптасуына тікелей әсер еткен. Сонымен бірге Қазан қаласында XIX–XX ғасырларда басылған кітаптар да осы қорда сақталған. Бұл еңбектердің әрқайсысы – белгілі бір кезеңнің интеллектуалдық деңгейін, дүниетанымын көрсететін айна іспетті.

Зерттеуші ерекше тоқталған тағы бір мәселе – Қарахан мемлекеті кезеңіндегі жазба мұралар. Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашғари, Ахмад Иүгнеки сынды тұлғалардың еңбектері тек түркі өркениетінің ғана емес, қазақ жазба мәдениетінің де бастауы ретінде қарастырылады. Ал Алтын Орда дәуіріндегі әдеби мұралар, оның ішінде Сейф Сарай, Құтбиддин Сарай, Хусам Катиб еңбектері қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы қабат ретінде бағаланады.

Археография: қағаздағы тарихтың терең қатпарлары

Археографиялық экспедиция ұғымы көпшілікке онша таныс емес. Дегенмен, бұл – тарих ғылымындағы маңызды бағыттардың бірі. Алмат Абсаликов археографияны тек қолжазбаны оқу немесе аудару деп қарастыру жеткіліксіз екенін атап өтеді.

Оның айтуынша, археография – кешенді ғылым. Мұнда қолжазбаның мәтіні ғана емес, оның жазылған қағазы, қолданылған сиясы, каллиграфиялық стилі, тіпті автордың өмір сүрген дәуіріндегі саяси жағдайға дейін зерттеледі. Яғни бір ғана кітап арқылы тұтас бір тарихи кезеңнің бейнесін қалпына келтіруге болады.

Бұл бағыттағы жұмыстың келесі кезеңі – табылған деректерді ғылыми айналымға енгізу. Ол үшін қолжазбаға толық сипаттама беріледі, каталогқа енгізіледі, қажет болған жағдайда аударылып, ғылыми мақала немесе монография ретінде жарияланады. Осылайша, бұрын белгісіз болған дерек ғылыми ортаға ұсынылады.

Экспедициялар: шетел архивтері мен қазақ даласы

Соңғы жылдары жүргізілген археографиялық экспедициялар географиясы жағынан да, мазмұны жағынан да кеңейіп келеді. Алмат Абсаликов Түркия, Ұлыбритания сияқты елдерге жасалған сапарларды ерекше атап өтті. Түркиядағы Сүлеймания кітапханасынан Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектері алынған. Бұл – қазақ топырағынан шыққан ұлы ойшылдың мұрасын елге жақындатудың бір көрінісі.

Ұлыбританиядағы Манчестер кітапханасынан алынған X ғасырға жататын Құран көшірмесі де аса құнды. Бұл қолжазбаның ерекшелігі – онда араб мәтінімен қатар көне түркі тіліндегі аударманың болуы. Зерттеушінің айтуынша, бұл аударма Қарахан дәуіріне тән тілдік ерекшеліктерді көрсетеді және Жүсіп Баласағұнидің тілімен салыстырғанда ұқсастық байқалады.

Сонымен қатар, Қазақстанның өңірлерінде жүргізілген экспедициялар да нәтижесіз емес. Түркістан өңіріндегі ауылдардың бірінен Ясауидің еңбегі табылса, басқа аймақтардан Қазан баспаларында шыққан кітаптар мен татар ғалымдарының еңбектері анықталған. Дегенмен, тарихи мазмұндағы қолжазбалардың әлі де аз кездесуі – бұл саладағы басты мәселенің бірі.

Жеке қорлар: сенім мен сақтықтың арасында

Археографиялық экспедицияның ең күрделі тұстарының бірі – жеке адамдармен жұмыс істеу. Көп жағдайда адамдар қолындағы мұраны беруге асықпайды. Бұл – бір жағынан түсінікті де. Өйткені ол кітаптар – ата-бабадан қалған аманат.

Алмат Абсаликов бұл туралы ашық айтады: көпшілік қолжазбаны жеке меншік ретінде қарап, оны орталыққа беруден бас тартады. Бірақ мұндай жағдайда мамандар қолжазбаны сақтау, реставрациялау қажеттігін түсіндіруге тырысады. Өйткені уақыт өте келе қағаз бүлінеді, мәтін өшеді, ал бұл – қайтымсыз жоғалту деген сөз.

Соған қарамастан, халықтың бір бөлігі тарихи жауапкершілікті сезініп, қолжазбаларды орталыққа тапсырып жатыр. Кей жағдайда түпнұсқа берілмесе де, оның көшірмесін алу мүмкіндігі қарастырылады.

Қолжазбаны оқу үшін тіл білу жеткіліксіз

Сұхбат барысында ерекше мән берілген мәселенің бірі – бастапқы дерекпен жұмыс істейтін мамандардың тапшылығы. Алмат Абсаликовтың айтуынша, тіл білу – бұл жұмыстың тек алғашқы қадамы ғана.

Орта ғасырдағы парсы немесе араб тіліндегі мәтінді түсіну үшін сол кезеңнің тілдік ерекшелігін, тарихи контекстін, саяси жағдайын білу қажет. Бір сөздің өзі әр дәуірде әртүрлі мағына беруі мүмкін. Сондықтан әрбір мәтінді бірнеше нұсқамен салыстырып, қателерін түзету – міндетті процесс.

Бұл – бір адамның емес, тұтас ғылыми топтың жұмысы. Бір қолжазбаны толық әрі дұрыс аудару үшін бірнеше зерттеуші бірігіп жұмыс істеуі қажет.